Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қазақстан мен Австрия ынтымақтастықты дамытады


21 марта 2015, 14:52 | 1 430 просмотров



Қазақстан мен Австрия ынтымақтастықты дамытады

Наурыздың 16-да ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-австрия жұмыс тобының үшінші отырысы болып өтті. Қазақстан жағынан жұмыс тобының тең төрағасы, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі Салидат Қайырбекова жұмыс тобының алдыңғы отырысында ұсынылған жобалар жайлы хабардар етті. Атап айтқанда, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі қолданылатын жобаларды іске асыру және Қазақстанда электрондық денсаулық сақтау жүйесін енгізу жайын әңгімеледі.

Сонымен қатар, С.Қайырбекова Қазақстанда бүгінгі таңда медициналық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанына тоқталып, австриялық тарапты аталған салада тығыз ынтымақтастық орнатуға шақырды. Оған қоса, жиынға қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына байланысты дәрілік құралдар және медициналық мақсаттағы бұйымдар нарығында мүмкіндіктер кеңейе түскеніне назар аударды.

Австрия жағынан жұмыс тобының тең төрағасы, Австрия Республикасының Көлік, инновациялар және технологиялар вице-министрі Андреас Райхардт денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға тұрақты қызығушылық бар екенін растап, бірлескен жобаларды іске асыру үшін австриялық серіктестерді іздестіруде әрі қарай қолдау көрсетілетінін айтты.

Тараптар екіжақты жобаларды табысты іске асыру мақсатында жұмыс тобы аясында жаңа жобалар туралы белсенді ақпарат алмасуға келісті.

Жиында австриялық компаниялардың өкілдері нысандарды басқару, ауруханаларды жобалау және жетекшілік ету, жаңа технологиялардың трансферті сияқты салаларда ынтамақтастыққа қызығушылық білдірді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық және электрондық технологиялар, кешенді медициналық шешімдер саласында бірлесіп жұмыс істеуге мүдделік танытты.

Жиын қорытындысында тараптар денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-австрия жұмыс тобының келесі отырысын 2016 жылы Австрияда өткізуге келісті.

Автор:
Министрлік жаңалықтары