Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Алматы облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қызметі жайлы мәлімет.


14 марта 2015, 15:54 | 2 559 просмотров



Алматы облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қызметі жайлы мәлімет.

2013 жылы аралығында Республикамыздың санитариялық-эпидемиологиялық қызметі Денсаулық сақтау министрлігінің құрамынан шығып, Қазақстан Республикасының Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі, кейіннен 2014ж. тамыз айынан бастап Ұлттық экономика министрлігінің құрамында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті болып қайта құрылды. Қызметке мекеменің атауындағыдай жаңа функциялар мен өкілеттіліктер қосылды, сонымен бірге халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету - жалпы қызметтің құзырында қалып отыр. Облыстық деңгейде бұл қызметті Алматы облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, аудан мен қалаларда тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармалары атқарады. Халық арасында СЭС (Санитариялық-эпидемиологиялық станция) деген атауға ие болған қызмет жоғарыдағыдай аталатын болды. Осы және басқа да мәселелер жөнінде көпшіліктің көңіліндегі көптеген сұрақтарға жауап алу мақсатымен Алматы облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерғали Сыдымановқа жолығып, тілдестік.

-Ерғали Жақсыбекұлы, жалпы тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын мемлекеттік мекеме құрылды, демек жұмыстарыңыздың бағыты біржолата өзгерді деуге болатын шығар. Кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай тудыруға бағытталған Елбасының Жарлығы аясында шағын және орта бизнесті тексеру бойынша Сіздердің тараптарыңыздан қандай шаралар атқарылуда?

Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шараларды іске асыру мақсатында, ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің 2014ж. 30 желтоқсандағы № 185 бұйрығында ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне тікелей қатердің алдын алу және (немесе) жою мақсатында нақты тексерілетін субъектіге (объектіге) қатысты тексеру тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен жағдайлар бойынша «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес кәсіпкерлік субъектілеріне жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі.

Департаменттің және оның басқармаларының жұмысының негізгі бағыты - тұтынушылардың құқықтарын қорғау және санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету, тұтынушылардың құқықтарын қорғау аясындағы салаарлық үйлесім болып табылады.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмысты ұйымдастырып, жүргізу кезінде сатушы (қызмет көрсетуші) және қызмет алушы арасындағы құқықтық қарым қатынасты реттейтін заңнама нормаларының талаптарын түсіндіруге баса назар аударылады.

Қайта құрымдау кезеңінде мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау мен бақылау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар атқарылуда. Бақылау-қадағалау қызметінің жаңа тәсілдерін қалыптастыру 3 бағыт бойынша жүзеге асырылады:

I. Бақылау-қадағалау қызметінің жаңа тәсілдерін қалыптастыру (3 бағыт)

1. Тәуекелдер дәрежесін бағалау критерийлерінің негізінде тексерістерді ұйымдастыруға көшу, сондай-ақ тексерістерге балама енгізу;

2. Мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізу кезіндегі тексерістердің талаптарын қысқарту;

3. Рұқсат беру жүйесін регламенттеу және оңтайландыру.

II. Мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың негізгі қағидаларын мыналар арқылы өзгерту

• Тәуекелдерді бағалау критерийлерін өзгерту.

• Қадағалауға жататын объектілер тізбесін қысқарту және хабарламаға ауыстырылатын объектілер тізбесін анықтау.

• Санитариялық қағидалардың құрылымы мен мазмұнын қайта қарастыру.

• Санитариялық қағидаларды және нормативтерді бұзғаны үшін субъектілерді жаупкершілікке тарту шараларын күшейту.

• Рұқсат беру құжаттарының түрлерін қысқарту.

III. Ынталандыру құралдарын енгізу

• Өндірістік бақылау, соның ішінде ХАССП жүйесі,

• Сараптамалық бақылау,

• Санитариялық-эпидемиологиялық аудит,

• Азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру,

• Жоғарыда аталған бақылау түрлері енгізілген объектілер жоспарлы тексерістерден босатылады.

Нәтижесінде – жоспарлы тексерістер мен талаптарды, рұқсат беру құжаттарын қысқарту.

Бақылаулық-қадағалаулық функцияларды оңтайландыру мақсатында облыс бойынша жоспарланған тексерістердің саны жылдан жылға қысқаруда 2012ж. - 11,4%-дан 2014ж. – 52,3% дейін. Ал жалпы жүргізілген тексерістердің (жоспарлы және жоспардан тыс) саны 2,5 есеге, сәйкесінше санитариялық заңнамалардың айқындалған бұзушылықтары бойынша қолданылған әкімшілік шаралар 2 есеге азайды.

2015ж. 1 қаңтардан бастап 2014 жылғы 5 шілдеде Қазақстан Республикасының «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Кодексіне өзгерістер енгізілді. Бұрынғы «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Кодексінің мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізетін ұйымдардың 557 бабының негізінде 29 баптың 18 алынып тасталды. ҚР «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Кодексінің жаңа редакциясына 11 бап енгізілді. Сонымен қатар 2 жаңа бап қосылды:

430 бап: «Айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын адамдардың емделуден жалтаруы»,

431-бап:«Айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын адамдардың жұқтыру көзiн және өздерiмен қатынаста болған адамдарды жасыруы».

«Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің жаңа редакциясының 701 бабына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдар 93 бап (екінші және бесінші бөлімдері), 151 (бірінші бөлімі), 203, 324, 327, 344, 351, 358 425 (бірінші бөлімі), 430 (бірінші бөлімі), 431, 464 (бірінші бөлімі), 621 (бірінші, екінші бөлімдері) баптарда көздемелі әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы істерді қарайды. Барлығы 13 бап.

Әкімшілік істерді қозғауға қатысты. Әкімшілік заңнамалық талаптарына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық жасалғаны туралы хаттама толтырылған сәттен бастап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды деп есептеледі.

2015ж, 1 қаңтардан бастап «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының N 193-IV Кодексіне 2014ж. 5 шілдеде 1, 7, 19, 21, 62 және 145 баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

Сонымен қатар, жаңа баптар қосылды: 21-а бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы рұқсаттар және хабарламалар» және 62-1 бабы: «Санитариялық-эпидемиологиялық аудит». Олар 2015ж. 01.01. бастап қолданысқа енгізілді.

«Санитариялық-эпидемиологиялық аудит» алғашқы рет ұсынылып тұр – бұл консультативтік көмек көрсету және (немесе) объектіні санитариялық заңнама талаптарына сәйкес келтіруге бағытталған санитарияық-эпидемиологиялық (профилактикалық) шаралар мен ұсынымдарды әзірлеу жөніндегі қызмет түрі.

- Сіздердің қызметпен тағам қауіпсіздігін қамтамасыздандыруға қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Облысымызда шығарылатын және сатылатын тағам өнімдерінің сапасы тұрақты, 2014 жылы микробиологиялық көрсеткіштер бойынша тағам өнімдерінің стандартты емес сынамаларының көрсеткіші 1,2 % құрады.

Қазақстан Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіргелі отыр (ДСҰ), сондықтан аталмыш ұйымға кірудің міндетті шарты – тағам кәсіпорындарына сапа менеджменті жүйесін, яғни ХАССП жүйесін енгізу болып табылады. 2013 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кедендік одақтың 021/2011 Техникалық регламенті ХАССП қағидаларына негізделген рәсімдерді әзірлеуді, енгізуді және оларды демеуді міндеттейді.

Тамақ өнімдерін шығаратын объектілеріне сапа мен қауіпсіздік менеджменті жүйесін енгізу (ХАССП жүйесі) бойынша сүт өндірістері, кондитерлік өнімдерді шығару, ет, тауық өңдеу кәсіпорындарының, сыра және алкогольсіз сусындарды шығаратын кәсіпорындардың өкілдері мен басшыларына семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізілді. Сонымен қатар, аумақтық басқарма мамандарымен де оқыту семинарлары өткізілуде.

Жүргізілген жұмыс нәтижесінде ХАССП жүйесінің принциптері Алматы облысының 32 ірі тағам өндірістерінде енгізілді. Тағам өнімдерін шығарушы-компаниялар өз кәсіпорындарында ХАССП жүйесін енгізу арқылы өз өнімдерін немесе сауда маркасын нарыққа шығару кезінде, олардың қорғалуын толық қамтамасыз ете алады. Тағам өнімдерін шығарудың барлық тізбегінде кезең-кезеңімен бақылау жүргізу арқылы қателерді айқындамай, оларды алдын ала көріп, ескеру ХАССП жүйесінің маңызды да шартты қасиеті болып табылады.

Жұқпалы емес созылмалы сырқаттанулардың алдын алу жөнінде де белгілі жұмыстар жүргізілуде. Темір тапшылығына байланысты анемияның алдын алу бойынша 6 ірі ұн шығаратын кәсіпорындарының 4-і ұнды фортификациялауға қол жеткізді, облыстағы йод тапшылығына байланысты сырқаттануларды ескерту бойынша 3 сүт зауыттарында йодпен байытылған сүт өнімдерін шығару жолға қойылған.

- Былтырғы жылы Сіздердің мамандар тарапынан жиі –жиі әртүрлі акциялар өткізілді, сол туралы айтып өтсеңіз?

Ия, бір жағынан біздің қызметтің қайта құрылып жатқанына байланысты халыққа ендігі қызметтің бағыт-бағдарын, міндеттерін түсіндіру, екінші жағынан салауатты тамақтану мен тағам өнімдерінің қауіпсіздігін сақтау үрдістерін қалыптастыру мақсатында Алматы облысы тұтынушылардың құқығын қорғау департаментімен комуниикативтік іс шаралар жоспары құрылып, жоспарға сай облыстық бұқаралық ақпарат құралдарына мақалалар беріліп, семинарлар, тренингтер, дөңгелек үстелдер және акциялар өткізілді. Салауатты тамақтану мен тағам өнімдерінің қауіпсіздігі мәселесі бойынша департамент мамандарымен облыстық бұқаралық ақпарат құралдарына 13 мақала жарияланды. Сонымен қатар, департаментпен «Жетісу» ТРК «Таң Жарық» бағдарламасы мен «Жетісу» газетінде «Тұтынушы: сапа мен сана» рубрикасы ашылды. Барлық аудандық, қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармалары және СЭСО мамандарымен бірлесе базар және сауда үйлерінің аумақтарында үнемі «Салауатты тамақтану- замануи өмір талабы», «Халық денсаулығы- салауатты өнім», «Нитратсыз көкөністер мен жемістер», «Йодталған өнімдердің пайдасы» тақырыптарында акциялар өткізілуде. 2014 жыл кезеңінде 110 акция, акция өткізу аралығында 3341 тағам өнімдері зерттелді, оның 13 нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмеді (нитраттар көкөністе). Халық арасында түсініктеме жұмыстарын жүргізу үшін 6519 үнпарақ, 3965 әңгіме, бұқаралық ақпарат құралдарына 77 мақала берілді.

- Өзіңіз атап өткендей ел халқының санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету - жалпы қызметтің құзырында қалып отыр, демек жұқпалы сырқаттанушылық деңгейі немесе эпидемиологиялық ахуал қандай?

Осы қызметтің көзге көрінбейтін тиімді жұмысына екі миллионға жуық облыс халқының салауттылығы тәуелді. Біздің қызметтің жұмысының арқасында облыстағы жұқпалы сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты, жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде 10 нозология бойынша төмендеу үрдісі бар, карантинді жұқпалар, іш сүзегі, күл, безгектің жергілікті оқиғалары тіркелген жоқ.

Алдын алу (профилактикалық) шараларына қаражат құю арқылы халықты қауіпті індеттерден, сырқаттанушылықтың өршуінен қорғауға болатынын жақсы түсінетін және сөйте тұрып халықтың ұзақ және сапалы өмір сүруіне жанама түрде ықпалын тигізетін облыс әкімі Амандық Баталов бастаған жергілікті атқарушы органдар біздің қызметімізге әрдайым зор демеушілік көрсетіп тұрады. Сөйтіп, облыс әкімінің қолдауымен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын жақсарту үшін А гепатитіне қарсы 204 млн. теңге, тұмауға қарсы 105 млн. теңге, иттерді дегельминттеуге 7 млн. теңге, кезбе иттерді аулауға 51 млн. теңге, бруцеллезге шалдыққан ірі қара мал иелеріне залалды өтеу үшін 40 млн. теңге бөлінді. Осы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде аталған нозологиялар бойынша сырқаттанушылық едәуір төмендеді. Облыс әкімі бөлген 50 млн. теңгеден астам қаражатқа вакцина сақтайтын тоңазытқыш жабдықтар жаңартылды: облыстық қоймаға 3 тоңазытқыш камералары, аудандық және қалалық деңгейдегі қоймаларға 41 тоңазытқыш шкафтар алынды.

-Туберкулез елдің бәсекелестікке қабілеттілігін анықтайтын жұқпалардың бірі екені бәрімізге мәлім, осы сырқаттың бүгінгі ахуалы қандай ?

Алматы облысы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша туберкулезға қарсы шаралардың тиімділігін бағалаудың негізгі индикаторларына қол жеткізді. Бағдарлама бойынша қойылған міндет 100 мың халыққа шаққанда 98,1 деңгейін көрсетсе, облыс бойынша 2013 жылы сырқаттанушылық көрсеткіші -70,7, 2014 жылы- 64,7 құрады. Облыс бойынша бір жылдың ішінде туберкулездің барлық түрімен шамамен 1300-1400 адам науқастанады. Туберкулез адам ағзасында жиі тыныс ағзасы - өкпені зақымдайды; сондай-ақ лимфа бездері, ішек, бүйрек, жыныс ағзалары, көз, сүйек, буын, ми, ми қабықшасы және басқа да ағзалар мен мүшелер зардап шегеді.

Аурудың жұғу көзі белсенді өкпе туберкулезімен науқастанған адам болып табылады. Жөтелу, сөйлеу, түшкіру кезінде науқас адамдар ауаға көптеген бактерияларды бөледі. Туберкулез қоздырғыштарының ерекшелігі олар өте ұсақ болып келеді, адамның тыныс жүйесінен шыққан қалпы ауада 1-1,5 сағат қалқып тұрады, демек желдетілмеген бөлмеде сақталып, сау адамның ағзасына енеді. Маңыздысы туберкулезбен ауырған науқасты дер кезінде анықтау, әйтпесе әр анықталмаған және уақытында оқшауланбаған науқас бір жылда 10-15 адамға ауру жұқтырады. Соңғы жылдары туберкулездің дәріге төзімді түрлерінің өсуі байқалады.

Туберкулездің жұқпалы ашық, дәріге төзімді түрімен науқастанғандардың ішінде оқшау пәтерге, әлеуметтік көмекке мұқтаж науқастар іріктеліп, облыс әкіміне ұсынылды, 2013 жылы 44 науқастың 8, 2014 жылы 13 науқастың 8 пәтермен қамтамасыз етілді.

Облыс бойынша 2014 жылы туберкулезбен ауырған 990 науқасқа жергілікті бюджеттен Әкімдер тарапынан материалдық көмекке 23млн. 576мың 400 теңге қаражат бөлінді.

Облысымызда Талғар ауданында 250 балаға арналған мектеп-интернат, Талғар (210 орын) мен Талдықорғанда (125) балалар шипажайлары, Талғар (120) мен Панфиловта (45) санаторлық типті балабақшалар және Балқаш, Жамбыл, Қаратал, Көксу, Сарқан, Қапшағай, Талдықорған, Текеліде 20-25 орынды санаторлық топтар бар.

- Облыс бойынша сапалы ауыз сумен қамтамасыздандыру және су құбырлары жүйелерінің жағдайын жақсарту бойынша қандай іс-әрекеттер жүргізілуде?

Алматы облысында «Ақ бұлақ» бағдарламасының бірінші кезеңін жүзеге асыру аясында 2011-2015 жылдары 350 нысандарда жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге 55,5 млрд. тенге қажет етіледі. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 275 тұрғылықты аумақтарда берілетін ауыз – судың сапасы жақсарады. Аталған бағдарламаны жүзеге асыруға 2014 жылы 14,1 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінсе, 2015 жылы 13 млрд тенге көлемінде қаражат бөліну жоспарлануда. Облысымыздың елді мекендерінде орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 70,3 % құраса, орталықтандырылмаған сумен қамтамасыз ету 28,5% құрап, санитариялық талаптарға сәйкес келмейтін су құбырларының саны 2011 жылы 41-ден 2014 жылы 19-ға дейін азайды.

- Сөз соңында халыққа не айтар едіңіз?

Халықтың дана сөзін өзіне қайтадан қайталар едім: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолын ізде».

Автор:
Берден Қадір