Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

СҮЙІКТІ ІСІНЕН БАҚЫТЫН ТАПҚАН


18 марта 2010, 22:51 | 2 552 просмотра



Асқар Мәуленбайұлы КӨЛБАЕВ: Көксу ауданы Куйбышев ауылында 1972 жылы дүниеге келген. Аталған ауылдағы 8 жылдық мектепті үздік бітірген ол Талдықорғандағы медицина училищесіне оқуға түседі.

Еңбек жолын өзі туып өскен ауылдағы ауруханадан бастайды. Бірнеше ай осы емдеу мекемесінде жұмыс жасаған Асқар Мәуленбайұлы Семей мемлекеттік медицина институтына қабылданады. Білім ордасында 7 жыл дәріс алған жас маман Ақсу аудандық ауруханасына анестезиолог-реаниматолог болып жұмысқа орналасады. Бүгінде Асекең Сарыөзек әскери гарнизоны лазаретінің бастығы қызметінде.

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ

Сегізінші сыныпты үздік бітірген Асқар мамандық таңдауға бел буады. Сексенінші жылдардың ортасында арнаулы оқу орындары өкілдері ауыл-ауылдарды аралап, мектеп түлектерін халық шаруашылығы мамандарын даярлайтын білім ошақтарынан дәріс алуға үгіттейтін-ді. Кейіпкеріміз сыныптастарының біразы сондай училищелерге, техникумдарға түседі. Ал, Асқардың ата-анасы бұған қарсылық білдіреді.

- Бір күні,- деп еске алады бүгін Асқар Мәуленбайұлы,- бағыма қарай шығар, үйге келсем, көзіме үстел үстінде жатқан облыстық газет түседі. Ермек етейін деп газеттің соңғы бетінен хабарландыруларды оқи бастадым. Жарнамалардың бел ортасында Талдықорған медицина училищесінің оқуға шақыру жөніндегі ақпараты жүр екен. Кешкі дастархан басында ата-анама «Мен оқуға барамын» деген шешімімді айттым. Олар болса «қайда, ол не оқу» деп сұрақ астына алды. Мен айттым. Әкем бірден келісті. Бір айта кетерлігі әкем сол оқу орнының түлегі. Ертесіне «Урал» мотоциклімен Талдықорғанға келдік. Құжаттырымды тапсырдым. Сегіз жылдық мектепті үздік бітіргендіктен емтихансыз оқуға қабылдандым.

Бұрындары жаңа оқу жылы басталмас бұрын студенттер өндірістік жұмысқа тартылатын-ды. Асқар оқуға қабылданған жастармен бірге білім ошағы ғимаратындағы жұмыстарға қатысып, практикадан өтеді. Бірнеше күннен соң Асқар оқитын топ та жасақталады. Онда 25 қыз, төрт ұл ғана. Асекең бүгінде студенттік алғашқы күндердегі қызыққа толы оқиғаларды әлі де естен шығармақ емес. Қызығы сол Асқар өз тобында ең аласа бойлы болыпты.

- Рас, бойым 1 метр 48 сантиметр еді,- деп әңгімесін жалғастырды Асқар Мәуленбайұлы. - Достарым, әсіресе қыздар жағы мені «ой Аскарик, ты самый маленкий» деп еркелететін-ді. Намыс деген бар емес пе. Бір жыл шыдап бақтым. Жазғы каникулда күн құрғатпай турникке тартыламын. Жүгіремін. Бой өсіруге арналған қиын жаттығулар жасаймын. Уақыт уыста тұрған ба, зымырап демалыс мерзімі аяқталды.

Училищеге келсем, қыздар мені қоршап алып «Аскар, сенің бойың өсіп кеткен бе, қалай?» деп қоршап алыпты. Мен болсам «бір жазда бақандай 14 сантиметрге өстім» деп мақтанамын да.

ЕҢБЕК ЖОЛЫ, СЕМЕЙГЕ САПАР

Асқар бұл оқу орнын да үздік бітіріп шығады. Жолдамамен өзі туып өскен ауылдағы емдеу мекемесіне жұмысқа қабылданады. Жас маман. Ондағылар сонысын пайдаланып, қиын да жауапты іске жегіп қояды. Оған да шыдап бағады. Ауыл адамдары болса «біздің Асқар мықты маман болады. Тәжірибе жинақтап алсын. Өзі бір пысық бала» дейтінді шығарады. Бірақ, тағы намыс пайда болады. «Мен не қол баламын ба? Неге мен де дәрігер болмаймын» деген шешімге келеді. Бұл ойын тағы да көпті көрген ата-анасына жеткізеді. Олар ойланбастан баласының бұл ойын құптайды. Қай қалаға барып оқу керектігі туындайды. Училищеде оқып жүрген жылдардан есте қалғандығы Семейдің мемлекеттік медицина институты. Себебі, басқа шахарлардағыдай емес, бұл қаладағы оқу орны мамандар даярлауда кезіндегі Одақта алғашқы орындарда-тын. Асқар Семейді қалайды. Білетінінен білмейтіні көп шахарға әкесі екеуі бірге аттанады. Құжаттарын тапсырады. Дайындық курсына қабылданады. Кейін осы білім ордасының студенті атанады. Арада тағы жеті жыл өте шығады.

- Институтты бітірген соң Талдықорғанға оралдым,- деп әңгімесін ары қарай өрбітті Асқар Мәуленбайұлы. – Институтты тәмәмдаған әрбір жас маман интернатурадан өтуі керек. Мен облыстық ауруханада 5 ай аталмыш курстан өттім. Бұл емдеу мекемесінде бос орын болмағандықтан, мені Ақсу аудандық ауруханасына жұмысқа жіберді. Жан сақтау бөліміне жұмысқа қабылдандым. Мұнда тұп-тура бір жарым жыл еңбек еттім.

Әскери дәрігер боламын деген ой мені мазалаған емес. Бірақ, тағдыр шығар. ҚР «Міндетті әскерге шақыру туралы» Заңының 18- бабына сәйкес мен әскер қатарына шақырылдым. Әскери өмір осылай басталып кетті. Алғашында Аякөз гарнизонына қарас ты медицина қосынының бастығы міндетін атқардым. Естеріңізде болар, Алакөл ауданы Үшарал қаласында әскери госпиталь бар. Сол емдеу мекемесінің бастығы подполковник Петр Дмитриев мені Аякөзден арнайы шақыртып, күрделі операциялар жасауға шақыртатын. Мен барымды аямаймын. Қол ұшын беретінмін. Петр Владимирович менің әскери дәрігер болудағы ұстазым – тәлімгерім деп айтамын. Кейіннен мұнда бос орын пайда болғандықтан ол мені өзі жетекшілік ететін мекемеге жұмысқа шақыртты. Бұл 2001 жыл болатын.

ШЫҢДАЛУ МЕКТЕБІ

Бұл Асқар Мәуленбайұлы Көлбаев үшін шын мәнінде шыңдалу, тәжірибе жинақтау, өсу кезең еді. «Шығыс» әскери оругіне қарасты Үшарал гарнизоны ірі құрылым санатында. Айта кетерлігі, медицинаның осы бір саласына тәжірибелі де білікті мамандар ғана тартылады. Асқар да сондай талаптар деңгейінен танылған маман.

Арада үш жылдай уақыт өтеді. Жанұя жағдайымен Асқар өзі үйреніп, сіңісіп қалған емдеу мекемесінен кетуіне тура келеді. Бұл жолы Сарыөзек кентіндегі лазаретке ауыстырылады. Бүгінде ол осы емдеу мекемесінде төрт жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді.

- Бүгінгі мына лазарет орналасқан нысан күрделі жөндеуден өткізілген ғимарат десе де болады,- дейді әңгімесінде Асқар Мәуленбайұлы. - Бұрынғы мекемеміз ескі, екінші жағынан авариялық жағдайда болатын. Бас Қолбасшының, ҚР Қарулы Күштері министрлігінің және Бас әскери медицина басшыларының жанды көмегі арқасында осы ғимаратқа ие болып отырмыз. Мұнда бірнеше бөлім жұмыс жасайды. Білікті де білімді дәрігерлер еңбек етеді. Солардың арасынан хирург Қуандық Асқаров, терапевт Гүлнар Серікханқызы, Қанат Есжановтарды атап өтуге болады. Лазарет қызметін тек әскерилер ғана емес, әскерилердің туыстары да пайдалана алады. Соңғы кездері емдеу мекемесінде ауыр операциялар да жасала бастады. Бұл шағын лазарет үшін үлкен жетістік.

Орта буын мамандар негізінен келісім-шартпен жұмысқа қабылданады. Ол несімен тиімді? Біріншіден, олар бірден мемлекет тарапынан қарастырылған барлық жеңілдіктерге ие болады, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Лазареттің материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға жауап береді. Рентген, УЗИ кабинеттерімен қатар тіс емханасы әскерилер мен олардың отбасыларына қызмет көрсетеді. Емдеу мекемесі мен бөлмелері таза да жылы, жайлы да жарық, асханамыздың мәзірі емделушілер талғамына жауап береді.

Негізінен әскерге шақырылғандар толыққанды медициналық тексеруден өтіп, әскери қызметке жарамды болып келеді ғой. Деседе, өздері туып өскен жерден жырақ шыққандықтан, климатқа бастапқы кезде қалыптаса алмайды. Тұмау, жөтел сияқты аурулармен, тыныс ағзаларынан сырқаттанып қалады. Ал жұқпалы, ауыр науқастармен ауыратындар сирек кездеседі. Жалпы, мен жетекшілік етіп отырған емдеу мекемесінің ұжымы сеніп тапсырылған істі, адам денсаулығын сақтаудағы міндетті абыроймен орындаймыз деген сенімде.

Асқар Мәуленбайұлы отбасылы. Жұбайы Гүлжазира қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Екі қыз, бір ұл өсіріп отыр-

ған әке. Асекең тәжірибелі, білікті маман – ұйымдастырушы, беделді басшы. Ол бүгінде әскери медицина саласына жан-жақты көмек беріліп жатқанда, тер төкті еңбек еткенге не жетсін дейді. Жан Жак Руссоның «Жүктелген жауапты істі ғана тындыру үшін үлкен ерлік жасауға кетерліктей күш жұмсалады» деген сөзі Асқар Мәуленбайұлына арналғандай...

ТОСЫН СҰРАҚ

Адам бойында қандай қасиетті бағалайсыз?

Адалдықты.

Әріптестеріңіздің жұмысына қанағаттанасыз ба?

Әлбетте қанағаттанамын.

Отбасындағы орныңыз.

Ер адамның орны бөлек қой.

Баларыңыздың жолыңызды қуғанды қалайсыз ба?

Дәрігер боламын десе мен қарсы емеспін.

Спорттың қай түрімен айналысасыз?

Студент кезімде шаңғы тебуші едім.

Ас дайындағанды ұнатасыз ба?

Кейде өзің ұнатқан тағамды жасағанға не жетсін!

Ұлы тұлғалардың қайсысын пір тұтасыз?

Димаш атамызды (Д.А.Қонаев) және Бауыржан Момышұлын пір тұтамын.

Автор:
Ырыс КЕНЖЕБАЙҰЛЫ. Сарыөзек кенті