Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Кеңестік қазақ медицинасын асқақтатқандар


23 февраля 2015, 00:45 | 1 974 просмотра



3-бөлім. Шайқаста шыныққандар

Ұлы Отан Соғысы майданында 200 мың дәрігер, 1,5 миллионға жуық орта буын медицина қызметкерлері қатысқан. Олардың ішінде жеңіс туын желбіретуде қазақстандық мамандардың да үлкен үлесі бар. Соғыс жылдарында Қазақ медицина ғылымында дарынды ғалымдар болды. Олар бүгінгі қазақ медицинасы ғылымын қалыптастырып, оның дамуына үлкен үлес қосқан мамандар еді. Шайқастарда шыныққан, жараланған жауынгерлер мен командирлерді емдеуде мол тәжірибе жинаған қазақстандық майдангер-дәрігерлер жеңіс туын желбіретіп елге оралғаннан кейін, КазССР денсаулық сақтау ісіне және медицинасына ерен еңбекпен үлес қосты. Олар республика халқына арнаулы медициналық көмек түрлерін көрсетуді қалыптастыруда, жаңа ғылыми-зерттеу оқу орындарын ашуда атсалысты. Олардың есімдері қазақ медицинасы үшін ешқашан өшпес деп сенеміз. Ал сол ақхалаттылардың ерлігі мен еңбегін халыққа ұмыттырмай, есімін жаңғыртып тұру біздің қолымызда. Кеңестік қазақ медицинасында өзіндік орны бар, соғыс жылдарында әскери-дәрігер кейіннен жоғары білікті дәрігер мамандардың есімін жаңғыртуды жалғастырамыз. Бүгінгі кейіпкерлеріміз Сталинград, Дон және Украина майдандарында санитарлық қызметтерді басқарған атақты ғалым-дәрігер Әйкен Терлікбаев пен Брест қамалы қаһарманы, Воронеж, Дон, 1-Укранина майдандарында әскери-дала басқармасы санқызметтің басшысы болған Міржақып Нығматуллин.

Әйгілі дәрігер Әйкен

Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығы болса, 95 жыл бұрын (1920-1984) фтизиатр-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылыми қызметкері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері ТЕРЛІКБАЕВ Әйкен Ахатұлы дүниеге келген екен. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында туған. Әйкен Ахатұлы мектепті 1937 жылдың дүр­белең ша­ғын­да бітіреді. Сол жылы Алматыдағы медицина институтына оқуға түсіп, студент атанады. Төрт жылдан кейін соғыс өрті бұрқ ете қалғанда бесінші курсты сырттан тездетіп бітіріп, ол өз еркімен қан майданға аттанады. Бастапқыда кіші дәрігер қызмет атқарып, кейінен Сталинград, Дон және Украина майдандарында санитарлық қызметтерді басқарды.

Ол тарихта ерекше қалған Сталинград түбіндегі, Орлов-Курск доғасындағы шайқастарға қатысқан. Әйкен Ахатұлы 1943 жылы Днепр түбінде ауыр жарақат алады. Сегіз ай бойы ол әскери госпитальдарда ем алады, алайда денсаулығын толықтай қалпына келтіре алмағандықтан елге оралады. Дәрігерлік және жауынгерлік міндетін абыроймен атқарған Әйкен Ахатұлы “Қаһарман Сталинград қорғанысына қатысқаны үшін” медалімен марапатталады. Майданнан оралған жаралы жауынгер өз мамандығымен іске кіріседі. Ауыл-ауылдарды аралып ауырғандардың барлығына қол ұшын беріп көмекке ұмтылады. Сол уақытта ол бір өзі әрі хирург, әрі терапевт, одан қалса санитар да бола білді.

Кейіннен Айкен Ахатұлы Аякөз аудандық ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалады. Ал 1947 жылы осында медицина бірлестігін құрып, оған басшылық жасайды. Соғыстан кейінгі жылдары осы өңірдегі ауылды жерлерде медициналық пункттердің ашылуына себепкер болып,

ұйымдастырушылық қабілетімен танылады. Ал 1950 жылы Талдықорған облыстық денсаулық сақтау бөлімін басқаруға жіберіледі. Кейіннен Әйкен Терлікбаев басқарған Алматыдағы Каменское плато санаторийін басқарады, аз уақыт ішінде бұл мекеме 300 орындық кең профильді емдеу орнына айналды. Медицина саласында талмай еңбек ете жүріп, Әйкен Терлікбаев ғылыммен айналысып 1962 жылы Ленин сыйлығының лауреаты академик Лев Богуштың жетекшілігмен кандидаттық диссертациясын қорғайды, алты жылдан соң докторлық дисертациясы да қорғалады. 1963-1982 жылдары - Қазақ туберкулез ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1983-1984 жылдары - Алматы мемлекеттік медицина институтының профессоры.

Негізгі ғылыми еңбектері туберкулез клиникасы мен эпидемиологиясына арналған. Қазақстанда туберкулезден арылу тарихымен шұғылданып, өкпе туберкулезін хирургиялық жолмен емдеу, басқа өкпе ауруларынан ажырату әдістерін ұсынып, өкпенің зақымданған бөліктерін алып тастау салдарынан пайда болатын асқынулар мен қайталауларға сипаттама берді.

Сондай-ақ облыс орталықтарында өкпе ауруларын емдейтін диспансерлердің ашылуына, оларға қажетті білікті мамандар даярлау ісіне де мұрындық болды. Қажырлы еңбегі лайықты бағаланып 1971 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Докторлық диссертациясын сәтімен қорғап шығып, профессор атанды. Ал 1974 жылы оған “Ғылымға еңбегі сіңген қайраткер” атағы берілді. Кейін “Халықтар достығы” орденімен марапатталады.

Әйкен Терлікбаев артында өлмес, өшпес ізі қалды. Әйкен Ахатұлы негізгі қызметінен тыс сол шақта республика фтизиаторлар қоғамының төрағасы болды. Оның сыртында бұрынғы одақ бойынша фтизиаторларды аттестациялау комиссиясының төрағалық міндетін де атқарды. Өкпе аурулары жөніндегі одақтық салалық басылымның редакция алқасына кірді. Әйкен Ахатұлы жетекшілігімен медицина ғылымының 13 докторы, 80 кандидаты дайындалды. Ол 2 монография, 122 ғылыми мақалалардың авторы. 1990 жылы Алматыда белгілі ғалым-дәрігердің 70 жылдық мерейтойына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Жауынгер, дәрігер, басшы - Міржақып

Брест қорғанысы – аңызға айналған, теңдесі жоқ ерлік пен асқан батылдықтың үлгісі. Күші әлдеқайда басым жау қаһарман қамалды жеңіл жеңіп ала алмады. Фашистерге қамалды қорғаған шағын ғана гарнизонға қарсы ұрыс жүргізу басқа бір елдердегі тұтас армияға қарсы шыққандай сезілді. Брест қорғанысына мыңдаған қазақстан­дық­тар қатысқан, олардың жартысынан астамы қазақтар еді. Брест қамалында ерлік көрсеткен қазақстандық дәрігер Міржақып Нығматуллин (1913-2005). Ол Брест қамалындағы 33-инженерлік полктің аға дәрігері болды. 1940-1946 жылдары әр түрлі инженерлік полктардың аға дәрігері қызметін атқарып, Воронеж, Дон, 1-Укранина майдандарында әскери-дала басқармасы санқызметтің басшысы болды. Міржақып Нығматуллин әскери-дәрігер, әрі жауынгер ретінде Германия жеріне дейін жеткен. Міржақып Әсиұлы үкіметтік 12 марапаты бар. Қазақ ССР-на еңбегі сіңген дәрігер, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақ ССР-ы денсаулық сақтау Министрінің орынбасары дәрежесіне дейін көтерілген. Ол 1913 жылы Шунтай ауылы, Жәнібек ауданы, Орал облысында дүниеге келген. 1940 жылдың қараша айында майданға шақырылады.

Міржақып Нығматуллин СССР маршалы Жуковтың медалімен, «Қызыл Жұлдыз», «Знак Почета», Бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «За победу над Германией», «За оборону Сталинграда», «За трудовую доблесть» медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ, Қызыл крест және Кызыл жартыай қоғамының құрмет белгісін алған.

Міржақып Нығматулин 1960 жылдың шілде айынан ҚР денсаулық сақтау Министрлігіне қызметке кірісті. Ол сол уақытта ҚР денсаулық сақтау Министрлігі емдеу басқармасының бастығы болды. 1962 жылы М.Нығматуллин Ақтөбе қаласының Батыс Қазақстан өлкелік денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметіне жіберілді. Кейін республика астанасы Алматыға қайта шақырылып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ғылым және білім мекемелері денсаулық бөлімінің меңгерушісі болады. Ұлы Отан Соғысы кезіндегі Қазақстан медицинасы жайында М. А. Жакупованың “Тыловые эвакогоспитали Казахстана и республик Средней Азии САВО в годы Великой Отечественной войны ” атты кітабында мынадай деректер келтірілген: «После окончания войны был заведующим Восточно-Казахстанским и Западно-Казахстанским облздрав-отделами, с 1963 по 1970 год работал зав. сектором здравоохранения и социального обеспечения ЦК КП Казахстана. С 1970 по 1975 год работал заместителем министра здравоохранения, начальником 4-го Главного управления Минздрава КазССР и заведующим отделом здравоохранения Алма-Атинского горисполкома и преподавателем в республиканском медицинском колледже. За боевые и трудовые подвиги он награжден орденом “Красной Звезды”, двумя орденами “Знак Почета” и многими медалями за боевые заслуги».

Міржақып Нығматуллин Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасын 1973-1975 жылдары басқарған. Қазақ ССР-ның астанасы Алматы қаласы денсаулық сақтау саласының дамуы - елдің медицинасының алға дамуының көрінісі еді. Осы уақытта Алматы қаласында жаңа типтегі емханалар ашылып, жақсы жабдықталған медициналық зертханалық кабинеттер қолданысқа беріле бастады. Қалалық денсаулық сақтау мекемелерінің техникалық жабдықталуы мен білікті медицина кадрларымен қамтамасыз етілуі біршама жақсарды. Осының бәрі тұрғындарға медиицналық көмек көрсетудің сапасы мен мәдениетінің біршама артуына мүмкіндік берді. Сондай-ақ медицинада ғылым мен тәжірибенің ұштасу әдістері мен жолдары қолға алынды. Жаңа құрылыстар салу мен ғимараттарды медициналық мекелерге беру есебінен ауысымына 500 адам қабылдай алатын емханасы бар 250 төсектік Орталық қалалық клиникалық аурухана, №3, 4, 5 емханасы бар қалалық ауруханалар, медициналық жедел жәрдемнің қалалық ауруханасының құрамындағы 200 төсектік емдеу корпусы, 300 төсектік стационары бар қалалық психо-неврологиялық диспансер, типтік 2 емхана, жедел медициналық жәрдем станциясының ғимараты, қалалық наркологиялық диспансер, студенттер емханасы сияқты ірі көп салалы емдеу-алдын алу мекемелері ашылды. 

Міржақып Әсиұлы Нығматуллин соғыс ардагері, білікті маман, сауатты басқарушы болғаны оның еңбегі, атқарған қызметтері дәлел.

Автор:
Мадина Омарқұлова