Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Cаланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуде


23 февраля 2015, 00:34 | 1 758 просмотров



2015 жылғы 15 наурызға дейін Қазақстанның барлық өңірлерінде жұмыспен қамтудың кешенді жоспарлары бекітіледі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2014 жылдың қорытындылары мен 2015 жылға арналған мақсат-міндеттері талқыланған алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысында Министр Тамара Дүйсенова мәлімдеді.   Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Президенті әкімшілігінің, «Нұр Отан» патиясының, ҚР Ұлттық банкінің, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, облыстар, Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты. 

            Алқа мәжілісін ашқан ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова ағымдағы жылғы 11 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік міндеттемелерді сақтауға тапсырма бергенін еске салды. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2014 жылдың қорытындысында жұмыссыздық деңгейі 5%-ға дейін төмендеді. 2015 жылы да осы деңгейде ұстап тұру жоспарланған. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты белсенді шаралар қабылдау керек. Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы мақсатта барлық өңірде ағымдағы жылғы 15 наурызға дейін жұмыспен қамтудың кешенді жоспарлары бекітіледі.   

            Аталған жоспарлар азаматтарды «Нұрлы жол» бағдарламасы, сондай-ақ, өзге де салалық және мемлекеттік бағдарламалар бойынша іске асырылатын инфрақұрылымдық жобаларға тартуды, сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» аясында еңбекпен қамтуды қарастырады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы іске асырыла бастағалы 461 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды, олардың ішінде 60% - жұмыссыздар, 30%-дан астамы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және 9% - еңбекке қабілетті аз қамтылған азаматтар. Биыл Мемлекет басшысының шешімімен атаулы әлеуметтік көмек көрсету, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, тұрғындарды нысандауға бағытталған жаңа тетіктер енгізу, қызмет көрсету салалары үшін жастарды даярлау және т.б. бағыттарда «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасын актуальдандыру шаралары қабылданады.  

            Тамара Дүйсенова сондай-ақ, жұмыскерлердің жұмыстан босауына жол бермеу мақсатында осы айда Үкімет мүшелері еліміздің барлық өңірлерін аралап, ірі компаниялар, кәсіподақтар және областар, Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің өкілдерімен кездескенін алға тартты. Келіссөздердің қорытындысында 1 млн.-нан астам жұмыс орнын сақтауды қарастыратын 19 мың меморандумға және 1,4 трлн. теңге сомаға тауарлар, жұмыстар және қызметтер сатып алу жөнінде 431 меморандумға қол қойылды деп жеткізді министр.

Тамара Дүйсенова жиынға қатысушыларға Мемлекет басшысының тапсырмасына сай ҚР ДСӘДМ мамандары 2016-2020 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп жатқандығын айтты. Денсаулық сақтау саласының маңызды бағыттарының бірі – медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту (МСАК) болып табылады, атап айтқанда: 

-          Өңіріне және тұрғылықты жеріне қарамастан МСАК қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету;

-          Медициналық білімді жетілдіру, тәжірибелік базаны нығайту, МСАК жүйесінде жұмысқа ынталандыруды күшейту, өңірлер, амбулаториялық-емханалық және стационарлық қызметтер арасында мамандар бөлудегі теңсіздікті жою; 

-          денсаулық сақтау саласын қаржыландыру бірегей және кешенді жан басына шаққандағы норматив бойынша іске асырылады, яғни ТМККК бағытталған жалпы сома көлемін 40%-на жеткізу арқылы МСАК-ті қаржыландыруды халықаралық стандарттар деңгейіне жеткізу. Бүгінгі таңда ол 26% құрайды.

Жұмыстың келесі бағыты - сырқаттанушылықты басқару жүйесін енгізу, аурудың алдын алу, ерте анықтау және емдеуді қарастыратын медициналық көмек көрсетудің бірегей жүйесі. 

Үшінші бағыты – денсаулық сақтаудың кадрлық әлеуетін дамыту. Осыған орай Қазақстанда 2009 жылдан енгізілген Ұлттық біліктілік жүйесіне сәйкес келетін даярлау, қайта даярлау және кадрлардың біліктілігін арттыру жүйесін жаңғырту керек. Жаңа талаптарды есепке ала отырып, кадрлар даярлаудың бес жылдық жоспарының жобасы әзірленеді. Алдағы өзгерістер медициналық университеттер мен колледждердің «Құзырлы орталықтарға» айналуын қарастырады. 2030 жылға дейінгі кезеңде денсаулық сақтау жүйесін жетілдірудің төртінші бағыты – қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету.

Қазақстанда 2017 жылдан әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі кезең-кезеңмен енгізіледі. Бұл саладағы денсаулық сақтау саласын мемлекет, жұмыс берушілер, азаматтар және басқа да көздерден қаржыландырудың көп арналы қағидатын қалыптастыруға және денсаулықты сақтауға ортақ жауапкешілікті қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу тұжырымдамасының жобасын әзірлеуге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары мен Бүкіләлемдік банк кеңесшілері тартылған.  

Алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысында Министр Тамара Дүйсенова аналар мен балалар өлім-жітімі азайды деп мәлімдеді. Министр ағымдағы жылы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аяқталатынын еске салды. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында қазіргі уақытта мына нәтижелерге қол жеткізілді:  

-          медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыруда өңірлер арасындағы айырмашылықтар мен шарттарды сараландыру жойылды.

-          «Ақша пациентпен бірге жүреді» қағидасы негізінде қай жерде тұратынына қарамастан ел азаматтарына көрсетілетін стационарлық көмектің қолжетімділігі кеңейтілді. Тек соңғы 2 жылда 34 мыңнан астам ауыл тұрғыны республикалық және облыстық ауруханаларда жоғары мамандандырылған медициналық көмек алды.  

-          Аурулардың бейінді түрлері бойынша емдеудің жаңа технологиялары мен түрлерін тәжірибеге енгізетін заманауи медициналық орталықтар құрылды. Жинақталған тәжірибе өңірлерде енгізіліп, облыстық және қалалық ауруханалар жүрекке және бас миына, өмірлік маңызды ағзаларды алмастыру оталарын табысты жасай бастады.  

Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде қазақстандықтардың болжамды өмір сүру ұзақтығы артып, жалпы өлім-жітім, оның ішінде аналар мен балалар өлім-жітімі азайды.  

Автор:
ҚР ДС ӘДМ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ