Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Дәрігердің жайдарлы жүзі – науқастың жазыла бастауы.


13 февраля 2015, 11:05 | 2 257 просмотров



Денсаулық — зор байлық. Бұл жаттанды сөз емес. Дертіңді емдеуге дәрменің болса жақсы. Болмаса, айналдырған аурудан құтылу қиын.

Статистикаға сүйенсек еліміз бойынша жыл сайын 17 мыңға жуық адамдар ауыр науқасқа шалдығады екен. Өздерінің ауыр дертке шалдыққандарын біліп, еңсесін түсіріп, өмір сүруге құлшыныстарын төмендетеді. Бұл, дұрыс емес, әрине. Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, дені сау адам ғана ел қазынасы, ұлт болашағы бола алатыны белгілі.  Бүгінде дерттің түрі көп. Заман жақсарып, техника дамып, мүмкіндіктер молайып жатса да, көбісінің дауасын таба алмай дал болудамыз.

11 ақпан - науқастардың халықаралық күні.  Бұл күн алғаш рет 1993 жылдың 11 ақпанда аталып өткен болатын. Сенім бойынша дәл осы күні көп ғасырлар бұрын француздардың Лурд деген жерінде Құдай ана көрінген. Киелі Бикеш, Лурд Құдай анасы аурудан қиналғандарға ем беріп, науқастарды құтқарушы нышанына айналады. Өзі сол науқастарды емдеп қана қоймай, оларға өздерінің күресуі керек екендігін де түсіндірген.

Өкінішке қарай, барлық ем алушылар жазылуы үшін өзі де үлкен рөл атқаруы тиіс екендігін ұғына бермейді. Қатты ауруға шалдыққандарын біліп, өмірден күдерлерін үзеді. Өмір сүруге деген құлшыныстарын жоғалтады. Мұндай жағдайда дәрігердің кеңестеріне қажетті деңгейде көңіл бөлінбей, науқастың жағдайы нашарлай түсуіне әкеліп соқтырады. Тіпті, емі аяқталмай көз жұмып жататындары да бар. Рим ойшылы Сенека айтқандай: «Жазылудың ең негізгі шартының бірі – жазылуға деген құлшыныстың болуы». Егер сіздің іс-әрекеттеріңізде жазылуға деген құлшыныс болмаса, жалғыз дәрігердің күш-жігері нәтиже беруі екі талай. Сондықтан да қандай ауруға дұшар болсақ та, ең алдымен үмітіміз үзілмесін. Дамыған заманда жазылмайтын дерт жоқ.

Тек ойлап қарасаңыз, денсаулық -адам баласына табиғат сыйлаған ең басты байлық. Сау кезімізде сол теңдесі жоқ табиғат сыйының бағасы мен қадірін білмейтініміз өкінішті-ақ! Мордва халқының: "Денсаулықтың шайқап алсаң кесесін, енді қайтып толтыра алмассың есесін" деген мақалы бар екен. Сол айтылғандай, денсаулықты оп-оңай жоғалтып алуға болады, оны қайта қалпына келтіріп түзету өте қиын. Себебі адам организмінің қалыптасқан қызметі бұзылған соң, тез арада жөнделе салуы мүмкін емес. Ол үшін әуелі

диагнозын дұрыс қойып, сонан соң сабыр сақтап, тағаттылық танытып, байыппен емделу қажет. Еш уақытта тозған машинаның бөлшектері сияқты адам организмінің бір ғана мүшесі ауруға шалдықпайды. Оның машинадан айырмашылығы - барлық мүшелерінің бір-бірімен тығыз байланыста болып, жоғарғы нерв жүйесі арқылы, адам миының тікелей басшылығымен жүйелі жұмыс атқаратындығында. Неміс публицисі Генрих Гейне «Мен білетін жалғыз сұлулық – бұл деннің сау болуы» деген екен. Әрине, деннің саулығына не жетсін! Сондықтан да салауатты өмір салтын ұстанып, өз денсаулығымызға асқан жауапкершілікпен қарайық!

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ