Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

КЕҢЕСТІК ҚАЗАҚ МЕДИЦИНАСЫН АСҚАҚТАТҚАНДАР


13 февраля 2015, 10:54 | 3 732 просмотра



Ұлы Отан Соғысы майданында 200 мың дәрігер, 1,5 миллионға жуық орта буын медицина қызметкерлері қатысқан. Олардың ішінде жеңіс туын желбіретуде қазақстандық мамандардың да үлкен үлесі бар. Соғыс жылдарында КазССР Наркомздрав-ын өте білікті мамандар басқарды. Олар тез арада Қазақстан денсаулық сақтау саласын соғыс уақытына ыңғайлап, қойылған міндеттерді адал орындай білді. Ал соғыстан кейінгі уақытта олар өздерін сауатты басқарушы ретінде көрсетіп, Қазақстан медицинасының дамуында қажырлы еңбектенді. Газетіміздің өткен санында сол мамандар туралы біраз ақпарат берген едік. С.А. Чесноков және оның орынбасары В.Г. Ермолаев, М.К.Тілеугабылов, И.С.Корякин, А.Б.Бисенованың сонау жылдардағы еңбегі Қазақстанның денсаулық сақтау саласының қалыптасуы, әрі дамуының алғышарттары еді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақ медицина ғылымында дарынды ғалымдар болды. Олар бүгінгі қазақ медицинасы ғылымын қалыптастырып, оның дамуына үлкен үлес қосқан мамандар еді. Шайқастарда шыныққан, жараланған жауынгерлер мен командирлерді емдеуде мол тәжірибе жинаған қазақстандық майдангер-медиктер жеңіс туын желбіретіп елге оралғаннан кейін, КазССР денсаулық сақтау ісіне және медицинасына ерен еңбекпен үлес қосты. Олар республика халқына арнаулы медициналық көмек түрлерін көрсетуді қалыптастыруда, жаңа ғылыми-зерттеу оқу орындарын ашуда атсалысты. Олардың есімдер қазақ медицинасы үшін ешқашан өшпес деп сенеміз. Ал сол ақхалаттылардың ерлігі мен еңбегін халыққа ұмыттырмай, есімін жаңғыртып тұру біздің қолымызда.

ЕСІМІ ҰМЫТЫЛМАС ДӘРІГЕРЛЕР

Соғыс және соғыстан кейінгі жылдарда кеңестік қазақ медицинасының ғылыми бағытын дамытқан дарынды дәрігерлер болды. Олар: Ишанбай Қарақұлов — дәрігер-эпидемиолог; Сигабатулла Карынбаев — соғыс кезінде Солтүстік-Батыс, Воронеж, Белорусия және бірінші Украина майдандарында соғысып, полк дәрігері кейіннен медико-санитарлық батальонның командирі болды. Халық Мұсабаев —кеңес әскері қатарында әкімшілік және дәрігерлік қызметтерді атқарды, әскери дәрежесі майор; Раиса Макашева — КазГМИ-ді бітіре сала майданға аттанды, 1942 -1946 жылдар аралығында әскер қатарында болып, Белорусия және Балтық жағалауындағы майдан госпитальдарында хирургиялық бөлім басшысы болды; Василий Мансветашвили — әскерде дәрігер-эвакуатор, Сталинградтық 4-Украиналық майданның емдеу-эвакуациялық басқармасы басшысының орынбасары болды. Беделді ғалым, невропатолог-профпатолог, академик, профессор Бахия Атшабаров 1942 жылы оқу бітіре сала әскерге шақырылып, танк-атқыштар полкі дәрігері болды.

Профессор Айкен Терликбаев 1941 жылы КазГМИ-ді бітіріп, әскер қатарына шақырылды. Бастапқыда кіші дәрігер, кейін Сталинград, Дон, Украина майдандарында санитарлық қызмет басшысы болды. Міржақып (Мир-Якуб) Нығматуллин 1940-1946 жылдарда инженерлік полкінің аға дәрігері, Воронеж, Дон, 1-Укранина майдандарында әскери-дала басқармасы санқызметтің басшысы болды.Зейнолла Төлегенов соғыс жылдарында полк дәрігері, санқызмет басшысы болды. Варшаваны азат ету және Берлинді алудағы шайқастарға қатысты. Қапан Макашев —1942 жылы оқуды бітіре сала майданға аттанып, Оңтүстік-Батыс, Солтүстік-Батыс,Калинин және Белорусь майдандарында полк дәрігері болды. Мұса Нұғманов 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, майданда отоларинголог болды. Клавдия Овсянникова —I Харьков медицина институтын тәмамдап, 1941 жылы майданға аттанады. Ол майданда отряд хирургі, Сталинград және 4-Украина майданында санитарлық қызметтің дәрігер-эвакуатор, медқызмет капитаны болды. Майданда ерлік көрсеткен дәрігерлер қатарында Михаил Грибанов, Айдархан Апсатаров, Беркут Айдарханов, Петр Чекуров, Евгения Азарова, Рахила Ералина,Зайда Латыпова, Истюре Уразаков, Исхак Алибеков ,Алихан Чокин, Бегайдар Садыков, Виктор Зикеев және Василий Зюзин сынды азаматтар болды. Соғыстан кейін елге оралып,олардың әрқайсысы қазақ медицинасы мен медицина ғылымының дамуында еңбек етті. Жаңа медициналық институттар ашты, ғылыми жұмыстар жүргізді, салалық клиникалар жұмысын ұйымдастырды, медицинаның арнаулы салаларын жетілдірді, жас буын дәрігерлерді дайындады. Осының бәрін сол майдангер және тыл дәрігерлері жасады.

СЫЗҒАНОВ –ҚАЗАҚСТАН ХИРУРГИЯСЫНЫҢ СИМВОЛЫ

Қазақ медицинасында хирургиялық қызметтің дамуына үлкен еңбек сіңірген тұлағаның бірі Александр Николаевич Сызғанов еді. Оның есімін әрбір қазақстандық азамат біледі. А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы бүгін әлемдік стандартқа сай хирургиялық ота түрлерін жасайтын медициналық мекеме. Елімізде трансплантологияның дамуына осы орталықтың мамандары атсалысуда. Ал оның негізін қалаған адам - Александр Николаевич Сызғанов болған еді. Ол 1896 жылы Татарстанның Арск қаласында дүниеге келген. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Қазақ жеріне келеді. Өмірінің соңына дейін Қазақстан медицинасының дамуында жұмыс істейді. А.Н.Сызғанов Қазан мемлекеттік университетін бітіріп, 1922-1934 жылдары - Қазан медицина институтының ассистенті, доценті болды. 1934-1945 жылдары - Қазақ медицина университетінде хирургия клиникасының меңгерушісі. 1941-1945 жылдары - қан құю станциясының директоры. 1945-1975 жылдары - Қазақ КСР Ғылым Академиясының клиникалық және эксперименттік хирургия институтының директоры. 1975-1980 жылдары - Қазақстан ғылыми-зерттеу клиникалық және эксперименттік хирургия институтының ғылыми кеңесшісі қызметін атқарған. Хирург, медициналық ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Александр Николаевич Сызғанов 1980 жылы Алматыда 84 жасында дүниеден өтеді.

Соғысқа дейінгі, соғыс және соғыстан кейінгі жылдардағы беделді, дарынды дәрігер-ғалым Александр Николаевич Сызғанов Қазақстандағы хирургиялық қызметтің дамуына қосқан үлесімен қатар, жауынгерлер мен соғыс мүгедектерін емдеуде аянбайды, медициналық кадрларды дайындауда да үлесі зор. Қазақстандағы эвакогоспитальдар жұмысы басталған алғашқы күннен-ақ Сызғанов хирургияның әр саласы бойынша жетекші кеңесші болды. Соғыс уақытының травматологиясы бойынша ғылыми жұмыстар жүргізді. Ол травматологияда емдеудің жаңа методикалырын ашты. Сол жылдары ол ғылыми еңбектерін майданда жараланғандарды емдеуге арнады. Мүгедектерді емдеуде, оңалтуда негізгі әдіс ретінде Қазақстанның шипажайларынының емдік қасиетін қолдануды бірінші болып ұсынды. Александр Николаевичтың бастамасымен Қазақстанда бірінші қан құю республикалық станциясы ашылып, қан орнына қолдананылатын - КЗК сұйықтығы алынды. Александр Сызғанов лимфа жүйесі туберкулезін, жүрек-қан тамыр, тыныс алу, ас қорыту жүйелері ауруларын, эндемиялық бұғақ ауруын хирургиялық жолмен емдеу әдістерін тауып, оларды күнделікті дәрігерлік тәжірибеге енгізген.Онкологиялық бұғақ ауруының ісінуін емдейтін арнайы хирургиялық орталықтар құрды.

1945 жылы КазССР ҒА-ның бұйрығымен А.Н. Сызғанов Алматыда клиникалық және эксперименталды хирургия ғылыми зерттеу орталығын ұйымдастырды. Сондай-ақ, Республикалық онкологиялық диспансер ашуды ұйымдастырушылардың бірі болды.

Ғалым редакциясымен хирургия орталығының 16 томдық ғылыми еңбегі жарық көрді.10 монография, 200-ден астам мақалалар, мен 900-ден астам ғылыми еңбектер жазған. А.Н. Сызганов жетекшілігімен 18 докторлық, 80 кандидаттық диссертациялар қорғалды.

Қазақстан клиникалық және эксперименттік хирургия институты (қазіргі А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы) Сызғанов Александр Николаевич атымен аталады және Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Сызғанов атындағы стипендия бар. Сондай-ақ, Алматы қаласында Сызғанов атына көше берілген. 4-5-ші, 7-8-ші шақырылымдағы Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңестің депутаты болды.

Үш рет Ленин, екі рет Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Денсаулық сақтау үздігі» белгісімен және КСРО Ғылым Академиясы Президиумының грамотасымен марапатталған.

ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ПРОФЕССОР

Дәрігер-эпидемиолог Ишанбай Қарқұлов соғыс жылдарында Қызыл әскер қатарында 1942-1946 жылдары КСРО қарулы күштері ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері болды. Соғысқа дейін 1937-1939 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау халық комиссары болып қызметін атқарды. Әскерден оралғаннан кейін Қазақ Мемлекеттік медициналық институтының эпидемиология кафедрасы меңгерушісі қызметін атқарды, 1948-1950 жылдары - Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1950-1954 жылдары Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Ишанбай Қарақұлұлы (1909-1992) - ғалым-эпидемиолог, медицина ғылымының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының, КСРО Медицина ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі, КСРО Медицина ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның және Қарақалпақ АКСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, медицина ғылымы саласында қазақтан шыққан тұңғыш профессоры болды.

Ол Ақтөбе облысының Ойыл ауданында көп балалы кедей шаруаның отбасында туды. Әке-шешеден ерте ай­рыл­ған ол он жасынан бастап ауыл ша­руашылығында жұмыс істеді. И.Қа­рақұлов 1929 жылы Орынбор қаласын­дағы жасөспірімдерге арналған үш жылдық мектеп-интернатты, одан соң 1931 жылы Орал қаласындағы Қазақ өлкелік медицина техникумын, Алматы мемлекеттік медицина институтын (С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті) және осы институттың аспирантурасын бітірген. 1937 жылы институтты тәмамдаған ол бірден Қазақ КСР Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалады. 1946-1947 жылдары Алматы медицина институты эпидемиология кафедрасының меңгерушісі. 1948-1950 жылдары - Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1950-1954 жылдары Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Соғыс жылдары И.Қарақұлов Қарулы Күштердің орталық институтында қызмет етті және Үкімет пен Жоғарғы Кеңестің соғысқа қатысты бірқатар жауапты тапсырмаларын орындады. Ол медицина қызметінің подполковнигі әскери шенін алды.

Ишанбай Қарақұлұлы - эпидемиология, профилактика және микробиология саласындағы белгілі зерттеуші және денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы ірі қайраткерлердің бірі. Ол жастарды жан-жақты тәрбие­леудің теориялық және практикалық мәселелерімен де үзбей айналысты. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері адамға жұғатын ауруларды зерттеуге және Қазақстанның денсаулық сақтау ісін ұйымдастыруға арналған. Ол малдан жұғатын аса қауіпті ауруларға эпидемиологиялық тұрғыдан жіктеу жасап, олардың жұғу жолдарын анықтады, оларға қарсы қолданылатын кешенді шаралардың біртұтас жүйесін ұсынды. Cарыптан сақтану мақсатында адам терісіне алдын ала вакцина егу әдісін тапқан. Оның ұсынған бұл әдісі қазіргі кезде шет мемлекеттерде де қолданылады.

Профессор Ишанбай Қарақұлұлы ұзақ жылдар бойы Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Жоғары аттестациялық комиссиясының сарапшысы, Кеңес-Үндістан достығы қоғамының вице-президенті, Кіші медициналық энциклопедия редакторының орынбасары болып жұмыс істеді.Ғалым Қазақстанның денсаулық сақтау ісін ұйымдастыра отырып, медицина ғылымын, дәріханалық істі дамыту және кадр даярлау жөнінде зор жұмыстар жүргізген.И.Қарақұловтың ғылыми еңбектерін Кеңес Армиясының бас эпидемиологы, академик А.Алымов, академиктер В.Тимаков, П.Здродовский өте жоғары бағалады, сондай-ақ оның басқа да ғалымдар арасында беделі биік болды. Ол 1946 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтында эпидемиология кафедрасын құрып, оны өзі зейнеткерлікке шыққанға дейін (1987-1988) үздіксіз басқарған. Осы кафедраның негізінде 300-дей жұмыс орындалып, отызға тарта докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалды. Профессор И.Қарақұловтың алғысөзімен және редакциялауымен он беске жуық әртүрлі монографиялар, ғылыми жинақтар мен еңбектер, оқу құралдары басылып шықты. Мұндай әртүрлі проблемалық жұмыстардың орындалуы И.Қарақұловтың тек инфекциялық патология, әлеуметтік гигиена, демография, денсаулық сақтауды ұйымдастырумен ғана шектеліп қалмағанын, сонымен бірге оның ғылыми жан-жақтылығын да аңғартады.

Профессор Ишанбай Қарақұлұлы эпидемиологтардың, микробиологтардың, инфекционистер мен паразитологтардың бүкілодақтық және республикалық (бұған Қазақстанмен бірге, Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Қырғызстан, Түркіменстан, Қарақалпақ АКСР-і қоғамдары да кірген) ғылыми қоғамдарының құрметті мүшесі, ал Қазақстан микробиологтары, эпидемиологтары және паразитологтары ғылыми қоғамының құрметті төрағасы болды. Ишанбай Қарақұлұлы жастарды жан-жақты тәрбиелеу проблемасымен де үзбей айналысты. Бұл ретте ең алдымен оның 1983 жылы белгілі жазушы Ғ.Мүсіреповтің алғысөзімен шыққан «Қырық сұрақ - қырық жауап» атты кітабының мәні зор екенін айтқан жөн. Ол қарақалпақ, қырғыз тілдерінде де жарық көрді. «Индиялық достарда» (1962), «Сырласу» (1989), тағы басқа кітаптары бар. Онда жастарға байланысты көп тәрбиелік мәселелерді көтерді.

И.Қарақұловтың маман-дәрігерлерді дайындаудағы сіңірген еңбегін ескере отырып және Қазақстандағы эпидемиологиялық ғылымның іргесін қалаушылардың бірі болғаны үшін С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті ғылыми кеңесінің шешімімен (24 ақпан 2009 жылғы хаттама № 8) университеттің эпидемиология кафедрасына және № 6 аудиторияға оның аты берілді. Бір оқу ғимаратына мемориалдық тақта орнатылған. Алматы қаласындағы «Қалқаман-2» шағын ауданындағы көше бірі И.Қарақұлов есімімен аталады. «Халықтар достығы» орденімен, көптеген медальдармен, КСРО денсаулық сақтау министрлігінің, КСРО «Білім» қоғамының, КСРО Медициналық  ғылым академиясының, Қазақ КСР-і Ғылым академиясының, Қазақ КСР-і және Қарақалпақ АКСР-нің Жоғарғы Кеңесі президиумының Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі ғалымның жүз жылдығына орай 2009 жылы жергілікті газетке мақала жариялайды. Бұл мақалада Ишанбай Қарақұлов – денсаулық сақтау ісінің белсенді ұйымдастырушысы ғана емес, сондай-ақ ол қайта өрлеген Қазақстанның көп салалы мәдениет құрылысының көрнекті өкілі болғанына да тоқталып өтеді. Ғалым Қазақстанда жаңадан ұйымдастырылған көптеген қоғамдық, ғылыми мекемелер жүйесін: жаңа қазақ латын алфавиті жөніндегі қоғамды, республикалық және Алматы қалалық «Білім» қоғамдарын, республикалық бейбітшілік қорғау комитетін Кеңес-Үндістан достығының Қазақ бөлімшесін, АПН-ның Қазақ бөлімшесін, Қазақстан эпидемиологтары, микробиологтары, гигиенистері және инфекционистерінің біріккен ғылыми қоғамын, Қазақ телевизиясында киносаяхатшылар клубын, Қазақстан астрономиялық қоғамын, Қазақстан пролетар студенттер бюросын құрушылардың бірі болды. Сонымен бірге бірқатар жылдар бойы осы аталған қоғамдардың біразында бірінші басшы болып жұмыс істеді, мысалы, оған Қазақстан астрономиялық қоғамы, Алматы қалалық «Білім» қоғамы, т.б. кіреді екен.

Автор:
Мәдина Омарқұлова