Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Есің дұрыс па?


18 марта 2010, 22:47 | 2 666 просмотров



Мемлекеттік қызмет істері агенттігі көтерген бастама бойынша, 2011 жылдан бастап мемлекеттік қызметке үміткерлер жалпы білімі, заңдылықтарды білуінен бөлек психологиялық сынақтан да өтуге тиіс. Бұл арқылы оның өз ісіне деген адалдығы тексерілмек.Мұндай ұсынысты қалың бұқара агенттік төрағасының орынбасары Асқар Шомановтың аузынан естіді.

Оның айтуынша, психометриялық тестілеу жүйесі мемлекеттік қызметке үміткердің жеке қасиеттерін, мәселен, ұйымдастырушылық, тәртіптік, сонымен бірге психологиялық қырларын да айқындап береді екен. Қазіргі күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қорғаныс министрлігі секілді стратегиялық ведомстволарға қызметке орналасушылар дәл осындай сынақ тапсырады. Сондай-ақ психометриялық тест «Болашақ» президенттік бағдарламасының стипендиаттары на да міндетті болып табылады. - Демек, үміткерлерді міндетті психологиялық сынақтан өткізу тәжірибесі Қазақстанда бар деген сөз. Ендігі жұмыс - оны мемлекеттік қызметтің барлық салаларында қолданып, жүйелі тестілеу жұмыстарын әзірлеу болмақ, - дейді агенттік төрағасының орынбасары. Әзірге Шомановтың ұсынысы заңдастырылған жоқ. Бірақ жыл аяғына дейін заңдастырып, 2011 жылдың алғашқы күнінен қолданысқа енгізудің әзірлігі басталып кеткен. Еске түсірсек, үміткердің ақыл-есін тексеру жөніндегі ұсыныс 3-4 жылдан бері әр шоқыдан бір ұрандалып қалып жататын. Алайда түрлі себептермен, оның ішінде мемлекеттік қызметке жарияланған мораторий де бар, ұсыныс қолдау таппай келген-ді. Мамандар аталмыш сынақты енгізу - мемлекеттік қызметшілердің жемқорлыққа бару оқиғаларын сирететінін айтуда. Өйткені үміткер сынақ тапсыруда «жеуге» деген құмарлығын байқатып алса, ол үшін мемлекеттік қызметтің есігі мүлде тарс жабылмақ. Өйткені Шомановтың айтуынша, психологиялық тестіден құлағандар ендігәрі мемқызметке орналаса алмайды. Бір жағынан қарағанда, мемлекеттік қызметке орналасу шарттарын қатаңдату - үміткерлердің құқығын шектеу ретінде көрініс береді. Ойға «Есің дұрыс па?» дегендей ерсілеу сұрақ келеді. Сондықтан психологиялық тестте қойылатын сұрақтарды әзірлегенде ерекше мұқияттылық керек секілді. Ар-намыс кодексінен аттап жүргендердің үлкен бөлігі - мемлекеттік қызметкерлер арасынан шығып, аталмыш сынақ жемқорлықпен күресудің бір тәсілі ретінде енгізілгелі отырғандықтан, сұрақтар да үміткердің «құлқынынан» хабар берер болса жөн еді. Әрине, сұрақ әзірлеу - біздің емес, заңгерлердің ісі, біздікі - тек ұсыныс.

Автор:
Нұрболат Аманжол