Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Медицина қызметкері құқығын қалай қорғалады?


23 января 2015, 09:41 | 6 477 просмотров


2015 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда жаңа Қылмыстық кодекс күшіне енді. Жаңа Қылмыстық  кодексінде Медициналық қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арнайы бөлім енгізілді. Оның ішінде жалған дәрілік заттарды заңсыз айналымға шығарғандар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Газетіміздің өткен санында жаңа қылмыстық кодекстен үзінді, Медициналық қылмыстық құқық бұзушылық тарауын ұсынған едік. Заң пациенттердің құқығын қорғауды көздейді, алайда ақхалаттылар үшін керісінше болмақ. Кәсіби қателіктер үшін дәрігерлерге үлкен айыппұл салынып, тіпті темір торға қамалады. Бұндай өзгерістер медицина қызметкерлерін алаңдататыны сөзсіз. Медицина қызметкерлері құқығын кім және қалай қорғайды екен? Қатаңдатылған кодекс медицинаға не береді? Осы сұрақтар жауабын білу үшін Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Талдықорған филиалы басшысы Асан Мұқанұлы Шалтабаевқа жолыққан едік. Әңгімеміз дәрігер құқығын қорғаумен қатар, еңбек дауы, ұжымдық келеңсіздіктерді шешу және бүгінгі қоғамдағы кәсіподақ рөлі барысында өрбіді.

-Асан Мұқанұлы, Қылмысттық кодекстегі Медициналық құқықбұзушылық тарауының пайда болуының басты себебі қандай?

- Медициналық құқықұзушылық тарауы медицина қызметкерлерінің ісіне деген алдағы уақытта дәрігерлік қателіктерді болдырмау үшін, дәрігерлердің жауапкершілігін арттыру үшін енгізді деп ойлаймын. Бастапқыда бұл заң жобасы ретінде құрастылыған кезде Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы қарап,талқылау болған. Біздің тараптан кейбір тұстарын жеңілдету туралы ұсыныстар айтылды. Бірақ ол ескертулер өзгерілмей қалыпты. Заңның аты заң. Қабылданып қойғаннан кейін, қатаң болса да орындалуы керек. Заңсыз аборт, заңсыз фармацевтикалық қызметпен айналысу турасында заңды күшейткен дұрыс қадам. Шыны керек, тым қатаңдатқан ,тіптен қарапайым медицина қызметкері үшін миға қонбайтын тұстары көп.

-Кодексте толықтай келісемін деген тұстарды айтып өтсеңіз.

- Заңсыз аборт жасау, дәрігерлік құпияны жариялау, медициналық және фармацевтикалық қызметпен заңсыз айналысу, наркотикалық және психотроптық препараттарды жазып беру сияқты құқықбұзушылықты қарайтын баптар орынды. Осы баптарда көзделген жаза да орынды. Бұл көптен бері қатаңдатуды күткен жағдайлар. Заңсыз аборт жасаудан –қаншама қыз-келіншектер зардап шегіп, бала сүю мүмкіндігінен айырылып, тіптен қансырап өліп кетті. Фармацевтикалық қызметті жамылып, есірткілік препараттарды сату қылмыстық жауапкершілікті талап етеді. Жалпы қоғамға қауіпті іс-әрекеттерді шектеу заң жүзінде де, іс жүзінде де болу керек.

-Ал енді кодекстің миға қонбайтын тұстары жайында нақтырақ тоқталсаңыз?

-Қарап отырсаңыз, біздің медицина қызметкерлері алатын жалақысы аз. Мардымсыз деп айтсақ болады. Ал кодексте медицина қызметкері үшін айыппұл соммасы тым жоғары. Ең азы 200 айлық есептік көрсеткіш (200 МРП) деп көрсетілген. Шамамен бұл сомма 390 мың теңгені кұрайды. Қарапайым медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 50-60 мың теңге. Дәрігерлер бұл айыппұлды қалай төлейді деген орынды сұрақ туындайды. Естеріңізге сала кетейік, бұл ең аз айыппұл болып отыр. Айыппұл көлемі 300 мыңнан 8 миллионға дейін барады.

-Бұл жазаның ең жеңіл түрі болып тұр, онымен қоса түзеу жұмыстарына, не жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не болмаса үш айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырады.

-Жалпы түзету жұмыстарының өзі, қамауға алынды, сотталды деген сөздің өзі кейін ол адамның өміріне, болашағына дақ болып қалады. Дәрігер үшін, медицини қызметкері үшін бұл өте ауыр болмақ. Міне, 313-бапта Медицина және фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттеріне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан деп көрсетілген. Меніңше, қазіргі көпжылдық еңбегі бар мамандардың кәсіби біліктілігі жоғары. Сонау 90-жылдардың қиындығына төзіп, медицинада қалған мамандар туралы ісіне адал қарамайды деп айтуға келмейді.

-Сіздің ойыңызша, дәрігерлердің барлығы мінсіз, адал ма?

-Жоқ. Мен барлық адамдар мінсіз деп айта алмаймын. Бәріне топырақ шашудан да аулақпын, бірақ ісіне ұқыпсыз адамдар кездесуі мүмкін. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген мақал бар емес пе. Мамандығына салғырт қарайтын бір адам кесіренен, бүкіл дәрігерлер қауымдастығы зардап шегеді. Медицинада қателіктер кешірілмейді, себебі бұл адамның өмірі мен денсаулығы. Орыстарда «Не ошибается тот кто не работает» деген сөз бар. Жұмыс істемеген адам ғана қателеспейді. Бұны да ұмытпаған жөн.

Адам өмірін құтқару, оны аман алып қалу ойыншық емес. Ешбір дәрігер қасақана науқасқа зиян келтірем демейді. Пенде болғаннан кейін қателік орын алады. Егер дәрігерлік қателік салдарынан адам өміріне немесе денсаулығына зиян тисе, әрине жаза қолдану керек. Бірақ көп жағдайда дәрігерлердің үстінен науқас жазатын шағымның көбі орынсыз. Ауруын асқындырып әкеліп, кейін ем қонбаса дәрігерлерді кінәлайтындар бар.

-Байқауымызша, абайсызда адам өміріне қауіп төндіру мен жазым жағдайдың орын алуымен нақты айқындалмаған. Жазым жағдай орын алса, ол дәрігердің кінәсі әлде науқас халі емдеуге келмеді. Бұл мәселелерді айқындау үшін арнайы медициналық-сарапшы топ болуы керек емес пе?

- Мамандандырылған сарапшы топтың көмегінсіз, зерттеуінсіз дәрігерлік қателіктің ақ-қарасын анықтау қиынға соғады. Онсыз ауруханада орын алатын әрбір жазым жағдайдың барлығын медициналық қызметкердің қателігі деп көрсету қиынға соқпайды. Дәрігердің жұмысы протоколдарда анықталып көрсетілген, бірақ протоколдан тыс алуан түрлі ескерілмейтін жағдайлар болады. Науқас денсаулығына түрлі факторлар әсер етеді, экологиялық жағдайдан бастап, оның ішкі психологиялық көңіл күйіне дейін. Дәрігерді сотқа беру кезінде міндетті түрде эксперттік комиссия жұмыс істеу керек. Менің ойымша, бұл комиссияның тәуелсіз болғаны дұрыс. Сонда ғана барлығы әділ болады.

-Егер медицина қызметкері басына осындай жағдай түсіп, кәсіподақтан көмек сұраса, сіз оның құқығын қорғай аласыз ба?

-Біз алдымызға көмек сұрап келген медицина қызметкеріне міндетті түрде көмектесеміз. Кәсіподақ жұмысшының құқығын қорғауға арналған. Әрине, қорғап ақтап шығуға тырысамыз, бұл біздің міндетіміз. Өзіміздің заңгеріміз бар. Болмаса адвокат жалдауға көмектесеміз, қаржылай да жәрдемдесеміз. Бүгінгі күні бұндай өтініштер көп болған жоқ. Медициналық мекеме басшысы мен қарапайым қызметкер арасындағы даулы жағдай, еңбек құқығын қорғаумен айналысамыз. Әрине, жоғарыда айтылғандай жағдай орын алса медицина қызметкері құқығын қорғауға тырысамыз.

-Медицина қызметкері өз құқығын біледі ме? Өз құқығын қорғай алады ма?

-Жоқ. Көпшілігі білмейді. Шындыққа келетін болсақ, дәрігер құқығы қорғалмаған. Кез-келген адам орынды болсын, болмасын шағым жаза алады. Қандай жағдай болмасын дәрігерді кінәлі көрсетіп қояды. Расында да қазіргі уақытта қоғамда дәрігер мамандығы және денсаулық сақтау саласына деген сенімсіздік өршіп тұр. Бұған дәлел осы қылмыстық кодекс болып. Заң жүзінде науқастың құқықтары толықтай қорғалған, тек сол заңды білу керек. Он жыл –жиырма жыл мінсіз жұмыс істеген дәрігер бір-ақ рет қателесуі мүмкін. Кодексте бас бостандығынан 3 жылдан артық айыру көзделген. 3 жыл абақтыда отырып келген дәрігер мүлдем өзгеріп шығады. Маман ретінде қоғамнан алшақтайды. Шетелде дәрігерлік қателіктер үшін үлкен сот процесстері орын алып жатады, бірақ бас бостандығынан айыру өте сирек кездеседі. Үлкен көлемдегі айыппұлды дәрігерге немесе ол жұмыс істейтін клиникаға төлетеді. Бірақ ешбір дәірігер қасақана науқасты өлтіруді көздемейді. Адамды аман алып қалу үшін бәрін жасайды, бірақ дәрігердің қолынан келетін нәрсе бар, қолдан келмейтіні де болады. Сондықтан дәрігерлік қателік деген жан-жақты зерттеуді, талдауды қажет етеді.

-Қатаңдатылған кодекс медицинаға не береді?

-Біріншіден, жауапкершілік артады. Әрбір қызметкердің ісіне деген жауапкершілігін және ұқыптылығын күшейтеді. Екіншіден, заңсыз медициналық қызметті жояды. Үшіншіден, фармацевтикалық қызметке бақылау күшейеді. Сондай-ақ, медицинаға тигізетін зияны да болады. Жоғарыда айтып кеткендей, ісіне адал дәрігерлер жапа шегуі мүмкін. Кадр тапшылығы кезінде, медицинаға келетін жастар азаюы мүмкін. Қазір бір дәрігер бірнеше маманның жұмысын істеуге мәжбүр. Дәрігерге түсетін ауыртпалық өте жоғары. Қазақстан бойынша медициналық мамандар жетіспейді. Онсыз да жас мамандар облыс, аудан, ауылдарға аз келеді. Заңды қатаңдатып, кінәның бәрін дәрігердің мойнына артып қойса, онсыз да аз мамандардан айырылып қалу қауіпі жоғары.

-Кәсіподаққа қаншалықты көңіл бөлінеде? Жалпы Кәсіподақ қалай жұмыс істейді?

-Кәсіподаққа жұмысшының еңбекақысынан бір пайыздық жарна төленеді. Сол арқылы кәсіподақ қаржыланады. Жұмыс беруші мен қызметшілер арасындағы қарым-қатынасты реттеп отыруда кәсіподақ ұйымдарының рөлі айрықша. Ал кәсіподақтың қызметін заңмен реттеп, оған әлгіндей дауларға араласуға, жұмысшының мүддесін қорғауға өкілдік беру – мемлекеттің міндеті. Осы орайда, былтыр кәсіподақ туралы жаңа заң шықты. Нәтижесінде бірнеше конференциялар, басқосулар өтіп, сайлау да болды. Қараша айында өзіміздің есеп беру конференциямыз өттіп, мен кәсіподақ басшысы болып қайта сайландым. Одан кейін ең арты 10-желтоқсанда Денсаулық сақтау қызметкерлері съездімен аяқталды. Кәсіподақтың атауы өзгерді. Егер бұрын Қазақстан республикасы Денсаулық сақтау кәсіподағы болса, қазір Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің

салалық кәсіптік одағы болды. Былтыр қабылданған заң бойынша кәсіподақ жұмысындағы бұрын болмаған мүмкіндіктер мен міндеттер артты. Бұрын біз өзіміздің ұсыныстарымызды депутаттар арқылы ғана жеткізе алсақ, қазір біз федерациямыз арқылы заңшығару процестеріне тікелей қатыса аламыз.мына қылмыстық кодекстің жобасын талқыладық, бірақ ештеңе ауыстыра алмадық. Енді заң шығару процестеріне тікелей қатыса алғандықтан уақытында араласып, оң шешімдерге қол жеткізе аламыз.

-Кәсіподақ медицина қызметкерінің мүддесі мен құқығын қорғауға міндетті, нақты мысалмен келтіретін болсақ, кәсіподақпен жылына қанша және қандай жағдайлар қаралады?

- Әрине, аз емес көп. Ұсақ түйек жағдайларда көп болады. Жалпы 4 жылда 480 жағдай қаралды. Жалақының дұрыс төленбеуі, немесе уақытнда төленбеуі сияқты жағдайлар жиірек кездеседі. Еңбек көдексіне сүйене отырып, кәсіподақ туралы заңа негізделе отырып, көптеген еңбек дауларын жеңіп шықтық. Сондықтан жұмыс берушілердің өзі де кәсіподақ қарапайым қызметкер мүддесі үшін жұмыс істейтінін біледі. Медицина қызметкерлерін құқығын қорғағаннан кейін біз кез-келген даулы мәселеде жеңіп шығуға тырысамыз. Қарапайым қызметкер мүддесі, оның құқығы біз үшін бірінші кезекте тұрады.

-Өзара еңбек дауын шешудің қандай ерекшеліктер болады?

-Әрбір медициналық мекеменің өзінде ұжымдық шарт болады. Сол шарты бойынша ішкі жұмыстар жүргізіледі, талқыланады. Көп жағдайды ушықтырмай, өзара татуластыру арқылы шешуге тырысамыз. Әрбір қызметкердің еңбек құқықтары қорғалуы керек. Ол жайында мекеме басшысы да біледі. «Ұрысты үйден шығармай», мәселенің мән жайын айқындап шешіліп кететін жағдайлар аз емес.

-Ал егер медицина қызметкері бір келеңсіз жағдайға тап болса, мысалы науқас тарапынан орынсыз шағым дерлік. Осы жағдайда мекеме басшысы қаншалықты қызметкерін қорғай алады?

-Әрине, қорғайды. Әрбір медициналық мекемеде 5-минуттық жиналыстар болады. Барлық жағдай талданады, талқыланады. Дұрыс-бұрысы анықталып, шағым орын болса жаза қолданып, орынсыз болса міндетті түрде медицина қызметкері құқығы қорғалады.

-Ал медицинаның қай саласында науқастардан шағым көбірек түсіеді?

- Дұрыс қарамады, көңіл бөлмеді деген мәселелер бойынша гинекология саласына жиірек шағым түседі десе болады. Содан кейін Жедел жәрдем уақытында келмеді деген шағымдар көп.

-Жедел жәрдемге шағым көп. Бірақ жедел жәрдем жұмысына шектеу келтіретін көптеген мәселе бар емес пе? Мысалға сол көлікке айыппұлдар.

-Иә, бұл мәселені сіздердің газетте көтеріпті. Кәсіподаққа да Жедел жәрдеммен айыппұлдарға байланысты мәселені шешу туралы өтініш тамыз айында келіп түскен. Осыған байланысты, мен ІІД басшысына Жедел жәрдем атынан хат жазған болатынмын. Олардың бізге берген жауабы бойынша Жедел жәрдем көлігіне түскен айыппұлдарды алып тастау үшін, біріншіден жедел жәрдемді шақыру картасын (карта вызова) ұсынуға міндетті. Жүргізушілердің айтуы бойынша, оларда шақыру қартасын дер кезінде толтыруға уақыт болмай қалады. Науқасқа жетеміз деп жедел жәрдем асығады. Бірақ қатты жылдамдықпен жүргені үшін камера түсіріп алады. Айыппұлды жедел жәрдем жүргізушісі төлеуге міндеттелсе, өз қалтасынан төлеуге мәжбір болады. Айыппұл түспес үшін жедел жәрдем ақырын жүрсе, дер кезінде келмеді деп тағы шағым түссе. Былай қарасаңыз жедел жәрдем екі жақтан да таяқ жейді. Бұл мәселені Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірігіп отырып шешу керек. Себебі, бұндай жағдайды жоғарыдан айтылғанда ғана нәтиже береді.

-Қорыта келгенде, медицина қызметкерлерін қорғауға кәсіподақтың қауқары жетеді ме? Медицина қызметкерлері сіздерге қаншалықты сенім артады?

-Бірте-бірте жағдай өзгеруде. Біз жүргізген соңғы сауалнама нәтижесі бойынша медицина қызметкерлерінің 60%-ы бүгін кәсіподақ қызметіне жүгінеді. Бұрын бұл көрсеткіш 25% болған. Бұл көрсеткіштердің өзі кәсіподақтың маңызының артқандығын көрсетеді. Бұл туралы Елбасы «Жағдайды іштей жақсы түсіне отырып, мен мынаны айтқым келеді: жұмысшылар өздерін лайықты сезінулері үшін кәсіподақтар қозғалысы өз биігінде болуы тиіс» деген болатын. Негізінен, кәсіподақтардың рөлін күшейту, олардың қызметінің тиімділігін арттыру елімізде әлеуметтік әріптестіктің дамуына тиімді ықпал етеді. Жаңадан шыққан Кәсіподақ туралы заң да осыған зор мүмкіндіктер береді. Соның арқасында біздің мүмкіндіктеріміз артып, медицина қызметкерлері құқығын және мүддесін қорғауда ахуалымыз күшейеді.

P.S . Дәрігер болу оңай емес. Жұмыс істемеген адам ғана қателеспейді. Қатаңдатылған кодекстің медицинаға беретіні көп. Пайдасы да, зияны да бар. Тек бұны іс жүзінде уақыт көрсетпек. Кәсіподақ жұмысшының мүддесі мен құқығын қорғауға міндетті. Қандай жағдай болсын қорғап қалуға күш салады. Медицина қызметкерлеріне жоғары талаптар қойылады, бірақ сол талаптарға төленетін жалақысы сай ма? Ақхалаттылар құқығын қорғау туралы мәселелерді назардан тыс қалдырмай, «Жәрдем» газетінде жариялаймыз.

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА