23 января 2015, 09:33 | 1 872 просмотра
Біз Шыңғыс ханның түркілік тегін дәлелдей алмай, өз ішімізде жақ-жақ болып, айтысып-тартысып жүргенімізде, ағылшындар «Ең әйгілі қазақ – Шыңғыс хан» деп жазды.
Британияның «The Guardian» газеті «Посткеңестік әлем: Мұндағы 15 мемлекет туралы сізге ең алдымен нені білу керек?» деп аталатын мақаласында Қазақстанға арнайы тоқталып, әлемге әйгілі Шыңғыс ханды ең танымал қазақ императоры деп жазыпты.
ЮНЕСКО «екі мыңжылдықтың ең ұлы қолбасшысы» деп жар салған жаһангердің этникалық тегіне қатысты қазақ, қытай, моңғол ғалымдарының арасында қызу пікірталастың жүріп жатқанына бірталай жыл болғаны белгілі. Ақсақ Темірді пір тұтқан кеңестік көсем Иосиф Сталин, неге екенін, ұлы қаған Шыңғыс ханды ұнатпапты. Әлемнің айтулы тарихшылары, археологтары, антропологтары Шыңғыс ханның моласын жатпай-тұрмай іздеп жатқанда, оны іздеуге КСРО-дан көк тиын бөлмепті. Онымен тұрмай, құпия түрде тарих ғылымын бұра тартып, тарих оқулығын теріс тұжырымдатып шығыпты. Сарапшылар Василий Янның Сталиндік сыйлыққа ие болған «Шыңғыс хан» романы халықтар көсемінің тікелей тапсырмасымен жазылған деседі. Миллиондаған таралыммен шыққан бұл романда Шыңғыс хан ең қатыгез, ең жауыз адам болып суреттелді. Алаштың аяулы ұлы Сұлтанбек Қожановқа «Түркістанның Шыңғыс ханы» деп тиісетін Сталин әлем әміршісінің түп-тегі қазаққа барып тірелетінін, Алтын Орданың бірден-бір мұрагері қазақтар екенін жақсы білген. ХIХ ғасырда тарих ғылымына Татищев пен Карамзин секілді тарихшылар енгізген моңғол-татар термині осы Сталин билігі тұсында қайта жанданып, халықтың санасына әбден сіңірілді. Ал Шыңғыс хан қазіргі халха-моңғолдардың арғы бабасы екені ХIХ ғасырда ғылыми түрде тұжырымдалып, тарих ғылымына енгізілді. Тарихты бұлайша бұрмалаудың басы сонау Қаһарлы Иван патшаның билігі тұсында-ақ бастағанға ұқсайды. Орыс халқының санасынан олардың бабаларының «жабайы ордалықтарға»
құл болған фактісін біржола жойып жіберу керек болғаны анық. Оны ХIХ ғасыр тарихшылары, одан кейін сталиндік билік біржола жымысқы түрде жүзеге асырды. Кеңестік тарих ғылымының осы тұжырымдамасы арнайы ғылымда әлі күнге үстемдік құруда. Шындығында, мұндағы татар сөзінің қазіргі татарларға еш қатысы жоқ. Қазіргі татарлар – Еділ бойындағы бұлғарлар. Ал шын мәнінде, қазақтың арғы бабалары көшпенді түркі тайпалары болатын. Ал Шыңғыс ханға дейін моңғол деген ұлт мүлдем болмаған. Бұл – саяси-жағрапиялық атау. Дешті Қыпшақ тайпалары құрған Моғолстан мемлекетінің қазіргі Моңғолияға да, бүгінгі моңғолдарға да еш қатысы жоқ. Олар – сол жерге көшіп келіп, «моңғол» деген атты қайта түлеткен халхалар. Қазіргі Моңғолия жерін түркілер мекендегеніне ондағы Күлтегіннің тасы да дәлел бола алады. Не керек, орыс шовинистері Шыңғыс ханды аз санды моңғолдарға жоғарыдағыша біржола меншіктеп берді.
1960-1970 жылдары Әлкей Марғұлан бастаған бір топ қазақ ғалымы Ұлытаудағы Жошы ханның мазарын ашады. Хан сүйегінің маңайына қият, меркіт, жалайыр, қоңырат, арғын, дулат, қыпшақ сынды 26 тайпаның таңбалары қойылған екен. Ғалымдар бұл таңбалар қазақ руларына тиесілі екенін, оның ішінде бүгінгі моңғолға қатысты бірде-бір рудың белгісі жоқ екенін мәлімдеген. Шыңғыс ханның «моңғол» атанып кетуінің тағы бір себебі, еуроцентристер ұлы қағанның қоластына қараған найман, қоңырат, жалайыр мен керей тәрізді қазақтың біраз тайпаларын қасақана «моңғол тектестерге» жатқызғандығынан. Сондықтан Абай ауданындағы Шыңғыстауда Шыңғысты ақ киізге салып хан көтеруге қатысқан рулардың барлығының түбі «моңғолдар» деп аталып кетті.
Шыңғыс ханның түптің түбінде қазақ болып шығатыны қытайларды да қатты толғандырып отыр. Бейжіңде Шыңғыс хан мавзолейінің ашылуы осының бір дәлелі. Шыңғыс хан есімі ұлы қытай императорларының тізіміне арнайы кіргізілген. Көп сериялы киносын бүкіл әлем көруде. Қытайлар халха-моңғолдарды өздерінің бір бұтағы санайды. Қазір қытайлар Моңғолия, Тува, Алтайдан бастап, түбі Шыңғыс ханның атының тұяғы тиген жерлерді өздеріне біржола заңдастырып алуға талпынып, оған ақшаны аямай құйып жатыр деседі. Мұнда жымысқы жоспар жатпасына кім кепіл? Оның мақсаты ұлы қолбасшының мұрасын Қытайдың мұрасы етіп жариялап, «Шыңғыс хан» деп аталатын брендтік атауды иеленіп алу болып жүрмесін дейді сарапшылар.
Не десек те, ағылшындардың Шыңғыс ханды қазақ деп жазып жатқаны рас. Ендеше, әлем мойындаған ұлы қағанның үлкен ұлы Жошыға тиесілі Жошы ұлысының негізінде қазақ мемлекетінің бастау-бұлағы жатқанын жаһан жұртына жақсылап жаятын кез келді.