Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бала денсаулығы бөлек әлем!


23 января 2015, 09:27 | 2 958 просмотров



Медицинаның қажет емес дейтін саласы жоқ. Ал балаңыздың денсаулығын қадағалаушы дәрігер педиатрдың орны ерекше. Ата-ана вакцинацияның не үшін қажет екендігін, баланың эмоционалды проблемаларын біле бермеуі мүмкін. Бірақ оларды қашанда «Біздің сәбиіміз дұрыс дамып келеді ме?» деген сұрақ мазалайды. Осындай сұрақтарға жауап беріп, баланың ағзасындағы өзгерістерді бірден анықтай алатын дәрігер — педиатр. Бүгінгі мақаламызда осы мамандықтың қыр-сырлары туралы Алматы облысы Талдықорған қалалық балалар емханасының педиатр дәрігері Жарасова Айгүл Октайқызынан сұрауды жөн көрдік. Кейіпкеріміз мамандыққа деген адалдығымен, ұстамдылығымен ерекшеленеді. Шыдамдылығында шек жоқ. Күніне қаншама сәбилерді қабылдаса да, шаршағанын балалардың нұрлы жүзін көрген сәттен-ақ ұмытып кетеді.

- Айгүл Октайқызы, сұрауы мен жауапкершілігі көп бұл мамандыққа қалай келдіңіз?

- Мектепте оқып жүрген кезімнен бастап армандадым. Сыныптасмен ойнап жүргенде бір-бірімізге сұрақ қоятынбыз. Өскенде кім боласың деп, сонда мен бала дәрігері боламын деп айтатынмын. Жастайымнан жаныма жақын мамандық болған. Сол себепті де мектепті үздікпен бітіріп, бірден Алматы қаласындағы медициналық институтқа педиатрия мамандығына оқуға түстім. Ол кезде оқуға түсу өте қиын болды. Мектептен бастап дайындалып, арманыма қол жеткізгенмін. Қатты ұнатқан мамандығымды жақсы деген бағамен бітіріп, Талдықорған қаласына интернатураға келгенмін. Міне, содан бастап қызмет атқарып келемін. Бұл мамандық, мен үшін үлкен мақтаныш.

- Педиатр боламын деген адамда қандай қасиеттер болуы тиіс?

- Жалпы дәрігер мамандығын жүрегінде түгі бар адамдар таңдайды. Дәрігер мамандығын таңдаған адамда ең біріншіден жанашырлық қасиеті болуы керек. Егер де сенің қабылдау уақытың бітсе, ал алдыңа бала келіп тұрса, қабылдауым бітті деп кете беретін болсаңыз, сізден дұрыс дәрігер шығуы екіталай. Сіз баланың ауырып тұрғанын көріп тұрсыз ба, жаныңыз ашып тұр ма, міндетті түрде оны қабылдауыңыз керек. Бірінші орынға мен жанашырлықты қоямын. Одан кейін өзге қасиеттер кете береді. Бірақ егер сізде жанашырлық қасиет болмаса, дәрігерлікке талпынбай-ақ қойыңыз, қажет емес. Педиатрларды олардың жұмыс тәжірибесі мен біліктілігі арқылы бағалайды. Сондықтан жоғарғы оқу орнын бітіре салған түлек тәжірибесіз бірден мықты маман болып кетемін деуі құр әурешілік. Ол үшін сондай-ақ уақыт пен төзімділік қажет. Сондай-ақ дәрігер біріншіден психолог болуы қажет, өйткені ол нешетүрлі балалармен жұмыс істейді. «Дәрігер тәтейдің жақсы» екендігін балаларға сөзбен түсіндіру қиын, ол оны өзі сезінуі қажет.

- Бүгінгі балалар денсаулығы туралы не айта аласыз? Балалар өлімі пайызы төмендеді ме, әлде жоғарылады ма?

- Тіл-көзден сақтасын, былтырғыға қарағанда биыл күрт төмендеді, азайды. Жалпы балалардың денсаулығы өздерінің ата-аналарына байланысты. Біздің кезімізде бала ауру болып туылды, я болмаса ауырды деген сөзді естімейтінбіз. Ондай сәттер сирек кездесетін. Ал, қазіргі таңда ондай жоқ. Неге десеңіз, бір жасқа баласы толмай жатып анасы баласын қыдыртуға шығарады. Мүлдем сыртқа алып шығуға болмайды деп тұрған жоқпын. Баланы көп алысқа немесе жолға шығаруға болмайды. Оған күніне бір уақыт серуен жетеді. Таза ауаға бір шығарып қайта үйде ұстап отыру қажет. Тағы да, баланы іште көтеріп жүрген кездерінде яғни жүктілік кезінде анасы ішімдікке, шылымға әуес болса, одан туылған бала да ауру түйіршіктері болады. Жалпы алсақ, бала денсаулығына, күтіміне, дұрыс өсіп-жетілуіне анасы жауаптылықпен ұқыптылыққа бейім болу керек.

- Айгүл Октайқызы, қазіргі кезде балалар арасында кең таралған қандай аурулар бар, оның себебі неде?

- Негізінен балалар арасында ең көп таралатын ауруларды жаз және қыс маусымы деп екіге бөліп қарастырамыз. Осы екі маусымда екі түрлі аурулар көбейеді. Қыс мезгілінде, әрине, балалардың тыныс жолдары аурулары. Кішкентай балаларда иммунитет өте төмен болады. Иммунитетті олар тек қана ана сүтінен алады. Ал қазіргі уақытта сымбатына қарап қалған аналар балаларын екі-үш ай ғана емізіп, әрі қарай емізбей қояды. Бірақ біз кем дегенде алты айға дейін емізіңіз деп талап етіп жатамыз. Соған байланысты қыста бізде бронх-өкпе жүйесінің аурулары көбейеді. Ол түшкіруден басталады. Сол кезде аналар нәрестесі түшкіріп жатыр екен дейді де қоя салады. Оның арты қаралмағандықтан температура көтеріліп, соңы өкпе қабынуына айналып кетеді. Бұл қысқы уақытта ең қорқатын ауру. Ал жаз маусымында жедел ішек инфекциясы басталады. Балаларды білесіз ғой, аузына әр нәрселерді салады. Дүниені енді танып келе жатқан бала жазғы уақытта көбейіп кететін жеміс-жидектерден бастап, тас, құмырсқаға дейін аузына салып көріп жатады. Соның бәрі ішек инфекциясына әкеліп соғады. Сол кезде құсу, іш өтуден басталған аурудың соңы баладан айырылып қалатын кездерге дейін жеткізіп жатады. Оның бәрін алдын-алу үшін ата-аналарды ескертіп, балабақшаларға арнайы барып профилактикалық жұмыстар жүргіземіз.

- Қоғамда вакцинацияға деген көзқарас қарама-қайшылықтарға толы. Кішкентай нәрестеге екпе жасау қаншалықты зиянды және пайдалы?

Нәресте дүниеге келгенде түрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпелер жасалынады. Мысалы, дифтерия. Дифтерия ол тамақ-жұтқыншақ ауруы. АДС деген вакцина бар. Егер сол жасалмаған болса, баланың не үлкен адамның тамағына жұқа пленка түседі де сол оны тұншықтырып өлтіреді. Балаға осындай екпелерді салдыруға бас тартып, кейін баланың өмірін сақтап қалуға ешқандай жағдай жасамады деп шағымданып жататын ата-аналар болады. Ал оның емі жоқ. Оның емі туылғанда салынатын сары су (сыворотка). Одан кейін көкжөтел сынды жұқпалы аурулар бар. Ата-аналар осыны ескерсе екен деймін. Осындай қатерлі аурулардан аулақ болу үшін вакцинация жасау қажет.

- Жас аналар балаларының денсаулығына қатысты көп ретте қандай қателіктер жібереді?

- Көбіне балаларын қараусыз қалдырып жатады. Баласын дүниеге алып келгеннен кейін екі-үш ай үйде отырады да, жұмысқа шығуға асығады. Сол кезде үйде ана қарауынсыз жүрген бала күйіп қалады, үйдегі басқа кішкентай балалармен қосылып бұзықтық жасайды, бір-бірінің көзін шұқиды деген сияқты. Осындай жағдайларды алдын алу үшін ата-аналарды көп ескертіп жатамыз. Бірақ ол бізге де байланысты емес қой. Ол отбасы жағдайына, асыраушысына байланысты. Егер де ана баласын қараусыз қалдырмаса, дұрыс күтім жасаса, бәрі жақсы болады деген ойдамын. Сосын, ананың қорегі балаға қажетті барлық дәрумендерді бойына сіңіруі қажет. Баланың сүйегі дамуы үшін оған жеткілікті көлемде кальций керек. Егер, анасы тамақтан кальцийді аз көлемде қабылдаған жағдайда кальцийді баласы анасының сүйегінен алады. Жас ананың күнделікті мәзірінде келесі тағамдар болуы тиіс: сүт және сүт өнімдері, жеміс-жидектер және көкөністер (жаңа жиналған, кептірілген, пісірілген, консервіленген), картоп, ет, сүт, балық, жұмыртқа (күніне 1 рет), ботқалар және нан (одан «В» дәруменін алуға болады), сары май және маргарин (одан «А» дәруменін алуға болады), егер Сіз толықсып кетуге бейім болсаңыз, май орнына құрамында «А» дәрумені молынан кездесетін көкөністерді жеңіз. «А» дәрумені қою жасыл және сарғылт түсті көкөністерде кездеседі. «Д» дәруменін дәрігердің рецептісі арқылы қабылдайсыз. Егер, толықсудан қорықсаңыз, ет пен нанның көлемін азайтыңыз, етті жеуді мүлдем доғарып тастамаңыз, сондай ақ сүт және сүт өнімдерін, жеміс-жидектерді, көкөністерді қабылдауды ешқашан доғармаңыз, кәмпит, печенье, торт секілді жоғары калориялы тағамдарды ещбір жағдайда жемеңіз.

- Дәрігерлікті жүрегінің түгі адам бар адам таңдайды деп айттыңыз. Ал сіз, «осы мамандықты не үшін таңдадым» деп өкінген кездеріңіз болады ма?

- Жоқ, ондай ой мүлдем келмеген. Мамандығым мен үшін, ең үлкен алып, жетістігім, мақтанышым. Тіпті мен кезекті демалысыма (отпускка) шыққанда, үйде жата алмаймын. Еркін дем ала алмаймын. Осы кішкентай ғана бүлдіршіндерім мен сәбилерімді сағынып отырамын. Мерзімімнен бұрында жұмысқа шығып алатын сәттерім де болады. Менің шаршағаным балапандардың дендері сау болғанын көрген кезде, олар күлімсіреп маған қараса мен бәрін ұмытып кетемін. Армандаған мамандығымның маған тиер кері тұсы да, өкіндіретін сәттері болмайды.

- Педиатрия саласында маман тапшылығы байқалады. Бұған басты себеп еліміздің медициналық университеттерінде педиатрия факультеттері жабылғандығы емес пе? Бұл жалпы балалар денсаулығы бағытына қалай әсер етеді?

- Бұл біздің жұмысқа да, жалпы балалар мамандары үшін жақсы емес. Бала денсаулығы деген, бала ағзасы деген мүлдем басқа бағыт. Бөлек әлем десек болады. Балаға ағзасының ересек адам ағзасынан айырмашылығы жермен көктей. Сондықтан менің ойымша, педиатриялық факультеттерді жабу қате шешім болды. Медициналық университеттерді бітірген жалпы медицина дәрігерлері 2 жылда мамандандырудан (специализация) өтіп, балалар дәрігері болады. Бірақ 2 жыл ішінде нағыз балалар дәрігері болып шығады деп айту қиын. Біз бала дәрігері болу үшін 1-курстан бастап дайындалатынбыз. Педиатр болу оңай емес. Әрбір ауырған баланың қай жері ауырып тұрғанын сезіне білуің керексің. Олар ересектер секілді тілмен жеткізе алмайды. Тек жылайды. Міне, қиындығы осында. Шыдамдылық қажет. Сондықтан да көбінің педиатр болуға жүректері дауаламайды.

- Бүгінгі дәрігерлердің қадірі құлдырап, құнсызданып барады, деген пікірге сіз келісесіз бе?

- Өз басым бұлай деп ойламаймын. Қай сала болсын мемлекетіміз үнемі ден қоюда. Назардан тыс қалып жатқанымыз жоқ. Біз үшін қолдаулар жақсы көрсетілуде. Жыл сайынғы шығатын Елбасымыздың жолдауынан да назардан қалмаймыз. Бізге бұдан артық не керек. Қаңқу сөздер таратыла береді. Оны өзімізден көрейік. Дәрігерлердің қадірі құлдыраған емес, керісінше даму үстінде. Енді көбісінің айтары мына жұмыстың күнделікті күрделенуі шығар. Ол дұрыс. Заманыңа қарай бет алуың керексің. Оған мысал, біздің кезімізде ғаламтор, компьютер, телефон дегендер болмады. Бірақ, біз өз қатарымыздан қалмай оқыдық, тырыстық, білдік. Ал, қазір бәрі бар. Тек соны дұрыс қолдана білуіміз керек. Мамандығын жақсы көретін адамға қандай өзгерістер еніп жатса да, еш қиындықтар туындамайды деп ойлаймын. Әр жұмыстың өз қиыншылықтары болады. Шыдау керек. Шыдамдылықтың арқасында мамандыққа деген адалдыққа үйренесің. Заманның ағымына қарай өзіңді жетелейсің. Бізге жұмыс істеуге барлық жағдайлар жасалынған. Оны дұрыс қолдана білуіміз керек. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының арқасында бізге тағы да көптеген жағдайлар жасалынды. Бізге енді жетпейді. Көрсеткен қолдауларын дұрыс меңгере білсек, бізге солда жетеді.

- Соңғы кезде медициналық сақтандыруларды көп естіп жүрміз. Біздің денсаулық сақтауға медициналық сақтандыру қажет пе? Біз бұл процеске дайынбыз ба?

- «Қазақстан медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге 2014-2015 жылдарға қарай дайын болады» деген пікірді Бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов айтқан болатын. Оның пікіріне сүйенсек, сақтандырудың бұл түрі экономиканың тұрақты дамуына ықпал етеді. Алайда, сақтандыру медицинасы мен қазіргі қолданыстағы мемлекеттік-бюджеттік медицина арасында аса үлкен айырмашылық байқалмайды екен. Ұлыбритания тәжірибесіне сүйенсек, бюджетті модель халықтың барлық әлеуметтік топтарына қол жетімді, әрі оның қызметін бақылауға біршама жеңіл. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен шетел азаматтарды міндетті медициналық сақтандырудың тетіктерін әзірлеу көзделген, бұл да саланы одан әрі дамыту үшін мүмкіндік туғызады. Денсаулық адам өміріндегі ең зор байлық. Бірақ адамдар оған сырқат бойын алып, мазалай бастаған кезде ғана назар аударады. Медицина ғылымы үнемі бір орында тұрмайды. Күннен-күнге өзгеріс үстінде. Медициналық сақтандыру бұрын болған. Қазір сол қайта қолға алынуда. Негізінен қажет деп ойлаймын. Әрбір адам өзінің денсаулығын сақтандырып жүрсе, жақсы емеспе.

- Айгүл Октайқызы, денсаулық сақтаудағы компьютерлендіру, электронды карталар жайлы пікіріңіз қалай?

- Бұлда бір жаңалықтың жаршысы деп ойлаймын. Қазіргі жастармызға жан-жақты дамуына бірден-бір себеп. Бір ғана оқулықтармен шектеліп қалмайды, қосымша үйренеді, ғаламтордан көріп, жетіледі. Өздеріне бір тұжырым жасайды. Оқулықпен ғана шектелмейді. Ғаламтор арқылы өздерінің білімдерін одан әрі дамытады. Жаңалық ашуға мүмкіншіліктер табады. Біздің жұмысымызға ғаламтор өте қажет, қазіргі күнде. Себебі, өзгеріске еніп отырған жағдайларды бірден көріп отырамыз. Электронды карталарға келетін болсақ, жақсы ойлап тапқан. Қағазбастылығымыз азаяды. Қоысмша ізденуге мүмкіншіліктеріміз көбірек болады. Жалпы жүйелеп айтқанда, уақытымыз үнемделеді.

- Болашақта осы мамандықты таңдағысы келетіндерге қандай кеңес бересіз?

- Осы мамандықты таңдайтын жастарға біріншіден шыдамды, төзімді болуларын тілеймін. Өйткені тоғыз жыл деген оңай емес. Оған қоса медицина университетінде оқытылатын сабақтар да жеңіл емес. Шыдамды, балаларды жақсы көретін, сол балаларды емдейтін дәрігерлікке шын көңілімен барған адамдар ғана осы саланың нағыз маманы болып шыға алады. Ал нақты мақсаты жоқ мамандар бірінші курс болсын, бесінші курс болсын, жарты жолдан тастап кетіп жатады. Ең бастасы, шыдамды болсын, табанды болсын, алға мақсат қоя білетін адам болсын. Алдыңа мақсат қоймасаң, болмайды. Мақсат, армансыз адамның ісі өңбейді. Алдыңнан қандай қиыншылықтар шықса да, бәріне төзіп бағу қажет. Ол өмірдің ағымы. Әрине, тоғыз жыл жатақханада тұрып оқу деген өте қиын. Бірақ біздің де басымыздан сол өтті. Қазір Аллаға шүкір бәрі жақсы.

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ