Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бітпейтін жөргекпұлдың жыры ғой бұл...


16 января 2015, 09:48 | 1 893 просмотра



Жақында Түркия үкіметі ел демографиясына тың серпін беруді қолға алыпты. Жаңа қабылданған қаулы бойынша, аналарға әр босанған сәбиі үшін төленетін ақы көлемі көбейе бермек.

Премьер-министр Ахмет Дәуітоғлының мәлімдемесіне сүйенсек, алғашқы баласын бо­санғандар үшін – 150 АҚШ доллары, ал екінші баласына алатын ақысы 200 АҚШ доллары болса, ал үшінші сәбиге 300 АҚШ доллары төленеді. Ал ең орташа жалақы 330 АҚШ доллары екенін ойласаңыз, жөргекпұлдың қан­ша­лықты өскенін бағамдай беріңіз. 

Жаңа қабылданған қаулы аяғы ауыр әйелдердің жұмыс кү­нін қысқартып, демалыс мерзімін ұзарту туралы да қарастырған екен. Тіпті сәбиі дүниеге келген әкелерге де бір апталық демалыс берілмек. Бұл реформа отбасы құрамын дейтін азаматтар үшін де бірқатар жеңілдіктер қарастырып отыр. Түрік үкіметі қабылдап отыр­ған жаңа қаулы халық санын көбейту үшін жасалынғаны белгілі. 

Ал Қазақстанда халық санын 20 миллионға жеткізу жолында қандай іс атқарылып отыр? Бағамдап көрейікші. Бала дүниеге келгенде берілетін бір реттік жәр­демақы мәселесі әлі күнге күн тәр­­­­­­­тібінен түскен жоқ. Тіпті өт­кен жылы бұл мәселеге орай депу­тат­тар «Міндетті әлеуметтік сақ­тан­дыру туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізген еді. Екі жылға жуық Парламенттің тал­қылауында болған бұл заңға қа­зақстандық аналардың көңілі көнши қойған жоқ. 

Мәселен, елімізде жалақы мөлшері біркелкі емес. Кейбір аналардың айлығы 180 мың болса, кейбіреулердің айлығы 50-60 мыңнан аспауы мүмкін. Егер 180 мыңнан жоғары айлық алса­ңыз, бір реттік берілетін жәр­демақы құны 700 мыңнан асып- жығылады. Ал 50-60 мың жалақы алатын аналардың бір реттік жөргекпұлы қандай болмақ?! 

Статистикаға сүйенсек, ай­лығы 200 мыңнан жоғары ана­лардың саны бар болғаны 6000-нан ғана асады. Бұл еліміз бойын­ша жалпы қызметтегі әйелдердің 1,2 пайызы ғана. Жұмыс істей­тін­дердің жөргекпұлымен мәселені шешуге болар, жұмыс істемей, екі-үш баламен үйде отырған аналардың қамын кім ойлайды? 

Осыған дейін Сенатта «Ананы қорғау жөнінде конвенцияны қайта қарау туралы» заң талқыға түскенде, депутат Ғани Қасымов әрбір жаңа туған нәрестеге 2 миллион теңге көлемінде жәр­демақы төленуі тиіс деген ұсыныс айтқан еді. Алайда ол ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау таба қойған жоқ. 

Ал үй шаруасында отырған әйелдерге берілетін жәрдемақы республикалық бюджеттен тө­ленетіні белгілі. Бір реттік жөр­гекпұл саны үш бала туғанға да бірдей, бір баланы өмірге әкелген анаға да бірдей беріледі. Бала туғанда берілетін жөргекпұл өзге мемлекеттермен салыстыруға тіптен келмейді. Елімізде бір ба­ладан үш балаға дейінгі берілетін бір мезгілдік өтемақы бірдей, яғни 30 айлық көрсеткіш көле­мінде. Бұл дегеніңіз 339 доллар деген сөз. Ал төртінші және одан да көп бала туғандарға берілетін бір мезгілдік өтемақы 50 айлық көрсеткіш, яғни 577 доллар. 557 долларды ортаңқол шенеуніктер бір сәтте мейрамханадағы түскі асқа жұмсауы мүмкін. Ал ана­ларымыз бұл өтемақыны баласы ес жиғанша талғажау етеді. 

Түркия ел демографиясына тың серпін беруді қолға алды. Ал Ресей, Беларусь, Украина секілді мемлекеттерде жөргекпұл берудің мәселесі баяғыда шешімін тап­қан. Оларда бір жолдық өтемақы құны біздікінен әлдеқайда көп. Украина алғашқы балаға – 3500, екінші балаға 5000 АҚШ дол­ларына тең өтемақы беріп келген екен.

Ал белорустар ана мен бала­ның қамы үшін не істейді? Беларуссия әрбір жаңадан туған бала үшін 1500 доллар көлемінде өтемақы төлейді. Халқы бізден бірнеше есе көп болса да, Ресей де ана мен бала мәселесін алдыңғы кезекке қойған. Ресейліктер жаңа туған алғашқы баласы үшін 3500 доллар жөргекпұл алады. 

Жөргекпұл мөлшерін көбейту арқылы көрші мемлекеттер ана мен бала өлімінің азаюына жол ашты. Бір реттік өтемақы анаға не үшін қажет? Сараптап көрейік. Мәселен, ол ақшаға ана баласы үшін дәрі-дәрмек, жылы киім, сапалы жөргек сатып алады. Бұ­ған автокреслоны және қо­сыңыз. Сапалы дүниелерді пай­даланған кезде ғана дені сау ұрпақ өсіп-жетіледі. 

Біздегі бір мөлшерде берілетін жөргекпұл құны ана мен баланың қажеттілігін өтей алмайды. Жылы киім, сапалы жөргек сатып алуы­на да жетпейді. Дәрі-дәрмек­тер­дің, тіпті баланың жаялығының бағасы аспандап кеткен. Мәселен, ол ақшаға он қорап памперс ал­дыңыз делік. Он қорап памперс­пен екі ай ғана балаңызды құрғақ ұстай аласыз. Қалған айда бала­ның қажетін кім өтейді?

Жуырда омбылық бір азамат­шамен тілдестік. Қаны қазақ, жаны да қазақ. Сөйте тұра, Омбыдан елге қайтқысы жоқ. Балаларының Ресей жерінде өмірге келгенін қалайды. Сонда не үшін дейсіздер ғой?! Бір реттік өтемақы үшін. Бірінші баласын өмірге әкелген ананың екіншісіне аяғы ауыр. Аман-есен қол-аяғын бауырына алғанша Омбыда қала бермек. Өйткені онда әр балаға берілетін жөргекпұл құны – 3500 доллар. Омбыда тұрып, үш жарым мың доллар көлемінде жәрдемақы алғаны дұрыс па, елімізде болып, 51 мың теңге алғаны дұрыс па? Бір реттік өтемақы үшін баласы­ның Ресей азаматы болып туыл­ғанына да қарсы емес. Бастысы, бала өмірге келген соң, таршылық көрмесе болғаны.

Кеше жерұйығын іздеген Асан Қайғы желден жүйрік желмаямен жердің жеті бұрышын кезген екен. Ал бүгін қазақ «жерұйығын» сырттан іздеп, желқайықпен кезіп жүр. Бір кем дүние деген...

КӨЗҚАРАС

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ, журналист:

– Соңғы жылдары демография туралы жиі мәселе көтеретін бол­дық. Бірақ халық санын өсірудің тетігін қарастырып жатырмыз ба? Бала тууға қабілетті қыз-келіншектер неден тартыншақтады? Тұрақты жұмыс істеп, декреттік демалысқа шыққан ана мен тек қана бала туып, тәрбиелеумен айналысатын ананың алатын жәрдемақысы екі бөлек. Жұмыс істеген әйелге айлығының 40 пайызы төленеді екен, ал үйде отырған анаға ше? Олар қоғамның өгей баласы секілді... Жас ана үйде тектен-тек отырған жоқ қой. Үлкен жұмыс атқаруда. Өмірге төрт-бес сәби әкеліп, демографияға серпіліс жасауда. Алайда алатын жәрдемақысы баланың бір апталық тамағына жетпейді. Дәл сондай ана төрт баласы үшін айына небәрі 7 мың теңге алады екен. Кішкентайы 1 жасқа толмай тұрғанда 18 мың теңге шамасында жәрдемақы алған. Міне, төрт бала үшін жиынтығы 7 мың теңге ақша ма?! Қарапайым дүкенге кірсең, керек-жарағыңа да жетпейді. Сөйте тұра, қазақтың санын көбейту туралы әңгіме айту әбестік қой. Ау, неге әр балаға ке­мінде 5 мыңнан төлемеске?! Сонда төрт баласы бар отбасы айына 20 мың теңге болады. 20 мың теңге емес, 50 мың теңге тағайындаса да көп емес.  Мектеп жасындағы балаларын киіндіруге, азық-түлігіне жетер еді. Біздің мемлекеттің көпбалалы отбасыға қамқор болуына әлеуеті жетпей ме? Ай сайын әр балаға 5 мың теңге төлесе, «қалай асыраймын?» деп ертеңіне алаңдап жүрген аналар баланы да туар еді! Сонда ғана армандаған 20 миллионға жетер ме едік, кім білсін?! Және бір мәселе – көпбалалы отбасыны үй алуда кезексіз тіркесе, айтарлықтай жеңілдіктер жасаса, бұл да кейбір бір-екі баламен шектелген отбасыға стимул берері анық. Осындай тетіктерді қолға алмайынша, демогра­фияда дүмпу жасау құр сөз ғана...

Айнұр СЕМБАЕВА, «Заң» газеті бас редакторының орынбасары:

– Аналарға қамқорлық бізде тек қағаз жүзінде ғана жақсы жолға қойылған. Оларға төленетін жәрдемақының көлемі туралы әңгіме қоз­ғау­дың өзі артық. Өзге елдерде баланың дүниеге келуі үлкен мереке. Балаға да, анаға да берілетін қаражат қомақты, қолдау жоғары. Бізде, мәселен, демографияны дамытатын, өмірге дені сау ұрпақ әкелетін студент-ана­лардың мәселесі мүлде ескерусіз қалған. Жас анаға берілетін жәрдемақыда ешқандай өзгеріс жоқ. Оқу орындарында да студент-ананың жағдайымен санасып, жеңілдік көрсетілмейді. Соның салдарынан не оқуына, не баласына үлгермеген жастар білім ордасынан шеттетіліп қалады. Осыдан кейін ертерек отбасын құрып, ана атануға ниеттенетіндер саны азамай қайтсін? Біздегі отбасын құру жасының да ұлғайып кетуіне, денсаулығында кінәраты бар балалардың көбеюіне осы жағдайлар түрткі болса керек.

Бұдан бөлек, егіз, үшемдерді дүниеге әкелген аналар да мемлекет қам­қорлығына зәру. Алғашқы төленетін жәрдемақыда аздаған артықшылық болғанымен, құрсағы кең аналар өзге жеңілдіктерге иек арта алмайды. Мәселен, 2013 жылы республика бойынша 50 үшем туылса, өткен жылқы жылы 43 ана үшемді қатарға қосыпты. Не деген керемет! Кезінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Қуаныш Айтаханов «Алтын алқалы» аналар мен үшем немесе одан да көп бала әкелген отбасыларға кезексіз баспана беру қажеттігін заң тұрғысынан бекітуді сұраған еді. Алайда түрлі себептерді алға тартқан құзырлы орган бұл мін­детті жергілікті әкімшіліктің мойнына артты да қойды. Жарайды, үшем­дердің баспаналы болуына әкімдік қарайласар, ал бірақ батыр аналардың баспаналы болуы мұндай жағдайда екіталай.

ТҮЙІН

Жөргекпұлдың қалай пайда болғаны туралы мынадай қызық тәмсіл бар. Ертеде Мәдинаға келген бір топ саудагер мешітке түнейді. Сол түні Хазірет Омар мен Абдуррахман ибн Ауф келген қонақтарды ұрылардан қорғап, қарауылдық жасайды. Бір кезде мешітте түнеген қауым намаздарын оқуға кіріседі. Намаз оқып тұрғанда Хазірет Омар жылаған сәбидің дауысын естиді. Анасына бірнеше рет ескерту жасағанымен, бала жылауын қоймапты. Сонда ибн Омар сәбидің анасынан: «Баланы неге жылата бересің?» деп сұрапты. «Баламды емшектен шығармақшы едім» деп жауап қайтарыпты әйел. Хазіреттің «Неге?» деген сауалына, «Баланы емшектен шығарғанда ғана Омар балаға нәпақа төлейді» деген екен. Сонда Хазірет көз жасына ерік беріп: «Баланы сүттен шығаруға асықпа. Оны емізе бер» деп жауап қатыпты. Таң намазын бітірісімен, «осы кезге дейін қаншама баланың обалына қалған екенмін. Бұдан былай әрбір шаранаға ақы төленетін болсын, халыққа хабарлаңдар» деп жар салыпты. 

Сонда біздің елдің әйелдері де көз жасын көл ете беруі керек пе?!.

Автор:
Гүлзина БЕКТАС. «Айқын»