Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МАМАНДЫҒЫҢ ТІРШІЛІГІҢНІҢ АЛЫНБАС БӨЛІГІ


16 января 2015, 09:44 | 3 908 просмотров



Мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы науқастың кеселінен айығуына үлкен ықпал тигізетін жандар –мейірбике. Медицина саласында ерлік­тердің көпшілігін мейір­бикелер жасайды десек артық айтпаймыз. «Мейірбике білім мен шеберлігі бар, күтім процесіне жауапты, мейірмділік көрсете білетін маман. Мейірбике-емделушіге толық күтім қамтамасыз ету үшін өзінің кәсіби психологиялық және рухани қасиеттерін дамытқан, бірегей қоғамның белсенді тұлғасы. Қоғам мен емделушілердің қажеттілектерін қанағаттандыру үшін, денсаулықты сақтау үшін медбике жұмысын жалғыз және басқа да денсаулық сақтау саласындағы кәсіби жұмыскерлермен бірге атқара береді.Мейірбикенің міндетіне емделушіні және оның өз тағдырын өзі шешу құқығын сыйлау кіреді. Осыған байланысты іс атқару барысында келесі принциптерге сүйенуге тиіс: қастық жасамау, жақсылық жасау, қызмет істей білу және мамандыққа да, емделушіге де адал болу. Сонымен бірге, мейірбикелік іс адамның ұлттық және таптық сипатын, жасын, жынысын, саяси немесе діни сенімдерін шектемейді». Бұл медбике мамандығына берілген құрғақ қана анықтама. Қарапайым ғана жұмыс болып көрінгенімен, медбикелер атақаратын жұмысы асқан жауапкершілікті қажет етеді. Жібек Төлешқызы Сәрсембаева Медицина жолына түскеніне биыл 35 жылдан асты. Көп жылдық еңбегінің зейнетін көруге де жақын қалды. Осы орайда жұмысына ұзақ жылдар бойы адал болып, әлі де медбикелікке берік адам ретінде кейіпкеріміздің адамдық және еңбегіндегі ерекшеліктері төңірегінде баяндамақпыз.

Қай сала болмасын еңбегіне адал, өз ісін жақсы білетін мамандар орны ерекше. Медицинада мамандығына берік адамдардың орны тіптен бөлек. Жібек Төлешқызы Сәрсембаева 17 мамыр 1959 жылы Қаратал ауданы, Көпбірлік ауылында дуниеге келеді. Сол жерде мектеп бітіріп, сол кездегі дәстүр бойынша 2 жыл ауылда жұмыс істейді. 1978 жылы Талдықорған медициналық училищесіне оқуға түседі. 1980 жылы оқуын бітіріп, Бүрлітөбе ауданында 2 жыл қызмет етеді. Кейін Талдықорған қаласына көшіп келіп, еңбек жолын осы жерде жалғастырады. Облыстық ауруханада 15 жыл жұмыс істеп, 1999 жылдан қазіргі уақытқа дейін Облыстық кардиологиялық орталықта мейіргерлік қызмет атқарып келеді. Жібек Төлешқызы облыстық кардиологиялық орталықтың барлық даму сатысын өз көзімен көрген адамның бірі.

«Мейіргер» мейірім сөзінен

Жібек Төлешқызы 12 ағайынды отбасында туып өскен. Он бала жетіліп өсіп, қазір барлығының мамандығы бар. «Төртеуіміз медицинадамыз, екеуі өртсөндіруші болса, қалғандары мұғалім.Әркім мамандығын өзі таңдады. Әкем мен шешемнің үнемі бізге айтқаны «оқыңдар»еді. Сол өсиетпен бәріміз оқудан көз алмай, жүрек қалауымен мамандық таңдадық» -дейді отбасы жайында әңгімесін кейіпкеріміз. Үйдің үлкені Жібек Төлешқызы жастайынан білімге талпынып, «мамандығымнан елге пайдам тисе екен» деп армандайды. Медицинаға қалай келдіңіз деген сұраққа «жақсы көргендіктен келдім» деп жауап қатты. «Басында мұғалім болғым келді. Бір адам науқастанып, оған көмек көрсетім. Науқас адамға жаным ашып, өмірімді медицинамен байланыстырғым келді». Мейірбике болу –үнемі көмектесу, мейіріммен бөлеу. Жұмысында өзге жандарға қамқор болып, мейіріммен бөлейтін Жібек Төлешқызы өмірде де дәл сондай. Мамандығын шынайы жақсы көріп, мейірбике болғанын мақтан тұтатын жан. Бүгін Жібек Төлешқызы көп жылдық еңбегі бар тәжірибелі әрі білікті маман, бақытты ана, аяулы әже. Отбасы туралы, әріптестері жайында әңгімелегенде сондай махаббат, мейірімділікпен баяндайды. Қарапайымдылық пен сыпайылық, ісіне адалдық әрі жауаптылық –бұл кейіпкеріміздің бойынан біз байқаған қасиеттер.

- Әңгімені өзіңіз қызмет ететін Кардиологиялық орталықтан бастасақ.

-Кардиологиялық орталықта 173 адам жұмыс істейді. Бас дәрігеріміз Рахымберді Төрегелдіұлы ісіне берілген, жұмысына адал басқарушы. Дәрігерлеріміз де жоғары білікті, өз ісінің кәсіби мамандары. Ләззат Сүлейменқызы, Ләззат Саматқызы, Ержан Жақсылықұлы, Шавхат ...., Бағила Сапарғалиқызы, Гүлмира Оңғарқызы, Жұмахан Қалиақпаровичсияқты дәрігерлеріміз жұмысына толықтай берілген тұлғалар. Содан кейін олар қарапайым мейірбикелер еңбегін сыйлайды, жоғары бағалайды. Науқастарға шынайы ықыласпен көңіл бөледі. Әркімге өзінің жұмыс істейтін орнын мақтайды, бірақ біздің ұжым мақтауға лайық деп ойлаймын. Ауызбірлігіміз жақсы, жұмыста жанжалдасу, түсініспеушілік деген жоқ. Мейірбикелеріміз жас-кәрі демей дәрігерлерді сыйлап, тек сіз деп сөйлейді. Дәрігерлеріміз де мейірбикелерге де, санитаркаларға да құрметпен қарайды. Біздің ұжымда ең бастысы адамгершілік және сыйластық.

-Кеңестік кезеңде білімі мен тәжірибесі қалыптасқан аға буын мен қазіргі жас буын дәрігерлердің арасында айырмашылық қандай? Жалпы сіз бүгінгі жас мамандарға беретін бағаңыз қандай?

-Бұрыңғының мамандары мен қазіргінің мамандарын салыстыру қиын. Тәжірибелі, көп жылдық еңбегі бар мамандар мен жас мамандарды салыстыруға келмейді. Бірақ біздің кардиологиялық орталықта жас мамандарға жақсы қолдау көрсетіп, олардың білімін жетілдіруге жағдай жасалып жүр. Білікті аға буын дәрігерлеріміз де жастарды тәрбиелеп, жетпеген жерін айтып, кемшіліктері болса үйретіп жүр. Жас мамандар да үлкен дәрігерлеріміздің жолын қуып, уақыт өте өз ісінің білікті маманы болатынына сенемін. Алипова Гүльмира Талғатқызы, Ақбота Бақытжанқызы, Мейрамбекова Ләззат Саматқызы сияқты жас дәрігерлерді өз жұмыстарында білгір маман деп айта аламын. Бұрыңғы уақытта дәрігердің көп уақыты науқастардың жанында өтетін. Қазіргі дәрігерлердің уақыты компьютердің алдында қағаз толтырумен өтеді. Бұл дәрігерлер жұмысындағы қағазбастылықтың көбейгенінің көрінісі.

-Отыз бес жыл жұмыс істеген маман ретінде кеңес заманындағы медицина мен қазіргі уақыттағы медицинаны салыстырсақ. Медбике жұмысы қай уақытта жеңілрек , кеңес заманында ма әлде, қазір ме?

-Шынымды айтсам, кеңес кезеңінде жеңілірек болды. Қазір медицина жылдан-жылға дамып келеді. Күнделікті өзгеріс бар. Медицинаның дамуына байланысты бұрыңғымен бүгінгінің айырмашылығы көп. Медициналық технология мен техника жетіліп, жаңалық пен өзгеріс көп. Біздің мамандықтың бүгіңгі талаптары - күнделікті оқу, күнделікті үйрену. Білім жетілдіру маңызды. Біз өзіміз білімді күнделікті жетілдіріп отыру керекпіз, сондай-ақ білгенімізді жастарға үйретуге тиіспіз. Медицинада, әсіресе, бүгін жаңашылдықтан қалмау керек.

-Бүгінгінің жас медбикесі қандай?

-Заман да өзгерді, адам да өзгерді. Бірақ мен үшін бәрі бірдей сияқты. Қазіргі медикелер де бұрыңғы кездегі сияқты. Жұмысына тиянақты, ісіне адал. Әрине, жұмысын жаңадан бастаған жас қызға қиын болады. Бастысы жұмыс істеп кету, қолайлы жағдай жасау. Жас медбикеге алдымен көмек көрсетіп, үйретіп, жылы қабақ танытсаң ол ұжымға да, жұмысқа да тез еніп кетеді. Біздің кардиология бөлімінде ұзақ жылдар бойы бірге істеп кележатқан тәжірибелі медбикелер жеткілікті. Олар орталықтың бас медбикесі Самал Сламбекқызы, кардиология бөлімінің аға медбикесі Меруерт Болатбекқызы, сондай-ақ Бақыт Ахметқызы, Анар Борашова, Ләззат Абдрахманова, Қарлығаш Әлсейітова.

-Мейіргер, мейірбике деп айтып жатады. Сіздің ойыңызша жақсы мейірбике болу үшін қандай қасиеттер болу керек?

-Біріншіден, адамды сыйлай білу керек. Науқасты сыйлап, шын жүректен көмектесуге ұмтылған жағдайда ем қонады. Мейірімділікпен, жақын туысыңа қарағандай күткен дұрыс. Жұмыстан қалмай, еңбегіңе адал болу керек. Елді сыйлап жүрсең, өзің де сыйлы боласың. Осы қағиданы ұмытпаған жөн. Бойында ең бірінші жылулық қасиеті, адамгершілік болу керек. Жүрек тазалығы қажет. Өз ісіне берік, өз жұмысын толығымен білу маңызды. Медицинада өмір бойы оқу керек. Жаңа емдеу әдістері, жаңа дәрілер күнделікті шығады. Жаңа бұйрықтар, соның барлығын көштен қалмай біліп отыруға тиіспіз. Медбикенің атқаратын кішкентай қызметінің өзінде күнделікті оқып, біліп отыру маңызды.

-Отбасыңызда төртеуіңіз медицинада, қалғандары мұғалім екен. Дәрігер мен мұғалім сонау бұрыңғы заманнан бері сыйлы мамандықтар. Сіздің ойыңызша осы екі мамандықтың бүгінгі қоғамдағы дәрежесі қандай?

-Мұғалім –тәрбиелеуші, білім беруші. Ал медицина қызметкерлері –адам денсаулығына жауапты. Бұл екі мамандық 100 жылдан кейін де маңызды болып қала бермек. Бүгін дәрігерге де, медбикеге де, ұстаздарға да ерекше көңіл бөлінеді. Қоғамдағы көзқарас қандай дейтін болсақ, әрбір адам өзіне деген көзқарастан саралайды. Мен үшін медицина қызметкерлерінің қоғамдағы дәрежесі жоғары орында сияқты. Үкімет тарапынан да бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен педагогтердің жағдайын жасайды.

МЕДИЦИНАДА КҮНДЕЛІКТІ ӨЗГЕРІС

-Медицинада күнделікті өзгеріс, жаңашылдық деп айтып қалдыңыз. Облыстық Кардиологиялық орталық жұмысында осы өзгерістер қаншалықты сезіледі.

-Бұрын кардиологиялық орталықта коронароангеография, АКШ операциялары болмаған. Бүгін біздің мамандар осы ота түрлерін, ашық жүрекке операцияны да жасайды. Жылдан-жылға біздің орталықта мүмкіндіктері артып отыр. Жүрек-қантамыр ауруларына шалыдққандар қазір өте көп. Сондықтан біздің орталық жұмысы жоғары деңгейде болуға тиіс. Заманауи құрал-жабдықтарымыз да, білікті мамандарымыз да бар. Жас келсе іске демекші, жас дәрігерлеріміз ізденімпаз, жұмысына берік мамандар. Халық денсаулығы үшін бізде барлық жағдай жасалған.

-Биылғы жылдың 1-қаңтарынан бастап, Қылмыстық кодексте Медициналық құқық бұзушылық деген жеке тарау еніп, медициналық қызметкерлерге байланысты заңдар қатаңдатылды. Сіздің ойыңызша бұл дұрыс па? Медициналық қызметкерлер қаншалықты заңмен қорғалған?

-Бұл заң шықпай тұрып, біздің бас дәрігер жиналыста үнемі науқастар құқығы туралы жиі айтып отырды. Әрбір жиналыс сайын дәрігерлер де, медбикелер де науқастарыңа дұрыстап күтім жасаңдар деп ескертетін. Біздің орталықта науқастар құқығы, науқастар жағдайы жақсы қадағаланады. Меніңше, заңды қатаңдатқан дұрыс емес. Дәрігерлер де, медбикелер де өз ісіне тиянақты, жақсы жұмыс істейді. Санитаркаларымыз Шынар, Жанар, лариса, Махаббат, Құралай, Айша науқастарға жақынындай, туысындай күтім көрсетеді. Буфетте істейтін Ләззат пен Римма да үнемі жылы жүзді. Дәрігерлеріміз күн демей, түн демей жұмыс істейді. Демалыс күні де науқастар үшін келеді. Өз ісін жақсы көретін адам ешқашан қателікке бой алдырмайды. Ақхалат кигендердің ешбіреуі әдейілеп науқасқа қиянат жасамайды деп ойлаймын. Заң жүзінде де, іс жүзінде де ісіне адал медицина қызметкерлерінің еңбегі бағаланғаны дұрыс қой.

-«Ақ халатты абзал жан» деген ұғымның ерекшелігі неде? Бүгінгі медицина қызметкерлері осы теңеуге лайық па?

-«Ақ халатты абзал жан» деп өзі де айтып тұр ғой. Адал болып, абзал болу керек. Ақ халат –арымыз. Сол арымызға кір түсірмей, дақ түсірмей ісімізді адал істеу –міндетіміз. Өмірін осы мамандыққа арнаған адамдар қаншама. Олардың барлығы мамандығын жақсы көргендіктен, шынымен науқасқа көмектескісі келгендіктен қолынан келгенін аямай еңбек етеді. Мен жұмысым қиын немесе жеңіл деп айтпаймын. Күнделікті істейтін ісіңе үйреніп кетесің, мамандығың сенің тіршілігіңнің алынбас бөлігі болып кетеді. Өмір сүру бағыты да, ойлау жүйесі де мамандығыңмен байланысып кетеді.

-Қазіргі жастар лауазымды, сәнді мамандықты таңдайды. Сіздің ойыңызша мейірбике «престижді» мамандық па?

-Адамның өзіне байланысты. Біреу заңгер болғысы келеді, екіншісі мұғалім болғысы келсе, үшіншісі медик болады. Мамандықты әркім өзі таңдайды. Қазіргі заманда балаларды да оқыту қиын. Жастарға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар берілсе. Медбике «сәнді» ме, «престижді» ме білмеймін. Оны жастар білетін шығар. Бірақ Дәрігер де, медбике де әрқашан керек мамандықтар. 100 жыл өтсе де дәрігердің орнын ешкім баса алмас, ұстаз орны да ерекше. Әр мамандықтың өзінің бір пайдасы бар. Халыққа пайдасы тиетін жұмыс істеген дұрыс деп ойлаймын. Мамандығын адасып таңдаған адамды көрмеппін.

-«Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қалай жұмыс істеді, медицинаға әкелген пайдасы болды ма?

- Ұлттық бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі, сондай-ақ 2011-2015 жылдарға ар­налған «Саламатты Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасы жаңа бағыт­тар­ды қалыптастырып, мейірбике ісінің бәсе­келестігін арттыруға септігін тигіз­ді. Жалпы медицинаның дамуына, алға жылжуына үлкен септігін тигізді.

ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН СӨЗДЕР

-Сіздің сөзіңізге қарағанда ұжымдарыңыз өте тату. Бес саусақ бірдей емес, адамдар да әр түрлі болады. Ұжымда тату болудың басты құпиясы қандай?

-Ешқандай құпия жоқ. Тек үлкенге құрмет, кішіге ізет деген қағида бойынша жұмыс істейміз. Жастар келсе үлкендерді сыйлаңдар деп үйретеді, үлкендерге жастарға түсіністікпен қарап қолдаңдар деп айтылады. Бұл біздің ұжымда сонау кардиологиялық орталық ашлыған сәттен бастап қалыптасқан тәртіп. Бұл қазақылық тәрбие, қарапайымдылық көрінісі. Ең бастысы –адамгершілік, сыйластық. Қазақылық тәрбиенің жақсы жері осы. Сыйластық бар жерде ешуақытта жамандық, ұрыс-керіс болмайды. Сыйластық пен адамгершілік бар жерде іс алға басады.

-Жас медике Жібек пен бүгінгі 35 жыл еңбек жолы бар Жібек Төлешқызы арасында қандай айырмашылықтар бар?

-Жас кезде өмір бақи жас болып қала беретін сияқтысың. Ол кезде қателесуден қорқасың, бірте-бірте тәжірибенің арқасында ісіңе деген сенімділік пайда болады. Еңбек адамды үйретеді, жетелейді, өзгертеді. Бүгін жаңа нәрсе үйренген адам кешегі өзінен өзгереді. Ал 35 жылда адам әрине басқаша болады. Жас кезде бәрін ойлайсың ғой, өсеміз, өнеміз немерелі-шөберелі боламыз деп ойласам да, зейнетке шығамын-ау деген ой болмапты. Әлі жас сияқтымын. Жаным жас деп айтсақ болады.

-Бүгінгі Қазақстан қоғамын, сонау 90-жылдардағы кезеңмен салыстыруға келмейді. Сізді бүгінгі күнде не қуантады, не қынжылтады?

-Бүгін қуантатын жағдай көп. Мемлекетіміз дамып, халықтың тұрмысы да біршама жақсарды. Медицинамыз да жылдан-жылға дамып келеді. Оң өзгерістер өте көп. Тек жұмыссыз жастарды көріп жаның ашиды. Жастар оқиды, жоғары білім алады, бірақ жұмыс таба алмай жүреді. Мүмкін бұл мамандығын дұрыс таңдамағандықтан болған шығар. Мамандық таңдағанда біраз ойланып таңдау керек.

-Немерелеріңіздің кім болғанын қалар едіңіз?

-Әрине, дәрігер болғанын қалаймын. Екі неремнің үлкені дәрігер бғысы келеді. Шыны керек, немерем дәрігер болғанын қалаймын. Дәрігерлік үлкен жауапкершілікті қажет етеді, терең білім, ақылды талап етеді. Адам жанына араша болу оңай емес, ең сыйлы мамандық дәрігер болса да, ең ауыры да осы.

-«Жәрдем» қоғамдық-медициналық газеті медицина қауымына арналған басылым. Сіз оқырман ретінде газеттен қандай тақырыптар оқығыңыз келеді?

-«Жәрдемнен» көбінесе өзіміздің жұмысымызға байланысты материалдарды оқыған жақсы. Аттестациялық мақалаларды оқимыз. Басқа мамандардың тәжірибесін оқып, білген жақсы. Пікір алмасатын газет болып отыр. Жалпы өзім газет оқығанды ұнатамын. Жаңалықтардан хабардар болып жүрген дұрыс деп ойлаймын.

-Газеттен оқығанды ұнатсаңыз, кітап құмарлығыңыз да бар шығар. Құпия болмаса, ссүйікті кітабыңызды атасаңыз.

-Мен бос уақытымда кітап оқығанды жақсы көремін. Кітапты жас кезімізде көп оқитынбыз, қазір сүйікті кітаптарымды оқығанды әдетке айналдырдым. Әсіресе, «Абай жолын» қайта-қайта оқи беремін. Бір оқып тастағаннан кейін басынан қайта оқимын. «Абай жолында» бүгінгі өмір суреттелгендей, бүгінгінің бейнесі жазылғандай. Ескірмейтін туынды. Қайта оқығанда өзің үшін бұрын соңды байқамаған жаңашылдық ашылады. Әр оқыған сайын жаңа нәрсе үйренгендей боласың.

-Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?

-Бір ұлым бар. Қазір балам 30 келді. Аружан, Тоғжан деген екі немерем бар. Зейнетке шығып, немерелімді бағып қарасам деймін. Болашаққа деген жоспарым осы. Жастарға жол беру керек.

-Әңгімеңізге рахмет!

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА