Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Өмір – өзен тоқтаусыз арындаған


9 января 2015, 10:30 | 1 618 просмотров



Мұхаңның жан-жары Гүлнар ҚУАНДЫҚОВАМЕН әңгіме

Бүкіл саналы ғұмырын еліміздің денсаулық сақтау саласына арнап, зор үлес қосқан халқымыздың ардақты ұлда¬рының бірі, белгілі дәрігер, ғалым, қоғам қайраткері, ұлтжанды азамат Мұх¬тар Айтқазиннің өзі жоқ болса да, кә¬¬сібіне адалдығы, кісілік келбеті, риясыз адамгершілігі, бекзат болмысы ел-жұр¬тының жадында.

Еңбек жолын Қазақ темір жолының Аягөз стансасындағы ауруханада дәрігер-хирург болып бастаған Мұхтар Айтқазыұлы бірқатар мекемелерді басқарады. Соның ішінде 1976 жылдан Алматыдағы ҚазКСР Министрлер Кеңесі Төртінші бас бас¬қар¬масының Орталық ауруханасы (қазіргі ҚР Президенті Іс басқармасы жанындағы Орталық клиникалық аурухана) бас дәрігерінің орынбасары, 1985 жылдан бас дәрігері болып тағайындалып, осы лауазымды мекемеде табаны күректей 22 жыл басшылық қызмет атқарады.

1995 жылы Қазақстан темір жолының Орталық ауруханасында бас дәрігер, 1998 жылы Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары, 2001 жылдан өмірінің соңына дейін М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында кафедра меңгереді. Ғұлама Аристотель: «Өмір сүру – бірдеңе сатып алып, біреуден бірдеңе сұрау емес, қажет нәрсеңді өз қолыңмен жасау», деп айтқан екен. Осы қағида Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері Мұхтар Айтқазыұлына арнап ай¬тылғандай, өзін өзі жасаған, өзінің ісімен, білімі, білігімен халықтың сүйіктісіне, құрметтісіне айналу екінің бірінің қолынан келе бермейді.

– Гүлнар апай, Мұхтар аға¬ның келместің кемесіне мініп, бақилық болғанына да алты жылдың жүзі толыпты. Аяулы жар, айтулы азаматтан айырылу оңай емес. Дегенмен, уақыт емші деп жатады ғой…

– Жоқ, мен айтар едім, еш¬қашан ұмытылмайды. Қайта жыл өткен сайын сағынышың зорайып, есіңнен бір сәт кетпейді. Күнде үйден шығарымда суретінің алдына барып, «Мұқташ» деп қайда баратынымды айтып, рұқсат сұрап шығамын. Олай істемесем, қолдайтын ешкімім жоқ, жолым болмайтын сияқты көрінеді. Міне, алты жылдан бері осы әдетімнен бір жаңылған емеспін. Өйткені, 39 жыл бірге тұрып, бір қатты сөз естімеппін, әсерлі шуағы мол, сәулелі сәттері көп керемет өмір сүрдік. «Гүлім, Гуля», деуші еді. Балаларына да өте жайлы, қамқор әке болды. Балалары үшін де олардың әкесінен артық адам жоқ. Әкелері ақылды да, сырбаз да, мейірімді де. Тек балалары ғана емес, туған-туыстары да солай қарайтын.

Қарағым, адам тағдыры еш¬қандай икемге көнбейтініне куә болып келеміз ғой. Ол туралы Мұхтар: «Өмір – өзен тоқтаусыз арындаған,

Сынап көр жүзіп біраз бағыңды адам.

Пенде жоқ бұл фәниге келген сәтте,

Жадына тағдыр ізі жазылмаған»,-деп айтып кеткен. Өмірде адам ғұмырының кезеңдері бір өзіне тән соқпақпен ғана өтері хақ. Рас, «Мәңгілік дүние жоқ» деген пәлсапаға сүйенсек, уақыт деген ұлы күш жолындағының бәрін өзгертіп отырады. Шалқар дарияның да тартылып, кебетін кезі болады. Мұхтардың бұл фәни дүниедегі тар жолы таусылғанымен, бақи дүниеге таза жүрегі, адал ождан-арымен аттанған азамат. Біреуге аға, біреуге іні, біреуге асқар таудай әке, ата болған халқымыздың маңдайға ұстар ұлының бірі Мұхтардың да бұл өмірде салып кеткен өз жолы, ізі бар. Сондықтан да арамызда жоқтығын өзекті өртер сағынышпен еске аламын.

– Мұндай керемет азаматпен қалай танысып, көңіл қос¬тыңыз?

– Мұхтарды алғаш көруім 1965 жылдың жазы еді. Мені мединститутта 3 курстан кейін медбикелік практикадан өтуге Аягөздегі темір¬жол ауруханасына жіберді. Хирургия бөлімінде науқастың жарасын таңып жатқанымда: «Егер аспапсыз жұмыс істесеңіз, қолыңыздан жара кетпейді», деп қолымнан біреу пинцетпен ұрып қалды. Әрине, сол кезде маған өте дөрекі адам болып көрінді. Екінші кездесуіміз институтты бітірген жылы. Ол кезде өздеріне дәрігер таңдау мақсатымен әрбір ауданнан өкілдер келетін. Қазақ темір-жолына маман таңдауда Мұхтарға сеніпті. Ал менің Аягөз қаласында немере апайым тұратын, жатар орын, баспана мәселесі шешілген. Ол кезде Қазақ теміржолының ауруханалары алдыңғы қатарда еді, сондықтан Мұхтардың тобына мен де қосылдым. Таныса келе, мені дәрігерлер тізіміне қос¬пайтынын айтты. «Маған үйленген маман керек, жас қыздар тұрмысқа шығып кетеді де, дәрігерсіз қаламын», деді. Келесі күні маған өзі келді. Сөйтсем, таңдаған мамандарының дені Абай ауданынан екен де, бірде-біреуін сол жақтан келген өкіл бермей, дәрігерсіз қалыпты.

Бастапқы кезде Мұқташ маған ересек, менменсіген тәкап¬пар адамдай көрінді. Кейін жақы-нырақ біле келе жаны тап-таза, еңбекқор, өнерге жаны құмар, балажан, өте мәдениетті, тәртіпті ту етіп ұстайтын жан екеніне көзім жетті. Көп ойланып-толғанып, оны да біраз қинап 1970 жылы үйлендік. Мұхтардың қолында 80-нен асқан әкесі бар екен, анасы қайтыс болыпты. Атаммен 13 жыл бірге тұрдық, 97 жасында дүниеден озды.

– Ол кісі қай жердің тумасы еді? Қысқаша өмірдерегінен айта отырсаңыз…

– 1940 жылы 10 қаңтарда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Воронцовка ауылында дүниеге келген. Мұх¬тардың не алдында, не артында арқа сүйер туысы, қызметте өсірер қолдаушысы болған жоқ. Жеткен абырой-атағы, ғылымдағы табысы өз еңбегінің, жаратылысынан бойына біткен қабілетінің, адам сүйгіштігінің жемісі. 1965 жылы Семей мединститутын бітіріп, 1988 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. Ол кісінің ғылымға, әдебиетке деген ынтасы институт қабырғасынан бастау алған. 178 ғылыми еңбе¬гі түрлі бас¬па беттерінде жа¬рық көрсе, екі монографиясы көп¬шіліктің көңілінен шықты. 17 рационализаторлық және 4 өнер-тапқыштық жұмыстың иегері. Білікті маман ретінде АҚШ елшілігінде кеңесші-дәрігер қызметін де абыроймен атқарды. Еліміздегі қайта құру кезеңінде, қиын уақытта Қазақстан темір¬жолының орталық ауруханасына бас дәрігер болып келген жылдары клиникалық жұмысқа лапороскопиялық хирургия, көз ауруын емдеудегі лазерлік хирургия және Израильден «Турапи» аппаратымен қуық асты безінің ісігін емдейтін әдістерін республика көлемінде тұңғыш енгізу жолына басшылық етті. Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында дәріс бере жүріп, «Өмір – тіршілік қауіпсіздігі» оқулығын жазып, сабақ кестесіне енгізді. 2004 жылы академияның ғылыми кеңесінің шешімімен оған профессор ғылыми атағы берілді. Ал 2008 жылы Санкт-Петербург халықаралық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. 1983 жылдан бірнеше халықаралық қоғамдық ұйым, қозғалыстардың мүшесі болды. АҚШ-тың Кен¬тукки штатының «Құрметті полковнигі» атағы табыс етілді. Осы жылдардағы қажырлы еңбегі де атаусыз қалған жоқ. Үкімет наградалары, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, т.б. марапаттарды иеленді.

Ең бір баса айтарым, Мұхтар өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап, ұзақ жылдар бойы жинаған даланың дара ділмәрінің бірі – бабасы Ақтайлақ бидің мол мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеп, 1999 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен бірлесе отырып, «Атасы асыл сөздің Ақтайлақ би» атты көлемді жинағын жарыққа шығарды. Сөйтіп, ғасыр өтсе де ел аузында шашырап жүрген дана бидің асыл мұрасын көпшілікке ұсынды. 2002 жылы Ақпарат министрлігінің тапсырмасымен «Елорда» баспасынан екінші рет жарық көрді. Сондай-ақ, халқымыздың аяулы тұлғалары Қу дауысты Құттыбай, Байғара, Ақтайлақ билерді келешек ұрпаққа аманат ретінде жеткізу мақсатында 1996 жылы «Байғара және Ақтайлақ би» қоғамдық қорын құрып, өзі сол қордың президенті болып сайланды. Аягөз ауданының зиялы азаматтарымен ақылдаса оты¬рып, тозығы жеткен қос бидің кесенелерін қайта қалпына кел¬тіріп, 2000 жылы әкелі-балалы қос бидің кесенесі бой көтерді. Ақтайлақ бидің шежіресін бас¬падан шығарып, республикалық ғылыми конференция өткізіп, ұлан-асыр ас берілді. Белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділовпен фольклорлық экспедиция құрып, сол жолы даңғайыр ақын Дулат Бабатайұлының Ақшатау бауырында қойылған мүрдесін тауып, үлкен табыспен оралды.

– Ерлі-зайыптылардың бір мамандық иесі болуының қандай жақсы жақтарын айтар едіңіз…

– Екеуміз де дәрігер болған соң, бір-бірімізді өте жақсы тү¬сіндік. Еш уақытта ол кісі маған «ерте кетесің, кеш келесің, неге түнімен телефонға маза жоқ» деп айтқан емес. Керісінше, түннің бір уағында шұғыл операцияға шақыртып жатса, менімен бірге қоса киініп шығып, көлікке дейін шығарып салатын. Ал жас¬тау кезінде ауруханаға бірге барып, операция біткенше дә¬рігерлер бөлмесінде күтіп, үй¬ге бірге қайтушы едік. Егер кешігіп келетін болсам, екі баланы жетектеп, үйдің бұрышында күтіп жүретін. «Неге үйге кіре бермедіңдер?» десем, «сенсіз ол үйге кіріп не істейміз?» деуші еді. Орталық ауруханада жұмыс істегенімде де үйден өз жұмыс орнына үш-ақ минутта жететін болса да менімен бірге тұрып, бірге шай ішіп, далаға бірге шығып, балам алып кеткенше жанымда тұратын. Міне, мені осылай өмір бойы күтіп, шығарып салып, қабағыма қараған соң, ұсақ-түйек әңгімелер есте қалмай, тек осындай жақсылық қасиеттері әсте ұмытылар емес. Қонаққа барғанда да «дастарқаннан үлкен емеспіз, күттіріп қоюға болмайды» деп уақытында шығуға тырысатын. Ең соңғы қонаққа баратынымызда, неге екенін білмеймін, өзім асықтым. Киініп шықсам, дәлізде менің сырт киімімді алдына қойып, сипап отыр екен. Ал ауруханада жатқанында барғанымда маған бір тесіліп қарасын. «Неге сонша қарадың?» десем, еш жауап қатпады. Өзі өмірден өткен соң күнделігінен мына бір шумақ өлеңді оқыдым. «Қадала Гүлім саған қарай бердім,

Суырып жанарымды қара менің.

Қол жетпес алыстағы армандай боп,

Арқаның ақ маралы қала бердің…». Бұл менімен қоштасуы ма екен деп ойлаймын. Өмірге ғашық адам еді. Өзін өзі күтетін. Арақ ішіп, темекі шекпеген. Отырған жерінде әндетіп, өлең оқып, астар¬лы қал¬жыңдасып, ортаның гүлі болатын.

– Ер адамға анасынан кейін¬гі ең жақын адамы – құдай қосқан қосағы ғой. Сіздің айтуы¬ңызға қарағанда, мінезге бай, ақылы асқан, жанашыр, өмі¬ріңді сеніп тапсыратын арқа сүйер Мұ¬хаңдай азамат әр әйел¬дің арманы болса керек… Сонымен, әйел¬дің бақыты неде деп ойлайсыз?

– Ең бірінші бақыт – өзі¬нің басыңды сыйлайтын, адам¬гершілігі бар жар таңдау. Расул Ғамзатовтың: «Әйел болу ауыртады жаныңды,

Ару болу сынға салар арыңды,

Ана болу сығып алар барыңды.

Ең ауыры – осыларды сезінбеу,

Бастан кешпеу әйелге тән зарыңды», деген өлең жолдары бар емес пе. Балаң болса, отбасыңда жүгіріп жүрген немерең болса, ол – екінші бақыт. Мұқташ қайтқаннан кейін көңілім түсіп, жылағым келіп отырса, Мираның кішкентайы Әнел өзінің сөзімен, тәтті қылықтарымен жұбатып жібереді.

– Отбасында ұстанатын негіз¬гі қағидаңыз қандай?

– Ең бірінші түсіністік, екінші жағынан кешірімді болу. Әйел болғаннан кейін көп нәрсені кешіре білген жөн. Кейбіреулер ұсақ нәрсені өршітіп, түймедейді түйедей етіп жібереді. Әрине, отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Сондай жағдайда ар-намысқа тимей, әдемі айтыса білу керек. Кейбіреулер болар-болмас нәрседен бастайды да, артынша өткенді қопарып, тізіп шығады. Бәле іздемей, не туралы сөз болды, сонымен бітіріп, қоя салған абзал. Мұқташ өз ісімен де, сөзімен де мені де тәрбиелеп отырды ғой. Ішкі мәдениеті өте жоғары еді.

Бір ғана мысал. Өзім теміржол ауруханасында қырық жылдай жұмыс істеп, соңғы он бес жыл бөлім меңгерушісі болдым. Республикалық аурухана болғандықтан, еліміздің түкпір-түкпірінен ауруы күрделі науқастар келіп, операция жасалады. Бірақ біздер ешқандай консультанттар шақырмай, дәрігерлер кезекшілік кезінде үйге хабарласып, кеңес сұрап жатады. Бірде кезекші дәрігер болған жағдайды топшылап айтпай, алыстан орағыта бастады. Соның өзіне 15-20 минут уақыт кетті. Сосын шыдамай: «Қысқасы, сізге менен не керек?» дедім. Кеңес беріп, телефонды қойдым. Мұқташ ашуланғанда орысшаға ауысып кететін, маған: «Адамның сөзін бөлетін кім едің? Саған ондай құқықты кім берді? Ол адам бар ойын толық айтып бітіруі керек еді», десін. «Оу, Мұқташ ол әңгімесін бітіру үшін әлі бір сағат керек. Соның бәрін тыңдап отырсам, ана жақта науқас тосып қалады ғой», деймін. Онысы, өзі қашанда адамның сөзін аяғына дейін тыңдайтын. Ал Мұқташ үшін сөйлеп отырған адамды орта жолдан бөліп тастау өрескел жайт. Міне, көрдіңіз бе, ол адами биіктігін өзінің отбасына да парасатты жеткізе білген адам.

– Гүлнар апай, сіздердің жол¬дарыңызды қуған ұрпақ бар ма?

– Ұлымыз Бейбіт жолымызды қуып, дәрігер болды. Медицина ғылымдарының кандидаты, Қазір Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында жұмыс істейді. Немереміз Әсел де болашақ дәрігер. Тұңғышымыз Мира Тынышбаев атындағы көлік және коммуникациялар академиясының доценті, қазақ қыздарынан әскери тақырыпта ғылыми диссертация қорғаған тұңғыш ғалым.

Мұқташты осыншама тез кетеді деп өзі де, біз де ойлаған жоқпыз. Қайтыс боларының алдында баласы Бейбітке: «Мені ата-бабамыздың жанына апарып жерлеңдер, саған аманат» деп тапсырыпты. 28 желтоқсанда Мұқташтың жүрегі соғуын тоқтатты. 30-ы күні жолға шығып, Теміржолдың басшылары өзінің денесіне бір, баратын кісілерге бір вагонды пойызға тіркеп берді. Сөйтіп, қыстың қатты аязында, боранды күні Аягөзге жол тарттық. Күнделік дәптерінде қай жерге қоюына дейін көрсеткен екен, өзінің тілегі бойынша сол жерге арулап, жерледік. Өзі салған суреті бойынша күмбезін тұрғыздық. Жылына бір рет барып, ескерткішін бір сипап, құран оқытып қайтамыз. Мұқташтың 75 жылдығына арнап «Абзал жан» деген естелік кітап шығардық. Онда өмірбаяндық деректері, өзінің жүрегінен шыққан өлеңдері, толғаныстары және ол кісіні ардақ тұтқан інілері мен құрмет тұтқан ағалары, қимас достары мен жолдастары, қызметтес болып өнегесін, тағылымын алған азаматтар мен туыстарының естеліктері топтастырылды.

– Гүлнар апай, әңгі¬меңізге рахмет.

Әңгімелескен

Автор:
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.