Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Радиологиялық медицина холдингін құру мәселелері талқыланды


26 декабря 2014, 11:31 | 1 266 просмотров



АСТАНА. Семейде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұртшылықпен радиологиялық медицина холдингін құру мәселелерін талқылады. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарын жасады. Вице-премьермен бірге облысқа Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова, Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов барды. Бұл туралы ҚР Үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарланды.

Риддер қаласында Б.Сапарбаев «Жұмыспен қамту 2020 жол картасының» іске асырылуымен танысып, аталған бағдарлама аясында салынған 60 пәтерлі тұрғын үйге барды. ШҚО-дағы ЖҚЖК-ны қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 2014 жылы 11 млрд-тан астам теңге бөлінген.

Аграрлық-техникалық колледжде вице-премьер еліміздің жұмыс күші көп аймақтарынан келіп, ҚР БҒМ «Серпін» бағдарламасымен білім алып жүрген студенттерімен кездесті.

Премьер-министрдің орынбасары сондай-ақ «Шығыс Қазақстан - тұруға және отбасының демографиялық дамуы үшін жайлы аймақ» форумын өткізді. Оның жұмысына орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, халықаралық ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Форумдағы талқылау барысында демократиялық дамудың негізгі беталыстары мен елдегі, соның ішінде ШҚО-да көші-қон процестерінің еңбек нарығына әсері қарастырылды.

Форумның қорытындылары шығарған Б.Сапарбаев сәйкестендірілген органдарға бірқатар тапсырмалар берді.

Атап өткенде, ол халықты еліміздің жұмыс күші көп аймақтарынан жұмыс күші тапшы аймақтарына көшіру бойынша шараларды жалғастыру қажеттілігіне ерекше тоқталды. Сонымен бірге, Б.Сапарбаев солтүстік аймақтардағы ұзақмерзімді кезеңге жұмыс орындарын құрумен ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселесін қарастыруды тапсырды.

Форум аясында сондай-ақ, Риддер қаласының жұмыс берушілер мен «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша көшіп келушілер арасында еңбек келісімшарттарына қол қойылды.

Түстен кейін Өскеменде вице-премьер спорттағы дарынды балаларға арналған 200 орындық облыстық мектеп-интернатының ашылуына қатысты.

Жұмыс сапарының барысында вице-премьер Семей қаласының денсаулық сақтау нысандарына барды. Жекеменшік кеңес беруші-диагностикалық емхананың, аймақтық онкологиялық диспансерінің және балаларға арналған туберкулезге қарсы аурухананың қызметімен танысты.

Премьер-Министр орынбасарының сапары Семей қаласының жұртшылығымен кездесуімен аяқталды. Кездесу барысында «Нұрлы жол» бағдарламасының негізгі бағыттары, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру мәселелері, медициналық туризмді дамыту, сондай-ақ Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау аясында радиологиялық медицина холдингін құру мәселелері ортаға салынды.

Автор:
ҚазАқпарат