Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Саладағы басты міндеттер талқыланды


19 декабря 2014, 10:35 | 1 402 просмотра


  

2014 жылғы 11 желтоқсанда ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің селекторлық режімде алқа отырысы өтіп, Мемлекет басшысының 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын денсаулық сақтау және әлеуметтік даму саласындағы басты міндеттер талқыланды.

Жиынға мемлекеттік инспектор Б.Қарасаев, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру органдарының, Комитеттер департаменттерінің және мекемеге қарасты ұйымдардың жетекшілері қатысты.   

Жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова әлеуметтік саламен тікелей байланысты үш бағытқа баса назар аударды.

«Мемлекет басшысы берген алғашқы тапсырмалардың бірі барлық әлеуметтік міндеттердің толық көлемде орындалуын қамтамасыз ету. 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетте әлеуметтік қамсыздандыру мен денсаулық сақтау саласына 9 трлн. теңге қаражат қарастырылған. Оның ішінде 2015 жылға – 2,5 трлн. теңге бөлінеді. Осы соманың 693 млрд. теңгесі денсаулық сақтау саласына, 1,8 трлн. теңге зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеуге бағытталады»,-деді ол. 

Әлеуметтік міндеттерге қатысты министр балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы көлемі жыл сайын 7% артатынын алға тартты. 5 түрлі жәрдемақыны жыл сайын 380 мың ана және 700 мыңдай бала алады. 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына қарай төленетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі 7% артады. Ал 2015 жылғы 1 шілдеден бастап мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін жәрдемақы көлемі 7% көбейіп, ол 630 мың адамды қамтиды. Осылайша аталған жәрдемақылардың жалпы өсімі 2013 жылмен салыстырғанда 50% жетеді.

Министр Т.Дүйсенова: «2017 жылғы 1 қаңтардан бастап төменгі күнкөріс деңгейі 2014 жылмен салыстырғанда 34% артады. Нәтижесінде базалық зейнетақы төлемдерінің көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 17% өседі»,-деді.  

Сонымен қатар, министр Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу жоспарына кеңінен тоқталды. «2015 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. ҰОС ардагерлерге және тыл еңбеккерлеріне материалдық көмек көрсетуге, ардагерлердің Астана мен Мәскеуде өтетін мерекелік шерулерге қатысуына республикалық бюджеттен 5,7 млрд. теңге бағытталады. Оған қоса, ардагерлердің өздері майданға қатысқан елдерге баруы қарастырылып отыр»,-деді.   

Осылайша, 2015-2017 жылдарға арналған бюджетте аталған әлеуметтік мәселелерді шешуге қосымша 1 трлн. теңге қарастырылады.

Алқа отырысында «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алдын ала қорытындылары тыңдалды. 

Соңғы 3 жылда аналар өлім-жітімі 2009 жылмен салыстырғанда 3 есеге азайды. Қан айналымы жүйесінен болатын өлім көрсеткіші 2 есеге жуық төмендеді. Қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 11% азайды. Жарақаттанушылықтан болатын өлім-жітім көрсеткіші 15%-дан 9,2%-ға азайды. Туберкулездің таралуы жоғары Еуропалық өңірдің 18 елі арасында Қазақстан 7 орында тұр. Туберкулез бойынша эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға қол жеткізілді, 2009 жылмен салыстырғанда биыл 30,2% төмендеді.          

Жыл сайын 800 мыңнан астам қазақстандық жоспарлы түрде емделу үшін еркін таңдау құқығын пайдаланады. Бұрындары шетелдерге емделуге жіберіліп келген ауру түрлері бойынша ақы төлеудің жаңа қағидасы енгізілді. Айталық, бұған дейін тек шетел клиникаларында болған үш инновациялық технологияны елімізде енгізу нәтижесінде 2014 жылдың 10 айы ішінде ғана бүйрек, бауыр және жүрек трансплантациясы есебінен 29 млн. АҚШ доллары көлемінде бюджет қаражаты үнемделді.      

Ағымдағы жылдан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің ұйымды еркін таңдау, бәсекелестік, нәтижеге қарай ақы төлеу, «ақша науқаспен бірге жүреді» сияқты қағидалары емхана деңгейінде енгізілуде.

Сапалы медициналық көмек - ең алдымен медициналық кадрлардың жоғары кәсіби біліктілігі. Мамандарды оқыту бағдарламалары икемді форматқа (модульдік, қашықтықтан, жұмыс орындарында) ауыстырылды. Жыл сайын еліміздің жетекші ғылыми орталықтары мен ЖОО-да 30 мыңдай маман біліктілігін арттырады. Шеберлік сабақтарына 17 елдің мамандары тартылды. 3 жылда 600-ден астам маман әлемнің үздік клиникаларына жіберілді. Әлемдік тәжірибеге сәйкес мамандардың білімдері мен машықтарын тәуелсіз бағалайтын орталықтар құрылды. Қазақстан дәрігер мамандармен қамтамасыз ету жағынан әлемде 10-шы орынды алады. Жалпы, республикада мамандар тапшылығы 10%, оның ішінде ауылдық жерлерде 28% төмендеді.   

Тегін берілетін дәрілік құралдар тізімі оңтайландырылды. 2013 жылдан бастап бүкіл республика бойынша дәрілік қамтамасыз етудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізілді. 3 мыңнан астам елді мекенде медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандары арқылы ауыл тұрғындарына дәрілер жеткізу ұйымдастырылды. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде дәрі-дәрмекке бағаны қалыптастыру тәртібі бекітілді.  

Мемлекеттік бағдарламаның екінші кезеңі негізінен медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуға бағытталады. Тағы бір маңызды міндет – міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық және 2020 жылға дейінгі кезеңге саланы жоспарлау. Қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламаның іс-шараларын орындау тиімділігін бағалау жұмыстары басталып та кетті. Бұл шараға Дүниежүзілік банк мамандары тартылған. Елдің демографиялық, экономикалық және әлеуметтік даму үрдістері ескеріле отырып, бағалау нәтижелері 2016-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның тұжырымдамасын әзірлеуге негіз болады.    

Автор:
ҚР ДС ӘД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ