Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН МЕДИЦИНАСЫ ШЕЖІРЕСІ


19 декабря 2014, 10:25 | 3 698 просмотров



Желтоқсанның он алтысы –қазақ елі үшін ерекше күн, тәуелсіздік күні. Биыл Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет атанғанына 23 жыл толды. Тәуелсіз Қазақстанның құрдастары сонау 1991 жылы туылған сәбилер бүгін аяғына нық тұрған азаматтар болды. Тәуелсіз елде дүниеге келіп, бірге ержеткен ұрпақ бүгін өздері отбасы құрып, «әке», «ана» атанды. Жаңа ұрпақ –жаңа өмір. Өмір заңдылығы осылай. Өткенді еске алмай бүгінгінің бағасын беру қиын. Бұл –өмір даналығы. Бүгінгі күнге қуанып, жарқын болшаққа қадам басу үшін кешегіге көз жүгірту міндет. «Мен бүгін кіммін?», «мен ертең кім болам?» деген сұрақтарға жауап іздеген әрбір адам, алдымен «кеше кім едім?» деген сауалға жауап іздемек.

Медицина мен министрлер

1991 жылы Қазақ елі аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізді. Бұрынғы жүйе құлдырап, барлығын жаңадан бастауға тура келді. Сол 90-жылдардағы медицина саласының жағдайы қандай еді? Шыны керек, медицина саласы қоғам тарапынан ең көп сын айтылатын саланың бірі. Денсаулық сақтау жүйесіндегі реформалар мен өзгерісті халық белсене талқылай түседі. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі, медициналық білім, ауыл медицинасы, дәрі-дәрмек сапасы, мамандар тапшылығы мәселесі, медицина қызметкерінің бүгінгі келбеті. Осы айтылғанның барлығын біздің газет бетінде үнемі жарияланады. Тәуелсіздік алған уақыттан бастап медицина саласында болған өзгерістер сан алуан. 23 жыл ішінде Денсаулық сақтау министрлігінде талай реформалар қабылданып, 10 шақты министрлер ауысты. Бүгін сол ведомство Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі деп өзгертілді.

Жалпы 1991 жылдан бері Қазақстан денсаулық сақтау саласы қалай өзгергенін анықтап, әр денсаулық сақтау министрлері жайлы ақпарат беріп өтсек.

АҚСҰЛТАН АМАНБАЕВ Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш денсаулық сақтау министрі. Ол Қазақ КСР денсаулық сақтау саласының министрі болып 1990 жылы тағайындалған. Еліміз Тәуелсіздік алған 1991-1992 жылдары Елбасы Жарлығымен министр болып қайта сайланды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен қазіргі уақыттағы денсаулық саласын салыстыруға мүлдем келмейді. Маман жағынан да, сапа жағынан да, техника жағынан да жағдай қиын болды. Осындай қиындықтарды жеңу үшін 1991 жылы Жоғарғы Кеңестің VII сессиясында Қазақстанның тарихында тұңғыш рет «Халықтың денсаулығын сақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. 1991 жылы Қазақстанда 66 мың дәрігер, 198 мың орта буын медициналық қызметкер жұмыс жасап, 1805 аурухана болған. 1993 жылдан бастап медициналық мамандар саны күрт азайа бастайды.

1992-1997 жылдары денсаулық сақтау министрі қызметін ВАСИЛИЙ ДЕВЯТКО атқарды. 1997 жылы Денсаулық саласы, білім беру және мәдениет бір министрлікке біріктіріледі. Сөйтіп,1997-1999 жылғы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің министрі ҚЫРЫМБЕК КҮШЕРБАЕВ болды. 1999 жылы министрлік атауы тағы өзгертіліп Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі болды. Одан кейін Білім, спорт, денсаулық болып жеке министрліктер құрылды. 2001-2004 жылдар аралығында Денсаулық сақтау министрі ЖАҚСЫЛЫҚ ДОСҚАЛИЕВ. 2004 жылдың сәуірінен 2006 жылдың қыркүйек айына дейін денсулық сақтау министрі қызметін ЕРБОЛАТ ДОСАЕВ атқарады. 2006-2008 жылдары министр АНАТОЛИЙ ДЕРНОВОЙ болды. 2008-2011 жылдар аралығында еліміздің бас дәрігері қызметін қайтадан Жақсылық Досқалиев атқарады. 2011-2014 жылдар Салидат Қайырбекова денсаулық сақтау министрі болды. 2014 жылдың Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 6 тамыздағы №875 «Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесінің реформасы туралы» Жарлығымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, оған: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің; Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып құрылды.Ведомстваның басшысы болып ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА тағайындалды. САЛИДАТ ҚАЙЫРБЕКОВА министр орынбасы болып тағайындалды. Міне, бұл тәуелсіз Қазақстан денсаулық сақтау саласын басқарған, өзіндік үлесін қосқан тұлғалар. Енді тәуелсіз елдің медицинасы қалай өзгергеніне тоқталып өтейік.

Қандай еді сонау жылдар...?

90-жылдар Қазақстан денсаулық сақтау саласы үшін ғана емес, жалпы посткеңесттік мемлекеттер үшін ең қиын кезең болды. Ұлттық статистикалық агенттік дерегі бойынша 1993 жылы елемізде 64 мың дәрігер, 189 мың орта буын медицина қызметкері жұмыс істеді. 1994 жылы ауруханалар саны 1651-ге дейін азайып, дәрігерлер саны 61 мың, орта буын медицина қызметкерлер 177 мың болса, 1997 жылы дәрігерлер саны -54 мың, орта буын қызметкерлер саны -129 мың ғана болды. Сөйтіп, көрсеткіш бойынша 1992-1997 жылдар аралығында 12 мың дәрігер мен 67 мың орта буын медицина қызметкеріне дейін азайған. Талай мамандар медициналық мамандығын тастап, қаржы табу жолында кетеді.

1996-1998 жылдары денсаулық сақтау жүйесiне принциптi түрдегi жаңа екi элемент енгізілді. Олар: сатып алушы мен сатушы қатынастарының және медициналық көмектiң көлемi мен сапасына байланысты сараланған еңбекақы төлемiнiң пайда болуына мүмкiндiк туғызатын денсаулық сақтауды қаржыландырудың бюджеттiк- сақтандыру моделi. 1999 жылдан бастап бөлінетін қаражатқа байланысты түпкiлiктi нәтижеге бағдар ұстануға мүмкіндік беретiн бағдарламалық қаржыландыру енгiзiлдi. Сонымен бiрге, реформаларды талдау көрсеткендей, олар елеулi өзгерiстерге бағытталмады, өзiнің қисынды ақырына жеткiзiлген жоқ, және денсаулық сақтау жүйесіндегі жағдайды түбегейлi өзгерте алмады.

1997 жылы денсаулық, білім беру және мәдениет саласы бір министрлікке бағынатын болды.

Жаңа ғасыр басталғанда...

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 10 жылы жаңа 21-ғасырда тойланды. Тарихта жаңа ғасыр басталды, әлем екімыңыншы жылдарға аяқбасты. Ал біздің елдің денсалық сақтау саласында бірте-бірте өзгерістер орын ала бастады. 2000 жылы Қазақстанда дәрігерлер саны 49 мың болса, орта буын медицина қызметкерлері 106 мың ғана болды. 2001 жылдан бастап мамандар саны қайта көбейе бастайды. Сөйтіп, 2002 жылы дәрігерлер саны 53 мыңға жетіп, 113 мың орта буын медицина қызметкерлері жұмыс жасайтын болды. 2004 жылы бұл көрсеткіш дәрігерлер -54 мың, орта буын медицина қызметкерлері 117 мың адамға жетеді. Республикада халықтың саны 2009 жылы 1999 жылмен салыстырғанда 49,6 мың адамға өстi және 2004 жылдың басында 14 951,2 мың адамды құрады. 2009 жылы бала туу көрсеткiшi халықтың 1000 адамына шаққанда 17,2-ні құрады және 1999 жылмен салыстырғанда 1,2 есе өстi. Республикада бала туудың өсу үрдiсi 1999 жылдан бастап байқалып отыр. 1999 жылдан бастап халықтың өлiм-жiтiм коэффициентiнiң болмашы өсуi байқалды, ол 1000 адамға шаққанда 2009 жылы 1999 жылғы 9,7-ге қарағанда, 10,5-тi құрады. Халықтың өлiм-жiтiм құрылымында жүрек-қан тамыры, онкологиялық аурулар, жарақаттану жетекшi орын алды. Республика халқының болжамды орташа өмiр сүру ұзақтығы 2004- 2005 жылдар iшiнде тұрақтанды және 2009 жылдың соңына қарай 65,9 жасты: ерлерде — 60,5 жасты, әйелдерде — 71,5 жасты құрады. Қазақстан Республикасы халқының жалпы науқастанушылық көрсеткiшi серпiндi өстi және 2009 жылы халықтың 100 мың адамына шаққанда 1999 жылғы 47972,8-гe қарағанда 56413,9-ды құрады.

Ана өлім-жiтiмi көрсеткiшiнiң 1999 жылмен салыстырғанда 2009 жылы 100 мың тірі туғандарға шаққанда 65,3-тен 42,1-ге дейiн азайғандығы байқалды. Республикада ана өлiмi негізгi себептерiнiң бiрi — әйелдер денсаулығы индексiнiң төмендiгi болып, ол 20- 30%-тi құрады.

Мемлекет басшысының 2005 жылға арналған Жолдауында саланың басқару жүйесiн, денсаулық сақтау iсiн қаржыландыруды, ұсынылатын медициналық көмек берудi ұйымдастыруды, денсаулық сақтау жүйесiнiң нормативтiк базасын, саланың статистикасы мен оны ақпараттандыруды, есептілiктi оңтайландыруды жетiлдiруге, сондай-ақ қаржы ресурстарын тиiмдi пайдалану мен сатып алуды міндеттi түрде орталықсыздандыру бөлігінде байыпты өзгерiстер жүргiзу қажеттiгi көрсетiлген. Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған осы мемлекеттiк бағдарламасы Қазақстанның 2030 жылғы кезеңге дейiнгi Даму стратегиясын, Президенттiң «Бәсекеге қабiлеттi Қазақстан үшiн, бәсекеге қабiлеттi экономика үшiн, бәсекеге қабiлеттi халық үшiн!» атты 2004 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын iске асыру мақсатында әзiрленді. Бағдарламада Қазақстан Республикасында қолжетімді, сапалы, әлеуметтiк бағдар ұстанған және экономикалық тиiмдi денсаулық сақтау жүйесiн дамытуға бағытталған қажеттi экономикалық, әлеуметтiк, ұйымдастырушылық және басқа да шаралардың жиынтығы белгiленді.

2006 жылы орта буын медицина қызметкерлерінің саны 125167-ға көбейеді. Ауруханалық мекемелер саны 1086 болды. Денсаулық сақтау министрі қызметінен кеткенімен, Ерболат Досаев үкімет жұмысынан алшақтаған емес. Бүгін ол Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі қызметін атқарады.

2006 жылы үкімет тарапынан жүрек қан-тамырлар ауруларын емдеуге бөлінетін қаржы көлемі ұлғайтылады. Осы жылы Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы заң қабылданады. Бұл Заң Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың азаматтардың денсаулығын сақтауға конституциялық құқықтарын iске асыруды қадағалайды. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы Қазақстан Республикасының Кодексi 2009 жылы 18 қыркүйекте қабылданды. 2009 жылы дерігерлер саны 60656 маманға жетеді. Орта буын қызметкерлер саны 138610 дейін көбейіп, ауруханалр саны 1020 болды.

«Саламатты Қазақстан» жылдары ...

Қазақстан медицинасында орын алған түбегейлі өзгеріс 2010 жылғы Біріңғай Ұлттық Денсаулық сақтау жүйесі. Бұл бағдарлама шетелдік үздік тәжірибелерден үлгі ретінде алынды. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі баршаға аян, тәжірибеге 2010 жылдың қаңтарынан бастап енгізілді. Жүйе қабылданбас бұрын нормативтік-құқықтық база сәйкестендірілді. Бұл бағдарлама – еліміздің медицина саласындағы ең ірі бағдарламаларының бірі. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДСЖ) Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарғысымен бекітілген 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында өз бейнесін тапты. Ел басының 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында БҰДСЖ енгізу үдерісін 2013 жылға дейін аяқтау бойынша тапсырмалар берілді. БҰДСЖ негізгі ерекшелігі - емделушінің дәрігерді және медициналық ұйымды еркін таңдау қағидасын енгізу жолымен медициналық ұйымдар арасында бәсекеге қабілетті ортаны құру болып табылады. 2011 жылы «Медициналық қызметкерлерге ақы төлеу ережелерін бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 20.05.2011 жылғы № 310 бұйрығына сәйкес соңғы нәтижеге байланысты медициналық қызметкерлерге сараланған еңбекақы төлеу үшін жағдайлар жасалды және бастапқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі – БМСК) ұйымдарына жан басына шаққандағы нормативтің қосымша компонентіне төлем төлеу шараларына мониторинг жүргізу басталды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2010 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып САЛИДАТ ҚАЙЫРБЕКОВА тағайындалды. БҰДЖ- енгізу, «Саламатты Қазақстан» бағдарламаларын жүзеге асыру жұмысытары 2010 жылдан бастау алды. 2010 жылдар бері денсаулық сақтау саласында болған өзгерістерді (әрине ДСМ-нің дерегіне сүйеніп) саралап көрсек, нәтиже былай болды: Республикада өмір сүру ұзақтығы 2,5 жылға өсті (2008 ж. – 67,11; 2012 ж. - 69,61). Мемлекеттік бағдарламамен 2015 жылы 70 жасқа жету қарастырылған. Кейінгі 10 жылда (2003 жылдан бастап) елімізде туу көрсеткіші 1,3 есе көбейгені байқалады. Халықтың табиғы өсімі 2,1 есе көбейді. Ана өлімі 3 есе азайды, бала өлімі, еліміздің БДСҰ-мен ұсынылған тірі және өлі туу өлшеміне көшуі ескеріліп, 1,5 есе азайды. 2013 жылдың 1 жартыжылдығында республикада ана өлімінің көрсеткіші 15,2%-ға төмендегені байқалады. Бала өлімінің көрсеткіші 17,7%-ға төмендеді. Неонатальдық және педиатриялық көмек біршама жақсарды. Перзентханалар мен балалар стационарлары үшін қажетті медициналық құрал-жабдықты сатып алуын кезең-кезеңмен қаржыландырылуының арқасында перинатологиялық орталықтардың жабдықталуы 60 - 90% - ға жетті.

Бүгінгі күні Республикалық санитарлық авиацияның қаржыландырылуы өсіп, 2013 жылы 1,8 млрд. теңге құрады. Кейінгі 11 жылда кардиохирургиялық операциялардың саны 23 есе, оның ішінде балаларға жасалған операциялардың саны 4 есе артты.

Бүгінгінің бағыты болашаққа бағдар...

Соңғы жылдары Қазақстан денсаулық сақтау саласы қарқынды дамуды бастан кешіріп, алдыңғы қатарлы медициналық қызмет көрсететін орталықтар шоғырланған елге айналды. Халық бұрын күрделі ота түрлерін жасату үшін шетел асып ем іздейтін, бүгін республикалық медициналық орталықтар әлемнің үздік медициналық мекемелерімен бәсекеге түсуге қауқарлы. Астана қаласында уақыт талабына сай замануи емдеу технологияларымен жабдықталған ірі медициналық орталықтар жұмыс жасап, тіпті біздің елордаға алыс-жақын шетелдерден дертіне дауа іздеп, ауруынан айығып кетіп жатқан емделушілер қаншама. Бүгін медициналық туризмді дамыту, елімізде сақтандыру медицинасын жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. 2015 жылы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мерзімі аяқталады. Жаңа жылда денсаулық сақтау саласын жетілдіруде бағыт-бағдар берер жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылданады деп күтілуде. Ұлт денсаулығы - табысты болашақтың негізі, бақытты өмірдің кепілі. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі ретінде еліміздің барлық аумағында сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етудің болғаны маңызды.

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА