Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Мұнай және табиғи тұздар мәселесін алғашқа зерттеушілердің бірі


19 декабря 2014, 10:15 | 1 224 просмотра



Қазақстан білімі ордасының қара шаңырағы 80 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әрқашанда жоғары, жан жақты терең біліммен сусындап, құрыштай шыныққан, білікті де парасатты да мамандарды дайындайтыны баршаға аян. Еліміздің түкпір-түкпірінде, сондай-ақ шетелдерде де осындай білілкті мамандар біздің университеттің туын тік ұстап, мерейін үстем етіп келеді. Сондай маманның бірі, атын үлкен әріппен жазуға тұратын, еліміздің белгілі ғалым – химиктерінің бірегейі химия факультетінің 1965- жылғы түлегі Төлеутай Төлеубекұлы Омаров биыл 29 – желтоқсанда 75 жасқа толар еді.

XVIII ғасырда белгілі неміс ғалымы Веллер «органикалық химия біздің заманымызда сондай бір керемет алпауыт сияқты түсінік тудырыып отыр, ол маған кіруге батылым жетпейтін, іші толған таңғажайып әлем, мүлгіген орман сияқты болып көрінеді» деп айтқан екен.

Осыған қарамастан, органикалық химия органикалық заттар өнеркәсібінің дамуының өмір тынысы болып отыр. Талай химиктердің зерттеулері негізінде ғылым ғарыштап дамып, бүгінгі күнде бұл сала ғылыми - техникалық прогрестің ең бір жетекші элементіне айналды. Органикалық химияның физикамен, биологиямен және техникамен тығыз байланысының барысында көптеген жаңа бағыттар пайда болып, нәтижесінде аса күрделене түсті.

Осындай ғылыми бағыттардың тоғысында қазіргі әл Фараби атындағы химия факультетінің түлегі Төлеутай Төлеубекұлы Омаров көптеген жылдар бойы ізденістер жүргізді. Оның бойына адам сезінетін таным шеңберін тереңдететін ғылымның күші барыншы мол дарыған еді.

Төлеутай Төлеубекұлы ғылыми зертхана жұмыстарында дайын тәсілдерді қолданбай, өзінің ойында пісіп жетілген, химия ғылымының түбегейлі дамуына үлкен мәні бар әртүрлі циклді, бициклді және циклдегі әртүрлі гетероатомдармен қаңқалы қосылыстарды синтездеудің әдістерін орынды қолдана біледі.

1965 жылдан бастап декалолдардың және олардың хлор мен литий туындыларының стереохимиясын зерттеу жұмыстарымен айналыса бастады. Физикалық және органикалық химияның, оның ішінде конформациялық талдау химиясы мен стереохимия саласына тікелей қатысты бұл зерттеулер оның диссертациялық жұмысының негізін қалады.

Содан 1971 жылы «Стереохимический аспект делокализации спаренных и неспаренных электронов в насыщенных системах» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап шықты. Бұл жұмыс алуан түрлі химиялық өзгерістерді түсіндірудің негізі конформациялық талдау үшін маңызды болып табылды.

Профессор Т.Т. Омаров Қазақстанның химик синтездеуші қауымын қалыптастыруға зор ықпал етті, әсіресе оған сеніп тапсырылған мұнай және табиғи тұздар химиясы институтында үлкен ынтамен, қажымас қайрат – жігермен тер төге еңбек етті. Ол шәкірттерімен біріге отырып 400 ден астам жаңа қосылыстар синтездеп, оның 120 астамы Қазақстан мен ТМД елдерінің сан алуан медициналық мекемелерінде биологиялық белсендіікке сынақтан өтіп оң бағаланды.

Көптеген қосылыстары туберкулезге қарсы және бактероциттік жоғары белсенділікті көрсететіні анықталды. Он қосылысы мал шаруашылығында дезинфекциялаушы құрарлдар ретінде Қазақ ветеринарлық ғылыми зерттеу институтында сынақтан өтіп практикаға ендіруге ұсынылған.

Омаровтың шәкірттерімен дайындаған келесідей препараттары практикадаға қолданысқа ендірілді:

· үш заты биологиялық белсенді химиялық реактив ретінде «Союзреактив» каталогына кірді;

· біреуі тиімді бактерицидтік препарат ретінде қолданылады.

Жаңа қосылыстарды ашып оны практикаға ендіргені үшін 1980 – жылы Т.Т.Омаров «ССРО өнертапқышы» белгісімен марапатталды.

Ары қарайғы ғылыми шығармашылығы конформациялық талдаумен байланысты болып жалғасын таба берді. 1983 ол «Конформационные эффекты азотистых производных бициклонана и адамантана» тақырыптағы докторлық диссертациясын талқылауға ұсынып оны өте жоғары бағада қорғап шықты. Т.Т. Омаровтың жүргізген ғылыми эерттеу жұмыстарының нәтижесінде бициклді және қаңқалы құрылымдардың полифункционалды туындыларын синтездеудің қол жетімді әдістерін дайындайтын жаңа ғылыми бағыт пайда болып дами бастады. Ол, егер де циклді кетондар қатарындағы нуклеофилді реакциялар бағдарланған конформациялық эффектілер механизмімен жүретін болса, онда бициклононан қатарындағы аминкетондар қатарында гетероатомның n-орбиталінің бағдарланған допинг-эффектілер механизмі арқылы өтетінін алғаш рет анықтап дәлелдеді.

Т.Т. Омаровтың зерттеулерінің негізінде органикалық химия ілімінде алғаш рет жаңа екі реакция ашылды; олар: 1) пиридиннің полициклді қосылытары мен 2) бір қос байланысы бар азоттыгетероциклді қосылыстар, бұлардың жаңашылдығы СССР авторлық куәліктерімен және ҚР патенттермен қорғалды. Оның ғылыми жұмыстары химия ғылымдарының басқа салаларының мамандарына да өте жақсы таныс. Т.Т.Омаровтың жүргізген кең көлемдегі органикалық қосылыстардың физика - химиялық зерттеулерінің мәліметтерін көптеген химиктер химиялық зерттеулерінде күнделікті қолданып келеді.

Оның «Атлас инфракрасные спектры пространственных изомеров производных декагидрохинолина» еңбегі де осы бағыттағы отандық және әлемдік әдебиеттердегі мәліметтерді алғашқы түйіндеген маңызды жұмыс болып табылады.

Т.Т. Омаров химия ілімінде валенттіемес әрекеттесулер құбылысын ашты. Валенттіемес әрекеттесулер валентті-байланыспаған атомдардың және орбиталдардың арасында жүзеге асады, сондай ақ, оның күші де, әлсіздігі де қосылыстардың құрылысына және көрші емес атомдар мен орбиталдердің өзара орналасуына тура тәуелділікте болады. Химия іліміндегі валенттіемес әрекеттесулер құбылысы туралы жаңа идеялары оның 1988 – жылы Алматыда ҚазССР ғылым баспасында жарық көрген 135 беттен тұратын «Азотты гетероциклдардың конформациялық эффектілері» монографиясында өте мұқият та орынды бейнеленген.

Мұнай және табиғи тұздар ғылыми зерттеу институтының директоры болып тұрған кезінде қазақ – ресей ғылыми – техникалық қоғамдастығының дамуына, кеңеуюіне және нығайуына аса зор үлес қосты. Оның бастамасымен осы институтта көптеген салалы және академиялық институттармен ғылыми байланыстар кең көлемде жүзеге асырылды. Институт органикалық химия мен мұнай химиясын алуан түрлі физика - химиялық әдістердің көмегімен зерттеулерге қажетті құралдармен жан-жақты жабдықтала түсті. Алғаш рет түгелдей Каспий жағалауларының және Қазақстанның басқа да бірқатар мұнай кен орындарына ғылыми – зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Мұнай және табиғи тұздар ғылыми зерттеу институтының ғылыми зерттеулерін тереңдетіп ары қарай дамыту мақсатында ол Топчиев атындағы Мұнай химия синтез институты, М.В. Ломоносов атындағы Нәзік химиялық технология институты, Әзірбайжан мұнай химия үдерістері институты, Киев политехникалық институты, Токио (Жапония) химиялық технология институты, Саратов мемлекеттік университеті сияқты әлемдік маңызы бар ғылыми орталықтармен тығыз шығармашылық байланыстар жасай білді.

Осы жылдары ол Гурьев қалалық кеңесінің халықтық депутаты, Д.И.Менделеев атындағы Бүкілодақтық химиктер республикалық қоғамы басқармасының мүшесі болып сайланды.

1990 - 2006 жылдар аралығында Алматы технологиялық университетінің жалпы және аналитикалық химия кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Кафедра меңгерушісі болып тұрғанда ол өзін дарынды педагог-тәлімгер екенін таныта отырып, бүгінгі күнгі атақты-атақты ғалымдарға ғылымның кең де сара жолдарын аша білді. Ғылыми, педагогикалық, инженерлік кадрлар дайындауда зор белсенділік танытып, ғылым кандидаттары мен докторлары дәрежесін ізденушілерге ғылыми жетекшілік жасады.

Ол дәрістерді екі тілде еркін оқи беретін. Қазақ тіліндегі баяндауларынан ана тілін терең меңгергені байқалып, ерекше шұрайлы болып тұратын. Қалжыңдары керемет және өте орынды айтылатын, тілге бай, шешен сөйлеуші еді. Алматы химиялық технология университетінде бірінші болып химия және химиялық технология бойынша оқулықтарды технологиялық оқу орындар үшін қазақ тілінде жаза бастады.

1995 – жылы жарияланымдарының рейтингіне байланысты "Interbioscreen" Халықаралық қоғамы Т.Т. Омаровқа «Гетероциклді қосылыстар химиясы» проблемасын шешуші химик көшбасшысы атағын берді.

Оның отандық ғылым мен білімге сіңірген еңбегі бағаланып, ҚР табиғаттану ғылым Академиясының және ҚР Жоғары мектеп ғылым Академиясының мүшесі болып сайланды.

Химия ғылымдарының докторы, профессер Т.Т. Омаровтың ғылыми іргелі жұмыстары отандық химия ғылымдарының, әсіресе органикалық синтездің және химиядағы валенттіемес әрекеттесулердің табиғаты салаларының қалыптасуына зор үлесін қосқандығын айта кету өте орынды.

Қазақтың ғұлама философ-ақыны Абай бабамыздың мына бір «Арттағыға сөзің мен ісің қалса, Өлсең де өлмегенмен боласың тең» деген нақыл сөзі осындай азаматтарға арналып айтылса керек.

Автор:
О.Я. Сулейменова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, химия ғылымдарының докторы.