3 сентября 2009, 18:15 | 2 804 просмотра
Адам баласы қандай дінде де, қандай елде де, қандай ұлтта да бір-біріне өте ұқсас қарапайым ғана пенде. Олардың қайғысы мен қуанышы, жеңісі мен жеңілісі, өкініші мен жетістігі, кемшілігі мен кемелдігі, жақсылығы мен жамандығы, адамгершілігі мен жауыздығы, адалдығы мен арамдығы, қулығы мен ақкөңілділігі, бары мен жоғы – бір-бірімен өте ұқсас. Бүгін жер бетінде қанша адам болса, соншалықты түр-түс, мінез-құлық бар.Былай қарағанда барлығы да ақиқаттың ақ жолын іздеп жүргендер сияқты көрінеді немесе сондай болып көрінуге тырысады. Ал, шындап тереңдеп үңілсең – мәселенің барлығы ондай емес. Неге?
Адамдардың бірін-бірі көре алмауы, бір-біріне ор қазуы, табан астында бірін-бірі алдап кетуге немесе бір-біріне қастық жасауға даяр тұратыны неліктен?
Небір алтынимен аптап, күміспен күптеп сарайлар салдырған, әлемнің түгелін болмаса да жартысынан астамын жаулап алған, сан миллион жазықсыз жандарды қырып-жойған әміршілер де бұл жалғаннан өтті. Солардың бірде көзі тірісінде жиған тау-тау алтынын, атақ-даңқын ана жаққа өзімен бірге алып кете алған жоқ. Сонда олар не үшін жанталасты, не үшін әлемдік өркениетті жермен жексен етті, не үшін асып-толды?
Осы ХХІ ғасырға дейін жер бетінде небір сойқан қырғындар болыпты, қисапсыз адам қандары судай ағыпты. Жеңіпті, жеңіліпті. Сонда осы екі жақтың қайсысы түптің-түбі аңсаған арманына жетіпті?!
Ол қандай әмірші болсын мейлі, қанішердің аты – қанішер, жауыздың аты – жауыз. Адам қанын судай шашқан, далаларды шаңға бөктіріп, қалаларды өртеп-қиратқан. Александрия мен Отырар сияқты қалалардың кітапханаларын өртеп күлге айналдырып, тіпті кейбірін мүлдем жойып жіберген Цезарьдан, Македонскийден, Шыңғыс ханнан, Наполеоннан, Гитлерден, Сталиннен соңдарында не қалды? Алғыс па, қарғыс па?
Цезарын, Македонскийін, Наполеонын... мақтаныш еткен қазіргі заманғы батыстық центристік тарихшыларды, басқа да қанішерлерді ұлы бабасына балаған әдебиетшілерді не деп түсінуге болады?
Сан мыңдаған жылдар бойы адамзаттың небір кемеңгер ақыл-ойлары іздеген шындық пен ақиқат осы ма? «Мен», «Мен» деп кеуде соққан пенденің не ойлағаны бар, сонда? Пенделіктің асып, қайда барамын дейді екен?
Менмендіктің түбі – құрдым немесе бейшаралық екенін ұғып түсінуге шама-шарқы мен өресі жетпеген жанды кім бағалайды? Тарих па, тобыр ма?..
Сұрақ көп, жауап жоқ!
Міне, біз өмір сүрген өмірдің қатал заңы осындай. Түптің-түбі адамзат баласы ақылына келіп, барлығы бір кісінің баласындай асқан төзімділікпен, қамқорлықпен, қайырымдылықпен, кешірімділікпен тату-тәтті өмір сүретін күн туар ма? Ақиқаттың ақ туы салтанат құрып, Жер бетінде желбірейтін шақ тым алыста жатыр ма?..