Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бірінші байлық – денсаулық


12 декабря 2014, 10:52 | 1 404 просмотра



Денсаулық сақтау мәселесіне мемлекет тарапынан әрдайым көңіл бөлініп отырады. Соның бір жарқын көрінісі – Елбасының Жарлығымен өткен жылы бекітілген денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы. Оны жүзеге асырудың белгіленген нақты жолдары бар.

Соның бірі адам бойындағы пайда болатын дертті алдын ала анықтап, аурудың алдын алуға бағытталған «скрининг» жүйесі. Алайда осы скрининг жүйесіне қаракөздеріміз оншалықты мән бермейтіндей көрінеді. Адам дүниеге келіп тіршілігін бастаған күн­нен бастап ағзада жасырын және созылмалы сырқаттар бірге бой көтере бас­тайтынын көбіміз естен шығарып алатынымыз шындық. Аурудың бастапқы кезеңін айқындауға септігін тигізетін, уақтылы ем қабылдап, сауығып ке­туін қамтамасыз ететін, сондай-ақ ас­қынуға, мүгедектікке және өлімге әкеліп соқтыратын аурудың күрделі түрінің асқынуын тоқтатуға мүмкіндік беретін скринингтік бағдарламаға қан­дастарымыздың бәрі бірдей елең етпейтіні өкінішті-ақ. Халықтың сау­лығын нығайту мақсатында  жүргізіліп жатқан скринингтік зерттеу тәсілінің енгі­зілгеніне он жылдай болып қалды.

Халықаралық зерттеулер мәлімет­теріне сүйенсек, асқынған аурулардың пайда болуына шылым шегу, дұрыс тамақ­­танбау, кәсіби канцерогенды әсерлер, иондаушы және ультра-күлгін сәу­­лелену, ішімдік ішу, атмосфералық ауаның ластануы, дене қимылының тө­мен­дігі секілді факторлар себеп болатыны анық.

Скрининг – бұл ерте сатыда ауруларды және одан келетін қауіптерді алдын ала анықтау деген ұғымды білдіреді. Олай болса белгілі бір жастағы, дені сау деген адамдардың да профилактикалық медициналық тексерулерден өтіп тұруы артық болмайды. Өйткені ол жаңа басталған аурулардың асқынуларын болдырмайды.  Скринингтік  тексерудің түрлері  көп, олар адамның ағзасын түгел қамтиды. Айталық, 40 жастан 70 жасқа дейінгі жас шамасындағы адамдар көздің қысымын міндетті түрде өлшетіп тұруы қажет. Ал 18 жас пен 64 жас ара­лы­ғындағы адамдардың қанындағы холестерин мен глюкозаның деңгейін анықтап отыру аса маңызды. Бұл зерттеулер ерте сатыда жүрек қан тамыр ауруларын, қант диабетін, глаукоманы, оның қауіп факторларын, сондай-ақ дертпен күресу қиын болғанда гепатитті және аса қауіпті асқынуларда инсульт, инфаркт, зағиптық, цирроз және бауыр обырын анықтауға, обырдың жаңадан пайда болуына ықпал ететін патологиялық өзгерістерді жоюға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, қатерлі ісіктің даму қаупін анағұрлым азайту үшін барлығымыз салауатты өмір салтының қағидасына кіретін бірнеше қарапайым ережелерді білуіміз қажет екен. Қатерлі ісік ауруының дамуында шылымның, артық дене салмағының әсері бары ұзақ жылдарғы зерттеулер арқылы дәлелденген. Осы орайда, үнемі дене шынықтырумен шұғылдану, мал етін аз тұтыну, көкөніс, сүт өнімдеріне көбірек сүйену, майлы және ащы тағамдардан бас тарту ғұмырды ұзартатыны белгілі.

Жалпы, скринингтік тексерулер жаппай жүргізілетін елдерде жатыр мойны, сүт бездері және тоқ ішек обырынан өлім-жітім күрт төмендегені жиі айтылып жүр. Аталмыш бағдарламаның бірден-бір басымдылығы сүт безі, жатыр мойны, тоқ ішек және тік ішек обыры, т.б. ісік ауруын ерте анықтауға және медицина қызметкерлерінің ісікті емдеуіне үлкен мүмкіншілік беруінде.

Ауруды анықтау және алдын алу тиімді екені дәлелдеуді қажет етпей­тін жағдай. Осыны біле тұра көптеген қандастарымыз өздері тір­кеуде тұратын медициналық мекемеге барып скринингтік тексеруден өтуге құлықсыздық танытады. Жұмыс­бас­тылыққа салынып дәрігерге қаралуға уақыт таппайтындардың қатары көп.

Денсаулыққа салғырт қарауға болмайды. Өйткені бірінші байлық – денсаулық.

Автор:
Нұрлан ҚҰМАР, «Ана тілі»