Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Донор болу –азаматтық парыз


28 ноября 2014, 09:47 | 2 285 просмотров



Қан тапсыру – өмiр мен өлiм арасында жатқан адамды ажалдан арашалап қалудың бір жолы. Қараша айының 25-27 күндер аралығында Талдықорған қаласы Әскери госпиталі базасында 300-ге жуық әскерилер ақысыз донор болды. Аталған акцияны Алматы облысытық қан орталығы және Талдықорған қаласы әскери госпиталі ұйымдастырды.

Адам өміріне араша болуға ниеттеніп, өтеусіз қан тапсырғысы келген әрбір жанды қан орталығы мамандары қуана қарсы алды. Донор болып қан тапсыруды –азаматтық міндет деп түсінген әр жас жауынгерлер адам өмірін сақтап қалуда үлес қосу сауапты іс екенін айтуда. Үш күн ішінде қан тапсыруға шамамен 300-ге жуық әскерилер келді. Олар қан тапсырар алдында дәрігерлік және зертханалық тексеруден өткізілді. Әр донордан 450 грамм шамасында қан алынды. Облыстық қан орталығы мамандары аталған акцияны ұйымдастыруда Әскери госпиталь қызметкерлеріне алғыс білдірді. Ал госпиталь мамандары өз кезегінде бұндай шараны дәстүрге айналдырудың маңыздылығын айтты.

Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша әр 1000 тұрғынға 50 донор болса, емдеу мекемелерінің қанға деген мұқтаждығы толығымен қамтылады. Бүгінде Қазақстанда әр 1000 тұрғынға 18 донордан келеді. Алматы облысында да қан тапшылығы байқалады.

Дәрігер-фузиолог Сажида Молаеваның сөзіне сүйенсек, жоспар бойынша Облыстық қан орталығына жоспар бойынша жылына 8000 донация өткізілуі қажет. Жыл басынан бері шамамен 7400 донация қабылданған екен. «Облыстық қан орталығы аймақтағы барлық медициналық мекемелерін қан және қан компоненттерімен қамтамасыз етеді. Донор қанына қажеттілік Алматы облысында жоғары. Қан құю арқылы ғана өмірді сақтап қалуға болатын ауру түрі өте көп. Бұған гемофилия, қан аздығы, бауыр, қатерлі ісік пен күйік алу т.б. дерттерді қосуға болады. Аяқасты апат жағдайында немесе күрделі операция кезінде донор қанын құю қажеттілігі туады. Әсіресе, донор қаны босанған ананың өмірін сақтап қалуға өте жиі қажет» -дейді Облыстық қан орталығы маманы.

«Үш күн бойы өткізілген қан тапсыру шарасы жоспарлы түрде орындалып отыр. Осындай шара биылғы жылы көктем мезгілінде де өткізілген. Қан орталығына көмек көрсетейік деп әскери горнизоннның бөлімдеріне хат жолдап, бөлім командирлерімен әңгіме жүргіздік. Жауынгерлер өздерінің қалауымен, ерікті донор болуға келісім берді. Көктемде шамамен 100-ден астам донор келген. Бүгінгі шарада бұдан екі есе донордан қан алу жоспарланды. Уақыт өткен сайын әскерилердің де, қарапайым халықтың арасында ақысыз қан доноры болғысы келетіндердің саны артқаны қуантады. Келесі жылы да осындай донорлық акциясын көктем және күз мезгілдерінде тағы өткізуді жоспарға енгіздік» -дейді Талдықорған әскери госпиталінің басшысы Асқар Көлбаев.

Ақысыз донорлық акцияларын Облыстық қан орталығы Талдықорған аймағы бойынша жиі өткізеді. Аудандарға, елді мекендерге шығып, донор қаны қорын жыл бойы жинақтау жолға қойылған. Жыл сайын өткізілетін осындай қайырымдылық акциялардың нәтижесінде соңғы жылдары қоғамның қан донорлығы мәселесіне деген көзқарасы оңтайлы бола бастады.

Орталықта қауіпсіздік қатаң бақыланады. Донор қанын немесе оның компоненттерін дайындау ісі толығымен бір рет қана қолданылатын системалар арқылы атқарылады. Донор мен рецепиенттің (науқастың) денсаулығына қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында дәрігерлер бірнеше тексеріс кезеңін жүзеге асырады. Қан орталығының зертханаларында қан арқылы жұғатын ВИЧ инфекциясы, В және С гепатиттері, сарып пен мерезге зертханалық сараптама жүргізіледі. Зертханада тексерілмеген қан науқасқа құюға жіберілмейді. Айтпақшы, адам қан орталығында қан тапсырғанда өз денсаулығын тексертіп, ақысыз зертханалық тексеруден өте алады.

Автор:
ЖД ақпарат