Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қазіргі заманға сай білікті ұйымдастырушылар керек


28 ноября 2014, 09:43 | 1 795 просмотров



Қарашаның 24-күні ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі С.З.Қайырбекова Павлодарда «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары және 2016-2020 жылдар кезеңіне арналатын жаңа бағдарлама жобасына қатысып, республикалық жиын өткізді. Кеңеске облыстардың, Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының жетекшілері қатысты. Жиын барысында «ҚР Президентінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау жайы талқыланды. Жолдауда денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламалары жалғасатыны атап көрсетілгені белгілі.

Сондай-ақ, Салидат Қайырбекова жиынға қатысушылардың назарын денсаулық сақтау жүйесіндегі бірқатар өзекті мәселелерге аударды. Біріншіден, денсаулық сақтау ұйымдары жетекшілерінің менеджмент деңгейін арттыру керек. Соңғы 3 жылда елімізде 7 мыңнан астам денсаулық сақтау менеджері оқытылды. Бірақ, бұл үрдіс үздіксіз, тұрақты негізде іске асырылуы тиіс. Жалпы, денсаулық сақтау жүйесіне жергілікті жерлерде сауатты және мінсіз басқара алатын қазіргі заманға сай білікті ұйымдастырушылар қажет. Ал олардың қызметтерінің тиімділігі медициналық қызметтер сапасымен, медициналық қызметкерлерді ынталандыруымен, оның ішінде сараланған еңбекақы жүйесімен өлшенуі тиіс. Осыған орай Министрлік медициналық ұйымдардың бірінші жетекшілеріне қойылатын біліктілік талаптарын әзірледі. «Жергілікті атқарушы органдар медициналық ұйымдардың басшыларын тағайындаған кезде ол талаптарға атүсті қарамауы керек, өйткені мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы көп жағдайда солардың біліктілік деңгейіне байланысты»,-деді Бірінші вице-министр.

Жиында медициналық жоғары оқу орындары түлектерін жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінді. Бұл орайда Салидат Қайырбекова Министрлік пен өңірлер арасында қол қойылған Келісімде жас мамандарға барлық тиісті жағдайлар жасалу керектігі көрсетілгенін еске салып өтті.

Сондай-ақ, Бірінші вице-министр бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында зертханалық және диагностикалық қызметтердің қайталануын болдырмауды тапсырды.

Ірі орталықтағы білікті мамандардың кеңесін тікелей режімже алуға мүмкіндік беретін телемедицинаны белсенді пайдалану жайы да талқыланды. 2013 жылы телемедициналық кеңестер саны 12% артып, 18 мыңға жуықтады.

Мемлекет басшысының Жолдауы аясында жаһандық қаржы саласындағы жағдайға қарамастан мемлекет әлеуметтік міндеттемелер көлемін қысқартпайды, бұл өз кезегінде бюджеттен бөлінген әрбір теңге үшін медицина қызметкерлерінің жауапкершілікті арттыра түседі.

Автор:
ҚР ДС ӘД министрлігінің баспасөз қызметі