28 ноября 2014, 09:31 | 2 030 просмотров
ҚАЙТАРЫМСЫЗ НЕСИЕ қайырымы жоқ банктерге де қиын тиюде
Бүгінде қоғамда ауру мен әдетке айналған несиенің дәурені жүріп тұр. Несие алып, айға бойымыз жетсе, екіншісін алып, күнге қолымызды жеткіземіз дегендердің берешегі соңғы көрсеткіш бойынша 3 триллион теңге шамасына жеткен.Ел азаматтарының банкке қарызы 2 триллион 600 миллиард теңгені құрайтындығын Ұлттық Банк мәлімдеді. Яғни өткен жылмен салыстырғанда несие алу 25 пайызға өскен. Әсіресе, үстеме пайызбен қарыз алудан астаналықтар мен алматылықтар еш сескенбейтін болып шықты. Қос шаһар тұрғындарының борышы – 1 триллион 182 миллиард теңге. Қыркүйек айында 24 млрд. теңгені екінші деңгейлі банктер клиенттеріне үлестірген. Бас қала тұрғындарының берешегі – 196 млрд.-қа жетсе, оңтүстік астана тұрғындары – 985 млрд. теңге қарыз. Ал несие алуға қызықпайтын, көрсеткіші төмен аймақ – Солтүстік Қазақстан облысы екендігі анықталды. Бұл турасында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі бақылау бөлімінің басшысы Олжас Қизатов: «Шамадан тыс несие алу мәселесін біз бұрыннан бері көтеріп келеміз. Үкіметтік деңгейде де. Өйткені бұл қаржылық дағдарысқа әкелу қаупін күшейтіп отыр. Яғни банк¬тер берген несиесінің көбін қайтарып ала алмай жүр. Сондықтан біз бұл заңға біраз өзгерістер енгіздік. Енді несие беру мөлшерін азайтамыз», – дейді. Қаржы саласының басы-қасында жүргендердің арасында да несиелеу жүйесін сынаушылар жоқ емес. Десе де, көбі кінәратты несие алушыға артады. «Бұдан елімізде әлі қаржылық сауатсыздықтың белең алып отырғанын көруге болады. Көбі несиені аламын да, төлей саламын деп ойлайды. Бірақ үстеме пайызының барын есептемейді. Содан тапқан-таянғанын банкке ұстатуға мәжбүр», – дейді Қаржы қызметтерін тұтыну одағының төрағасы Айдар Әлібаев. Анықталған сома – 2,6 триллион тұтыну несиесінің есебінде жиналған қарыз көрсеткіші ғана. Бұдан бөлек ипотекалық және автонесие есебінде алынған миллиардтаған қарыздар тағы бар. Яғни бірнеше триллион қарыздың да орны толмай отыр деген сөз. Ал өндіріс орындары алған несиелердің қарасы онда да қомақты болуы бек мүмкін. Оңтүстік астана жұртының берешегі 1 триллионға жеткенін ескерсек, қаланың әрбір тұрғыны банкке 1 жарым миллион теңгеден төлеуі тиіс екен. Ал 2 триллион 600 миллиард теңгені құрайтын жалпы қарызды бөлсек, әрбір қазақстандықтың 163 мың шамасында қарызы бар деген сөз. Банк институттары алынған несиенің 30 пайызы дер кезінде төленбейтіндігін де айтады. Халыққа және өндіріс орындарына есепсіз берілген несие қайтпай, соның салдарынан банктер қарызға белшесінен батып отыр.
Банк – қайырымдылық қоры емес
Қайтарымы жоқ несиелермен айналысатын «Проблемалық несиелер қоры» 2012 жылдан бастап жұмыс істейді.Оның жұмысы Коммерциялық банктердің балансындағы тек өндірістік активтермен қамтамасыз етілген проблемалық несиелерді сатып алу. Сонымен қатар, өндірісті зерттеп, қайта жарақтайды. Өткен жылы Ұлттық қордан 1 триллион теңге алынып, оның 25 миллиарды осы қорға берілген болатын. Биыл да дәл сондай 250 миллиард теңге бөлініп отыр. Банктердегі сектор жүйесін сақтандыру үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған шара несие алушыларға ешқандай көмек бере алмайды. Десе де, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов мырзаның сөзіне сенсек, осы жылы проблемалық активтердің көлемі 740 млрд. теңгеге төмендеген. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің мерзімі өтіп кеткен заемдарын төмендету бойынша бірыңғай саясатты бекіткенін мәлімдеген болатын. «Нәтижесінде, жыл басынан проблемалық активтердің көлемі 4,9 трлн. теңгеден 4,2 трлн. теңгеге дейін немесе 740 млрд. теңгеге жуық төмендеді. Негізінен банктер нашар несиелер деңгейін портфельден 15 пайызға дейін төмендету мақсатын орындайды деп күтудеміз. Атап айтқанда, таяуда республикалық бюджетті нақтылады. Ондағы өзгерістің маңызды баптарының бірі Проблемалық несиелер қорын 250 миллиард теңгеге капиталдандыруға байланысты», – деді Ұлттық банк төрағасы. Бұл мәліметке қарамастан, елімізде қайтару мерзімі өткен және жұмыс істемейтін несиелердің үлесі артып келеді. Кейбір банктердің несие қоржынының 80 пайыздан көбін проблемалық несиелер құрайды. Ұлттық банктің қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалау комитетінің деректеріне сәйкес, екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) несиелендіру көлемі 2009 жылы төмендеп, 8974, 27 миллиард теңге болған. Одан кейінгі жылдары несиелендіру көлемі өсіп, берілген несиелердің сомасы былтыр рекордты деңгейге – 11 657,87 миллиард теңгеге жеткен. Ескеретін тағы бір жайт, Қазақстанның банк саласының несие қоржынының құрылымы әрқалай.
Несиелердің жалпы сомасының 45,6 пайызы түрлі салаларға берілген. Бір қызығы, барлық несиенің 63,2 пайызы Алматы қаласына, ал 10,1 пайызы Астана қаласына тиесілі екен. Яғни бұл екі қаланың несиелік үлесі 73,3 пайыз, тек 26,7 пайызы елдің қалған аумағына тиесілі екендігі анықталған.
Өткен жылы тұтынушылық несиелердің үлесі 3,1 пайызға артып, ЕДБ-дегі жалпы несие көлеміндегі оның үлесі 15,4 пайыз болды. Ал несиені қайтарудың жөні бөлек. Қарызды қайтару проблемасы банк жүйесінің дағдарысы кезінде қатты ушықты. Қайтару мерзімі өтіп кеткен және жұмыс істемейтін несиелердің үлесі 2008 жылдың басында жалпы несие сомасының тиісінше 12,25 және 7,53 пайызына тең болса, кейін бұл көрсеткіштер барлық берілген несиенің үштен бір бөлігіне дейін көтеріліп барып, тұрақтады.
Мемлекет меншігіне өткен БТА банктің несие қоржынының 87 пайызын проблемалық несие құрайды. 2013 жылдың қаңтарының 1-індегі есеп бойынша, жұмыс істемейтін несиелердің қомақты бөлігі мына банктердің үлесінде: «Нұрбанк» – 50,0 пайыз, «Темірбанк» – 46,76 пайыз, «Альянс Банк» – 44,53 пайыз, «Қазкоммерцбанк» – 40,43 пайыз. Қазақстан банктері соңғы жылдары берген несиелердің жалпы сомасының жартысына жуығы (47,1 пайыз) осы банктердің үлесіне тиеді.
Несие тарихының тамыры тереңдеп барады
Бірде алып жығатын, бірде шалып жығатын банктерден айла-амал артылған ба?! Қарыз алып, дымы құрып, діңкелеп жүргендерге арнайы «несие тарихын» жасап қойған. Келісілген талаптарды бұзсаңыз, «несие тарихыңызға» сызат түсіп, «қара тізімге» енесіз. Несие тарихын қадағалайтын ұйым – Қазақстандағы «Бірінші несие бюросы» ЖШС – коммерциялық ұйымның жұмыс істегеніне бірнеше жыл болған. Онда еліміздегі барлық борышкерлер туралы мәліметтер сақталады. Несие бюросы туралы заңға 2004 жылы қол қойылған. «Бірінші несие бюросымен» жұмыс істейтін екінші дәрежелі банктер қатарында «Альянс Банк», «АТФ Банк», «Банк ЦентрКредит», «Қазақстанның ұлттық банкі», «Астана Финанс», «БТА Банк», «Казкоммерцбанк», «Цеснабанк», «Сreditinfo» бар. Дәл осы аталған банктер клиент туралы барлық мәліметті аталған бюроға жіберіп отыруға міндетті. Одан бөлек Қазақстандағы 39 коммерциялық банк пен банк операцияларын жүргізетін компаниялар несие бюросына ерікті түрде борышкер туралы мәлімет жіберіп отырады. Несие бюросында барлық мәліметтер 10 жыл бойы сақталады. Осы уақыттар ішінде ол мәліметтерді өшіру мүмкін емес. Бір рет несие тарихы бұзылса, 10 жыл бойы одан құтыла алмайсың деген сөз. Несие бюросы туралы заңға сәйкес, клиент туралы ақпарат несие төлеу уақытын кешіктіру 180 күннен асып кетсе нашар болып есептеледі. Жылына бір рет әрбір азамат немесе заңды тұлға өзінің несие тарихын тексеріп отыра алады. Мамандардың айтуынша, алаяқтыққа жол бермеу үшін, яғни біреудің атынан біреу несие алып қоймауы үшін жылына кем дегенде екі рет несие тарихын тексеріп отыру керек. Банк мамандары несие тарихы бүлінген адамдар бірден ірі сомаға тапсырыс бермеуі керек екендігін ескертеді. Түптің түбінде қарыз берген банктер борышкерлерінің қаққанда қанын, соққанда сөлін алатындығы анық.
Несиесіз күн бар ма?
Қазақстанда жеке тұлғалар екінші деңгейлі банктерде көбіне 3 млн. теңге көлеміндегі несиені алады. Бәсекелестік банктерді қауіп-қатерге баруға итермелеп отыр. Кепілзатсыз берілетін несие нарығында 6 банк тек бір құжаттың көмегімен несие беруге дайын. Қандайда бір арнайы шарттармен шектелмейтін жеке тұлғаларға кепілзатсыз берілетін несие сегментінде 20 екінші деңгейлі 26 банк ұсыныс жасап отыр. Оның ішінде ЕДБ біріктірме несие қоржынындағы үлесі 1 пайыздан асатын 13 ірі банк бар. Еліміздегі ірі банктерде 36 және 60 ай мерзіміндегі несиелер халық арасында зор сұранысқа ие. Кепілзатсыз берілетін несиенің мерзімі 18 бен 60 ай аралығын қамтыса, жиі алынатын несие соммасы – 3 млн. теңге. Банктер беретін ең төменгі несие мөлшері – 150 мың теңгені, ал ең жоғары шекті сомма 5 млн. теңгені құрайды. Нарықтағы орташа тиімді мөлшерлеме 26,37% деп көрсетілген. Ең төменгі тиімді мөлшерлеме 17,3%-ды құраса, ең жоғарғы көрсеткіш 35,17% көлемінде. Халық арасында көбіне несие теңгемен алынады.