Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Дәрі-дәрмек өзімізде өндіріле бастады


21 ноября 2014, 13:42 | 1 493 просмотра



Облыста кәсіпкерліктің көк¬жиегі кеңейіп, өнер¬кәсіптегі шағын және орта бизнестің үлес салмағы жыл өткен сайын артып келеді. Сондай-ақ, кәсіпкерлер біздің өңір үшін тың саланы игеруге талаптанып, жаңа өнімдер өндіруді қолға алуда. Бұдан бірер жыл бұрын «Велес Актобе LTD» ЖШС дәрі өндіретін цех ашып, пайдалануға берген болатын.

– Бұрындары дәрі-дәрмектің басым бөлігін алыс-жақын шетелдерден алып келдік. Шымкенттегі жалғыз фармацевтика зауытынан басқа отандық дәрі-дәрмек өндіретін өндіріс орны жоққа тән болатын. Елбасы алға қойған міндеттерді жүзеге асырудың тиімді бастамалары, тиянақты жобалары өмірге жолдама ала бастады. Біздің «Велес Актобе LTD» ЖШС-інің дәрі шығаратын зауыты осындай игі ізденістің нәтижесінде өмірге келген кәсіпорын. Бұл осы серіктестіктің «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірігіп жүзеге асырған жобасы. Біз әуелі өткізу рыногына маркетингтік зерттеу жүргіздік. Соның нәтижесінде біз шығаратын дәрі-дәрмектердің сұранысқа ие екенін бағамдадық. Өндірістік технологияны негізінен өзіміз жасадық. Өнімдерімізді әзірге Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында өткізудеміз, алда еліміздің барлық қалаларын қамтамасыз етуді ойластырудамыз, – дейді «Велес Актобе LTD» ЖШС директоры Гүлнәр Иманалина бізбен әңгімесінде.

Бұл өндіріске шикізат шетелден, соның ішінде, Еуропа мен Үндістаннан әкелінеді. Жергілікті өндірісшілер жеті түрлі таблетка және капсулды дәрілер шығарады. Олардың арасында вирусқа қарсы ацикловир, мидағы қан айналымын реттейтін винпоцетин, сондай-ақ, флуконалоздың екі түрі бар. Компания бұдан басқа диареяға қарсы қолданылатын лоперамид, асқазан ауруларының дәрісі – омепразол, доксициклин өндіріп, тұтынушыларға ұсынып отыр. Қазір бұл кәсіпорын шығаратын дәрілер облыстан да тысқары өңірлерге өткізілуде.

Бұл Батыс Қазақстанда дәрілік препараттар шығаратын бірден-бір кәсіпорын болып табылады. Өндіріс орны енді-енді жобалық қуатына шығып келеді. Мұнда өндірілген өнімдерді өткізу рыногы кең. Компанияда 16 адам еңбек етеді. Шағын зауыт толық жобалық қуатына шыққанда жылына 12 миллион құтыға дейін дәрі шығару көзделуде. Жобаны жүзеге асыруға 140 миллион теңге жұмсалды. Компания үш түрлі дәрілік сироп шығаруды да ойлас¬тыруда.

Үстіміздегі жылы Ақтөбе қаласында тағы бір дәрі өндіретін кәсіпорын пайдалануға берілді. Оны «ТК Фарм Актобе» ЖШС іске қосты. Қазіргі таңда мұнда жөтелге қарсы сироп өндіру жолға қойылды. Сондай-ақ, мия мен пертуссин сироптары шығарылады. Бұл дәрілік сироптар тұтынушыларға бұрыннан таныс, кең қолданылады. Жаңадан іске қосылған кәсіпорынның жалпы құны – 245 миллион теңге тұрады. Аталған қаржының 198 миллион теңгесі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие ретінде берілген. Сондай-ақ, «ТК Фарм Актобе» ЖШС мемлекеттік бағдарламаның инфрақұрылымдық қолдауына ие болды. Зауытқа баратын жолға тас төселіп, су мен кәріз жүйелері жүргізілді. Компания директоры Жаңагүл Төреханованың айтуынша, қазір мия тамырынан шәрбат дайындау жұмыстарына кірісіп, тұндырып қойған. Отандық өнім болғандықтан, бағасы да арзан болмақ.

Міне, бұл кәсіпорындарды өңірде дәрі өндірісі қалыптасып келе жатқанының нақты көрінісі деуге әбден болады. Жаңадан ашылған кәсіпорындар аяғынан қаз тұрып кеткен соң өнім түр¬лерін молайтуды да қолға ал¬мақ. Ақтөбеліктер қазірдің өзін¬де осы кәсіпорындарда өнді¬рілген дәрілердің сапасына риза¬шылығын білдіруде. Шағын және орта бизнестің фармацевтика сала¬сын дамытуға бет бұруын жер¬гілікті билік те қолдауда. Мұн¬дай кәсіпорындардың қатары алда да көбейе түсетініне сенім мол.

Автор:
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».