Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Райымбек ауданында 250 орындық жаңа емхана қолданысқа берілді


21 ноября 2014, 13:41 | 1 606 просмотров



Райымбек ауданы Кеген ауылында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында жаңа 250 орындық емхана ашылды. Медицина ғимаратының салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі А.Баталов бүгінгі ашылып отырған емхананың білікті мамандармен және заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталуы тұрғындардың егде және жас бөліктерінің еш қиындықсыз көмек алуына өз септігін тигізетінін жеткізді. .Өздеріңізге белгілі, бұл емхана Елбасымыздың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында және шекаралық аймақтардағы тұрғындарды сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз ету, түрлі аурулардың алдын алу жұмыстарын жүргізу мақсатында салынды.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев халықтың денсаулығы – ең басты байлық деп нақты айтқан болатын. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыра беруіміз қажет, - деп атап өтті Амандық Баталов. Айта кететін жайт, бұл емхананың құрылысы 2013 жылы басталған болатын. Жобаның жалпы құны – 1,6 млрд. тг. Жалпы аумағы 2,9 мың шаршы метрді құрайтын 3 қабатты емхана ғимараты бір уақытта 250 емделушіні өзіне жатқыза алады. Аталған емханада терапевт, хирургия, диагностикалық кабинеттер, әйелдер кеңесі, жұқпалы аурулар бөлімі, 10 адамға арналған күндізгі емдеу стационары мен ота жасау блоктары орналастырылған.

Медицина қызметкерлерінің айтуы бойынша, осындай әсем, кабинеттері кең жаңа медицина орталығында жұмыс істеу әр дәрігердің арманы.