Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

НАУҚАСТАРДЫҢ 50%-Ы ДИАГНОЗЫН БІЛМЕЙДІ


21 ноября 2014, 13:37 | 1 619 просмотров



Жер шарының шамамен 285 миллион тұрғыны қант диабеті немесе қазақша атауы сусақ ауруының құрығына іліккен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының болжамына сәйкес, бұл дертке шалдыққандардың саны 2025 жылы 380 миллионға жетеді деген қауіп бар. Мамандар сөзіне сүйенсек, науқастардың 50 пайызы өздеріндегі диагноз туралы білмей келеді, себебі диабет жасырын түрде де дами алады.

Дерек пен дәйек

Статистикалық мәліметтер бойынша қант диабеті әлемде жүрек-қан тамыр және онкологиялық аурулардан кейінгі үшінші орынды иемденеді. Бүгінгі таңдағы болжауларға сүйенсек әрбір 15 жылда диабет науқас саны екі есеге көбейеді делінген.

Дегенмен, қант диабеті «қадағаланатын» аурулар тобына жатады, яғни асқыну қаупін болдырмау үшін аурудың ағымын қадағалап отыруға болады.

Аурудың бұл түрі және оның асқынуы - адамдардың қайтыс болуының негізгі себептерінің бірі. Бейресми мәліметтер бойынша, Қазақстанда шамамен 900 мың адам диабетпен ауырады. 2012 жылы қант диабетіне шалдыққандардың өсімі 20 мың шамасында болды. Халықтың медицина саласындағы сауатсыздығына байланысты, қант диабетімен ауыратындардың нақты саны жоқ. Адамдар уақытында дәрігерге қаралмайды, ал мұның салдары ауыр. Мамандардың пікірінше, бұл дертке шалдығу қаупі дәл қазір мейлінше арта түскен. Бұған басты себеп — адамдардың аз қимылдауы, шектен тыс салмақ қосуы, ұн өнімдерін көп пайдалану, майлы және қуырылған тамақтарға көбірек құмарлық, т.б. Ауруға ем іздегенше, ауырмаудың жолын ойлау қажет. Әсіресе, әңгіме диабет сияқты дерт туралы болғанда, оны тереңірек ұғыну керек. Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылу үстінде. Тоғыз бөлімнен тұратын бағдарламаның басты бағыты — әлеуметтік маңызы зор ауруларды алдын ала анықтау, скринингтік зерттеулер жүргізу, емдеу және қалпына келтіру жұмыстарына баса назар аудару.

Эндокринолог мамандардың сөзіне сүйенсек, Қазақстанда бүгінгі күні қант диабетін емдеуде помпа терапиясы қолданылады. 5-15 жас аралығындағы барлық балалар осы емді алу мүмкіндігіне ие. Бұл терапия инновациялық құрылғы арқылы үздіксіз тері астына инсулин енгізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, тұрақты мониторинг жасауға болады. Қазіргі уақытта тек 5-15 жас аралығындағы балалар ғана емес, бес жасқа дейінгі және 15 жастан кейінгі балаларға осы емді қолдану жағы қарастырылуда. Мұнымен қатар бұл технология қант диабетімен ауыратын жүкті әйелдерге дені сау сәбиді дүниеге әкелуге де мүмкіндік береді.

Қарсы күрес күні

14-қараша –қант диабетіне қарсы күрес дүниежүзілік күні деп 1991 жылы Халықаралық диабет федерациясы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгіледі. 1922 жылдың қаңтарында канадалық жас ғалым Фредерик Бантинг тарихта тұңғыш рет қант диабетінің аса ауыр түрімен сырқаттанған 14 жастағы ұл балаға инсулин инъекциясын жасап, оның өмірін құтқарып қалды. 2007 жылдан бері Қант диабетіне қарсы күрес дүниежүзілік күні БҰҰ-ның ұйымдастыруымен өтеді. 1891 жылдың 14 қарашасы күні Ф.Бантингтің дүниеге келген еңбегін мәңгі есте қалдыру мақсатында таңдап алынды. 1989 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы «Диабеттің алдын алу және бақылау туралы» қарарды қабылдады, ол диабетті зерделеу мен емдеудегі бағдарламалық құжатқа айналды.

Жыл өткен сайын көптеген елдер диабетке қарсы күрес дүниежүзілік күнін жұртшылыққа осы аурудың проблемалары туралы ақпараттандыру үшін пайдалануда.

Қаржыландыру

Бүгінгі күні Денсаулық сақтау министрлігінің басты мақсаты диабетпен ауыратындарға жан-жақты толықтырылған ем жүргізу және мүгедектілік пен өлімді азайту үшін ауруларды сапалы дәрілік заттармен үздіксіз қамтамасыз ету. 1996 жылдан бастап республикалық бюджеттен диабетке қарсы препараттарды сатып алуға қаржы бөлінуде және оның көлемі жыл сайын өсіп келеді.

Егер қант диабетімен ауыратындарды емдеуге 2003 жылы 1,1 млрд теңге қаржы бөлінсе, 2013 жылы ол 4,2 есеге артып, 5 млрд теңгеге жетті.

Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып мемлекеттік бюджет есебінен сатып алуды жүргізді және 1 типтегі қант диабетімен ауыратын балаларға арналған инсулин – инсулиндік помпаны жеткізудің инновациялық заттарын тәжірибеге енгізді.

Қазіргі кезде қант диабетімен ауыратын 5 жастан 15 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер инсулиндік помпамен қамтамасыз етілген, 2014 жылдан бастап Министрлік басқа жас категориясындағы балаларды инсулиндік помпамен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.Түрлі елдерде инсулиндік помпаны қолдану көмірсулар алмасуының компенсациясы,гликемия сапасының бақылауы мен қант диабетімен ауыратын балалардың өмір сапасының жақсарғанын көрсетеді.Мемлекеттің қант диабетінің мәселесі бойынша жүргізетін барлық іс-шараларының негізі мақсаты – Сент-Винсент Деклорациясына қол жеткізу болып табылады. Ол декларация диабетпен ауыратындардың өмір сүру сапасы мен ұзақтығын дені сау адамға тән параметрлерге дейін жеткізуге бағытталған.

Әлемнің алпауып елдері де қант диабетімен қарсы күреске қыруар қаржы жұмсайды. 1997 жылы тек Америка Құрама Штаттарының өзінде ғана диабет пен оның салдарынан туындайтын ауруларды емдеуге арналған шығындар 44 миллиардтан астам долларды құраған. Кейбір елдерде диабетті емдеуге арналған шығындар денсаулық сақтау саласына жұмсалатын барлық шығындардың негізгі бөлігін құрайтын көрінеді.

«Сусаққа» шалдықтыратын сусындар

Израильдегі Вейцман атындағы ғылыми-зерттеу институтының зерттеушілері диеталық сусындардың құрамындағы аз калориялық тәттілендіргіштің салмақтың артуы мен сусақтың (қант диабетінің) тууына себепкер болатынын мәлімдеді.

Британиялық Daily Mail басылымы хабарлағандай, қантты алмастырғыш заттар жануарларда сусақтың алғашқы белгілерінің тудырғанын байқап, зерттеушілер тәжірибенің екінші кезеңін адамдардың қатысуымен жасаған.

Олар жасанды тәттілендіргішті пайдаланған 400 адамды зерттеп, олардың организмінде өзгеріс болғанын аңғарған.

Бұл адамдардың салмағы артып, глюкозаға төзімділігінің бұзылғанын байқаған. Израильдік әріптестерінің зерттеу нәтижелерімен танысқан британиялық ғалымдар бұл нәтижеге мұқият қарауға шақырып, ең пайдалы сусын су екенін атап өтті.

Автор:
Мәдина Омарқұлова