Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Медицина қызметкерлерінің мүддесін қорғайтын ұйым


14 ноября 2014, 17:53 | 1 953 просмотра



Бүгінде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізінде, Президент Жолдауын іске асыру мақсатында денсаулық сақтау саласында көптеген игі шаралар атқарылуда. Медициналық қызмет көрсетудің қолжетімдігі мен сапасын арттыруға Қаратал аудандық орталық ауруханасының қызметкерлері де өз үлестерін қосуда.

Қаратал аудандық орталық ауруханада 570 адам қызмет етеді. Барлықтары кәсіподақ мүшесі. Ұжым әкімшілік пен кәсіподақ ұйымының бірлесе отырып қабылдаған «Ұжымдық шарты» негізінде жұмыс жасайды. Осы ұжымдық шарт қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, ұжымның қызметіне қолайлы жағдай жасау үшін жасақталды. Кәсіподақ ұйымы мекемеде қызмет ететін жоғары, орта, кіші буын қызметкерлерінің бәрінің мүддесін қорғауда көптеген шаруа тындырып жатыр, қызмет ететін әріптестерінің әлеуметтік, экономикалық проблемаларының шешілуіне әрдайым ықпал етеді. Олардың ең маңыздысы, жас мамандарға пәтер беру мәселесі әрдайым күн тәртібінде. Біздің ұйымның әр мүшесі өзін толғандырған мәселеге байланысты кеңесті де осы кәсіподақтан ала алады.

Медицина саласындағы өзекті мәселелердің бірі – қызметкерлердің еңбегін қорғау және жұмыс жағдайының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Дәрігерлер мен медбикелердің орындарының қауіпсіздігі әрдайым кәсіподақтың бақылауында. Себебі, олардың жұмыс барысында залалды факторлар мен қауіпті жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы бүгінгі күні жедел жәрдем бекетінің барлық қызметкерлерінің жұмыс жағдайларының жақсаруына зор мүмкіндік бар.Сол сияқты ұжым шарт бойынша зертхана қызметкерлеріне күнделікті сүт берілуі қарастырылған.

Ауылда еңбек ететін медицина саласының мамандарына коммуналдық төлемдерді төлеуде жеңілдіктер қарастырылған.Бұған аудан бюджетінен қаражат бөлінуде.

Кәсіподақ назарындағы шаруалардың бірі – медицина саласындағы қызметкерлердің денсаулығын жақсарту, сауықтыру. Кәсіподақ мүшелеріне «Сарыағаш», «Қаратал», «Текелі» және басқа шипажайларға 50 пайызға дейін жеңілдікпен жолдамалар береміз. Қызметкерлерімізбен бірге олардың балаларының да емделуіне, демалуына көмектесеміз.

«Болашағымыз – жастарда» демекші, жалпы біздің кәсіподақ жас ұрпақты тәрбиелеуге де көп көңіл бөледі. Кәсіподақ комитеті жас мамандарды қоғамдық жұмысқа тарту мақсатында , жас қанаты- кәсіподақ белсенділерімен тығыз байланыста. Жастармен бірігіп ұйымдастырылатын спорттық шаралар, байқаулар, «Жетім көрсең, жебей жүр» қағидасын сақтай келе, Үштөбе балалар үйінің тәрбиеленүшілеріне, сол сияқты көпбалалы, аз қамтылған жанұяларға ұдайы демеушілік көрсету, «Мектепке жол» акциясына қатысу, жыл сайын қарттар күнін атап өту – әрдайым басты назарда.

Сапалы медициналық қызмет кепілінің бірі – кәсіби байқаулар. 12 мамыр – Мейірбикелер күні қарсаңында орта буын медицина қызметкерлерінің арасында «Ең үздік фельдшер», «Ең үздік акушер», «Ең үздік мейірбике» атты байқаулар жыл сайын өткізіледі. Сайысқа қатысушылар тек кәсіби шеберліктерін ғана емес, өнерлерін де ортаға салады. Барлық үміткерлер кәсіподақ ұйымының бағалы сыйлықтарымен марапатталады. Кәсіподақ ұйымының атқаратын жұмыстарының барлығын шағын мақалада атап өту мүмкін емес, негізгілері - Мемлекеттік, басқа да атаулы мерекелерді жоғары деңгейде өткізу,жақсы жұмыс атқаратын үздік қызметкерлерге, қоғамдық жұмыстарға белсене қатынасатындарды, мерей той иелерін «Құрмет грамотасы» мен марапаттап бағалы сыйлықтар табыс ету. Зейнеткерлікке шыққандарды, қызметкерлеріміздің жанұя мүшелерінің ауырған, немесе қайтыс болған т.б. жағдайда ұжымдық шартқа байланысты қаржылай көмек көрсету де – кәсіподақ үйымының құзырында.

Осындай игі бастамалар – жыл сайынғы шараларға айналды.

Автор:
Л. Есімбекова, кәсіподақ ұйымының төрайымы.