Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қазақстан жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу ісінде аянып отырған жоқ


3 сентября 2009, 18:14 | 2 232 просмотра


Жүрек-қан тамырлары ауруы соңғы кездері әлемде кеңінен етек алып келеді. Бұл дертке шалдыққандардың қатары өкінішке қарай, біздің елде де көбейіп жатқандықтан, күрделі операциялар жасайтын мамандар тапшылығы сезілуде. Бұл мәселені еліміздің денсаулық сақтау ведомствосы шетелде білікті кадрлар даярлаумен қатар, сырттан мықты мамандар тарту арқылы да шешуге ұмтылып отыр. ҚазАқпарат тілшісі жүрекке кардиография жасап, стент қоюға маманданған, Қытайдан келіп, Астанадағы Ұлттық медициналық ғылыми зерттеу орталығында істеп жатқан дәрігер Қадырбек Рамазанұлымен сұхбаттасқан еді.

- Қадырбек Рамазанұлы, бүгінде әлем бойынша таралу ауқымы жағынан алда тұрған аурудың бірі жүрек қан тамырлары ауруы екені белгілі, сіздің осы саламен айналысқаныңызға қанша уақыт болды?

- Жалпы айтсақ, жүрек қан тамырлары ауруы әлем елдерінде кең етек алған, және ол жыл сайын жасарып отырған аурудың түрі. Менің жүрекке кардиография жасауды қолға алғаныма алты жылдан асты. 2004 жылдан бастап жүрекке стент қоюды бастадым. Қазірге дейін ауруларға 2000 - нан артық кардиография, 5000 -ға жуық стент қойдым. 2007 жылдың желтоқсан айында алғаш қазақ топырағына табан тигіздім. Толықтай орнығып болмасам да, содан бері Қазақстанда осы сала бойынша ауру емдеп жатқаныма да екі жыл толайын деді.

- Қытайда білім алдыңыз, дамыған қалаларында болып тәжірибе жинадыңыз, біраз жылдар сонда қызметте істедіңіз. Сіздің ойыңызша, Қытайдың қазіргі заманғы медицина саласында біздерге үлгі болар дүниелері бар ма?

- Ол жақта 17-18 жыл жұмыс істедім. Негізінен денсаулық сақтау саласына мемлекет жақсы көңіл бөледі. Қызметкерлердің барлық шарт-жағдайы толық жасалған, жұмыс орыны да маманды қатты сыйлайды. Мен өз басым осы уақыттар ішінде ешбір қиындық көргем жоқ деп айтсам болады. Ол жерде өзіңді - өзің дамытуға, біліміңді жетілдіруге орай көп. Бір оқумен тоқтап қалмайсыз. Әр жыл сайын үкімет қаржысымен қысқа мерзімдік курстардан өтіп отырасың. Қытайда ғылымның жеткізілуі өте тез. Америкада болған жаңалық біздің емханаға 3 айда кіріп болады. Оны алдымен Бейжіңнен мамандар барып үйреніп келіп, содан әр облыстан адамдар шақыртып, соларға үйретеді. Немесе шетелден ғалымдар шақыртып курс ашады.

- Жүрек қан тамырлары ауруын емдеу, оның деңгейін төмендетуде Қазақ елінің жасап жатқан жұмыстарына қандай баға берер едіңіз?

- Қазіргі қоғамда адамдардың тұрмыс өресінің жоғарылауы, күнделікті қимыл- қозғалысының азаюы, ішпек- жемек түрінің молаюы, семіздік сынды факторлардың әсері қан қысымын жоғарлатуға әкеп соқтыруда. Бұны емдеу немесе алдын алу әр елде әртүрлі деңгейде. Жүрек қан тамырлары ауруын емдеуде Еуропа, Америка, Жапония сияқты елдер қазір пісіп жетілген жоғары сатыдағы дауалау тәжірибесіне ие. Ал біздің елді айтар болсақ, бұл жағынан дамыған елдерден артта қалғанымыз анық. 2007 жылға дейін жүрекке жасалатын көптеген күрделі операцияларды шетелден келіп мамандар жасап отырды. Әрине, шаңырағын енді ғана көтерген жас мемлекет ретінде Қазақстанның соңғы жылдардағы денсаулық сақтау саласында жасалған оң өзгерістерін де жоғары бағалауға болады. Қазір жүрек-қан тамырлары ауруларына жасалатын күрделі операцияларын өзіміз жасап жатырмыз. Жүрекке кардиография жасау тек Астана мен Алматыда ғана емес, облыс орталықтарында да қолға алынды. Осы барыста менің бір байқаған кемшілігім, жоғарының төрт тұрманы сай керекті бағдарламаларының төменге жеткенде әлсіреп қалатыны. Ал жалпы алып қарағанда, Қазақстанның болашағына деген үмітім зор, көңілім тоқ.

- «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Адамдар жүрек-қан тамырлары ауруына шалдықпауы үшін не қам жасауы керек?

- Мұның көптеген формалары бар. Түйіндеп айтар болсақ, біріншісі -үйлесімді тамақтану. Майлы тамақты аз жеу, көкөніс, жеміс-жидектерді тұрмыста көбірек тұтыну керек. Әр күні белгілі мөлшерде сүт және көк шай ішіп тұру қажет. Екіншісі - үйлесімді қимыл. Адамдар өз жас шамасына қарай күн сайын дене қиымылын үйлесімді жасап отыруы керек. Үшіншіден, адам көңіл-күйінің тұрақты болу-болмауы да өз әсерін тигізеді. Күнделікті өмірде адамдар рухани тұрғыдағы ауыртпалықты азайтып, өзін кең ұстауы керек. Тағы бір айтатын нәрсе - адамдар арақ-темекіден аулақ жүргені абзал.

- Сіз Қазақстанға маман ретінде шақыртумен келдіңіз. Екінші жағынан, өз ұлтыңыздың мемлекеті болғандықтан да аңсап, аттың басын елге бұрғаныңызға да шүбә келтіруге болмас.

- Әрине, ол жақтағы үйреніскен ортаны, туған жеріңді, өскен еліңді қиып кету оңай емес. Десе де, азды-көпті біліміміз Қазақ еліне қажет болып шақырып жатқанда келмесек, қашан келеміз? Жас мемлекеттің бір уығын шаншуға көмегіміз тисе, ол да мерей деген ой келді.

- Жүрек аурулары саласындағы маман тапшылығын азайтып, білім-білігі жоғары мамандарды даярлап шығу үшін бізде не істеу керек деп ойлайсыз?

- Кейде сол жетіспеушіліктен алыс шетелден маман шақыртып жататынымыз жасырын емес. Олар тұрақты істемейді, сұрайтын ақшасы да қомақты болар. Айналып келгенде, өз мамандарымызды даярлап шығармай, қиыншылықтан құтыла алмайтынымыз анық. Ал Қазақстан жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуде аянып отырған жоқ. Бұл жағындағы алғашқы қадамдардың нәтижесі де өз жемісін бере бастағаны байқалады. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келгендер мен басқа да мүмкіндіктермен шетелде білімін жетілдірген дарынды мамандарымыз жоқ емес. Менің ойымша, бұл салаға тәжірибелі мамандарды көптеп тарту керек. Шетелде жүрек аурулары саласында тәжірибесі мол, диагностиканы тура қоя алатын, сол ауруды толық түсінетін адам ғана кардиография дәрігері болып тәрбиеленеді. Олар дертті толыққанды түсінгені үшін жан-жақты ем жасай алады. Операцияның барлығы бірсыдырғы қалыпта болмайды, әр аурудың жағдайы әртүрлі болады. Міне осы барыста түрлі жағдайларға дұрыс шешім қабылдай алатын болуы керек.

- Ал енді қазір қандай ғылыми жұмыспен айналысып жатырсыз?

- Қазір кардиография мен стент туралы, оны одан ары дамыту, жетілдіру мақсатындағы ғылыми тақырыпты ойға алып, бастап жатырмын. Сонымен бірге жүрек -қан тамырлары аурулары туралы еңбегімді жазып бітірдім.

- Қытайдың шөп дәрілерінің өз даңқы бар, сол сияқты Қазақтың да дәстүрлі емшілігі атадан балаға мұра болып келеді. Сіз дәстүрлі емшілікке қалай қарайсыз?

- Дәстүрлі емшіліктің көп аурулардың жазылуына себеп болып жататыны шындық. Әйтседе, солардың көбі ғылымда нақтылы дәлелденбеген, тек, ұзақ уақыттық өмір тәжірибесінен өткен дәрілер. Оның пайда-зиянының қаншалықты екенін ешкім білмейді. Қытайлардың шөп дәрілері де солай. Мәселен, қазақтардың ұлттық сусындары - қымыз, шұбат - барлығы да адамға қуат беретін азықтар. Ал жылқы еті жүрекке жақсы деп жүрміз, бірақ осыларды көп тұтынсақ, толып кетуіміз мүмкін. Сондықтан әр нәрсені өз өлшемімен, дұрыс пайдаланғанымыз абзал.

- Астана ұнады ма?

- Ғасырлар бойы санамызда ғана сарыла күткен тәуелсіздіктің көк туының ашық аспанда желбіреп тұрғанының өзі бір ғанибет емес пе?! Қысқа уақыттар ішінде осындай әсем ел ордасының бой көтергенін алғаш көргенде қатты таңдандым. Қала құрылыстары соншалық ретті, бір-бірін қайталамаған өзгеше формада салынғандығы бірден байқалып тұр.

-0-

ҚазАқпарат анықтамасы: Қадырбек Рамазанұлы ҚХР Шыңжаң өлкесі Алтай аймағының Буршын ауданында дүниеге келген. 1984-1990 жылдары Шынжаң медицина университетінде, 1994- 1995 жылдары жүрек қан тамырлары аурулары бойынша Бейжің медицина университетінде оқыған. 1998 - 2000 жылдары Шиан медицина университетінің аспирантурасын бітірген.30 дан астам ғылыми еңбектің авторы, соның ішінде екі мақаласы Испания мен Германияда өткен халықаралық мәслихаттарда талқыланған. Медицина ғылымдарының кандидаты. Шыңжаң медицина қоғамының мүшесі.

Автор:
Бақытжол Кәкеш