Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ОТАНДЫҚ ФАРМАЦЕВТИКА АҚСАП ТҰР


7 ноября 2014, 11:02 | 2 486 просмотров



Оңалтар жол бар ма?

Дертіне дауа іздегендер қазір дәрігерден бұрын, дәріханаға бас сұғатын болды. Жарнамадан көрген шетелдің дәрі-дәрмегін қымбаттығына қарамастан пайдаланады. Дәл қазіргі уақытта шетелдік дәріге деген дерттілердің тәуелділігін азайту мүмкін болмай тұр. Ол дәрі-дәрмектердің өтімділігі тым жоғары. Ал отандық фармацевтердің өзге мемлекеттерден жеткен дәрілік препараттарды алмастыруға әлі де шамасы жетпей жүр.15 пайыздық көрсеткішпен оңаламыз ба?

Отандық препараттардың нарық¬тағы бүгінгі үлесі бар-жоғы 15 пайызды құрайды. Қалған 85 пайыз шетелдіктердің үлесінде. Ұлттық қауіпсіздіктің бекіткен шарты бойынша отандық дәрі-дәрмектің нарықтағы үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс еді. Ал еліміз бұл көрсеткіштің тек жартысына ғана жете алды. Елбасы Н.Назарбаевтың 2014 жылдың соңына дейін отандық дәрі-дәрмек өндірісінің жұмыс қарқынын арттырып, нарықтағы үлесті 50 пайызға жеткізуді тапсырғаны белгілі. «Бұл – қолымыздан келе¬тін нақты іс. Біз бүгінде дәрі-дәрмектердің 90 пайызын сырттан әкелудеміз. Бұл үшін мүмкіндіктер бар. Қазір Астанадағы еркін экономикалық аймақта фарм-фабрика¬ның құрылысын, сондай-ақ дәстүрлі түрде дәрі-дәрмек өндіріле¬тін Шымкентте осындай нысан¬ның құрылысын салу мәселесі пысық¬талуда. Уағдаластықтар, арнайы келісімшарттар бар. Біз бұл жұмысты тезірек жасауды бақылап отырмыз», – деген еді Елбасы. Осыған байланысты «2010-2014 жылдарға арналған фармацевтика өндірісін дамыту туралы» бағдарлама да қабылданған. Бағдарламаның мақсаты – төрт жыл ішінде дәрі-дәрмек шығаратын өн¬діріс орындарын көбейту. Тіпті, бағдарлама аясында Қазақстанда 12 дәрі-дәрмек өндіретін шағын зауыт салу да жоспарланған. Бұл зауыттар қазақстандық дәрілердің нарықтағы үлесін 50 пайызға жеткізуге тиіс еді. Оған қол жеткізу үшін мынадай шара¬лар жүзеге асырылатындығы сөз болған сол кезде. Ең алдымен, дәрі-дәрмек құралдарының сапасын қамтамасыз ету. Екіншіден, ұзақ мерзім¬дік келісімшарттар жасау. Үшіншіден, жеңілдетілген несиелер ұсыну. Төртіншіден, отандық кәсіпорындардың ТМД елдерінің нарығына енуін қамтамасыз ету. Аталған шаралар толық жүзеге асырылса, еліміздегі кенже қалған фармацевтика саласын өрістетеміз деп көсілген едік. Бағдарламаның шапағаты тиіп, 2011 жылы отандық дәрілер 49 пайыздық көрсеткішті де еңсерген. Арада екі жыл өткенде, яғни 2013 жылы бұл көрсеткіш 15 пайызға дейін төмендеп кетті. Дәл қазір 2014 жыл аяқталуға жақын. Іс ілгері баспады. Қабылданған бағдарлама да мәселені шешуге қауқарсыз. Осыны ескерген мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Парламент өкілі отандық фармацевтика өндірісінің шеттен тасымалданатын шикізатқа тәуелділігін айтты. Отандық фармацевтердің тек сапасыз дәрі-дәрмектерді ғана шығаруға шамасы жететіндігіне қынжылды. «Біздің өз елімізде кез- келген ауруға ем болатын дәрілік препараттар дайындауға болады. Оған бізде қажетті шикізат та, дәрілік шөптер де бар. Жақсы бір дәріні шығару үшін 1 млрд. теңге қаржы керек, бірақ біз ондай дәріні шығаруға бұдан мың есе төмен ақша бөлеміз. Біз өз қауіпсіздігімізді ойлауымыз керек, отандық фармацевтика үлесін тым болмағанда 30 пайызға жеткізуіміз керек», – деген депутат.

Сан мен сапа

Бірінші байлық – денсаулық болғандықтан, фармацевтика саласының қуатын арттыру да басты міндет болуы тиіс. Дәрі-дәрмек өндірушілерге қатысты шешімін таппаған мәселе шаш-етектен. Аурудың түрі көбейген сайын дәрі-дәрмектің де түрлері еселеп артып жатыр. Елімізге дәрі-дәрмектер әсіресе Қытай, Ресей, Үндістан, Германия, Түркия елдерінен көптеп жеткізіледі. Өзгенің затын таңсық көретін халқымыз дәрілердің де сырттан келгеніне көбірек назар аударады. Сол елдердің дәрі-дәрмегіне ғана сенім артатындар көп болғандықтан, отандық препараттарға сұраныс жоқ екені айдан анық. Нарықтағы үлестің 15 пайызына ғана еншілік жасайтын өзіміздің дәрілік препараттардың сапасына күмән келтіреді көпшілік. Ал тұтынушылар шетелдік өнімдердің сапасының қаншалықты екенінен мүлдем хабарсыз. Сонда да шетелдік дәрілік препараттардан шипа іздейді. Статистикалық деректерге жүгінсек, соңғы онжылдықта дәрі-дәрмек пайдалану 4 есеге өскен. Ал әр адамның қалтасынан дәрі-дәрмек үшін жылына 120-130 мың теңге шығады екен. Осынша қаражатты желге ұшырмай, алған дәрі-дәрмек дертке дауа болса жақсы ғой. Қазақстандықтардың сапа¬сыз дәрі-дәрмектердің кесірінен ауруына ауру қосып жатқандары қаншама. Дәрілердің 85 пайызы сырттан әкелініп жатқанда, ұлттың денсаулығына кепілдік бере ала¬мыз ба? Оның үстіне шетелдік дәрілердің біразы заңсыз жолмен жеткізілетіні де бар. Тұтынушылар түрлі дәрі-дәрмектерден ауруын асқындырып алса, кімнен жауап алады? Президентіміз де осы мәселеге қатысты сырттан келетін дәрілердің сапасын қатаң бақылауға алуды тапсырған еді. 1995 жылы елімізде 600-ге жуық қана дәрілік заттар болған. Бұл уақыттарда фармацевтика саласы қарқынды дамыған еді. 2001 жылы жоғарыдағы көрсеткіш 4000-ға жетті. Республикада 4 мыңнан астам дәрілік заттар тіркелді. Алайда ол кезде де дәрі-дәрмектің басым бөлігі шетелде шығарылған препараттар болған. Қазір Қазақстанда ресми тіркелген дәрі-дәрмектердің қатары 7 мыңнан асып жығылады. Әлемнің 80-нен астам мемлекетінен жеткізілетін дәрі-дәрмектің қауіпсіздігін қамта¬масыз ету ұлттық қауіпсіздік саласы¬ның міндетіне енеді. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде шетелден әкелінген және елімізде өндірілген дәрілік препараттардың барлығы ҚР аумағында тіркелуі және медициналық мақсатта қолдануға рұқсат етілуі тиіс деп көрсетілген. 2014 жылы мемлекеттік тіркеу кезін¬де сапасында ауытқулары бар 353 дәрілік препараттардың айна¬лымы тоқтатылған. Бұл – еліміз¬дегі барлық препараттардың 23 пайызы. 353 препараттың 254-і шет мемлекеттерден, 75-і ТМД елдерінен келген. Ал 24-і отандық өндірістің дәрі-дәрмектері.

Сонымен қатар, отандық фар¬мацев¬тика нарығында сапасы сын көтермейтін дәрілермен қатар жалған дәрі-дәрмектер де қаптап жүрген көрінеді. Жалған дәрілердің нарыққа дендеп енуі тек бізде ғана емес, әлем елдерінің көпшілігінде орын алуда. Жалпы сапасыз, жалған дәрілердің көбеюі біздің импортқа тәуелді болып отырғанымызға тікелей байланысты. Сол себепті халықаралық брендке айналған дәрі түрлерінің қолдан жасалған нұсқаларының қатары артқан. Осы мәселеге қатысты өткен жылы денсаулық сақтау саласының мамандары дабыл қаққан еді. Сол уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жалған препараттардың 40-тан астам түрін анықтаған. Оның ішінде «Фарингосепт», «Нош¬па», «Плавикс», «Мезим форте», «Сумамед» сынды брендтердің атынан шығарылған жалған өнімдер жиі кездескен. АҚШ-тың дәрілік препараттарды бақылау жөніндегі басқармасының өткен жылғы мәліметтеріне сүйенсек, жалған әрі сапасыз дәрілердің әлемдік айналымы 75 млрд. АҚШ долларын құрапты. Ал Еуропа елдерінде соңғы жылдары 7 млн.-нан астам жалған дәрілік өнімдер тіркелген. Сол жалған дәрілердің 51 пайызы Азия елдерінің еншісінде екен. Сондай-ақ, бүгінгі күні дәріханада сатылатын дәрі-дәрмектердің қымбаттығына шағымданатындар көп. Тұрғындардың шағымдануы да орынсыз емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы дәрі-дәрмек бағасы Армения, Молдова, Украина, Беларусь, Қырғызстан және Ресей елдерінен де қымбат екен. Армения сатылымға түсетін дәрі-дәрмегіне 7,1 пайыз ғана үстеме қосса, Украинада бұл көрсеткіш 5,5 пайыз, Ресейде 7,5 пайыз, Қыр¬ғызстанда 6,2 пайызды құрайды. Ал біздің елімізде бұл көрсеткіш 10,20,30 пайызға дейін жеткен. Егер халық пайдаланатын дәрілік препараттардың барлығы өз елімізде жасалса, сырттан келер қауіп те азаяр еді. Олардың сапасына бақылау күшейтіліп, бағасы да арзандау бо¬лар еді.

Дәріхана қызметкерлері болса, елімізде өндірілетін дәрілік пре¬параттарға халық тарапынан сұраныс жоқ дегенді алға тартып отыр.

Алтынай ДОСЫМҚҰЛОВА, дәріхана қызметкері:

– Біздің дәріханада отандық та, шетелдік те дәрі-дәрмектер бар. Тұтынушылар көбінесе шетелден жеткізілген дәрілерді іздейді. Отан¬дық өнімдерге аса үлкен сұраныс жоқ. Тұрғындардың барлығы телеарналардан көрген жарнамаларға сүйе¬ніп, сырттан келген дәрілік заттарды пайдалануға тырысады. Бірақ бізде сол шетелдік дә¬рі¬¬¬лер¬дің аналогтары да бар. Олар¬¬дың құрамы бірдей, тек қазақстандық аналогтардың баға¬сы тиімдірек. Отандық дәрілік пре¬параттарды өндіретін «Досфарм», Шымкенттегі «Химфарм» сынды фирмалардың дәрілік препараттарының өтімділігі жоғары. Бізге республикада тіркел¬ген дәрілердің арнайы тізімі бері¬леді. Сол тізімдегі дәрілерді ғана сатылымға шығарамыз. Дәріхана сөрелеріне жеткенше, дәрілердің барлығы арнайы тексеруден өтеді.

Тегін дәріге қол жеткізу оңай емес

Халықты дәрі-дәрмекпен те¬гін қамтамасыз ету де қазір үл¬кен бір мәселеге айналды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, арнайы топтағы науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы шешім шығарылған. Тегін дәрі алу үшін белгілі бір сырқатпен ауыратын науқастар тұрғылықты жеріндегі емханада диспансерлік есепте тұруы қажет. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген ауқымына дәрілерді енгізу туралы шешімді кәсіби мамандардан жасақталған арнайы комиссия бекітеді екен. Дәрі-дәрмектер науқастарға тегін берілгенімен емдеуші дәрігер жасалған емнің тиімділігіне көз жеткізуі керек. Содан кейін дәрінің берілу мерзімі ұзартылады. Берілетін дәріге шек қойылмайды, науқастың емделуі үшін қажетті дәрінің барлығы тегін жазылып берілетіндігін айтып жүр дәрілік-ақпараттық талдау орталығы. Десек те, 2012 жылдың қаңтар айынан бастап саны артқан тегін берілуге тиісті дәрілер әлі де барлық науқастарға бірдей беріліп жатқан жоқ. Дәріден қағылып жатқандардың да қатары көп. Бюджеттен қанша қаражат бөлінсе де, науқастардың тегін дәрі-дәрмекке қолы жетпей жүр. Бұған сол баяғы қағазбастылықтың кері әсері тиюде. Тендер өткізіліп, фармациялық компаниялармен келісімшарттар бекітілгенше біраз уақыт өтіп кетеді. Сол уақыт аралығында күнделікті пайдаланатын дәрісіне қол жеткізе алмаған науқастардың дерттері асқынып, денсаулығы нашарлап кетуі әбден мүмкін емес пе? Ауылды жерлерде тегін дәрі-дәрмектен үміттілер туралы сөз айту тіптен қиын. Оларға республика, облыс, аудан арқылы жеткен дәрі-дәрмектердің қатары тым сиреп қалатыны да жасырын емес. Халық тегін дәрі-дәрмек тапшылығын әдетте жылдың басында сезінеді. Бюджет бекітіліп, тиісті құжаттар әзірленіп жатқанда, науқастар да біраз әбігерге түседі. Қажетті дәріні ала алмаған науқастар амалсыздан өз қалтасындағы қаражатқа қымбат дәрілерді сатып алады. Ал дәрі-дәрмек берілетін күн жеткенде, кезек күтіп сарсаңға түскен науқастардың алуға тиісті дәрілері толық болмай шығады. Тегін дәрі-дәрмекке толық қол жеткізе алмай жүрген жандардың бірі – Алматы облысының тұрғыны Гүлзира Алдатаева(аты-жөні өзгертілді):

– Қызым қант диабетімен ауыра¬ды. Ол тегін дәрі-дәрмек берілуге тиісті арнайы топтағы науқастардың қатарына жатады. Сол себепті біз тоқсан сайын тегін дәрі-дәрмек алып тұрамыз. Қызымның күн сайын қабылдауға тиісті дәрілері бар. Бізге ол дәрілер кейде жетпей қалып та жатады. Тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізу оңай шаруа емес. Ең бол¬мағанда дәрілерінің жартысына қол жеткізсек дейміз. Әйтпесе, дәрі¬ханаларда дәрілердің бағасы тым қымбат. Күн сайын қабылдауға тиісті дәрі-дәрмектерді біз әр тоқсанда бір рет аламыз. Ол дәрі ұзаққа жетпейді. Сондықтан өз қалтамыздан қаражат шығарып сатып аламыз. Қызымыздың денсаулығы үшін ешнәрседен қашпаймыз. Десек те, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек те бізге біраз жеңілдік әкелер еді. Қазір біз ай сайын кемінде 50 мың теңгеге дәрі сатып аламыз. Тегін дәрінің қолға тигенін күтіп отыра алмаймыз.

Генериктер көбейсе...

Қазақстандағы фармацевтика саласын өркендету үшін елімізде барлық мүмкіндіктер бар деп айтсақ қателесе қоймаспыз. Бұл саланы аяғынан тұрғызуға ғылыми әлеуетіміз жетеді. Оған қоса қазақ¬тың киелі жерінен көп жерде кездесе бермейтін емдік қасиеті бар жүзден астам дәрілік шөптердің түрін табуға болады. Фармацевтика саласында жұмыс атқарып келе жатқан өндіріс орындары да жоқ емес. Қазір Шымкентте «Химфарм» АҚ, Алматыда «СП Глобал-Фарм», «Нобел АФФ», «Нұр-Май-Фарм» ЖШС сынды ірі фармацевтика зауыттары, Павлодардағы «Ромат-Фарм», Қарағандыдағы «Фитохимия» ғы¬лыми-өндірістік холдингі, Астана¬дағы «Ұлттық медициналық хол¬дингі» сияқты кәсіпорындар жұ¬мы¬с¬ын жалғастыру үстінде. Де¬сек те, фармацевтика саласына инно¬вациялық жобалар мен қуатты кәсіпорындарды әлі де көбірек тарту керек. Жұмыс жасап жатқан зауыттарға жаңа серпін беруге көшкен жөн. Бұл зауыттарға қоса дәрілерді өңдейтін шағын зауыттар мен цехтардың іске қосылуын қолға алсақ, отандық препараттарымыздың үлесін арттыруға сеп болар еді. Бұл дамыған елдердің тәжірибесінде бар дүние. Сондай-ақ, мамандар жағы шетелдік дәрілердің көшірмесін, яғни генериктердің үлесін арттыруды да қолға алуды ұсынып отыр. Өйткені бұл дәрілік препараттарды төмен бағада сатудың және халықты дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етудің ыңғайлы жолы. Генериктердің үлесін арттырсақ, жоққа тән дәрілердің саны артатындығын айтады сала мамандары. (Генерик – халықаралық патенттелген дәрілік препараттың көшірмесі.) Сол арқылы шетелдік дәрі-дәрмекке кеткен шығынның 50 пайызға жуығын үнемдеуге болады екен. Халықаралық талаптар бойынша генерик құны дәрінің түпнұсқасының бағасының 70 пайызынан қымбат болмауы тиіс. Қазіргі уақытта Ұлыбритания, Қытай, Ресей сынды дамыған мемлекеттерде дәрілердің көшірмесін пайдалану кең етек алған. АҚШ бір жылда генериктерді пайдалану арқылы 734 млрд. доллар үнемдеген. АҚШ-тан өзге көптеген мемлекеттер де генериктерді «экономикалық тиімді емдеу бағдарламаларында» қолдануда. Генериктерді медицина мамандары қымбат дәрілердің баламасы ретінде тағайындайды. Ол патентпен қорғалмайды. Егер түпнұсқалық дәрінің белсенді компоненттері болса, патентпен қорғалады. Генериктерді бір ғана емес, бірнеше фирма өндіріп шығара алады. Олардың қасиеті түпнұсқалық препаратқа ұқсас. Мамандар генерик¬терді жалған дәрі-дәрмекпен шатыс¬тырмау қажеттігін ескертеді. Генерик¬тердің басты артықшылығы – бағасының арзандығы. Ал емдік қасиеті, құрамы, салмағы бәрі түпнұсқамен бірдей. Генериктердің қолданылуы оларды қолжетімді етіп қана қоймай, шығын мөлшерін азайтады, өнім түрін көбейтуге жол ашады, дәрілік заттарды дұрыс қолдануды қамтамасыз етеді.

Автор:
Әсел ӘНУАРБЕК ТҮРКІСТАН