Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Үшем тапқан үш ана


11 марта 2010, 22:54 | 2 325 просмотров



«Қой егіз тапса, жусан басы айыр шығады»... «Әр бала өз несібесімен дүниеге келеді»... Ел демографиясы енді-енді екпін ала бастағанда әрбір егіз, әрбір үшемнің шілдеханасын үлкен тойға балап жүргеніміз шындық. Ал үшем тапқан аналар - Мақаш атаның мақтанышына айналуда. Әйтпесе әлеуметтік жағдай сылтауымен бала санын шектеп жүрген отбасылар да жетерлік. Бірақ бүгінгі біздің үш қаһарман олардың санатынан емес. Бұлар - Алла берген нәсіппен дүниеге үш-үштен балпанақ әкелген бақыттылар...

Алтау тапқан Айгүл мен Нұрболдың алты періштесі бар, оның тең жарымы - бір туған үшем. Ең қызығы, Айгүл ана босанғанға дейін құрсағында үш баланың барын да білмепті. Оны өзі күле отырып әңгімелейді: - Жүктіліктің алты айлығында УЗИ-ге түскенімде, дәрігерлер егіз деп бір қуантып тастаған. Сүйінші жерде жата ма, дереу әкесіне жеткізіп, оның бір сыйлығын қағып алғам. Содан күн өтті, ай өтті, толғақ жетті. Ақ халаттылар арасына бес минут салып егіз құлынымды босандырып алды. Алланың тағы бір сынағынан аман шықтым деп, денем енді жеңілдегені сол еді, дәрігерлер тағы іске кірісіп кетті. Арада он бес минут өткенде, өзім де түсініп болмадым, қолыма тағы бір қызды ұстата қойды... Сөйтіп, егіз деп жан жарынан бір сыйлық алған Айгүл үшемнің сүйіншісін тағы қалтаға бастырыпты. Міне, осындай әзілі жарасқан отбасында дүниеге келген үшем - Нұрсұлу, Айбек, Айсұлу есімдерін алды.

Анасы үшемінің қызықтарын тамсана әңгімелеуден жалыққан емес. - Нұрсұлу бірінші дүниеге келген, содан ба, өзін салмақты ұстайды, бірінші жүріп кеткені де сол. Ал Айсұлу - кенже, дегенмен ол бірінші сөйледі. Айбек - қос қыздың ортасында туғаннан ба, ерке, шолжаң, - дейді Айгүл. Отбасында үшемнен бөлек тағы үш бала бар. Бердібек 7-сыныпта, Мөлдір 5-сыныпта оқиды. Ал ең тәтті қыз - Анар үшемнен кейін дүниеге келген. Нұрсұлу, Айбек және Айсұлу болса, бүгінде мектепке дейінгі білім алып жүр. Әлбетте ерке Айбекті ұйқыдан тұрғызу - қиынның қиыны. «Мама, бармай-ақ қояйыншы, басым ауырып тұр», - деген сылтауы таусылмайды. Ал қос қыз болса, сән өнерінің жұлдыздары секілді. Нұрсұлу Айсұлумен бірдей киінгенді жақсы көрсе, Айсұлу айна алдынан шықпай, өзінше жеке киінгенді, боянғанды ұнатады екен. Қордай ауданының Алға ауылындағы жалғыз үшем - бүкіл ауылдың көзайымы. Ең үлкен сыйлық - жыл сайын 1-маусым - балалар күні мен 3-маусым - өздерінің туған күні қарсаңында аудандық «Шамшырақ» газеті үшемді бір әйгілеп тұрады екен. Ал бүгін, анасының мерекесі қарсаңында бұл сыйлықты «Айқын» жасап отыр.

Төрт «тентекті» Салтанат Басында Салтанат пен Амангелдінің отбасы шап-шағын болатын. Арада ақ махаббаттан туған Бексұлтан есімді асықтай ұл бар. Ерке баланың тәтті қылығы он жыл бойы басқа ермек іздетпесе керек, Салтанат әйелдер лексиконында «ұмытшақ ауру» аталатын сынаққа Бексұлтан 11-ге толғанда бір-ақ бекініпті. Жаратқан Алла жарасқан отбасына бір баланы аздық көрген секілді, Салтанат жүктілік кезінде УЗИ-ге түскенде, дәрігерлер құрсағында үш тентектің тәтті ұйқыда жатқанын айтады. Бұл жаңалыққа анадан бетер Амангелді әке қатты қуанған екен. Тағатсыздана өткізген тоғыз ай да жылжып өтіп, қолына шоқ гүлін, бейнекамерасын алып, жылдамдатып перзентханаға жетеді. - Алғашында кіп-кішкентай балпанақтарды көргенде өзім де тітіркеніп қалдым. Бексұлтаным 3 келіден аса боп туған еді, оның қасында 1,7 келі екі ұл мен 2,3 келі қыз баланы көріп, «бұлар адам болып кетер ме екен?» деп уайымдағаным рас. Бірақ Құдайға шүкір, қазір үшеуі де тым жақсы, салмақ қосып, бой түзеп, толысып қалды. Қос ұлға Әділет, Медет, қызыма Абайдың әжесі - Зеренің есімін еншіледім, - дейді Амангелді Есмұрзаев. Үшем 30 желтоқсанда, дәл жаңа жыл қарсаңында дүниеге келді. Таяуда Амангелді мен Салтанат балаларының 1 жасқа толған туған күн кешін жасады. Туысқандардан келген ойыншықтар тау боп үйілген. «Бексұлтанның бала күнінде де ойыншықтар аз жиылмаушы еді, енді үш есе көп келетін болды», - деп күледі бақытты әке-ана. Ең қызығы, соңғы бір жылда Бексұлтан бар еркелігін тыйып, ересек болып қалыпты. Шамасы, үшемге қамқор аға болғысы келетін секілді, әйтпесе бұл да алтыншы сыныптағы ойын баласы емес пе?.. - Зере салмақты, бірінші жүріп кетті, сәби болса да, қазірдің өзінде екі ұлдың жанында пысықтығы сезіледі. Бауырдың аты - бауыр екен, қонаққа барғанда біреуін бөліп алып кетсек, бірін-бірі іздеп, көздері жасаурай қалады. Сондықтан үшеуін бөлмеуге, қонаққа барсақ, бәрін бірге алып жүруге тырысамыз, - дейді Салтанат.

Гүлбаршында - бес атұстар Гүлбаршын Ақылбекқызы дүниеге Аман, Есен, Жүрсін есімді үшемді әкелгенде алғашқы боп сүйіншілеген де «Айқын» еді. Біздің тілшілер перзентхана алдынан күтіп алып, үшемнің бақытты атасы Нұрмат Қыстаубаевтың ақ батасын да алып қайтқан болатын. Бүгінде балалар еңбектеп, тыпың-тыпың жүруге әрекет жасап келеді, ал тұп-тура бір айдан соң Аман, Есен, Жүрсін 1 жасқа толады. - Алла бізге тек ер балаларды нәсіп етіпті. Ақыл, Асыл есімді қос ұлымыз бар еді, олардың қатарын тағы үш ұл жалғады. Баланың қылығы тәтті ғой, бес ұлдың қызығымен қалай таң атып, күн батып жатқанын да елемей қаламыз. Аман ақкөңіл, Жүрсін салмақты. Есен болса, сәл пысықтау, бірде сыңарларының ойыншығын тартып әкетеді, енді бірде үлкен ағаларының көзін ала бере бірдеңе бүлдіріп қалуға құмар. Мұндайда Асыл ағалығын жасап, үндемейді, ал 3 жасар Асыл ұрып-ұрып алады. Қылықтарына қарап біз мәзбіз, - дейді Гүлбаршын ана. Алғашында қуанышы қойнына сыймаған әке балаларға Аман, Есен және Тұрсын деп ат қойғысы келген екен, алайда көпті көрген атасы: «Тұрсын деген ат болмайды, айтыстың айдынын аспанға шығарған Жүрсін Ерманның атын берейік» деп үшіншіні Жүрсін атапты. Үшемнің анасы Гүлбаршын «Бала Жүрсін айтысқа бейімділігін байқатып жатқан жоқ па?» - деген сауалымызға: «Ұйқыда жатып ыңылдап, көп күлетіні - осы Жүрсін. Кім біліпті, өскенде айтыстың аламанын қыздырса, тек сүйсінеміз ғой», - деп күліп алды. Айдын әкенің үшем туғалы бері жұмысы артқан. Үшемін перзентханадан шығарған кезде берген уәдесін орындап келеді, балалардың аузынан ақ май ағызбаса да, бар жылуы мен жылы-жұмсақтан кенде қылған емес. «Қой егіз тапса, жусан басы айыр шығатынының» бір көрінісі - осы болар. Бес шаңырақ иесін тәрбиелеп өсіріп жатқан Айдын мен Гүлбаршынның жауқазын қыздан да дәмесі бар. Алланың құдіреті шексіз, жұбайлардың ниеті мен дәмесі, тілегі қабыл болсын деп, «әумин» дегенді жөн көрдік...

Автор:
Нұрболат Аманжол. «Айқын» газеті