Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

орталық кәсіби білікті дәрігерлер құрамымен жасақталды


24 октября 2014, 11:31 | 1 638 просмотров



«Орталықты құрудың негізгі мақсаты - ауру түрлерінің ушығуына жол бермеу тұрғысындағы жаңа білімді және түсініктерді көпшілікке жеткізу. Атап айтқанда, жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық дерттердің алдын алуға байланысты. Сондықтан осы сырқаттарға шалдығуы мүмкін адамдармен жұмыс істеуді мақсат тұтып отырмыз»,-деген-ді Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Кеннет.

Ә. Кенеттің сөзіне қарағанда, метаболизмдік синдром бес негізгі фактормен айқындалады. Біріншісі - абдоминалдық семіздік, екіншісі - қан қысымының жоғарылауы, үшіншісі - қан құрамында қант деңгейінің артуы, төртіншісі - холестерин алмасуының бұзылуына және соңғы фактор қан құрамында триглицеридтердің жоғары деңгейіне байланысты.

«Аталған бес фактордың үш көрсеткіші орын алса, онда бұл адам метаболизмдік синдроммен шалдықты деп санаймыз. Яғни, осы орайда түрлі індеттердің дамуы мүмкіндігінің тәуекелі артады. Сондықтан осы факторларды дер кезінде анықтап, уақтылы емдеу, әр емделуші азаматтың жағдайын айтарлықтай жақсарта алады»,-деді ол.

Белгілі болғандай, орталық жұмысына медицинаның түрлі саласындағы кәсіби мамандар жұмылдырылып отыр. Олар адамдарды емдеумен қатар, ғылыми зерттеулермен айналысып, жинақталған тәжірибені Қазақстанның өңірлеріне таратуға ықпал етпек.

Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы семіздікті жаһандық індет деп мойындап отыр. ДДСҰ болжамы бойынша 2025 жылға қарай семіздікке шалдыққандар сан әлемде 300 миллионға жетпек.

Отандық ғалымдарға Эбола індетіне қарсы вакцина жасау проблемасымен айналысудың қажеті жоқ, деп мәлім етті баспасөз мәслихатында.

«Вакцина немесе дәрілік препараттарды құру үшін өте қомақты қаржы керек, яғни бұл бағытта ондаған немесе жүздеген миллион доллар қажеттілік етеді. Елімізге бұл күрделі проблемамен айналысу аса қажет деп ойлап отырғаным жоқ. Осындай дерттер бойынша қорғаныс препараттарын жасауда қажетті қаржы сомасын АҚШ, Еуропаның елдері, Ресей тарапы игеруде. Сондықтан да бүгінгі жағдайда Қазақстанға еліміздің халқы үшін маңыздылығы жоғары проблемаларға ерекше мән берген жөн»,-деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, әуежайларда қауіпті дерттерден тексеру шараларын жүргізген дұрыс. Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, 10 қазандағы жағдай бойынша Эбола вирусын жұқтырған 8399 адам тіркелген. Олардың 4033-і қайтыс болды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Әлиақпар Мәтішев Қазақстанда Эбола қызбасының табиғи ошақтарының тамыр жаюы және эпидемиялық таралуы үшін ешқандай жағдайлар жоқ екендігін айтқан болатын.

Комитет төрағасының сөзіне қарағанда, елімізге шет елдерден Эбола вирусының кіріп кетпеуін қамтамасыз ету үшін қажетті санитарлық-эпидемияға қарсы шаралар кешені жасалған. Шекаралардағы барлық өткізу аумақтарында санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілген.

Автор:
ЖД АҚПАРАТ