Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚАТЕРЛІ ІСІК ҚАУПІ АЗАЯ МА?..


11 марта 2010, 22:46 | 1 791 просмотр


Жуырда Алматыда Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында (ҚазОРҒЗИ) өткен «Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде қатерлі ісікпен ауыратын науқастарға көмек көрсету» атты республикалық конференцияда отандық онкологтар бас қосып, өткен жылда атқарылған жұмыстарын қорытындылап, алдағы межелерін белгіледі. Конференция жұмысына Денсаулық сақтау вице-министрі Елжан Біртанов қатысып, еліміздегі онкология саласына, биылғы жылдың басынан енгізілген Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне (БҰДСЖ) қатысты туындаған мәселелер төңірегінде ой бөлісті.

Жалпы республикадағы онкологиялық аурулардың ахуалына келсек, Қазақстанда соңғы 5 жылда тұрақтылық байқалған. Мәселен, 2005 жылы 29153 мың науқас болса, 2009 жылы 29071 адам ауырған. Яғни, өзгеріс жоқ, орнықты. Онкологтарды қуантып отырғаны, бес жылда өлім көрсеткішінің динамикалық азайып, 100 мың адамға шаққанда 114-тен 107-ге төмендеген. Оның себебі, онкологияда жұмыс жасайтын үш бағдарламамен байланысты. Соның бірі – ауруды ерте анықтау. Ерте анықтаудың көрсеткіштерін жақсартуда екі үлкен бағдарлама жұмыс жасады. Оны енгізудің алдында министрлік дайындық кезеңінде Қазақстанның барлық ауданы мен облыстарына 100 шақты жаңа маммографтар алып орнатса, маммография мен цитология бойынша рентгенолог мамандарын оқытқан. Осы бұйрық шеңберінде 2008 жылдан сүт бездері қатерлі ісігінің маммографиялық скринингін өткізу мақсатында 50-60 жастағы дені сау әйелдер мен 35-60 жастағы әйелдердің жатыр мойны қатерлі ісігі бойынша тексеру жүргізілген. Бір айта кетерлігі, мұндай бағдарлама бұрынғы ТМД елдерінің бірінде жоқ. Осы уақыт аралығында 800 мыңдай әйел маммографиялық, ал цитологиялық тексеруден 1 млн. астам әйел өткен. Сөйтіп, сүт безі қатерлі ісігінен 1163, жатыр мойны қатерлі ісігінен 277 жағдай анықталған. Екінші бағдарлама, 2006 жылдан барлық онкодиспансерге халықаралық протоколдар енгізіліп, оған қажетті өте қымбат химиопрепараттар республикалық және жергілікті бюджеттен жеткілікті бөлініп отырған. Үшінші бағдарлама – сәулемен емдеуде 18 онкодиспансерде 4 аппараттан 72-сі жұмыс жасауда (34-і жаңадан алынған). Сөйтіп, науқастарды емдеуде қатерлі ісікті ерте анықтау мен науқастарға ең тиімді емді ұсынудың нәтижесінде осындай жетістікке қол жеткізген.

– Онкологиялық ауруларға тиімді медициналық қызмет көрсетуде, әсіресе, сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету өте маңызды, әрі қиын мәселе,– деді вице-министр Елжан Амантайұлы. – Елімізде онкологиялық ауруларды емдеуде тек халықаралық, еуропалық емдеу стандарттарын пайдаланғандықтан, қолданатын дәрі-дәрмектер өте қымбат. Оның үстіне, жыл сайын онкологияға бөлінетін қаражаттың көлемі көбейе түсуде. Бірақ, ұлттық жүйенің енгізілуіне байланысты бүгінде дәріні қалай жеткіземіз, қалай бақылаймыз, оны бірыңғай дистрибьюторлық жүйенің арқасында қалай шешуіміз керек деген мәселелер туындап отыр.

Вице-министрдің айтуынша, жылдың басында кейбір облыстарда осындай біраз мәселе көтерілген. Себебі, өткен жылдарда дәрі-дәрмек санын жоспарлау дұрыс шешілмеген. Бұрын республикалық бюджеттен денсаулық сақтау саласына бөлінген дәрі-дәрмектерді жылдың ортасына дейін жоспарлап, сатып алатынбыз. Оның себебі, жыл сайын тендер өткізгенде ұйымдастыру жағынан қиындықтар көп болатындықтан, науқастар қиналмау үшін екі-үш айға қор дайындап қоятынбыз. Жаңа жылдан бастап атқару тетігі өзгерді. Енді ем­деу мекемелері ауруға қанша, қандай дәрі керек екенін өздері шешетін болады. Яғни, өздері шешетін болғандықтан тікелей дистрибьютормен жұмыс істемек.

Елімізде онкологиялық ауру саны көбеймегенмен, олардың арасында бірінші орында өкпе қатерлі ісігі 12,3, сүт бездерінің қатерлі ісігі 11,3, тері қатерлі ісігі 10,6, асқазан қатерлі ісігі 9,2, жатыр мойны қатерлі ісігі 4,6 пайызға жетіп отыр. Соған байланысты өлім де осы ауруларда ең жоғары. 2009 жылы ауру (заболеваемость) жағынан да, өлім көрсеткіші жағынан да Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары алда келеді.

Дәрігерлердің айтуынша, егер сүт безі мен терінің қатерлігі ісігін алғашқы сатыда анықтап, емдейтін болса, өте жақсы нәтиже береді. Біріншіден, науқасқа соншалықты үлкен операция жасалмай, ары қарай аналық парызын орындап, бала сүйе алады. Ол үкіметке де тиімді. Өйткені, химиятерапия емі керек емес. Бүгінгі протокол бойынша химиятерапияның он курсының әрқайсысы 1 мың доллардан 10 мың доллар аралығында. Яғни, ем қымбатқа түседі. Бірақ, оған қарамай мемлекетіміз қажетті дәрі-дәрмекті жеткілікті бөлуде.

– Семей, Өскемен қаласындағы екі онкодиспансерде 17 мың адам есепте тұрса, жылына 2300-2400 адам жаңадан тіркеледі. Ең бірінші кезекте өкпе, омырау безі, асқазан, тоқ ішек ауруы. Дәрі-дәрмек жеткілікті, орнықты. Ал басты проблема – облыстағы 1,5 млн. тұрғынға 520 дәрігер жетіспейді. Шалғайдағы елді мекендерге дәрігерлер бармайды. Өкпе ауруының жоғары болуына байланысты аудандарда жетіспейтін рентген аппаратуралары, маммографтар, эндоскопиялық аппараттар алынса, – дейді бас дәрігер.

Сонымен, үш күн бойы отандық онкологтар бас қосып, келелі, пайдалы әңгіме өткізіп, алдағы жылда атқарар міндеттерін де айқындап алды. Ал соңын­да жиынға қатысушылар 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша жүргізілген сүт безі мен жатыр мойнының қатерлігі ісігін ерте диагностикалаудың скринингін тұрақты жүргізуге, маммография, цитологиялық диагностикада мамандарды дайындау мен қайта даярлауды жетілдіруге т.б. мәселелерге байланысты қарар қабылдады.

Автор:
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ