Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Кіші дәреттен «Бешбармаққа» шейін


24 октября 2014, 10:28 | 1 405 просмотров



Қазақтар өздерінің ұлттық тағамы «Бешбармақты» әлі күнге сүйсініп жейді. «Бешбармақ» - кез-келген той-томалақ мәзіріндегі ең үлкен ас, сый-құрметтің белгісі. Онсыз өткен отырысқа көпшіліктің көңілі толмай, азырқанып қалады. Дегенмен, соңғы жылдары қазақтар сүйікті асының атауынан - «Бешбармақтан» безініп барады. «Бешбармақ» сөзін алмастыру үшін «Ет асу», «Ауқат», «Нан салма», «Күлшетай», «Ас», «Ет», «Күртік» және т.б. атаулар ұсынып жатыр. Осылардың ішінде «Бешбармақты» «Ет асу» деп атау көпшілікке ұнайды. Бірақ бұл жөнінде де олар ортақ мәміле тапқан жоқ.

«Бешбармақтан» неге азар да безерміз? Бұл сұраққа берілетін жауап былай болып келеді: Ұлттық асымызға «Бешбармақ» атауы сырттан таңылыпты. Дәлірек айтсақ, бұл атауды бізге кезінде қазақ даласын кезіп, халықтың тұрмыс-тіршілігін қағазға түсірген орыс этнографтары таңып беріпті-мыс. Бұл - «Бешбармаққа» деген жеккөрініштің бірінші себебі. «Бешбармақтан» безінудің екінші себебі де осымен орайлас жатыр. «Бешбармақ» сөзі тағамды «бес саусақпен жеу», яғни «қолмен жеу» дегенді білдіреді. Мұның астарында «Қолдың қолданылмайтын жері жоқ, сонымен тағамды уыстап, оны ауызға тығуға бола ма?!» деген жиіркеніш жатыр. Себебі, еуропалықтар қайнатылған, қуырылған, буға пісіріліген тағамды арнайы құрал арқылы жейді, қолын былғамайды. Олардың қасында «Бешбармақты» қолмен жеп, майы мен сорпа-суы тамшылаған саусақтарын жалап-жұқтап отыру ерсі көрінуі мүмкін. Ал егер тырнағы сояудай, оның астындағы кірі бес елі болып тұрса, бұл, әрине, жиіркенішіті. «Бешбармақ» атауынан қашатындар осыдан қымсынады.

Қазақтардың салт-дәстүрін қағазға түсіріп қаттауда орыс этнографтарының еңбегі орасан зор. Мұны біз терістей алмаймыз. Олар көшпенділердің күн сайын жейтін ұлттық тағамы жөнінде жазар кезде оның атауын халықтан сұрамауы мүмкін емес. Сол заманның қазақтары «бұл асқа бір қол салынып желінеді» деп түсіндірген болуы мүмкін. Осыдан кейін этнограф тағамды «Бешбармақ» (қазақтар «бес» сөзін көбіне «беш» деп айтады) деп атаған. Осыны ескерсек, ұлттық тағамымыздың «Бешбармақ» атануында орыс этнографтарның ешбір кінәсі жоқ екенін көреміз. Ұлттық тағамымыздың атауын берген ата-бабаларымыз. Оны біз өзгертіп тастасақ, дәстүр жалғастығы қайда қалады?!

Екіншіден, тағамға қол салып жейтініміз рас қой. Бұрын қазақтар «Бешбармақты» жаппай осылайша жеген. Қазір де дәстүршіл қазақтар қасық, шанышқы жеткілікті бола тұра, «Бешбармақты» қол салып жейді. Осы ретте мән-жайына қанықпай дәстүрден безінудің жағымсыз салдары жөнінде айта кетейік. Мысалы, көшпенді қазақтардың еркектері кіші дәретін тізерлеп отырып сындырған. Мұнда гигиеналық мән бар. Егер дәретті еуропалықтар сияқты түрегеп тұрып сындырса, онда биіктен құлаған зәрдің көзге көрінбейтін майда тамшылары адамның аяғына шашырайды. Қазақ даласына орыс отаршылдары келген соң көшпенді қазақтың осы дәстүрі сынға ұшырады. «Түрегеп тұрып-ақ жасауға болатын нәрсені тізерлеп отырып неге қиындатасыңдар?» деген келеке-кекесін әр жерде айтыла берген соң бәріміз түрегеп тұрып дәрет сындыратын болдық. Ал қазір дамыған Батыс елдері еркектердің түрегеп тұрып дәрет сындыруына тиым салуда. Себебі, унитаз ішіне дәлдеп шорылдатса да, зәрдің көзге көрінбейтін майда бөлшектері айналаға шашырайды екен. Зәр ішінде мыңдаған ауру тарататын микробтар бар. Енді қоғамдық орындарда жұқпалы аурудан қорғану үшін еркектердің кіші дәретін де унитазға отырғызып сындыртпақшы. Міне, кезінде «тозығы жетті» деп терістелген дәстүрді еуропалықтар «озық үлгі» деп, қайтадан өмірлеріне енгізіп жатыр.

Саусақтан аққан майды жалап отырып, тағамды қолмен жеудің ас қорытуға пайдалы екенін ғалымдар жиі айтып жүр. Егер осы ғылыми жаңалық бұлтартпас дәлелін тауып, көңілге орнығатын болса, онда еуропалықтар да тамақты жаппай қол салып жеуге көшеді. Сонда, біз, қазақтар ұлттық тағамымыздың «Бешбармақ» деп аталуына, оны қол салып жейтінімізге қымсынбайтын боламыз, керісінше, мақтан етеміз.

Автор:
Сәкен Түсіпбек