Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қыз алып қашу қылмыс па?


24 октября 2014, 10:18 | 1 599 просмотров



Бала кезімізде үйдегілердің аузынан осы сөзді жиі еститін едік. Және оны ешкім ерсі көрмейтін. Бұл ауыл, жалпы қазақтың тұрмысындағы әдепкі дүниелердің бірі ретінде көрінетін еді. Алайда заман озады, заң тозады екен. Сайып келгенде қоғам да ержетеді, есейеді. Бұрынғы бейкүнә дүниелер қазір басқандай мәнге ие болса, бұған таңғалмаңыз. Бәлкім, содан да шығар соңғы кездері қыз алып қашуға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Және оның толастар түрі жоқ.

Әсіресе, бұл тараптағы видеолар интернет желісінде өріп кеткелі, әлеуметтік желілердегі белсенді қауым бұл мәселені барынша талқылап жатқан жайы бар. Мұны жақтайтындар «ата дәстүрімізді сақтауымыз қажет» десе, ал енді бірі керісінше «қыз алып қашу барып тұрған қылмыс, әрі көштен қалғанның белгісі, ендеше бізге көне әдеттің не қажеті бар?» дейді. Шыны керек, екі жақтың пікірімен де келісуге болады. Бұдан сырт бұл тараптағы қазақтілді және орыстілді баспасөздің көзқарасы көп жағдайда қабыса бермейтінін де ескеру керек.

Дәлел…

Мысалға былтырғы жылы, қателеспесек «Мегаполис» басылымы 2013 жылдың алғашқы 7-8 айында Оңтүстік Қазақстан өңірінде барлығы 12 қыздың ұрланғанын және осыған қатысты қыз жақтың туыстары құқық қорғау органдарына шағым түсіргенін жазған болатын. Біз бұл мәселеге өз пікірімізді білдіргенді жөн көрмедік. Осы себепті белгілі филолог ғалым Ақеділ Тойшанұлы «Свобода слова» газетінде осы тараптағы ойын ортаға салған болатын.

Ақеділ Тойшанұлы, филолог-ғалым:– Өз басым бұдан соншалықты зор мәселе көріп тұрған жоқпын. Біріншіден, оңтүстік өңірде қыз алып қашу дағдылы жағдай. Шымкенттіктердің қанына сіңнен қадет десем артық айтпаспын. Білуімше, мұндағы жастардың 80 пайызы алып қашу арқылы үйленеді. Және де көптеген басылымдар дәл осы оңтүстік өңірде, ажырасу деңгейі өзге облыстарға қарағанда әлдеқайда төмен екенін назарға ала бермейді.

-Бұл қазаққа ғана тән дәстүр ме?

Осы сауал бізді көптен бері мазалап жүргенін несін жасырайық. Біздің білгеніміздей, бұған Каспий теңізінің арғы жағындағы Кавказ халықтары да теріс қарамайтынға ұқсайды. Мысалға, кинотанушы Олжас Нұрғалиевтің айтуынша аты аңызға айналған режиссер Леонид Гайдайдың «Кавказ тұтқыны» киносындағы қыз алып қашатын көрініс тегін түсірілмеген. «Бұған кавказдықтар арасында да қыз алу қашу дәстүрінің сақталып қалуы себеп болған» дейді бұл ретте кинотанушы.

Ал біз былай ойлаймыз: атақты режиссер кино желісін дәл осы ата дәстүрге құру арқылы сол кезгі КСРО құрмындағы Орта Азия елдерінің халықтарын осы бір көнеден келе жатқан дәстүрге мойын бұруына жол ашты. Әрі «Кавказ тұтқыны» киносынан кейін Орталық Азия аймағында дәл осы тақырыптағы қаншама кинотуынды түсірілді. Айталық, Гайдайдың киносынан кейін 1970 жылдардың шамасында туындының желісіне қызыққан тәжіктер дәл осы тақырыптағы фильмді өмірге әкеледі. Қалыңдыққа үміткер саналған 16 күйеу турасындағы фильм кейін тәжік киносындағы аты аңызға айналған туындыға айналады. Біздің қазақ режиссерлері де бұл тарапта бірнеше фильм түсіргенінен хабардармыз. Атап айтар болсақ, Едіге Болыспаевтың «Шаңырақ» сериясы дәл осы қыз алып қашу мәселесіне негізделген. Алайда бұл туынды қыз алып қашуға қылмыстық сипат бермейді. Керісінше, бұл жайт бірін бірі сүйетін қос ғашықтың ақыр аяғы қосылуына себеп болады.

Дейтұрғанмен…

Иә, дейтұрғанмен негізгі мәселеге қайтып оралсақ. Қыз алып қашу қылмыс па, әлде дәстүр ме? Шыны керек, бұл сауалға ешкім де нақты жауап бере алмайды. Егер бұл бертінде пайда болған дүние болса, ендеше оны қылмыстың қатарына жатқызуға әбден болар еді. Алайда, халқымыздың тереңнен тамыр тартқан тарихында дәл осы алып қашу арқылы екі жастың бір-бірімен табысқан жайттары жетіп артылады. Сайып келгенде, қыз алып қашу дәстүрі бүгінгі заманға дейін бекерге жеткен жоқ. Бұл тарапта Ақеділ Тойшанұлы: «Бұл дәстүр отбасылық институттың бір бұтағы ретінде біздің заманымызға жетті. Ал ұмытылып кеткен салт-дәстүр қаншама? Бәлкім, жаңа заманның тәрбиесін алғандар бұған «ескіліктің сарқыншағы» деп қарайтын болар. Бірақ бұлай болса, бұл дәстүр әлдеқашан заман көшінен түсіп қалар еді ғой?» дейді.

Мұны қылмыс деп бағалайтындар «бұл бөтен адамның ішкі өміріне қол соғу, оның пікірімен санаспау, әйел адамды қорлау» дейді. Қалай ойлайсыз, оқырман қауым? Бұл ретте бізбен ой бөліскен, газетіміздің оқырманы Зейнолла Абажанов былай дейді:

– Бұл шынымен де солай ма? Шындығында мұның астарында әлеуметтік фактор да жатуы мүмкін ғой? Айталық, қызды неге алып қашады? Жасырмайық, қазір тойдың шығыны шаш етектен. Мұны екінің бірінің қалтасы көтермейді. Ал өз отбасының жағдайын білетін кейбір жастар ата-анасының несие алып тығырыққа тірелгенін қаламайды. Сондықтан құда түсу, сырға салу тәрізді тойдың толып жатқан шығындарын барынша азайтуды мақсат тұтқан жастардың кейбірі «алып қашты» әдісі арқылы бас қосып жатқанын біз де, сіз де жақсы білеміз.

Той жарыс…

Шынымен де, қазір ой жарыс жайына қалған. Керісінше той жарыс алдыңғы орынға шыққан. Ал бұл жағынан біздің ұлт Еуропаның ең дамыған мемлекеттің өзінен асып түсіп жатыр. Мысалға, былтырғы жылдары 7 елдегі тойдың шығыны зерттелгені белгілі. Осы зерттеудің нәтижесінде қазақтардың тойға жұмсайтын (анығырақ айтсақ, шашатын) қаражаты қалталы, бақуатты тұратын еуропалықтардың өзінен асып кетіпті. Анықтап айтсақ, біздің тойдағы бір қонаққа арналға дастарханымыздың құны 70-80 долларды құраған. Әрине, қалалы жерді айтып отырмыз. Көлік кортежінің құны да арзан емес. Біздің «Свобода слова» басылымы бұл туралы бұдан бұрын егжей-тегжейлі жазған болатын.

Жалпы зерттеушілердің пікіріне қарағанда әлемдегі отбасын құрғандардың шамамен 30 пайыздайы той-шығынын өздері көтереді екен. Ал өзге 70 пайызында бұл міндет тікелей ата-ананың мойнына жүктеледі. Қазақстанда оның ішінде ауылдық жерлерде тойдың мәселесі банктен несие алумен шешілетіні жасырын емес.

Қалай болған күнде бұл мәселе әлі де болса терең талқылауды қажет етеді. Себебі, біздің қоғамның өзі қыз алып қашуға әлі күнге дейін нақты баға берген жоқ. Әзіргі күні бірқатар қоғам қайраткерлері, оның ішінде заңгерлер бар «қыз алып қашуды реттейтін арнайы заң қажет» деген мәселе көтеріп жатыр. Қалай ойлайсыз оқырман қауым: ата дәстүрді заңмен жүйелеген, заңмен реттеген жөн бе?

Автор:
Есет КӨШЕБЕ