Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Сүт безі қатерлі ісігі: көз жұматындар азайды


17 октября 2014, 11:25 | 2 581 просмотр



Бүгінде еліміздегі онкологиялық аурулардың ішіндегі ең кең таралғаны сүт безі қатерлі ісігі болып отыр. Ал қатерлі аурулар арасында сүт безі ісігінен көз жұматын әйелдер саны үшінші орында тұр, яғни 1,5 мың әйелді құрайды.

Онколог мамандардың айтуынша, жыл сайын республика бойынша 4 мыңға жуық сүт бездерінің қатерлі ісігі анықталады екен. Қазір есепте тұрған әйелдер саны 27 мыңға жуық. Ал көбіне сүт безі қатерлі ісігі асқынып кеткен жағдайда келген әйелдің омырауын түгелдей алып тастауға тура келеді екен. Алайда енді мамандарымыз оны омырау имплантантымен алмастыруды қолға алып жатыр.

Бұл әрине, біздің елімізде ғана емес, өзге мемлекеттерде де өткір тұрған проб­лема. Сондықтан сүт безі қатерлі ісігімен күресудің Дүниежүзілік күніне орай 9-10 қазан күні Алматы қаласында сүт бездерінің қатерлі ісігі мәселелеріне қатысты халық­ара­лық конференция өтуде. Конференцияға Италия, Испания, Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Түркия елдерінің алдыңғы қатарлы сарапшылары қатыспақ. Оның ішінде про­фессор Умберто Веронези бас­қаратын Евро­палық онкология институты­ның (Ми­лан, Италия) танымал профессорлары бар.

Қазір Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігі жасарып келе жатқанын айтты. Алматы қалалық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Диляра Қайдарова. Яғни, ауру 28-30 жасында анықталуда. Негізінен, әйел­дердің 20-25 пайызы аурудың асқынға­нын­да, 3-4-сатысында келеді екен.

– Бізде сүт безі қатерлі ісігіне күніне ша­мамен 4 операция жасалады. 3 операция қауіптілігі төменге жасалады. Жалпы, Ал­ма­­ты қаласында сүт безі ісігімен ауыратын әйел­дердің саны 400-ге жуық. Мысалы, профессор Умберто Веронези басқаратын Еуропалық онкология институтында ор­ганды сақтап қалу операциялары бар. Он­дағы мамандар омырауды алып тастаған­ның өзінде, оның орнына омырау имп­­лант­тары салынады. Бұл әдісті біздің жас дәрігерлеріміз де меңгеріп келді. Енді мұндай операцияны біздің орталықта да жасаймыз. Импланттардың  бағасы 600-900 евродан жоғары, ол мемлекет қаржысына алынбақ, – дейді Қалалық онкологиялық дис­пансердің бас дәрігері Диляра Қай­да­рова.

Бүгінде әлемде жылына 1 млн 400 мың науқас анықталады екен. Ал Италия, Ұлы­бри­тания, Германия, Англияда бұл көр­сеткіш жылына 33 мыңды құрайтынын ай­та­ды профессор, Еуропалық онкология институтындағы сүт безі хирургиясы және диагностикасы департаментінің директоры Стефано Зуридо (Милан, Италия).

– Негізі сүт безі қатерлі ісігіне шалдыға­тындардың қатары көбейгенімен, өлім-жітімнің саны жыл сайын азайып келеді. Ол әйелдердің өз денсаулығына жауапкершілік­пен қарай бастағаны білікті мамандар даярлануымен байланысты.  Сондай-ақ, құрылғылар да жылма-жыл жаңарып, же­тіл­діріліп келеді. Еуропа елдерінде омырау­ды түгелдей кесіп тастамай, көп жағдайда дәрігерлер оны сақтап қалуға тырысады. Өкінішке қарай, бұл пайыз Шығыс Еуропа, Азия елдерінде көп. Әйелдер өзіне көңіл бөл­мей, дәрігерге омырауды сақтап қалу мүм­кін емес жағдайда барады, – дейді Стефано Зуридо.

Дегенмен, Ұлттық скринингтік бағдар­ла­­ма­ның арқасында Қазақстанда бұл ау­руды ерте басынан анықтау және дер ке­зінде ем­деу мүмкіндігі артып отырғандығын айтады мамандар. Мысалы, осы жылдан бастап Ал­маты онкология орталығында сүт без­дері­нің қатерлі ісігін жаңа заманауи техно­ло­гияны қолданып емдеуде. Ал сүт бездері­нің қатерлі ісігін ерте кезеңінде анықтаса, аурудан 98 пайыз жазылып кету мүмкіндігі бар екен.

– Сүт безі ісігін ерте анықтаудың тәсілі маммографиялық скриниг жасау. Әрбір жасы 40-тан асқан әйел тұрғылықты жеріне байланысты емханаларда тегін скриниг өтуіне болады. Бірінші саты бойынша диаг­нос­тика жасалады, одан барып биопсия алынады, кейін гистологиялық зерттеулер жүргізіледі. Содан барып аурудың сатысына байланысты емдеу жұмыстарына кірісеміз. Қуантатыны, ерте кезеңде, яғни 1-2-саты­сын­да анықталғандар саны артып келеді, ол шамамен 85 пайызды құрайды. Ал бірінші сатысында адамды 100 пайыз емдеп шыға аламыз. Екінші сатысында химия терапия, сәуле терапиясы әдістері жүргізіледі. Одан басқа, гармон терапиясы, таргет терапиясы бар. Таргет терапиясы қызметі елімізде тегін жүргізіледі, – дейді Диляра Хайдарова.

Алманы қаласында жүргізілген «Сіз үшін маммологқа баруға не кедергі?» деген сауал­ға, әйелдердің 49 пайызы бос уақыты­ның жоқтығын айтса, 23 пайызы ештеңе мазала­ма­са барудың қажеті жоқ деп түсінеді екен. 12 пайызы денсаулығына байланысты жа­ғы­м­сыз жаңалық естуден үрейленеді екен.

Айта кету керек, БДС ұйымы қазан айын­да сүт безінің қатерлі ісігі туралы ха­бар­ландыруды арттыруға арнап отыр. Қазан айының 18-де барлық емханаларда және Қалалық онкологиялық диспансерде ашық есік күні жүргізілмек.

Автор:
Нұрсұлу Мырзахметова