Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жеке меншік медицинаға деген көзқарас өзгерді


17 октября 2014, 11:05 | 1 995 просмотров



Адам өмірінде екі маңызды сәт бар екен : бірінші –жар таңдау, екінші-мамандық таңдау. Осы екі таңдауды дұрыс жасаған адам өмір бойы бақытты болатын көрінеді. Отангүл Тұрдыбекқызы Нұрабаева бұл екі таңдауда да қателеспеген тұлға. Ол қызметінде де, отбасылық өмірінде де бақытты. Нәзік жанға тән әсемдік, сыпайылықпен қатар кейіпкеріміздің бойынан ісіне адалдық, мамандығына беріктік байқайсың. Отангүл Тұрдыбекқызы «Нұр-Авиценум» медициналық орталығында директордың орынбасары қызметін атқарады. Ол бұл мекемеде негізі қаланғаннан бері жұмыс істеп келеді. Дәлірек айтсақ, 24 жыл. Осы жылдар ішінде өзі де, өзі қызмет атқаратын ұжым да талай жетістіктерге жетті. «Нұр-Авиценум» заман медициналық орталыққа айналса, Отангүл Тұрдыбекқызы өз ісінің ең білікті маманы болды. Кейіпкерімізбен Отандық денсаулық сақтау жетістіктері, ақылы медицина ерекшеліктері және шетелдік үздік клиникалармен байланыс төңірегінде тілдестік. Отангүл Тұрдыбекқызы заманауи медициналық орталық және заманауи маман келбеті туралы пікірін білдірді.

Өмірдерек

Отангүл Тұрдыбекқызы Нұрабаева 1956 жылы дүниеге келіп, Аягөз қаласында 10-жылдық мектепті бітіреді. Мектеп табалдырығынан кейіпкеріміз қоғамдық жұмыстарға араласып, ортасының алды болып жүреді. Бала кезінен үйінде біреу жарақаттанып немесе сырқаттанып қалса емдеуге асығатын. 1978 жылы Отангүл Тұрдыбекқызы балалық арманын қуып, Талдықорған қаласындағы медициналық училищесіне оқуға түседі. Студенттік өмірде де кейіпкеріміз оқуға жақсы ынтасымен, білімге құштарлығы, қоғамдық іс-шараларға атсалысуымен қатарының алды бола білді. 1981 жылы медициналық колледждің фельдшерлік факультетін бітіреді. «Кезінде ЖБИ деген завод болатын. Сол заводқа мені бірден ФАП фельдшерлік-акушерлік пунктің меңгерушісі етіп жіберді. Бастапқыда мен жаспын, тәжірибем аз деп қорықтым. Заводқа келсем 500 қызметкер жұмыс жасайды екен. Сол 500 адамның денсаулығына өзім жауапты болдым. Еңбек жолым осылай басталды. Одан кейін Партиялық басшыларды ғана емдейтін клиника Совпартактив ашылды. Сол Совпартактивте істедім. Бұл жерде де еңбегімді жоғары бағалады » -деп әңгімеледі медицинадағы алғашқы қадамдары жайлы Отангүл Тұрдыбекқызы. 2005 жылы кейіпкеріміз бірнеше әріптестерімен Германияның Бадкройцен қаласындағы «Хертцентрум» клиникасында білім жетілдіру бір айлық оқу курсынан өтеді. Жүрек-қантамырлар ауруын реабилитация маманы ретінде білім жетілдіреді. 2014 жылдың 14-15 мамыр аралығында өткен «21-ғасырдың медбикесі өткеннің қазіргіге және болашаққа көзқарасы» атты ғылыми-тәжірибелік халықаралық конференцияға қатысып, «Мейірім» төс белгісімен марапатталады. Бұл марапатты Отангүл Тұрдыбекқызы Алматы облысынан жалғыз алды. Еңбегінің жемісін көріп жүрген маман алдыға қойған мақсатқа жетуге ұмтылу керек дейді.

МЕДИЦИНА, ҰЖЫМ, САПА

-Отангүл Тұрдыбекқызы, «Нұр-Авиценум» ашылғалы бері осы мекемеде қызмет істеп келесіз. Осы медициналық орталыққа қалай келдіңіз? Алғашқы жеке меншік медициналық мекемені қоғам қалай қабылдады?

- 1990 жылы Совпартактивте жұмыс істеп жүргенде газетте «Нұр-авиценум» ашылады, конкурстық негізде медициналық қызметкерлер қабылдаймыз деген хабарландыру оқыдым. Бұл Қазақстанда ашылған ең алғашқы жеке меншік клиника болды. Бағымды сынап көргім келді, сондай-ақ жеке меншік медициналық мекеме қандай болмақ деген қызығушылық та туындады. Владимир Антонович Крайсманның клиника жұмысын бастағанға 3 ай болыпты. 1991 жылы 17 қаңтардан бастап біздің орталықтың ресми тіркелген күні. Бастапқыда «Нұр-Авиценумге» аға мейірбике болып кірдім. Кейіннен бас дәрігеріміз мені бас мейірбеке қызметіне тағайындады. Сол уақыттары жұмыс өте көп болды. Мына қазіргі клиникамызды шегеден бастап қағып, енді жұмыс басталған кез болатын. Оның үстіне жеке меншік клиника дегенді халық көп түсіне бермейтін уақыт еді. Ақылы клиника болғандықтан халықтың да қоятын талабы жоғары болады. Біз сол талапқа сай жұмыс істеуге тырыстық. Сондықтан әрбір маман білікті болу керек. Науқаспен қарым-қатынас жақсы болып, әрбір емделушіге ерекше көңілмен қарауға міндеттелдік. Бұл тұрғыда мемлекеттік медициналық мекемелерде жеңілірек болды. Үкіметтен ақша бөлінеді, науқастар келеді,қызметкерлері жалақысын алады. Оның жанында біздің жеке меншік клиника өз күнін өзі көруге тырысты. Әрбір науқас, емделушіні тарту үшін «күрестік» десек болады. Жалақымыз да сол еңбегіміздің нәтижесі болатын. Сол кезеңнен де өттік. 1996 жылы Владимир Антонович өзінің орынбасары қызметіне тағайындады. Одан кейін негізгі жұмыстарым да өзгерді, талап та өзгерді. Қызметтің әр сатысынан өттім.

-90-жылдар өтпелі кезең, тоқырау уақыты болды. Сол уақытта жеке меншік медициналық орталықтың жұмысы жүріп кетуіне үлкен күмән болды. Бұл орталықтың жабылып қалмай керісінше жетістікке жетуінің басты құпиясы қандай?

- 1995 жылы 7-желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы біздің орталықтың жұмысымен танысты. Сол кезде Президент «жеке меншік медициналық орталықтар ашу алдыға қойылған мақсаттарда бар еді, ал сіздер біздің алдымызды орап кеттіңіздер» деп жұмысымызды жоғары бағалаған еді. Ұжымымыз өте жақсы. 90- жылдары тоқырау заманында жарық жоқ, жалақы бере алмай, қиыншылық орын алған уақыт еді. Сондай кездің өзінде көп мекемелер жабылып жатты. Ал біздің орталық нық тұрды. Егер біздің мекеменің алдыға қойған мақсаттарымыз, жоспарымыз дұрыс болмаса қызметкерлер басқа жұмыс іздеп, басқа қалаға кетіп қалар ма еді. Сенесіз бе, сол қиын кездің өзінде бір адам жұмыстан кеткен жоқ. Бәріміз жұмыла жүріп тоқыраудан да өттік. Ұжымымыз біздің медициналық орталықтың жарқын болашағына сенді. Біздің ұжымда өте білікті мамандар жұмыс істейді. Барлық нәрсе басшыдан болады дейді ғой. Біздің бас дәрігер Владимир Антонович сол уақыттан бері көп ізденді. Ол өте көп жұмыс жасайды, бір орында қадалып отырмайды, үнемі ізденісте жүреді. Менің мамандығымда жетістікке жеткенім бірінші бір Алла болса, екінші осы Владимир Антоновичтің арқасы. Басшымыз әр қызметкерді алдыға жетелейді, олардың өсіп-жетілуін қолдап отырады. Біздің орталық 5-6 шет мемлекеттермен жұмыс жасайды. Сол жылдардың өзінде Германияның клиникалырмен тығыз байланыста жұмыс бастағанбыз. Бастапқыда 10-12 адаммен жұмыс басталған, қазір 80-нен астам қызметкер жұмыс істейді. Содан бері әрине, өстік қой.

-«Заман басқа заң басқа» демекші кеңестік кезеңнің медицинасы мен бүгінгі тәуелсіз еліміздің медицинасы арасында қандай айырмашылық бар?

-Айырмашылық бар. Бұғыңғы заманның талабы басқа болған, қазіргі замандағы медицинаның талабы басқа. Мысалы, бүгінгі күні әр медициналық мекеме акредиттеуден өтеді. Бұл медициналық мекменің қаншалықты заман талабына сай екендігін анықтау үшін жүргізіледі. Акредитациядан өту үшін мекеме барлық жағынан талапқа сай болу керек. Оның ішінде аппараттар, медициналық қызметкерлер, емдеу тәсілдері т.б. Осыдан 4 жыл бұрын біздің орталық аккредиттеуден өткен. Биыл қайтадан келді, Талдықорған қаласында бірінші болып аккредиттеуден өттік. Бұл біздің орталықтың жұмысы қазіргі заманның талабына сай дегенді білдіреді.

-Денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы негізгі проблемалардың бірі. Жас мамандарды жұмысқа тарту, оларға жағдай жасау маңызды. Жеке меншік медициналық орталықта жас мамандармен жұмыс қалай жүргізіледі?

Жас мамандар келгенде барлық жағынан қолдау көрсетеді. Көп жағдайда тәжірибе жоқ деп жастарды жұмысқа алмай жатады. Бізде жаңадан келген жас маманға білікті дәрігерлер бәрін үйретеді. Олар біздің орталықтан заманға сай тәжірибе жинақтай алады. Себебі, құрал-жабдықтарымыздың барлығы техниканың соңғы үлгісінде, аппараттарымыздың барлығы шетелдікі. Оны жаңартып тұрамыз. Жас мамандарды өзіміз үйретіп, біліктілігін арттырып, осы жерден өсіп-өнеді. Түрлі мінезбен келетіндер де болады. бастысы дұрыс тәрбиелеп, дұрыс бағыт беріп түсіндіру. Қызығушылығын ояту. Біздің медициналық орталық заманауи құрал-жабдықтар, әлемдік стандарттарға сай емдеу тәсілдерін қолданады. Осының барлығын көріп жас мамандардың өздерінің-ақ қызығушылығы оянады. Біз ай сайын Америкадан, Германиядан медициналық журналдарды алып отырамыз. Заманға сай емдеу тәсілдері, науқасқа қараудың жаңа бағыттары, ғылыми жаңалықтар барлығы осы журналдардың ішінде бар. Бұл журналдарды міндетті түрде қызметкерлеріміз оқып отырады. Қызметкерлеріміздің жан-жақты білімін жетілдіру жолға қойылған.

-Біздің елімізде медициналық сақтандыру болашағы қандай? Сіздердің орталықтарыңызда бұл бағыттағы жұмыс бұрыннан бері жүзеге асуда. Медициналық сақтандыру бойынша жұмыс қалай жүзеге асады?

-Өзінің болашағына немқұрайлы қарамайтын жұмыс мекемесі қызметкерлерін сақтандырады. Біздің елімізде бірнеше сақтандыру компаниялары жақы жұмыс жүргізіп келеді. Біздің медициналық орталық сол компаниялармен шартқа отырады. Сол шарт бойынша бір мекменің қызметкерлері сақтандыру полисімен біздің орталықтан ем алады. Айына бір рет сақтандыру арқылы қанша адам ем алғаны, қандай ем жүргізілгені жайында есеп беріп отырамыз. Сол есептің қорытындысы нәтижесінде сақтандыру компаниясы ақшасын аударып отырады.

-«Саламатты Қазақстан» бағдарламасы, БҰДСЖ-сі сияқты мемлекеттік бағдарламаларының жеке меншік медициналық мекемелер жұмысы үшін пайдасы қаншалықты болды?

- Пайдасы бар. Біріншіден көп нәрсе өзгерді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша медициналық қызметке қаражат бөлінеді. Мемлекеттік тапсырыста адам саны, көрсетілетін медициналық көмек түрі белгіленеді. Осы бойынша келген емделушілердің барлығы тегін емделеді.

-Халықтың жеке меншік медицинаға деген көзқарасы өзгерді ме?

-Бұрындары түсінішпеушілік болған. Қазір халықтың көзқарасы өзгерді деп айтуға болады. Неге десеңіз, ақылы қызмет болғаннан кейін соған сай жұмыс жасауымыз керек. Науқасқа ерекше көңілмен, ерекше зейін қойып, жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарауға міндеттіміз. Бұл әрине, науқастарға ұнайды. Өзінің денсаулығын шын ойлаған адамдар сапалы медициналық қызметке ұмтылады. Егер халықтың ақылы медицинаға деген көзқарасы бұрыс болса, біз жұмыссыз қалар едік қой. Жылдан-жылға біздің орталықтың емделушілері көбейіп келеді, бұл дегеніміз біздің мамандардың көрсететін медициналық қызметтің сапасы көңілден шығады.

-Мелекеттік және жеке меншік серіктестік денсаулық сақтау саласында көптеген кемшіліктерді шешудің жолы болуы мүмкін. Бұл негізде сіздердің медициналық орталықта қандай жұмыстар жүргізіледі?

-Жеке меншік клиникада немесе мемлекеттік ауруханада болсын, негізгі мақсат халық денсаулығы. Біздің клиникада қазір заманауи техникалық жабдықталған гемодиализ орталығы ашылды. Біздің гемодиализ орталығына денсаулық сақтау министрі де, шетелдік мамандар да жоғары бағасын беріп үлгерді. Мемлекет тарапынан қолдау нәтижесінде бұл жерде науқастарға тегін көмек көрсетіледі. Емханада тіркелген адамдар да тегін медициналық қызмет алады. Бұл үкіметтің және халықтың біздің орталыққа артып отырған сенімі деп түсінеміз. Мемлекеттік және жеке меншік серіктестік жұмысы қалай жүзеге асуы болатынына осы орталық үлгі бола алады. Портал арқылы емдеу жолға қойылған, бізде тек қала тұрғындары ғана емес, аудандардан келіп ем қабылдайды.

- Медициналық туризмді дамыту турасында көп сөз қозғалады. Сіз жұмыс істейтін ортылық шетелдік клиникалармен тығыз байланыс орнатқан. Талдықорған сияқты облыс орталығында орналасқан медициналық мекемелер әлемдік стандарттарға сай шетел азаматтарына қызмет көрсете ала ма? Медициналық туризмді ірі орталықтарда емес, аймақтарда дамыту мүмкін бе?

-Егер алдыға сондай мақсат қойылса, неге оған жетпеске. Бұл медициналық туризмді дамыту туралы сөз қозғалмаған бұрыңғы кезден-ақ біздің орталықта Германияның азаматы келіп емделген. Медициналық туризм деген өте жақсы. Біздің орталыққа өзіміздің өңірден ғана емес, Шымкенттен, Алматыдан, Астанадан арнайы келіп ем іздейтіндер бар. Біздің орталық шетелдік клиникалармен тығыз байланыста. Егер біздің науқастар Германияда немесе басқа мемлекетте ем алғысы келсе, біз оларға бағыт-бағдар бере аламыз. Шетелде ем алуда көмек көрсетеміз.

-2015 жылдың қаңтарынан бастап ҚР-ның Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерінің өзгертілген жаңа нұсқасы заңды күшіне енеді. Қылмыстық кодексте «Медициналық құқықбұзушылықтар» деген тарау енгізілді. Бұл тарауда дәрігерлік қателіктер, медициналық қызмет және фармацевтикалық қызметегі заң бұзушылыққа жаза қатаңдатылған. Үлкен көлемдегі айыппұлдан бастап, бас бостандығынан айыруға дейін көзделген. Сіздің ойыңызша, заңды қатаңдату денсаулық сақтау саласына не береді? Біздің қоғамдағы дәрігерлер заңмен қаншалықты қорғалған?

-Дәрігерлік қателікті болдырмау мақсатында, медицина қызметкерлерінің немқұрайлығын болдырмау үшін жасалған шара деп түсінемін. Әрбір медицина қызметкерінің ішінде осындай заң бар деп ойлаймын. Медицинаға келген әр адам өз алдына талап қояды. Адамның жаны, адамның өміріне медицина қызметкері араша. Медицинада бәрі бірдей жақсы, бәрі бірдей жаман емес. Пенде болған соң түрлі адам кездесуі мүмкін. Өз жұмысына немқұрайлы қарайтындар да кездеседі, адам өмірін, оның денсаулығын өз мүддесінен жоғары қомайтын да болуы мүмкін. Қай салада болмасын ондай адамдар кездеседі. Сондықтан, бұл заң медицина қызметкерін қорқытып жібермейді. Қайта медицина саласының адамын өзінің ойын жинауға, ісіне берік, науқасақа қарым- қатынасын, міндетін, жауапкершілікті күшейтеді деп ойлаймын. Неге медицина қызметкері мұндай заңнан қорқуы керек? Өз ісін білетін, алдына қойылған талаптарын жақсы орындайтын адам неге қорқады? Медицинаға адасып келген адамдар ғана қорқады деп ойлаймын. Заңды шығарғаннан кейін, қорғаудың жолы қарастырылуы керек қой. Қатал жаза қолданса, қорғаушысы да болу міндетті. Дәрігерді қорғау керек. Медицинада аурудың сан түрі болады. дәрігердің қолынан келетіні де, келмейтіні де болады. Ауруы әбден асқынған, өлім ауызында келген науқасты қалай аман алып қалу мүмкін. Ем қонса, әрине жазылып кетеді. Бірақ өмір бар жерде, өлім де болады. Ешбір дәрігер әдейілеп науқасқа қиянат жасамайды. Ал егер қиянат жасаған адам болса, жазасын тартуға тиіс.

-Сіз бұл мекеменің жұмыс бастаған сәтінен бастап, барлық даму сатысының куәгері болдыңыз. Өзіңіз қызмет істейтін мекеменің болашағын қалай елестетесіз?

-Медицинаның қай бағытында болмасын, біздің орталықта жаңашылдыққа дамуға ұмтылады. Мен ойлаймын, медицинаның әр бағытында сапалы әрі емделушінің көңілінен шығатын көмек көрсететін медициналық мекеме болады. «Нұр-Авиценумның» болашағы өте зор деп сенемін. Біздің орталықта шетелдермен білім алмасу, тәжірибе алмасу жұмысы жолға қойылған. Сондықтан, шет мемлекеттердің клиникаларымен тікелей байланыста біздің мамандар оларға барып, олардың мамандары бізге келіп, тәжірибе алмастыру жалғасса ісіміз тек алға басады. Кардиология саласы бойынша біздің орталық үздік мекемелер боларына сенемін. Болашақта сапалы медициналық көмек көрсетудің нәтижесінде науқастардың ауруынан айығып, тек «рахмет» деген сөзі жиі айтылады деп үміттенемін.

ОТБАСЫ, ӨНЕГЕ, ӨНЕР

-Өкінішсіз адам жоқ. Сіздің жұмысыңызда, мамандығыңызда өкінген сәттеріңіз болды ма?

-Мамандық таңдауымда, медицинаға келгенімде бір өкінген күнім болған емес. Жұмысымды жақсы көремін. Кейде демалысқа шығып, жұмыстан біраз алшақтаған уақытта қайта жұмысқа келіп, ақ халатыңды киюге асығасың. Өкінуім мүмкін де емес. Мамандық таңдауда еш қателескен емеспін. Адам баласы бір емес бірнеше мамандықты үйреніп алуға болады. Бірақ сол мамандығын толық меңгеріп, ұсақ-түйегіне дейін білуге міндетті. Сол кезде ісі алға басады.

-«Ақ халатты киюге асығамын» деп айттыңыз. Медицина қызметкерлерін –ақ халатты абзал жандар дейді. Сіздің ойыңызша, ақ халат киген адам бойында қандай қасиеттер болу керек?

-«Абзал жан» деген сөздің өзі айтып тұр. Ақ деген ақ болады, қара деген қара болады. Ақ халатты адамның – жүзі де ақ, мінезі де ақ, істеген ісі де ақ болу керек. Кіршіксіз ақ болу керек қой. Қаншалықты көңіл күйің жоқ, ренжіп тұратын сәттер болады.Алдыңа науқас келіп жағдайын айтқан кезде, бәрін ұмытып, сол науқасқа жақсылық жасасақ екен, жақсы ем алып жаны жай тауып шықса екен деп ойлайсың. Ақ халатты кигенде өзіңнің жеке өмірің ұмытылып, қалайда науқасқа көмек көрсетсем деп ұмтыласың.

-«Басқа науқастар ауруханаға ауырғанда келсе, қазақ ауруханаға өлуіне бір күн қалғанда келеді» деген қалжың сөз бар еді. Қалай ойлайсыз халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі артты ма?

-Қазір көп нәрсе өзгерді. Науқастар көбейіп кетті дейміз. Себебі, бүгін ауруды дер кезінде анықтау қолға алынды. Профилактика жасау, тексерілу нәтижесінде ауруды ерте уақытта анықтауға мүмкіндік туды. Бүгінгі күні учаскелік дәрігерлердің ролі артты. Әрбір адам учаскесінде тіркеліп, міндетті медициналық көмекке алады. Бұл бағытта скринингтік тексерудің орны маңызды.

-Мамандығыңызға берік тұлғасыз. Ал бос уақытта немен шұғылданғанды ұнатасыз? Хоббиіңіз бар ма?

-Менің хоббиім –ән айту. Ән айтқанды, музыканы жаным сүйеді. Одан кейін аспаздықты ұнатамын. Кулинария да өнер ғой. Күнделікті жаңа тағам түрін жасағым келіп тұрады. Ас –адамның арқауы,-дейді дана халықымыз. Тағамның түр-түрін дәмді етіп әзірлеу жақсы көріп, бар ынтамен шұғылданатын ісім.

-Әйел адам қызметінде, отбасында да биік белестерге жете ала ма? Мансап пен отбасылық міндеттерді қатар алып жүру мүмкін бе?

-Әйел болып жаратылғаннан кейін барлығына да үлгеру керек. Сонау бұрыңғы қазақ заманынан-ақ әйел затын ерекше сыйлаған, құрметтеген. Әйел үйінде отанасы да, қызметінде білікті маман бола алады. Әйел адам үшін әрине, отбасы бақыты бірінші орында тұрады. Отбасы бақыты –әйел бақыты. Жұмысың, ұжымың да екінші отбасың сияқты. Сондықтан қызметті де, отбасында алып жүру әйел адамның қолынан келеді.

-Отбасыңыз жайлы әңгімелесеңіз.

-Жолдасым Бауберік екеуіміздің шаңырақ құрғанымызға 36 жыл болды. Осы жылдар ішінде біз жаңадан үйленген жұбайлар сияқтымыз. Күнделікті бір-бірімізді көруге асығамыз. Тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Алмас және Айдос деген екі ұлды тәрбиелеп өсірдік. Алмас әскери адам, ал Айдос мамандығы заңгер. Адам жақсылықты балаларынан көреді дейді ғой. Ұлдарым жақсы. Әр қайсысының отбасы бар. Айнұр, Жазира есімді үлгілі келіндерім өзімнің қыздарымдай. Төрт немерем бар, есімдері: Інжу, Ислам, Іңкәр, Амира. Тәтті немерелерімнің әжесімін. Әже болу да бақыт.

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА