Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

"Акушер - гинеколог ештеңеден қорықпайды"


17 октября 2014, 11:03 | 5 064 просмотра



Білім, біліктілік, мейірім, еңбек, адалдық. Бұл дәрігер бойында болатын қасиеттер. Бірақ бұның бәрінен дәрігерге қажет ең негізгі қасиет –шыдамдылық. Күштеп дәрігер жасай алмайсың. Медицинаға тек жүрек қалауымен келген адамдар ғана мамандыққа адал болып қалады. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 60 мың дәрігер және 120 мыңнан астам орта буын медицина қызметкерлері жұмыс істейді екен. 2005 жылдан бері елімізде мемлекеттік медициналық мекемелердегі дәрігерлер саны 5 мыңға өсіпті. Жыл сайын отандық медициналық ЖОО-ын 3 мың түлек бітіреді екен. Сонда да елімізде маман тапшылығы байқалады. Медициналық білім алған жастар жетерлік, бірақ олардың барлығы мамандығы бойынша жұмыс істей бермейді. Сондықтан да бүгін жас мамандарды тарту, оларға жағдай жасап, қолдап отыру басты назарда. Себебі бүгінгі жас маман ертең аға буын дәрігерге айналады. Сондықтан жас мамандарға жағдай жасау – материалдық ынталандыру мен қатар олардың білімін жетілдіруге мүмкіндік жасау. Алматы Облыстық перенаталдық орталықта да бірнеше жас мамандар еңбек жолын бастап, тәжірибе жинауда. Жас та болса, жұмысын үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген дәрігерлер ішінде Сәния Кәрімқызы мен Назым Саяққызын айтуға болады. Қос құрбы университет қабырғасында бірге білім алып, қазірде еңбек жолдарын бір медициналық мекемеден бастап отыр. «Жас келсе іске» демекші, жас дәрігердің айтқан әрбір сөзінен, әрбір ісінен мамандығына деген үлкен жауапкершілік, құрмет, адалдық байқалады. Қос құрбы дәрігермен қатар сұхбаттасып, әңміге тартқан едік.

Сәния Кәрімқызы 1989 жылы Алматы облысы Сарқан қаласында дүниеге келген. Сарқан қаласы Абай атындағы мектепті бітіріп, Алматыдағы медициналық университетке оқуға түседі. Оқуын бітіре сала жас акушер-гинеколог Қаскелең қаласы әйелдер кеңесінде 6 ай жұмыс істейді. Қаскелеңдегі жұмысы жақсы болғанымен, жас маман көбірек тәжірибе жинауды көздейді. Сөйтіп, Талдықорғандағы облыстық перенаталдық орталыққа жұмысқа келеді. Міне, наурыз айынан бастап осы орталықта патология бөлімінде жұмыс істеп жүр.

Назым Саяққызы Өтелбаева да Жетісу жерінің тумасы. Ол 1988 жылы Лепсіде туылып, кейін Текелі қаласында мектепке барады. Арман қуып Алматыға келіп, Санжар Асфердияров атындағы медициналық университетке түседі. Бала кезден дәрігер болуды армандаған Назым қазір облыстық перенаталдық орталықтың гинекология бөлімінде жұмыс істеп жүргеніне бір жылдан да асты.

-Медициналық оқу орынында оқитын студент үшін ең жауапты кез мамандығының негізгі бағытын таңдау. Сіз бұл бағытты таңдауда қиналған жоқсыз ба?

Сәния Кәрімқызы: -Жоқ. Біріншіден мен бала кезімнен дәрігер болғым келді. Мамандық таңдауда қиналған жоқпын, медициналық университетке түстім. Ал екінші курста акушер-гинеколог боламын деп шешім қабылдадым. Көп ойланған жоқпын. Екінші курста акушер гинекологтар қалай жұмыс істейтінін көріп, қатты қызығып, осы мамандықты таңдадым.

Назым Саяққызы: -Мен де бала кезімнен дәрігер болуды армандамын. Мектепті бітіре сала медициналық университетке түстім. Гинекологияны да бірден таңдадым. Гинеколог мамандығы бұрыннан ұнады, қызықтырды. Сол себептен де осы бағытта жұмысты таңдадым.

-Медицина тілі қиын тіл. Университетте білім алған кезде қазақ тіліндегі оқулықтар сапасы қандай болды? Медицина қазақ тілінде қалай оқытылады?

Сәния Кәрімқызы: -Мен қазақ тобында оқыдым. Бірақ қазақ тілінде медициналық оқулықтар өте аз болды. Біз негізінен орысша кітаптардан оқыдық. Интернеттен, орысша оқулықтардан өзіміз аударып оқыдық. Қазақ топтарындағы студенттердің барлығы осылай оқыды. Жалпы біздің ұстаздар өте жақсы болды. Әсіресе, акуешер-гинекологтарды дайындайтын оқытушылар мықты еді. Олардың айтқаны, түсіндіргені есіңде оңай сақталатын. Олар бізге теориялық білммен қатар, мамандықты сүюді үйретеді білді.

- Сәния Кәрімқызы, Сіз еңбек жолыңызды Қаскелең қаласынан бастапсыз. Ол жерден қандай себептерден кеттіңіз?

Сәния Кәрімқызы: -Мен Қаскелеңде әйелдер кеңесінде істедім. Көбірек тәжірибе жинап, көп жұмыс істегім келді. Акушер-гинеколог мамандығының қыр-сырын білуге ұмтылдым. Операция жасағым келді. Сондықтан осы Перенаталдық орталыққа келдім. Қазіргі жұмысым ұнайды. Тәжірибелі, білікті мамандар жұмыс істейді. Олардан үйренетіміз көп.

-Бүгін елімізде жас мамандарға қаншалықты көңіл бөлінеді? Жас мамандарға деген қамқорлықты сезінесіз бе?

Сәния Кәрімқызы: -Біз өзіміз жұмыс істейтін орталықта жас мамандарға жақсы қолдау көрсетіледі. Аға буын дәрігерлер білгенін үйретіп, білмеген тұстарыңды дұрыстап, ақылын айтады. Ұжым қолдайды. Ол жағынан қиындық жоқ. Жалпы жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапса жақсы болар еді.

Назым Саяққызы: -Мен де келісемін. Жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету әлі өз шешімін таппады. Көп жас дәрігерлер баспанасы болмағандықтан жұмыстан кетіп қалып жатыр.

-Қазіргі заман ғылыми технологияның қарыштап дамыған уақыты. 21-ғасыр дәрігеріне қойылатын талап та жоғары. Бірнеше тіл білу, заманауи құрал-жабдықтарды және жаңа емдеу әдістерін тез меңгеру. Сіздерді ЖОО-да әмбебаптылыққа қалай тәрбиеледі? Жас мамандар заманауи талаптарға сай ма?

Сәния Кәрімқызы: -Әрбір студенттің өзінің талпынысы, өзінің бағыты болады. Ұстаздар бағыт-бағдар береді. Әрі қарай студенттің өзіне байланысты деп ойлаймын. ЖОО-да бізді жан-жақтылыққа үйретті, қазақша да, орысша да білікті болу. Бірінші-екінші курстарда ағылшынша оқыдық. Жас мамандар заманауи талаптарға сай болу үшін көп оқу керек. Дәрігер болу –университте алған біліміңмен шектелмейді. Практикалық жағынан күнделікті тәжірибеден үйренетін нәрсе өте көп.

-Қазір сіз еңбек жолын жаңадан бастаған жас мамансыз. Ал өзіңіздің болашағыңызды қалай елестетесіз?

Сәния Кәрімқызы: -Болашағымды осы перенаталды орталықпен байланыстырғым келеді. Осы жерде жұмыс істеген ұнайды. Жұмысымды жақсы көремін. Отбасын құрып, перенаталдық орталықта әрі қарай жұмыс істеп, тәжірибелі маман боламын деп ойлаймын.

Назым Саяққызы:-Мен де болашағымды осы орталықпен байланыстырамын. Әрине, болашақты болжау қиын. Бір өзіңе ғана байланысты емес факторлар болады. Отбасылық жағдай әсер етуі мүмкін. Бірақ, қандай жағдай болмасын мамандықтан кетпеймін. Бұған сенімдімін. Акушер-гинеколог болу үшін ұзақ уақыт оқып, көп қиындықтан өттік. Сондықтан мамандығыман оңайлықпен бас тарта алмаймын.

-Кеңестік кезде дәрігерлері жақсы еді, қазіргі уақытта басқа деп салыстырып жататындар көп. Медицинаның сапасына да, медициналық білімнің сапасына да көңілі толмайтындар да кездеседі. Сіз тәуелсіз елдің түлегісіз, өз заманыңыздың дәрігерлері туралы не айта аласыз?

Сәния Кәрімқызы: -Әрине, әр заманның өзінің ерекшелігі бар. Үлкен, тәжірибелі дәрігерлерден бұрын қалай болғанын естиміз. Мысалы, бұрын жас дәрігерді операцияға кіргізу үшін өте көп жұмыс істейтін. Көп жазатын. Бізде қазір көп жазамыз, бірақ бізге операция жасауды үйретіп, білгенін үйретуге тырысады аға буын әріптестеріміз. Қазір отаны да өзіміз жасаймыз. Елімізде дәрігерлер жетіспейді, күнделікті жұмыстан байқауға болады. Жұмысымыз оңай емес –қиын. Жас дәрігерлерге оңай деп айта алмаймын, жалақы да аз. Бірақ мамандығын шын жақсы көретін адам, өз ісін адал істейді деп ойлаймын. Әр заманның өзінің талабы, уақыты болады. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның медицинасы сол кеңестік медицинасының жалғасы десек те болады. Бізді университетте өте білімді ұстаздар оқытты. Олар сол кеңестік заманының тәлімін алып, шыныққан мамандар. Ұстаздарымыз бізге өздері білетін дүниенің бәрін үйретуге тырысты.

-Жас маманға ұжым әрқашан қолдау көрсетіп, түсінішпеушілікпен қарайды екен. Ал емделушілер жас мамандарға қалай қарайды. Емделушілерге өзіңіздің білікті маман екенін дәлелдейтін кездер бола ма?

Сәния Кәрімқызы: - Жоқ, бұндай жағдайлар жиі болмайды. Кейде емделуші әйел «жас маман екен» деп сенімсіздік тудыратыны болуы мүмкін. Бәрін жан-жақты сұрап, көп сауал жаудырады. Мүмкін, не біледі екен деп тексеріп сұрай ма екен? Бірақ емделушілердің барлық сұрақтарына жауап беріп, бәрін дұрыстап түсіндіресің, айтқаныңа көніп, сенім білдіре бастайды. Біз бұнда босқа жүрген адам емеспіз ғой, дәрігерміз. Сондықтан әрқашан өз орнымызды біліп, жұмысымызды жауапкершілікпен атқаруға міндеттіміз.

Назым Саяққызы: -Бұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Жалпы барлық науқас бірдей қабылдайды. Жас маман деп ешкім кемсітпейді. Өз ісіңді біліп тұрсаң ешкім сенімсіздікпен қарамайды. Әйелдерден көмегіңді аямай, оның қал-жағдайына үнемі көңіл бөліп тұрсаң саған маман ретінде көзқарас та өзгеше болады. Кейде сені ғана емес , жалпы дәрігерлердің барлығын мүлдем сыйламайтын адамдар кездеседі. Сол кішкен көңіл қынжылтады.

-Бұл біздің қоғамдағы дәрігер дәрежесінінің төмен екендігін көрсетпей ме?

Назым Саяққызы: -Шынымды айтсам, дәрігер дәрежесі төмен. Науқастардың өздері кейде медицина қызметкерлеріне жоғарыдан қарайтын сияқты. Сенің көрсеткен көмекті, медициналық көмек емес, қызмет түрі деп көреді. Ал сені дәрігер емес жай ғана қызмет көрсетуші сияқты қабылдайды. Интернеттен түрлі нәрсені оқып алып, кейде дәрігерден де білімді сияқты көрінгісі келетін аналар болады. Айтасың, түсіндіресің. Түсініп, айтқаныңа көнетіндер болса да, кейде мүлдем тыңдамай өз айтқанынан қайтпайтын әйелдер де бар. Ондай жағдайда сабырлық сақтаған маңызды. Кейде жиналыс болып қалады, науқас тым көп болып кетеді. Сол кезде сені емделуші біраз күтіп қалуы мүмкін, бірден ұрысып, шағымданып айқай салатындарда аз емес. Осындай жағдайларда сабырлық сақтаған дұрыс. Дәрігерге деген қарапайым құрмет жоқ. Әрине, бәрі бірдей емес. Алғыс, рахметін айтатындар да абр.

-Сіздердің түсінігіңізше, мінсіз маман, дәрігердің идеалы қандай болу керек?

Назым Саяққызы: -Акушер-гинеколог ештеңеден қорықпау керек. Әрқашан әйел адамдарға көмектесуге дайын тұру керек. Шаршағанына да, ешбір қиындыққа қарамастан өзін аямай науқасқа көмек көрсететін дәрігер идеал болады деп ойлаймын. Мінсіз дәрігер деген - өзін де, отбасын да екінші кезек қойып, бірінші науқастың адамдығын айлайтын адам.

-Перенаталды орталықта жұмыс қиын емес пе?

Назым Саяққызы: -Әрине қиын. Жұмыс көп, уақыт аз, жазу-қағаз толтыру көп. Мамандар жетіспейді. Таңнан кешке дейін жұмыс, түнде кезекшілік. Демалатын уақыт болмайды. Бірақ жұмысым өзіме қатты ұнайды. Мамандығымды жақсы көрмесем істемейтін едім. Дәрігер болу үшін көп жыл оқыдық, осы мақсатқа жету үшін көп талпындық. Енді қиын екен деп мамандығыңнан бас тартпайсың ғой.

-Сіздің жұмыс күнделікті дүниеге жаңа адамның келуімен байланысты. Жаңа өмірдің басталғанының куәгері болу сезімі қалай түсіндіруге болады?

Сәния Кәрімқызы: -Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл адреналин. Сенің көз алдыңда бала туылады. Әрине бұл өте қуанышты сәт. Ана да, баласы да аман-есен болса екен деп уайымдайсың. Қолдан келгеніңді аямайсың. Өмірге жаңа адамның келуі – ең ғажап құбылыс десек болады.

-Дәрігерлердің қағаз толтыруы, жазуы көп. «Дәрігерлер қағаз толтыра ма, адам емедейді ме?» деген орыныды сұрақ туады. Сіздің жұмыста жазуды қалай азайтуға болады?

Назым Саяққызы: -Осы тақырыпта ел арасында қалжың сөз бар «Ауруханада дәрігерлердің қағаз толтыруына науқастар кедергі жасайды». Иә, жазу көп. Дәрігер жұмысының жартысы қағаз жазумен өтеді. Сырқатнама толтыру, выписка жазып беру. Барлығы керек. Егер дәрігер жазбағанда кім жазады?

Сәния Кәрімқызы: - Дәрігер жұмысында жазусыз болмайды. Қазір дәрігерлер жетіспейді. Науқастар көп. Егер әрбір дәрігерде өзі емдеуге тиіс емделушілер болса, қағазын жазып, науқасқа да қарап үлгеретін еді. Ал қазір науқас көп, науқас көп болған сайын жазу да көбейеді. Дәрігерлер мойына артылатын жүктеме көп.

- Еліміздің денсаулық сақтау саласындағы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы, БҰДСЖ-не жас дәрігер ретінде пікіріңіз қандай?

Сәния Кәрімқызы: -Бұл аталған бағдарлама біз университет қабырғасында оқығанда қабылданған еді. БҰДСЖ-де сол уақытта жүзеге аса бастады. Біздің жұмысты осы бағдарлама бар кезде бастадық. Сондықтан бұған дейін қалай болғанын салыстырып айту қиындау болатын шығар. Дегенмен, кез-келген өзгеріс, жаңашылдық саланы дамыту үшін жасалады. БҰДСЖ бойынша жұмыстар жүргізілуде. Науқастар өзі сенетін, білетін дәрігерлерді таңдай алады. Жоспарлы емдеу жұмысы орынға қойылған. Аудандардан келіп емделу, портал арқылы емделу біздің орталықта жақсы жұмыс істейді.

Назым Саяққызы: Медицинада көптеген өзгерістер орын алып, көп жұмыстар жасалып жатыр. Меніңше медициналық сақтандыруға тезірек көшсек жақсы болар еді. Осы бағытта дамытуды қолға алу керек деп ойлаймын.

-Неліктен дәл осы медициналық сақтандыруды қолдайсыз?

Назым Саяққызы: Қазір біздің медицина тегін. Азаматтардың денсаулығы үшін маемлекет қаржы бөледі. Сақтандыру медицинасында әрбір азамат, оның жұмыс берушісі денсаулығы үшін қаражат бөледі. Қазір міндеттелген медициналық көмекке кірмейтін дәрілерді қажет ететін науқастар болады. Егер емделушіде сақтарндыру полисі болса, сол полис бойынша алатын емі, алатын дәрісі барлығы көрсетіледі. Медициналық сақтандыру арқасында медициналық көмек сапасы да артады деп ойлаймын.

Жас мамандармен өрбіген әңгіме әр тақырыпта, әрі қызықты өтті. Алайда олардың уақыты тығыз болып, бізге көп уақыт бөле алмады. Денсаулық сақтау саласына байланысты, өздерінің мамандығы турасында пікірлерін білдіріп, ойын ашық айтты. Қос жас маманның болашақта білікті, өз ісінің нағыз майталман дәрігері болатынына олардың үлкен әріптестері де сенімді. Көздерінде мамандығына, қызметіне деген жауапкершілік және сенімділік көресің. Қос құрбы дәрігерге ертеңіне сәттілік, қызметінде табыс және шыдамдылық тілейміз.

Автор:
Мәдина Омарқұлова