Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ХАЛЫҚТЫҢ ӨЗ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ӨЗГЕРМЕЙ, БІЗДІҢ ЖҰМЫС ЖЕҢІЛДЕМЕЙДІ


10 октября 2014, 09:30 | 1 717 просмотров



Бұл дүниедегі ең қымбат, ең асыл – ол адам өмірі. Күн сайын әлемде 365 мың сәби дүниеге келеді. Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді. Ұрпақ жалғастыру, балалы болу, ата-ана атану өмір заңдылығы. Өмірге сәби әкелуден асқан бақыт жоқ шығар, сірә! Адам бұл дүниеге іңгәләп келгенде оны дәрігер қарсы алады. Ауырса дәртінің дауасын дәрігер табады. Забира Бекбайқызы Дәулетбаева 27 жыл бойы күнделікті осы жарық дүниеге жаңа өмірдің келуіне септігін тигізіп жүрген тұлға. Ол акушер-гинеколог дәрігер, Алматы облыстық перенаталды орталықта қызмет атқарады. Қазір негізгі жұмысы перенаталды орталық жұмысының ішкі аудиті. Мамандықты қапысыз таңдап, өз ісін шебер меңгерген дәрігерлер баршылық. Забира Бекбайқызы алдына келген әрбір әйелге мейіріммен қарап, қызметін адал атқарып жүрген маман. Әйел өмірдің бастауы болса, бала –болашағымыз. Ана мен бала өлімін болдырмау адам жанының арашасы, сәбидің қамқоршысы акушер-гинекологтардың басты мақсаты. Кейіпкеріміз Забира Бекбайқызымен осы бағытта сұхбаттасып, жалпы мамандыққа адалдық, еліміздің денсаулық сақтау саласындағы ерекшеліктер турасында әңгіме өрбіттік.

ӨМІРДЕРЕК

Забира Бекбайқызы 1962 жылы Шымкент облысы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгір қаласында туған. 8-сынып бітіргеннен кейін Ленгірдегі медициналық училищеге түседі. Медучилищеде үздік студенттердің бірі болып, оқуын қызыл дипломмен тамамдайды. 1981 жылы жолдамамен Семей мемлекеттік медициналық институтына түсіп, оқуын жалғастырады. Жоғарғы оқу орнында 6 жыл оқып, 1987 жылы интернатураны бұрыңғы Талдықорған қалалық перзентхана (қазіргі Облыстық перенаталдық орталықта) өтеді. Бір жылдық интернатурадан кейін жолдама бойынша Бөрлітөбе ауданы, Лепсі стансасында үлкен аудандық ауруханаға жолдасы Үміт Нұғманұлы екеуі жұмысқа барады. Сол жерде 4-5 жыл жұмыс істеп, 1994 жылы Талдықорған қаласына көшіп келеді. Медицинаға қалай келдіңіз деген сұраққа кейіпкеріміз былай жауап берді: Мен медицинаға өзімнің туған әпкемнің айтуымен келдім. Бала кезімде медбике болып, балаларға укол салып ойнайтынмын. Әпкем: сен жақсы оқисың, жақсы оқығандар медучилищеге түседі деп айтатын. Медучилищеге түстім, үздік студент болып, қоғамдық жұмыстарға атсалыстым. Кейін әпкем тағы да : училищені қызыл дипломмен бітірсең, медициналық институтқа түсе аласың деп тағы ақылын айтты. Оқуымды мединститутта жалғастырдым. Қазір әпкеме айтар алғысым шексіз, сол кезде маған ақыл айтып, жол сілтегеніне ризамын».

«Медучилищеде оқығанда қатарымның алды болуға тырыстым, ұстаздардың сүйікті шәкірті болдым. Қоғамдық жұмыстарға араласып, кейін институтта да профком қызметін атқардым. Мединституттағы тобымызда үздік студенттер жиналған еді. Барлығы өте жақсы оқыды. Кейін 4-курс оқып жүргенде тұрмысқа шығып отбасын құрдық. Оңтүстік Қазақстаннан келіп Семейге келін болдым. Жолдасым Үміт Нұғманұлы Хасанов тері-венеролог дәрігері, 3 қыз 1 ұлымыз бар» - деп әңгімесін жалғастырды Забира Бекбайқызы. Өмірін мамандығына арнаған кейіпкеріміз, жұмысымен қатар отбасылық өмірін қатар алып жүрді. Қазір үш қызы да ата-ана жолын қуып, медициналық білім алып дәрігер атанды.

ЕҢБЕК ЖОЛЫНЫҢ ҚЫР-СЫРЫ

-Өзіндік маман ретінде еңбек жолыңзды аудандық ауруханадан бастадыңыз. Аудан медицинасы сізге, ал сіз аудан медицинасына не бердіңіз? Сол еңбек жылдарыңызды сипаттап берсеңіз.

-Аудандық аурухана гинеколог маман болмағанымен, өте тәжірибелі акушеркалар жұмыс істеді. Мен жалғыз гинеколог болып жұмыс істедім. Жас маман ретінде акушеркалармен кеңесіп, бірге жұмыс жасадық. Бірігіп, бір-бірімізге демеу болып жұмыс атқардық. Біздің аудандық ауруханада негізінен ауыл тұрғындары ем алатын. Біздің бөлімге алыс-жақын ауылдардан әйелдер босануға келетін. Қолдан келетін көмегімізді аямай, талай нәрестенің дүниеге келуіне сеп болып жүрдік. Мен жұмыс істегенде ана мен бала өлімі болмады. Бұл сол ауруханадағы ұжымның еңбегі еді. Ауыр халде түскен әйелдерді де, сәбиін де аман алып қалдық. Тек жағдайы тіптен нашар деген науқастарды қалаға жіберетінбіз. Аудандық аурухананың бас дәрігері Төлеухан Искакович Искаков аудан мен қала ауруханасы жедел жұмысы байланысын жақсы жолға қойған еді. Ол кезде де аудан мен қала ауруханалары арасында байланыс жақсы жұмыс істейтін. Қазір де мына біздің перенаталдық орталық пен аудандармен жұмыс істеу қызметі лайықты деңгейде жүргізіледі. Негізгі тәжірибені әрине, сол аудандық ауруханада жинадық. Ауруханадағы жалпы кезекшілікте жүрдік, ол жерде терапияда да, хирургияда да кезекші боласың. Үйренген, көрген білгеніміз көп болды.

- Сіз Облыстық перенаталдық орталыққа жұмысқа 1994 жылы қайта келдіңіз. 90-жылдары елімізде дағдарыс орын алған кез еді. Әсіресе, медицина саласы көп зардап шеккен еді. Сол жылдары мамандықтан алыстап, ақша табу жолында кеткендер аз болған жоқ. Сол қиын уақытта сізді мамандығыңыз алып қалды ма, әлде мамандықта сіз қалдыңыз ба?

-Әрине, қиын кезеңдер болғаны рас. Бірақ, мамандықтан кету деген ой мүлдем болған жоқ. Мен білетін, өзіммен бірге оқыған әріптестерім арасында отбасын асырау үшін медицинадан кеткендер болды. Саудамен айналысып, базарға барғандар да болды. Бізде де оңай болған жоқ, жалақымыз кешіктірілсе де, әйтеуір беріліп тұрды. Оның үстіне өзіміз шағын мал ұстағаннан кейін дағдарыстан қиналмай өттік. Қатты қиналғанымыз жұмысқа жету, балаларымызды мектепке жеткізу еді. Бастапқыда біз «бугор» жақта тұрдық, ол жерден жүретін автобус болмады. Жұмысқа жаяу келіп-кетіп жүрдік. Балаларымыз үшін уайымдайтынбыз, олардың мектепке жетуі қиын болды. Қазіргі мектеп оқушылары жаяу жүрмейді ғой, автобустар үнемі үзбей жүреді.

-Заман өзгерді. Еліміздегі денсаулық сақтау жүйесі де өзгерді. Көп жылдық еңбегі бар дәрігерлердің артынан жас мамандар келеді. Жас мамандардың білімі біліктілігіне беретін бағаңыз.

-Жастарға айтатыным : сендер институт бітіре сала осындай перенаталды орталықта жұмыс жасап жүргендеріңе қуанбайсыңдар ма. Олар жалақымыз аз деп ренжиді. Қазір кезекшілікке ақша төленеді. Біздің кезімізде бүкіл аурухналарда тегін кезекшілік болатын. Көп жылдық еңбек өтілің болса да тегін кезекшілікте жүретінбіз. Бүгін тегін кезекшлік деген жоқ, ақы төленеді. Сонда да жастар ақша жетпейді дейді. Заман басқа ғой, ақша жетпесе шынында да жетпейді. Меніңше, мединститутқа кез-келген адам бара бермейді. Қабілетті бала барады. Мамандықты сүю керек, оңайлықпен дәрігер бола салмайды. Шыдамдылық керек, қиындыққа көне білу, төзе білу керек. Біздің екі жас дәрігер баспанамен қамтылған. Тағы да баспана қажет ететін дәрігерлеріміз бар. Ол мәселе де шешілу керек. Әкімдіктен шешім күтіп отырмыз.

Жас мамандарға бәрін үйретуге тырысамыз. Үнемі операцияға қатыстырып, білгенімізді көрсетіп, үйретіп жүрдік. Біздің кезімізде үлкен дәрігерлер жастарды операцияға көп қатыстырмайтын, бірден операция жасатпайтын. Біздің жасымыздағы қазіргі дәрігерлердің бәрі осыны дәлелдеп береді.Ота жасайтын 5-6 дәрігер болады, өздері операция жасайтын. Жастарды асистент болуға да сирек қатыстыратын. Қазіргі жастар операцияға асистент болғысы келмей отаны өздері бірден жасағысы келеді. Жастарға қазір өз бетінше операция берсең, өздері жасап шығады. Қолдарынан келеді. Заман сондай болып тұр, кез-келген гинеколог операция жасай алу керек.

Заманына қарай адамы демекші. Қазіргі жастар басқа. Білімсіз деп айта алмаймын. Білімді, үйреткеніңді, айтқаныңды бірден қағып алады. Жаман емес. Оның үстіне, акушерлікке жаман адамдар келмейді. Білімі жақсы жастар келеді, білімі жақсы болғаннан кейін ол жұмыс істеп тәжірибе жинап біліктілігі де артады. Интерн-студенттер арасынан кейде бір тек жақсылары келсе, кейде аса жақсы емес келеді. Адамның өзіне байланысты болады. Мүмкін әлі студент болып, дәрігер мойындағы жауапкершілікті әлі сезініп үлгермегендіктен шығар. Бірақ негізінен жақсы итерндер келеді. Қазір патология бөлімінде екі интерн жүр. Оларға білгеніміздің бәрін үйретуге тырысамыз. Ең алдымен интерндер сырқатнама толтыруы керек. Сырқатнама жазып, науқаспен дұрыс сөйлесуді қолға алған дұрыс. Ота жасау қиын емес, оны да үйреніп кетеді. Ең бастысы науқаспен жақсы қарым- қатынас орнату, дөрекі сөйлемеу, сыпайылық, шыдамдылық таныту. Дәрігерлік этиканы сақтай білу маңызды.

-Перанаталды орталықта жоспарлы емдеу қаншалықты жолға қойылған? Шұғыл түсетін науқастар салдарынан орталықта орын жеткіліксіздігіне тап болмайсыздар ма?

Біздің орталықта жоспарлы түрде де, шұғыл түсетін пациенттерге де емдеу жүргізіледі. Патология бөлімінде үнемі орын бос болмайды, үнемі науқастар көп. Сонымен қатар жоспарлы госпитализация портал арқылы келетін әйелдерге әрқашан ем көрсетіледі. Порталмен келетін науқастарды қайтармаймыз. Сонда да орын жеткіліксіз, біздің орталық облыс аудандарына және Талдықорған қаласына қызмет көрсетеді. Іші ауырып, бірақ жатыр мойын жабық жүкті әйелдер түседі. Олардың босану уақытына жетпегеннен кейін қайтарып жібереміз. Кейде халық түсінбей жатады, қарамайды, көңіл бөлмейді, қайтарып жіберді деп ренжиді. Патология бөлімі 30 орынға арналған. Жалпы орталық 120 төсектік орынға лайықталған. Орта есеппен бізде170 әйел жатады. Кейде 190 әйелге дейін жетеді.

-Перенаталды орталық жұмысында гинекологтар мен қатар неонатолог жұмысы маңызды. Жалпы Қазақстан бойынша неонатологтар жеткіліксіз болған. Облыстық перенаталды орталықта неонатолог мамандар жеткілікті ме?

-Бізде неогатологтар жеткілікті. Қазір біздің орталықта 4 неонатолог жұмыс істейді. Бір маман декреттік демалыста, ол демалыстан келсе 5 маман болады. Бір неонатолог алғашқы мамандандырудан реаниматологқа оқытып, қазір ол дәрігер ересектер реаниматолгы болып жұмыс істейді. Қазір неонатолог жеткілікті. Бұрын жеткіліксіз болып, тіпті қиналып істейтін. Енді жаңадан мамандар келсе, әрине артық болмайды. Бүгінгі неонатологтар жұмысы дұрыс жолға қойылған.

-Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынған ресми деректеріне сүйенсек, еліміздегі ана мен бала өлімі азайғандығын көрсетеді. Кейбір мамандар бұл деректер шындыққа жанаспайды дейді. Кімге сенеміз? Ана мен бала өлімі көрсеткішінің азайғандығы байқала ма?

-Әрине, байқалады. Себебі , осы бағытта үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Ана мен бала өмірін аман алып қалу үшін бұрын да жұмыстар атқарылды. Тек қадағалау қазіргідей қатаң болған жоқ. Ешбір дәрігер қолында өлім болғанын қаламайды, әдейі ештеңе істелмейді. Әрине, ана мен бала өлімі көрсеткіші төмендеді. Бұл анық статистика. Перенаталды орталықтар жұмысы қатаң қадағаланады. Мысалы, бізде егер нәресте өлімі орын алса, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан мамандар келіп, орын алған оқиғаны жан-жақты талдап, себеп-салдарын анықтаймыз. Ондай жиналысқа түсу дәрігер үшін оңай емес. Кейде дәрігер қолынан келмейтін жағдайлар болады. Жатыр ішінде дамитын түрлі патология болады, даму порокторы да кездеседі. мысалға, жатыр ішінде нәрестеде пневмония пайда болса, ол дүниеге келгеннен кейін өкпесі дұрыс жасамай шетінеп кетеді. Егер әйел ауыруын ерте қолға алып емдесе, ондай жағдай болмайтын ба еді. Бізде халық денсаулық жағына келгенде сауатсыз. Уақытында қаралып, ауруын алдын-алу, емделу дегенді білмейді. Үнемі кешігіп жүреді. Емделуші мәдениеті төмен. Науқастың өзі емес, ол үшін дәрігер жүгіру керек деп қалыптасып кеткен. Бізге жүкті әйел келгенде, біз басынан аяғына дейін оған қараймыз. Кейде әйелдер денсаулығына немқұрайлы қарайды, боснғаннан кейін әйелге күтім қажет, олар бірден үйіне шығып кеткісі келіп сұранады. Бізде халықтың өзінің денсаулығына деген көзқарасы, халықтың «медициналық мәдениеті» өзгермегенше біздің жұмыс жеңілдемейді.

-Әйел адамдар жүктіліктің алғашқы кезеңдерінде өз денсаулығына дұрыс қарауы медициналық санитарлық алғашқы көмекке байланысты. Яғни, амбулаториялық көмектің сапасына байланысты. Аурудың алдын-алу, науқасты ауыр халге жеткізбеу сол амбулаториялық қызметтің жұмысы. Министрлік тарапынан да МСАК-қа көп қаражат бөлінеді. Еліміздегі МСАК лайықты деңдейде ме?

-Бізде МСАК дұрыс жұмыс жасамайды. Егер бұл қызмет дұрыс жұмыс жасаса бізде ауыр халде босанатын әйелдер болмайтын еді. Бізде патология бөліміндегі 30 орынға, 40 әйел жатпайтын еді. Біздің орталықта орын жетпейді, себебі ауыр халде шұғыл түсетін науқастар көп. Перенаталды орталықта орын жетпей жатады. Біз қалай алдымызға келген науқасты қайтарып жібереміз. Қазір қаражаттың барлығы МСАК-ке бөлініп жатыр. Стационарлық орынды қысқарту керу, стационарда жататын күнді қысқартыңдар дейді. Науқас саны көп біз қалай қысқартамыз. Әйелдерді лайықты емін бермей, шығарып жібере алмайсың. Мысалға бізге бір жүкті әйел өкпенің қабынуымен түсті. Сонда оның терапевті «межреберное невралгия» деп диаогноз қойып, кеудені дәрілермен сылауды ғана жазып берген. Терапевт науқастың өкпесін қалай тыңдамаған? Әйел 5 күн кеудесін сылап жүре берген. Бізге ол тыныс алуы ауырлап, демала алмай түседі. Бұл науқасты біз бірден реанимацияға жатқызамыз. Сонда медициналық санитарлық алғашқы көмек, яғни, емханалық қызметке, терапевттерге қаражат бөлініп жатыр. Неге осы қызмет бізде әлі дұрыс жұмыс жасамайтын түсінбеймін?! Емханадағы, әйелдер кеңесіндегі мамандар қарау керек, қадағалау керек.

-БҰДС, госпитализациялау портал бюросы және медицинада орын алған тағы да басқа өзгерістер «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылды. 2015 жылы БҰДС бағдарламасы да өз межесіне жетеді. Жалпы қорытындылай келсек, осы бағдарлама аясында жүзеге асырылған жұмыстарға беретін бағаңыз қандай?

-Жолға қойылған үлкен жұмыстардың бірі әрине, жоспарлы емдеу порталын айтсақ болады. Біздің жұмыста негізінен шұғыл қызмет кіреді. Жоспарлы госпитализациялау өте керек және қажетті. Ол науқастар үшін көп жағдайды жеңілдетеді. Кейбір аудандарда науқастың өзі де, аудандық маман да портал жүйесін толық түсінбейді. Ендігі кезекте медицинада барлығын электронды жүйемен басқару қолға алынуда. Науқастар сырқатнамасы, портал жұмысы барлығы тікелей Астанадан қадағаланады. Электронды жүйеге көшу арқылы көптеген олқылықтар орны толу мүмкін. Себебі барлық жұмыс айқын, ашық болады. Жоспарлы емдеу қызметі қазір орталық ауруханалар, облыстық медициналық мекемелердің барлығында дерлік жолға қойылған. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы, жалпы бағдарламалар денсаулық сақтау саласында жұмыстың сапасын арттыру үшін, медициналық қызметтің көрсеткіштерін жақсарту үшін, медициналық қызметкерлерге бағыт-бағдар беру үшін жасалады. Әрине, жұмысты жеңілдететін, олқылықтардың орнын толтыратын бағдарламалар қажет.

-Сіздің көпжылдық тәжірибеңіз бар. Қазір перенаталдық орталықта ішкі аудит қызметін атқарасыз. Ішкі аудит қызметіне толығырақ тоқталсаңыз.

-Аудит ретінде орталық жұмысының сапасын тексеру кіреді. Сапаны атқару мақсатында науқастар арасында сауалнама жүргіземіз. Берілген емнен бастап, асханадағы тамақ сапасы, жатын орын ыңғайлығына да көңіл бөлінеді. Босанатын әйелдерден барлығын сұраймыз. Не ұнайды, не ұнамайды. Олардың айтқаны ескеріліп, қай бағытта жұмыс жасау керектігі анықталады. Сондай-ақ бідің жұмысқа арыз-шағымдарды талдау, анықтау кіреді. Ауыр жағдайларды талқылау, зерттейміз. Босану кезінде жағдай қиындаса, ауыр жағдайда жатырын алып тастауды қажет ететін ота болса. Осындай жағдайлардың себеп-салдарын толықтау зерттейміз, тексереміз. Бұндай қиын жағдайлардың барлығы жан-жақты сараптаманы қажет етеді.

- 2015 жылдың қаңтарынан бастап ҚР-ның Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерінің өзгертілген жаңа нұсқасы заңды күшіне енеді. Қылмыстық кодексте «Медициналық құқықбұзушылықтар» деген тарау енгізілді. Бұл тарауда дәрігерлік қателіктер, медициналық қызмет және фармацевтикалық қызметтегі заң бұзушылыққа жаза қатаңдатылған. Үлкен көлемдегі айыппұлдан бастап, бас бостандығынан айыруға дейін көзделген. Сіздің ойыңызша, заңды қатаңдату денсаулық сақтау саласына не береді? Біздің қоғамдағы дәрігерлер заңмен қаншалықты қорғалған?

-Дәрігер заңмен қорғалмаған. Қазір бүкіл Қазақстан бойынша дәрігерлер жетіспейді. Дәрігер –ақ халат киген адам, өзім және әріптестерім тарапынан айтамын, ешқашан әдейілеп біреуге жамандық жасамайды. Қолдан келетін көмекті аямаймыз. Үйіңде отбасың аш жатса да, бізге келген әйел қашан аман-есен босанып, сауығып шыққанына дейін жанымызды саламыз. Менің ойымша, біздің елде жанын салып жұмыс істейтін дәрігерлер көп. Бірақ, біздің жұмыста болатын ауыр жағдайлар орын алады. Қан кету, нәресте шетінеп кетуі мүмкін, сан алуан жағдай болады. Дәрігерге байланысты емес факторлар көп болады. Науқастың туыстары арыз-шағым жазады, дәрігерді жан-жақтан табалайды. Заңмен де қудалайды. Басынан осының бәрі өткен маман жұмыс істегісі де келмейді. Акушерліктен кетіп қалады. Онысыз да кадр тапшы.Кейін ата-аналар да балаларын мединститутқа жібермейді. Менің өзімнің үш қызым мединститутты бітірді. Қазір мектепте оқитын ұлымның болашақта дәрігер болам десе сан ойланамын. Мына заманға қарап, мен ұлымды мединститутқа бергім келмейді. Дәрігерлер талмай жұмыс жасап жатса, оның жұмысын жан-жақтан қадағалап, қайта-қайта тексерсе, оған қоса науқастардың туған туысқандары қырам-жоям деп тұрса. Сонша жыл оқып, мардымсыз жалақы алсаң, қоғам тарапынан, заң тарапынан қудалансаң, кім келеді медицинаға? Дәрігер болу үшін 10 жыл оқиды. Еуропалық стандарттарға теңестіруге ұмтыламыз. Біздің медицинаны әлі әлемдік стандарттарға теңестіру ерте. Еуропаның барлық клиникаларында материалдық-техникалық база жоғары деңгейде, молекулярлық деңгейде. Бізде әлемдік стандарттарға сай ірі медициналық орталықтар болғанымен, олар аз. Сондықтан бізге әлемдік стандартқа теңесу әлі ерте. Дәрігерге деген қоғамдағы көзқарас төмен болса, қалай біз медицинаны дамытамыз деп айтамыз?

Отбасы мен медицина

-Баларыңыз жолыңызды қуып, дәрігер болыпты. Балаларыңыздың медицинаны таңдауына сіздің ықпалыңыз болды ма? Дәрігерлер отбасы болудың қызығы әлде қиындығы көп пе?

-Біз жолдасымыз екеуміз медиститутта оқығанда кітап сататын «Букинист» деген дүкен болатын. Степендиямыздан жинап сол дүкеннен медициналық кітаптар алатынбыз. Том томымен энциклопедия, ғылыми кітаптар үйде толып тұратын. Содан кейін үлкен қызымыз Ғалия 5-сыныпта оқып жүргенде: «Осы кітаптардың барлығы кімге қалады екен, кім оқиды екен? Баларымыздан кім дәрігер болады екен? Қызым, сен дәрігер болатын шығарсың» деп жиі айтатынбыз. Содан қызым балалық кезінен өзін дәрігерлікке дайындады. Мектепті жақсы бітіріп, грантқа түсіп, мединститутты қызыл дипломмен бітірді. Қазір Астанада онко-хирург болып жұмыс жасайды. Куйеуі Ержан, Жанали есімді немереміз бар. Ғалия жақын арада «Болашақ» бағдарламасымен Америкаға білімін жетілдіруге барады. Екініші қызым Эльмира экономист болады деп ойладық. Бірақ ол демалыс кезінде Семейге әпкесіне барып, бірнеше лекциясына қатысқаннан кейін, медицинаға қызығушылығы оянып, мединститутқа түсті. Оқуын жақсы бітіріп, қазір Үштөбеде жолдасы Данияр екеуі еңбек жолын бастады. Эльмира көз дәрігері, күйеу баламыз хирург. Үшінші қызым –Үмісалима да осы жолды таңдады. Қазір ол Павлодарда интернатурадан өтіп жатыр. Үшеуі де Семей медицина институтында, грантта оқыды. Оқуларын ойдағыдай бітірді. Құдаларымыз да дәрігерлер отбасы. Бір кішігірім дәрігерлер династиясы болып отырмыз. Ұлым мектеп оқушысы, есімі Едіге. Ұлымның басқа маман иесі болғанын қалар едім. Бірақ әзірше, ол хирург боламын дейді. Енді оны уақыт көрсетер.

-Забира Бекбайқызы, жұмысыңызға адал, білікті мамансыз. Жұмыстан бос уақытыңызды қалай өткізесіз? Жаныңызға жақын қызығушылығыңыз бар ма?

-Шыны керек, жұмыстан қолың көп босай бермейді. Күні-түні жұмыста жүресің. Бұл бұрыннан қалыптасқан. Жұмыстан кейін үйде кешкісін отырып, жаңалықтарды көргенді ұнатамын. Барлық арналардан жаңалық көремін. КТК жаңалықтарын, кейін Информбюро, одан кейін Евразия арнасының жаңалықтарын тамашалаймын. Бұл менің бір әдетім, қызығушылығым десем болады. кейде кезекшілікте болып кешкі жаңалықтарды көре алмай қаласың, сол кезде өз-өзіңе ренжисің. үнемі жаңалықтардан қалмауға тырысамын. Жұмыстан шаршап келгеннен кейін негізгі ермек осы.

Мінсіз маман, үздік дәрігер болу үшін адам бойында қандай қасиеттер болу керек?

-Ең бастысы адамның жаны таза, ісіне адал, жұмысына жауапкершілікпен қарау керек. Жанын салып, қолынан келетіннің бәрін аямай істеу маңызды. Кейбіреулер болады «ақы төлемесе не үшін істеймін» дейтіндер. Дәрігер ешуақытта ақшаға алданбау керек. Ақ халатты киген адам өзінің арына дақ түсірмей, адал атқаруға тиіс.

Автор:
Мәдина Омарқұлова