Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ВЬЕТНАМ СОҒЫСЫНА ҚАТЫСҚАН ҚАЗАҚ


22 мая 2014, 17:17 | 907 просмотров



«Жазмыштан озмыш жоқ». Жара¬тушы Жаббар иеңіз маңдайыңызға не жазды, соны көресіз. Бұл тек екі аяқты пендеге қатысты тәмсіл емес. Тұтас халықтың тағдырына да осын¬дай жағдаяттар әсер етіп жатады. Бір ұлттың ішінен екіге жарылып, бір-біріне мылтық кезейтін тұсы да Алла тағаланың қалауынан шығар-ау. Әйтпесе, бір үйдің екі баласы бірін-бірі жау көретіндей не болыпты?! Әрине, саясаттың салқындығы, көзқарастың алшақтығы, дүниетанымның бөлектігі деген сияқты түрлі сылтауды алға тартуға болады. Бірақ оның өзі жазы¬лып берген тағдыр екенін әсте естен шығармасақ керек.

Қазақ жұрты Вьетнам соғысы ту¬ралы не біледі? Бір елдің ортасына құрт түсті. Қақ айырылды. Бір жағын Қытай мен КСРО қолдады. Екінші жақтағылардың қолтығына АҚШ су бүрікті. Содан қиян-кескі шайқас ба¬сталды. Шамалап алғанда, біздің Вьетнам соғысы туралы білеріміз осы ғана. Ал сол соғысқа қатысқан қазақ бар десе, сенер ме едіңіз? Ондай адам бар. Вьетнам соғысына қатысқан жалғыз қазақ және қазақстандық аза¬мат Қызылорда облысында тұрады.

МАЙДАНГЕР

Қызылордадағы медицина училищесін тәмамдаған Иса Бисеновті әскерге алады. Оған дейін Исекең шаңырақ көтерген екен. Бірақ ол кезде өкімет мұндайға қарамайды. Алдына салып әскерге апарады. Ол Отан алдындағы борышын өтеуге кетіп бара жатқанда жас келіншектің қолында он бес күндік шақалақ қалыпты.

Бұлар Ленинградта боры¬шын өтеп жүреді. медучилищені бітірген маман қай жерде де ке¬рек. Бір дивизионның дәрігері қызметін атқарады. 1965 жылы командирі шақырып алып мән- жайды түсіндіреді. Кеңес өкіметі Вьетнам соғысына қолдау білдіру мақсатында бір полк әскер жібергелі отыр екен. Солардың қатарында Иса Бисеновтің бары да айтылады. Әскери тапсыр¬ма талқыланбайды, орында¬лады. Айтылды, бітті. Содан бұларды үш ай дайындықтан өткізеді. Сонан соң үстеріне қарапайым азаматтық киім беріп, қалталарына дипломаттық төлқұжат салып, Вьетнамға аттан¬дырады. Барлығын әскери киіммен, сән- салтанатымен апаруға мүмкіндік жоқ. Қауіптің сұрқы сұмдық. Сондықтан Кеңес әскерінің басшылығы осындай қадамға барады.

– Біз ракеталық атқыштар пол¬кы құрамында болдық. Америкалық ұшақтар қаз-қатар тұрып шабуылдайды екен. Төбеден төніп келгенде дүниенің бәрін жалмап жіберетіндей әсер қалдыратыны бар. Сондықтан оларды жерден ракетамен атып құлатуды мақұл көрген. Бастапқыда, ойымыз іске асты. Іркес-тіркес келе жатқан жау ұшақтарын жерден бір ғана ракетамен атып құлатуға мүмкіндік болды. Солай жасадық та. Кейіннен олар да соғыс тәсілін меңгере бастады. Бұрынғыдай бірігіп ұшпайтын болды. Енді бір-бірден шабуыл жасайды. Бұл кезде бір ракета бір ұшаққа тиесілі еді. Онда да біздің атқыштар полкы жау ұшақтарын аттап бастырмайтын. Соғыс дегеннің өзі ойын ғой. Америкалықтар да ойынның әдісін тез меңгеріп алды. Ұшақты нысанаға алып, ракетаны аспанға жібере саласың. Осы сәтте көкте келе жатқан ұшақ бірден жерге қарай құлдилап кетеді. Ракета адасып қалады. Осындай сәттер жиі қайталанып, біраз мазамызды алды. Сонан соң басшылық бір ұшаққа екі ракета шығындауға рұқсат берді. Ұшақ бірінші ракетадан қашып құтылғанмен, екіншісіне тап келетін. Міне, шырағым, осындай соғыстың сойын көрдік,– дейді бүгінде жетпістің төртеуіне келген Иса Бисенов ақсақал.

Алғашында олар вьетнамдық сар¬баздарды алты ай бойына оқытқан. Раке¬таны орналастыру, оны ату секілді соғыс әдістеріне машықтандырған. Кейіннен солармен бірге соғысқа араласқан. Вьетнамда Қазақстандағыдай кеңінен жайылып жатқан жер жоқ. Сондықтан ракеталарды елді мекендердің ішіне орналастыруға тура келген. Сосын бүгін соғысқан жерде ертеңіне тұруға болмай¬ды екен. Өйткені, ракетаның қуаттылығы сол, айналасындағының бәрін күйдіріп жібереді. Осыдан соң тығылып ұрыс жасауға ешқандай жағдай болмайды. Ал қарсы беттегілер сені қалпақпен соғып алады. Күнде әр жерге тұрақтап, қашып жүріп ұрыс салған. Сондай күндердің бірінде бұлар жатқан жерге снаряд түседі. Тура келіп тимегендігін айтыңыз. Онда бүгінде Иса Бисенов ортамызда болмас еді. Қиғаштап келіп соққан. Бұрқ ете қалған топырақты ғана көріп үлгеріпті сарбаздар. Естерін жиғанда қалың топырақтың астында жатқанға ұқсайды. Содан ауыр жарақат алып ауруханаға түседі. Ми шайқалған. Жараланған.

Иса Бисенов Вьетнамда бір жарым жылға жетпейтін уақыт соғысқан. Со¬сын барып қайтқан. Онда да бірден елге келмеген. Бұлар қатысқан соғыстың құпиялығы өте жоғары еді. Сондықтан соғыстан келген сарбаздар тағы да үш ай әскери борышын өтеген. Содан кейін барып қана оларды елдеріне жіберген. Соғысқа қатысқаны, қандай әрекеттер жасағаны туралы ешкімге ештеңе айт¬пау тапсырылады. Әскери билеттеріне Вьетнамдағы соғысқа қатысты деген мөр басылмаған. Тіпті, біздің кейіпкерімізге «Ерлігі үшін» медалі берілген екен. Оның өзі нөмірсіз.

Елге келгесін құрбы-құрдастарына дастарқан жаяды. Қармақшының Қуаңдария ауылында. Бір жағы қуаныштың, екінші жағы бойға түскен жүз граммның күшімен Бисенов қайда болғанын айтып қояды ғой. Ертесіне КГБ-ның қызметкерлері шақырып алып, бір күн бойында терісін илепті. «Құдайға тәуба, олардың қияндағы ауылда да құлақтары болады екен ғой. Содан кейін соғыс туралы жақ ашпадым. Тек Ауған соғысынан кейін ғана бізге айтуға рұқсат берілді. Сонан бері Вьетнам соғысының ардагері екенімді ашық айта баста¬дым»,– дейді Иса ақсақал.

Иә, ол Вьетнам соғысына қатысқан жалғыз қазақ. Қанды оқиғаның қақ орта¬сында болды. Сондай қан қасаптан аман шығып, елге оралды. Еңбек етті…

ДӘРІГЕР

Вьетнам соғысының ардагері ұзақ жылдар бойы Қармақшы ауданына қарасты Қуаңдария ауылындағы ауру¬хананы басқарды. Қазіргідей бірнеше қабатты еңселі ғимарат болмаса да, ауыл ортасындағы бұл мекеме алыстан көзге түседі екен. Басы ауырып, балты¬ры сыздаған адам осы жерден жанына шипа табатын болған. Екі мыңдай халқы бар шағын ауылдың дәрігері Қызылдың қойнауындағы малшы ауылдарды да аралап, жүздеген шақырым жол жүріп, шопандар денсаулығын бақылайды.

Ауылдың ақкөңіл адамдары Бисе¬новтен асқан білгір дәрігер бар деген¬ге сенбеген дейді сол кезде. Кәріліктің кесірінен жиі ауырып қалатын ата- әжелердің өзі оның «ертең құлан-таза жазылып кетесіз» деген бір ауыз сөзінен қуат алыпты деседі. Көңіл сұрай кел¬гендер де: «Иса доғдыр біліп айтады, көп ұзамай сауығып кетеді екенсіз», деп тарқасатын болған. Халықтың осыншалықты ықыласына бөлену үшін қаншалықты тер төгу, еңбек ету керектігін сол құрметке ие болғандар ғана білетін шығар. Ақ халатына дақ жұқтырмай, ауылдық аурухананы ұзақ жылдар бойы басқарған дәрігердің өмір жолы соғыстан кейін осылай өрбіді.

– Сұрапыл соғыста жинаған тәжірибем кейінгі еңбек жолымда іске жарады. Ауыр науқастың шалғайдағы ауылдан аудан орталығындағы мамандарға аман жеткізілуі алғашқы көмектің сауатты көрсетілуіне байланы¬сты. Бірде Қызылқұмдағы жайлаудың бірінде қолын трактор шайнаған жігіттің өмірін құтқарып қалуға тура келді. Аудан орталығына жеткенше қанды тоқтату керек. Бірақ қысқышты 2 сағаттан артық байлауға болмайды. Осындайда әскердегі қанды оқиғаларда қолданылған әдістерді пайдаландым. Зардап шегушінің майда тамырларын байлап, санитарлық авиацияға тапсыр¬дым,– дейді Исекең.

Қазіргі күні Иса Бисенов Қармақшы аудандық медицина ардагерлерінің ұйымын басқарады. Өзі қырық жылға жуық еңбек еткен саланың қыр-сырын, әріптестерінің мұқтаждықтарын жетік білетіндіктен, қоғамдық жұмысты атқарып жүр. Отбасының қаржысына өзі туып-өскен Қуаңдария ауылына мешіт салдырып, имандылық жолында да игі іс тындырды.

АРДАГЕР

«Жалғыздың үні шықпас». Бұдан ары қарайғы әңгімеміздің сыр-сипатын осынау бір ауыз сөзге сыйдыра салуға болатындай.

Иса Бисеновтің еңбек ардагері екенін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ соғыс ардагері ретінде еш жер мойындамай келе жатқан тәрізді. Мысалы, Ауған соғысының бірқатар қауымдастықтары бар. Мемлекет тарапынан оларға түрлі жеңілдіктер де қарастырылған. Тіпті, екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысушылармен теңестірілген. Ал Вьет¬нам соғысына қатысқан жалғыз қазақ Иса Бисеновтің ондай бірде-бір жеңілдігі жоқ. «Қайта облысқа Қырымбек Көшербаев келгелі еленіп-ескеріліп жатырмын. Оған дейін үнім де, шаңым да шықпап еді» дейді Иса ақсақал. Былтыр сәуір айының басында Қызылордаға Вьетнамның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Нгуен Ван Хоа арнайы ат шалдыр¬ды. Сол сапарында елші ағынан жары¬лып, сонау бір кезеңде өз халқына демеу бергені үшін Иса ағамызға жылы лебізін білдірді. Осыдан кейін Иса Бисенов бәйбішесімен бірге Вьетнамға барды. Ол жақта соғыс ардагерін Вьетнам басшы¬сы арнайы қабылдапты.

– Президент Чыонг Тан Шанг қабылдап, достық рәуіште әңгіме өрбітті. Сол жылдардағы біздің көрсеткен көмегіміз үшін өз халқының атынан алғысын арнады. «Бүгінгі қол жеткен жетістігімізге сіздердің де үлестеріңіз бар. Сіз секілді жаужүрек ұлдар вьетнамдықтарға қаншама жақсылық жасады. Осы үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз», деді Президент бізбен жүздесу барысында,– дейді ардагер.

Ол Вьетнам Премьер-министрінің қолы қойылған «Құрмет грамотасы» мен «Достық» медалінің иегері. Сондағы «Құрмет кітабына» есімі таңбаланған қазақ. Ал Қазақстанда Иса Бисенов¬ке ондай құрмет көрсетілді десек, қателесер едік. Тіпті, өзі қанша жылдан бері еңбек еткен, табан ақы, маңдай тері сіңген Қармақшы ауданының құрметті азаматы деген де атағы жоқ. Айналайындар-ау, Вьетнам соғысына қатысып, елге келіп, ерен еңбек сіңірген ардагерді Қазақстанның әр ауданынан таба бермейсіңдер ғой. Әркімге беріліп жатқан «құрметті азамат» деген атаққа Иса Бисеновтің лайық екенін аудан басшылығының есіне салғымыз келеді.

Осыдан үш жыл бұрын азды-көпті еңбек қылған адамдардың барлығына «Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы» де¬ген мерекелік медаль тапсырылды. Он¬дай марапат Иса Бисеновке берілмепті. Ақсақал осыны айтқанда, бізді ұят қысты. Мәселе атақ-даңқта емес қой. Ардагер «қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына» қапа болады.

Заң бойынша Иса Бисеновті Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестіруге болады. Бірақ оны орындауға құлықты адам болмай тұр. Жалғыз адамның жанайқайы тиісті жерге жетпей жатса, не шара?! Дегенмен, мұның да оңай жолы бар көрінеді. Мәселен, Иса Бисеновке «Парасат» ордені берілген жағдайда ол өзіне тиісті мәртебені иеленеді екен. Осы жағдайды ескере отырып Қармақшы ауданының әкімі Нәжмадин Шамұратовқа аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен емхананың бастығы өтініш түсірген. Бірақ аудан басшысы бұл өтініштерге құлақ аспап¬ты. Немкетті қарады ма, әлде Иса ақсақалды лайықсыз санады ма, ол арасы бізге белгісіз. Аудан әкімі сол өтініштерді негізге алып жоғарыға ұсыныс жасай салуға қиналса керек. Қалай болғанда да Вьетнамның Президенті ар¬найы шақырып қабылдаған, облыс әкімі үлкен ілтипат көрсеткен ардагердің ша¬руасына атүсті қараған әкімнің әрекетін дұрыс дей алмаймыз.

Бүгінде жасы жетпістен асқан арда¬гер Әлияш апамызбен бірге 7 бала, 22 не¬мере мен 2 шөберенің қызығына кенеліп отыр. Әскерге аттанғанда тұңғышы Сағындықтың дүниеге келгеніне он бес күн ғана болғанын жоғарыда айтып едік. Ақсақалдың бүгінде біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан қоңырқай ғана тіршілігі бар. Осы өміріне шүкіршілік қылады. Дейтұрғанмен соғыстағы еңбегі ескеріліп, соған сәйкес құрмет көруді де армандайды. Ал ардагердің арманы же¬келеген адамдардың қолында. Тек соны орындауға ынта керек. Бар болғаны осы ғана…

Автор:
Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы.