Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЕҢБЕК МИНИСТРІ ЖАҢА ЗЕЙНЕТАҚЫЖҮЙЕСІМЕН ТАНЫСТЫРДЫ


16 мая 2014, 17:50 | 813 просмотров



Мамырдың 13-күні Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстандағы жаңа зейнетақы жүйесі таныстырылды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жаңа жүйедегі бірінші компонент - зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматтарға олардың еңбек өтілі мен жалақысына қарамастан, бірдей мөлшерде республикалық бюджет қаражатынан мемлекет төлейтін базалық зейнетақы болмақ.

«Жаңа тәсіл базалық зейнетақыны алушының зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты бірқатар тағайындауларды ұсынады. Біріншіден, азаматтарда жүйеге қатысу өтілі болмаған жағдайда оларға ең төмен күнкөріс көлемінің 50%-ына тең келетін мөлшерде әлеуметтік зейнетақы берілетін болады. Екіншіден, жүйеге қатысу өтілі 20 жыл болған жағдайда оның базалық зейнетақысының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%- ын құрайтын болады. Кейін коэффициент жүйеге қатысқан әрбір жыл үшін арттырылып отырады. Үшіншіден, қатысу өтілі 35 жыл болған жағдайда базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейіне тең болады», - деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, мұндай тәсіл зейнетақы жүйесіне қатысушы үш буынның проблемасын оңтайлы шешуге мүмкіндік береді.

«Қазіргі зейнеткерлер - адамдардың бұл санатына базалық зейнетақы олар зейнеткерлікке шығар сәтте ұсынған еңбек өтіліне байланысты есептелетін болады;

2043 жылға дейін зейнеткерлік жасқа келетін ынтымақты, сол сияқты жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі толық емес азаматтар - адамдардың бұл санатына базалық зейнетақы 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 1998 жылдан кейінгі қатысу өтілі ескеріле отырып есептелетін болады;

зейнеткерлікке 2043 жылдан кейін шығатын адамдар - базалық зейнетақы жинақтарына байланысты есептелетін болады», - дейді Т. Дүйсенова.

Автор:
Әбу-Асқар МЕКЕШҰЛЫ