Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТАРТЫМДЫ ЖАРЫС, ТАРТЫСТЫ ОЙЫН


3 мая 2014, 08:50 | 1 623 просмотра



Талдықорған медициналық колледжінің спорт кешенінде волейболдан дүбірлі жарыс өтті. Бұл жарысқа қалалық медициналық мекемелерден 16 команда (9 әйелдер, 7 ерлер) қатысты. Ашылу рәсімі сәуірдің 24 күні сағат 10-00 басталды. Белсенділік танытып, өз командаларын жарысқа дайындаған мекемелер саны он¬нан асып жығылады, атап айтқанда; Кар¬диология орталығы, Судмедэкспертиза, Қан құю орталығы, Жұқпа ауруханасы, Жедел жәрдем станциясы, Талдықорған медколледжі, Обаға қарсы станциясы, Он¬кодиспансер, Қалалық емхана, Облыстық аурухана, Тубдиспансер.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар демекші, аталған командалардың арасынан суырылып алға шыққан (ерлер арасында) Талдықорған медколледжі мен Қалалық емхана мекемелерінің командалары болды. Жүлделі орынға ие болу мақсатымен өткізілген тарты¬сты кездесуде Талдықорған медколеджінің жігіттері басымдылық танытып, бірінші орын¬ды жеңіп алды. Әйелдер командаларының арасында бірінші орынды Облыстық аурухана қыздары иеленіп, екінші орынды Онкодиспан¬сер командасы қанағат тұтты.

Жарыс өте қызықты өтті, әрбір кездесудің сәтті кезеңдерінде жанкүйерлердің жаңғырған дауыстары толастамай естіліп тұрды. Бірде- бір адам жанға жағымды эмоциядан құр қалған жоқ, жеңген де риза, жеңілген де риза. Соны¬мен, ақ халатты абзал жандар өздерін жаңа бір қырынан байқатқандай болды, себебі олар өздерін тек дәрігер ретінде ғана емес. салау¬атты өмір салтын насихаттап, спортпен де ай¬налыса алатынын көрсетті.

Жарыстың жабылу сәтінде сөз сөйлеген Талдықорған қалалық емханасының бас дәрігері Жансеңгіров Тілеуберді Максимұлы жарысқа қатысушыларды құттықтап, әрқайсысына зор денсаулық тілей отырып, ел ағасына тән ел-жұртқа деген қамқорлықпен әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері Талдықорған медколледжінің спорт кешенінің есігі қалалық медицина мекемелерінің спортсмендеріне ашық екендігін мәлім етті. Сонымен қатар осы жарысқа қатысқан медициналық мекемелердің басшыларына бір айлық оклад көлемінде сый ақы берілетіні жөнінде ұсыныс жасады. Мұндай іс-шаралар әрбір адамның спортқа деген құлшынысын арттыратыны белгілі, сондықтан бұл қадамды мемлекеттік дәрежеде іске асыру қажет. Дені саудың – жаны сау дегендей, дені сау халықтың келешегі де жарқын болады.

Жалпы, спортпен айналысу адам денсаулығына өте пайдалы екендігі жайында екінің бірі біледі, бұл жайында «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында тұжырымды ескертілген. Сондықтан, спорт¬ты насихаттау, спортқа адамдардың көбірек келуіне демеушілік таныту, тиісті орындар үшін – мемлекеттік маңызды іс. Сол тиісті орындардың бірі Алматы облыстық денсаулық сақтау саласының кәсіподақ комитеті болғандықтан, сол мекеменің төрағасы Шал¬табаев Асан Мұқанұлына жолығып тілдестік.

-Асан Мұқанұлы,мына болып жатқан жарыс жайында не айтасыз?

-Жарыс жақсы өтуде, жарысқа қатысушылар мен жанкүйерлерге дән риза¬мыз.

-Жарысқа қатысып отырған команда¬лар санына көңіліңіз тола ма?

-Әрине, командалар санының аздығы қынжылтады, себебі ұйымдастыру жұмыстарының олқылығы көрініп тұр.

-Мұндай кемшіліктерді болдырмас үшін қандай іс-шаралар қажет?

-«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қаламыздағы медициналық мекемелер арасын¬да спорттық жарыстар мен түрлі іс- шаралардың санын арттыру және соған дайындық жұмыстарын алдын-ала атқару барысында жан-жақты тікелей көмек көрсету керек. Сонда ғана көптеген кемшіліктер жолда қалады деп ойлаймын.

-Естуімізше 2014 жылдың алғашқы жартыжылдығында кәсіподақ комитеттері жөнінде республикалық заң қабылданбақшы, сіздің ой-пікіріңіз қандай?

-Әрине заң қабылданып жатса біз өте қуаныштымыз,себебі бұл заң аясын¬да кәсіподақ комитетінің жұмысы әдеуір жақсарады, мүшелер саны күрт көбейіп, әлеуметтік проблемаларды шешу, түбегейлі болдырмау мүмкіншіліктері іске асады.Соны¬мен қатар, бұл заң бізге үлкен жауапкершілік те жүктейді.

-Үш күнге созылған дүбірлі жарыс өз мәресіне де жетті, жарысқа қатысып жүлделі орындарға ие болғандарға қандай марапаттар әзірледіңіз?

-Біздің басты мақсатымыз салауатты өмір салтын қалыптастыру, еңбек адамының денсаулығын нығайту, сондықтан бірінші орындарды жеңіп алған екі командаға (әйелдер, ерлер) шипажайға баруға бір-бір жолдама беріледі. Әзірге қолымыздан келгені осы, қалғанын кейін көре жатармыз.

Әңгімеңізге рахмет.

Автор:
Кадыр БЕРДЕН