Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БАСТЫ КӨРСЕТКІШ – ҚОЛЖЕТІМДІЛІК


28 марта 2014, 08:34 | 2 284 просмотра



Өткен аптада Президент Жолдауын түсіндіру бойынша республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі - ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Павлодар облысындағы медицина мекемелерінде кездесулер өткізді.

Министр Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп, ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін, сапасын арттыру қажеттігіне баса на¬зар аударды. «Ауылдың әрбір тұрғыны «Саламатты Қазақстан» бағдарла-масының нәтижелерін медициналық көмек сапасының өсуі бойынша сезінуі тиіс», - деді ол.

Негізгі күш-жігерді алғашқы жедел жәрдем қызметін дамыту мен міндетті медициналық сақтандыруды енгізу шараларына бағыттау керек. Алдын алу іс- шараларын күшейту, скринингтік зерттеулерді жетілдіру негізгі әлеуметтік ауруларды ерте анықтауға ықпал етпек.

Кездесуде ауылдық жерлердегі мамандар жетіспеушілігі сөз болды. Республи¬када бүгінгі таңда аталған мәселе біртіндеп шешімін табуда. Министрлік оқу бітірген түлектерді, оның ішінде ауылдық квотамен білім алған жас мамандарды өңірлерге бөліп, олардың белгіленген орындарға баруын тұрақты қадағалап отыр. Ал жергілікті атқарушы органдар мамандарды ұстап қалу үшін барлық жағдайларды жасауы ке¬рек. Яғни, министрлік жіберген жас дәрігерлерді баспанамен, жеңілдетілген несиемен, көтермеақымен қамтамасыз етіп, әлеуметтік қолдау көрсетуі тиіс.

Салидат Зекенқызы, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалын¬да азаматтарды қабылдау шарасын өткізді. Сала басшысының қабылдауына келген тұрғындар тегін медициналық көмек алу, дәрігерлер жалақысының көлемін арттыру секілді мәселелерді сөз етті.

Павлодар қаласының тұрғыны Валерий Рощин жұбайының күрделі отадан соң оңалту қызметіне қалайша қол жеткізуге болатыны туралы сұрады. Оның жұбайы - ІІ топ мүгедегі, омыртқасына жасалған күрделі отадан кейін қажетті ем-дом шараларын қабылдауы тиіс. Отбасында қаражат тапшы, ал егер уақытты жіберіп алса, ауруы асқынуы мүмкін.

- Министрге жағдайымызды түсіндірдім. Әйелім республикамыздың азаматы болып табылмаса да, осы елде ұзақ уақыт тұрған адам ретінде тегін медициналық көмекті ала алады екен. Таяу уақытта мәселеміз шешімін табады деген жауап алдық, - деді В.Рощин.

Алуа Бектұрғанова болса, жасанды ұрықтандыруға бөлінетін мемлекеттік квота көлемін арттыру жайлы сұрады. Алуаның айтуынша, квота алу кезегіне тұрғанына 7 жылдан асты, бірақ мәселе шешілер емес.

Елімізде бұл қызмет 2010 жылдан бастап енгізіліпті. Жыл сайын мемлекет тарапы¬нан 400-600 квота үлестіріледі. Павлодар облысында жасанды ұрықтандыру кезегінде 400 отбасы тұр. Жыл сайын әр облысқа тіркелген өтініштер санына қарай квота бөлінеді. Иә, барлығын қанағаттандыру әзірге мүмкін емес. Алайда, қаржыландыру көлемі жыл сайын артуда. Былтыр 400 квота бөлінді. Бір әйелге бөлінетін квота сома¬сы 700 мың теңгені құрайды. Қазіргі кезде аталмыш қызметті көрсететін орталықтарда донорлық заттар тапшы. Үміткер отбасылардың тіркелу жүйесінде де мәселелер жоқ емес көрінеді. Сондықтан, мәселе біртіндеп шешімін табады.

С.Қайырбекова сапар барысында облыстық диагностикалық орталықтың, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың, қала емханаларының, облыстық тубер¬кулезге қарсы диспансердің, Качир ауданы орталық ауруханасының жұмыс барысы¬мен танысып, қызметкерлермен, науқас-тармен тілдесті.

Автор:
Әсемгүл ҚАБДУАХИТ.