Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АЖАЛ АУЗЫНДАҒЫ АДАМДАР НЕ ОЙЛАЙДЫ?


28 марта 2014, 08:18 | 2 307 просмотров



Австралиялық медбике Бронни Вэр «Өлім аузындағы адамдардың басты бес өкініші» (ағылшынша «The Top Five Regrets of the Dying») деген кітап жазып, жақында жарыққа шығарыпты.

Ұзақ жылдар бойы паллиативтік терапия бөлімінде ауру жеңген, өлім аузындағы пациенттер¬ге қараған австралиялық медбике Бронни Вэр «Өлім аузындағы адамдардың басты бес өкініші» (ағылшынша «The Top Five Regrets of the Dying») деген кітап жазып, жақында жарыққа шығарыпты. Автор адамдардың өлер алдындағы әңгімелерін, орны толмас өкініштерін, жан күйзелісін жазып алып отырған екен. Медбикенің пікірінше, дәм-тұзы таусылған адамдардың бақилыққа барар алдындағы жүрекжарды әңгімелері пенделердің ертең о дүниенің табалдырығына жақындағанда өткеніне өкінбейтіндей, бұл жалғанда өнегелі өмір сүруіне себеп болады.

Бұл өмірге кімдер келіп, кімдер өтпейді?! Халқына жақсылық жасап, шапағатын тигізген адамдар да, қара басының қамын күйттегендер де, аспанда қалықтап өмір сүргендер де, жербауырлап күнін өткергендер де бұл жалғаннан армансыз өткен емес. Адамның арманы таусылмай¬ды. Адамдар алдамшы дүниенің қонағы екенін біле тұра, көп нәрсеге қол жеткізіп, қамтып қалсам деп армандайды. Соған жету үшін біреулер қылмысқа барады, күнәға батады. Бірақ бақилық ал¬дында бәрі бекершілік екеніне бір күні көзі жетеді. Әсіресе, иманын үйіріп, өлім аузында жатқан адамның қысқа ғұмырында жете алмаған арманы, өткенге өкініші, басқаларға жасаған қиянаттары үшін ішкі күйзелісі көп болады. Психологтардың айтуынша, кейбір кездерде тән дертінен гөрі, осы жан күйзелісі адамның жанына қатты батады екен. Ұзақ уақыт төсек тартып, хал үстінде жатқан адамдардың өткен өміріндегі өкінішті тұстарын көп ойлап, өзін-өзі іштей жейтіні белгілі. Медбике Бронни Вэр осындай адамдардың өмірінің соңында ашылып айтқан әңгімелерінен пайдалы сабақ алу үшін жазып отырыпты.

«Ажалы таянған адамдардан «Қандай өкінішіңіз бар?» немесе «Өміріңізді өзгертіп, қайта бастағыңыз келе ме?» деген сұрақтарыма негізінен, біркелкі жауаптар алдым. Төменде ажал аузындағы адамдардың басты бес өкініші:

1. Басқалардың айтуымен емес, өз-өзіме сенімді болып, өз қалауымша өмір сүруге батылдығымның жетпегені өкінішті.

«Көптеген адамдар бұл туралы жиі айтады. Олар өмірінің аяқталып қалғанын түсінген кезде артына қарайды, қаншама іске аспаған ойлары мен армандары қалып бара жатқанын көреді. Адамдардың басым көпшілігі қысқа өмірінде өзінің игі ойларының тіпті жартысын да жүзеге асыра алмайды, тек ақырет күні таянғанда ғана мұның бәрі өзінің қалауы бойынша болғанын түсінеді. Денсаулықтың қандай еркіндік беретіндігі туралы ешкім ойланбайды, тек оны жоғалтып алған кез¬де ес кіреді».

2. Өте көп жұмыс істегенім өкінішті.

«Мен бұл сөзді өзім қарап, күткен барлық ер адамдардың дерлік аузынан естідім. Олар балаларының қалай өсіп кеткенін байқамай қалған, әйелдерімен уақытты аз өткізген. Әйел адамдар да бұл туралы жиі айтып, өкінеді. Мен күтім жасаған ер адамдардың барлығы өмірінің үлкен бөлігін жұмыста өткізгеніне өкінеді».

3. Өзімнің сезімімді ашық айтуға батылым жетпегені өкінішті.

«Көптеген адамдар айналасындағылармен жақсы қатынастарды сақтау үшін өз ойларын ішіне бүгіп қалады. Нәтижесінде, олар өзін шектеумен өмір сүріп, өз ойындағыдай бола алмайды. Олар сарыуайымнан, қанағаттанбаушылықтан өзіне ауру тауып алады».

4. Достарыммен аз араласқаным өкінішті.

«Көптеген адамдар нағыз достарының бағасын төсек тартып қалғанда немесе олардан мүлде адасып қалған жағдайда біледі. Өмірдің ұсақ-түйек проблемаларымен жүріп, ең жақын достарымен қарым-қатынасты үзіп алады. Адамдар өлер алдында жақын достарын қатты сағынып, іздейді».

5. Өзімді бақытты болуға жол бермегенім өкінішті.

«Қызық, бірақ көптеген адамдар осы жағынан өкінеді. Олардың көпшілігі «бақыт» деген – бұл таңдау мәселесі екенін өмірінің соңына дейін түсінбеген. Олар өмір бойы ескі әдет-ғұрыпты ұстанып өткен. Өмірде болып тұратын әртүрлі өзгерістер оларға үнемі қорқыныш туғызып, өзгенің де, өзінің алдында да осы өміріне риза сияқты болып көрінуге итермелеген» деп жазады автор.

Автор:
Қайыржан ТӨРЕЖАН «Айқын»