Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ПАЙҒАМБАР ТУРАЛЫ ФИЛЬМ МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫН ТУҒЫЗДЫ


28 марта 2014, 08:03 | 1 443 просмотра



Голливудтық режиссер Даррен Аронофскийдің «Нұһ» атты туынды¬сы үлкен экранға шықпастан-ақ сынға ұшырауда. Мұсылман елдері наурыз айының соңында үлкен экранға шығуы тиіс фильмді «шариғат қағидаларына қайшы» деп айыптап, оның көрсетілуіне рұқсат бермей отыр. Бұл фильмнің таралуына қарсы елдердің саны күн өткен сайын көбейіп келеді. Бүгінде «Нұһтан» Парсы шығанағындағы Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Бахрейн елдері бас тартқан. Олардың қатарына жақын арада Кувейт, Иордания, Мысыр елдері де қосылмақшы.

Мысырдың ең беделді әл-Әзһар университетінің ғалымдары бұл фильмді сын тезінен өткізіп, исламға қайшы келетін біраз олқылықтарды тапқан. Сол себепті де ислам жұртшылығы авторға наразы. Сондай-ақ ислам ғұламалары туынды¬да пайғамбар бейнесінің өз деңгейінде сомдалмағанын да алға тартқан. Яғни Рассел Кроу қанша жерден білікті ак¬тер болса да, исламның ең негізгі бес пайғамбарларының бірі – Нұһты өз биігінде көрсете алмайды деген тұжырымға келген. Себебі болмысынан ерек туған пайғамбарлардың көркем бейнесін, мінезін, әдебін ешқандай жан баласы айнытпай сала алмайды. Осыған байланысты әл-Әзһар ғалымдары шұғыл жиын өткізіп, тіпті туын¬дыны көрсетуге жол берген кинотеатрлар¬ды сотқа беру мәселесін де күн тәртібіне қойған.

Әйтсе де, фильмді жақтаушылар туындының «Інжілде» баяндалатын оқиға желісінен бөлектеу екенін, сценарийдің көркем туынды сюжетіне құрылып, Даррен Аронофскийдің өз идеясы негізінде дүниеге келгенін алға тартып, бұл өнімді ақтап алуға тырысып жатыр. Бұл атышулы фильмге атақты Paramount Pictures компаниясының 130 миллион долларға жуық қаржыcы кеткен. Киногерлер бұл қомақты қаражаттың орнын толтыру үшін, кинотуындының көрсетілімі тоқтап қалмауына барын салатыны анық.

Жалпы, шариғатта пайғамбарлардың образын жасау, оларды кино қаһарманына айналдыру еш мақұлданбайды. Соңғы кезде, әлемдік кинематография пайғамбар, дін тақырыбына бет бұрған. Дұрыс-ақ. Алайда осы күнге дейін түсірілген мұндай сипаттағы өнімдердің барлығы сынға ұшыраған. Мәселен, 2004 жылы жарық көрген Мел Гибсонның «Христостың ынтызарлығы» атты кинотуындысы да мұсылман бауырлардың наразылығын тудырған. Сол кездегі сыннан сабақ алмаған болу керек, америкалық ре¬жиссер Кристофер Спенсер де Иса пайғамбар жайлы тағы бір туынды түсіріпті. Көрсетілімі көктем айына жоспарланған бұл фильм де экрандарға шығып үлгерместен араб елдерінің қарсылығына тап болды. Ал аты шулы «Нұһ» фильмін қазақ жұртшылығы қалай қабылдар екен?

Мұхитдин ИСАҰЛЫ,

теология ғылымының докторы:

– Пайғамбарлар кемшілік атаулыдан ада. Сол себепті де, ешбір адам пайғамбарлардың рөлін өз биігінде сомдай алмасы анық. Егер актер Алланың елшісін ойнайтын болса, оны бірінші өзінің деңгейіне түсіріп, пенделік қалыпқа салып, пенделік сипатта ой¬нап шығады. Яғни туындыда Алла елшісі қарапайым қатардағы адам ретінде көрсетілуі мүмкін. Ал пенделік деңгейге түсірілген соң, «пайғамбар бейнесі өз биігінде сомдалды» деп айта алмасымыз анық. Сондықтан ис¬лам жұртшылығы мұндай фильмдерге қарсылық білдіріп жатады.

Біздің елде бұл фильмге мүфтият пен жекелеген жамағат тарапынан қарсылық болмаса, дәл араб елдері секілді тыйым салынбасы анық. Егер қадағалайтын ұйымдар туындыда «бала тәрбиесіне, адам психологиясына нұқсан келтіретін тұстар бар»,-деп тапса ғана, еліміз бұл фильмнен бас тартуы мүмкін.