Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АКАДЕМИК ШАРМАНОВ -ҰСТАНЫМНАН ҰЛАҒАТҚА ДЕЙІН


11 февраля 2010, 21:56 | 3 949 просмотров



«Адам деген - айбарлы үн»

(М. Горький)

Академик Төрегелді Шармановты ел емес, әлем де біледі. Әлем медицинасының мақтаныштары тізімінде жалғыз қазақ - Төкеңнің аты бар. Әлемдік денсаулық ұйымының Л. Бернанд атындағы алтын медалының иегері. Академик Шарманов туралы жазғанда тағы бір жылы сезімдей екі жай түрткі болды. Біріншісі, аяулы Қаныш Сәтбаевтың «Орыстардың Кремлі сияқты, Ұлытау да қазақ үшін ардақты және қадірлі»,- деген сөздері есімізде. Сол біздің кейіпкеріміз - Төрегелді Шарманұлы осы қасиетті Ұлытау топырағында туған. Ал осы тау- далада Жошыхан, Алаша хан, Едіге, Тоқтамыс, Жаңбыршы ерлер өткен.

Қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы, заңгер Мұхтар Құл- Мұхаммед «Мөңке би» туралы іргелі, тарихи, деректі еңбегінде Алтын Орданың қолбасшысы, Ноғай Ордасының әмірі, баяғы Ұлытауда жерленген.

Едіге бидің ата- тегі және ұрпақтары туралы әңгіме қозғайды. Ол - Құмкентте туып, Еділ мен Жайықты жайлаған, Сарайшықты астана еткен. Айту керек пе, немесе керек емес пе, білмедім, қалай болғанда да, осы жазбаның авторы сол Едіге бидің тікелей бір тамшы ұрпағы болып шықты. Қ. Сәтбаев жариялаған «Едіге» дастан нұсқасында «әкелі балалы екеуі де намыс қорлықтан өлген» дейді. Шыңғыстай Едігенің де тап басатындай мүрдесі жоқ... Алайда, Ұлытаудың бір түпкірінде дейді ел жадысы. Ал оның мыңдаған ұрпақтары Ұлытау десе, ерекше елеңдейді.

Екіншіден, мен қызмет істегенде қайраткер Камал Смайылов ағамыз көп жылдар бойы Қазақстанның телерадио корпорациясын басқарған болатын және біздің кейіпкеріміздің жан құрдасы еді. Қызық болғанда, 1992 жылы тәуелсіздіктің бірінші жылында Камал ағамыздың немере ағасы, Ұлытаулың қыршын ұлан, жалынды журналист Баубек Бұлқышев атындағы журналистік сыйлығы маған бұйырған екен және осы дипломды Кәмекеңнің өз қолынын алып едік.

Министр Мұхтардың уақыты аз болса да, қазақ эссе жанрының үлгісі ретінде алаштың ардақтары турасында бірнеше сүбелі мақала, еңбектер жариялады. Солардің бірі - оның «Академик Шарманов» турасындағы кең құлашты жазбасы болды. Мұханың осы мақаласынан кейін бізге де қиын болуы мүмкін. Дегенмен де...

Төрегелді Шарманұлының тұлғасы - сан қырлы. Ол, ең алдымен, әлем медицинасы саласында емес, елге айтары бар қоғам қайраткері. Асыл кесек.

«Бар мен жоқ» қоғамдық саяси телебағдарламасы кезінде, бір әңгіме арасында белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали «Қазақстандағы ақсақализм» атты тақырап ұсынған еді. Тақырып, шынын да, қызықты және шулы болатын. Кеңес тарап, тәуелсіздік орнағанда әр түрлі салаларда майталман болған біраз ағаларымыз біраз аң- таң болып калғаны рас -ты. Өмірі дастарханның төрінде жүрген ақсақалдарымыз енді әкім- қаралардың алақанына қараған -ды. Сол кезде, Қазақ елінің маңдайшасы шамалы, «тайғанап тұрғанда» «ел - ерге» қарады. Қарайтындары - елдің зиялылары еді. Ұлт, тіл, мемлекеттік турасында қауым өз сөздерін айтып жатты. Алайда, сол қаймақтар өре тұрып бәрі көзқарастарын айта алды ма? Қарттар болуы мүмкін, қариялар болуы мүмкін, алайда қазақтың шын «ақсақалы» бар ма? Әзекеңнің осы ойы еді... Қалай болғанда да. «бар мен жоқ» тайталастар мәңгілік тақырып.

Тоғызыншы жылдарда біз білгенде, мамандықтары - дәрігер, екі академик - Төрегелді Шарманов пен Камал Ормантаев ақсақалдарымыз бұқаралық ақпарат құралдарында ерекше белсенділігін көрсетті.

Бірде Төкең былай деген: «Біз сол кездердегі «Азамат» партиясын құрып едік. Үш азамат үшеуміз тете төраға болдық. Бір күні Елбасы оппозициялық партиялардың өкілдерін шақыратын болыпты. Сол үшеудің ішінен шақыру маған ғана беріліпті. Жігіттер бірден: «барма»,- дейді. Мен айттым: «Мен неге бармаймын? Барам. Қайта өз пікірлерімізді айтпаймыз ба?». Маған ұнағаны, кездесу сындарлы болып шықты. Мен де сөйледім. Біз тек ұлт, мемлекеттік жөнінде қатты айттық. Шынын айтайын, менің пікірлерім Елбасына ұнады. Жалпы, «мүдде» деген ұғым бар. Адамның «өз мүддесі бар» дейміз. Ал менің ұстаным, «елдің мүддесі» күн тәртібінде тұрса, шындықты айтпай отыра алмаймын»

Төрегелді Шарманұлының ойынша, «денсаулық сақтау» және «ұлт саулығы» деген ұғымдар - егіз. Ал Қазақ тамақтану Академиясының президенті ретінде, академик Шарманов барлық мәселе кәдімгі... «тамақтан», ал ол өз кезегінде, саяси да экономикалық, қоғамдық та әлеуметтік, қауіпсіздік категория дейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бас директорының баяндамасында, өлімнің алпыс пайызы тікелей дұрыс емес тамақтанудан болады екен. Ал сексен пайызы ауа, су, жалпы экология адамға тамақ арқылы таралады. Йод, темір тапшылығы әлі қазақтық мәселе. Онымен қоса, футурологтардың қорытындысы бойынша, адамзат тамақ мәселесін шешпесе, рак, жүрек тамыр аурулары қоса жүреді.Академик ауызы айтарға айтардай.

Т. Шармановтың бейбіттегі ерлігі сонау 1978 жылы бүкіл ДСҰ тарихи Алматы декларациясын ұйымдастыруы. Төкеңнің рухани, әріптес інісі К.С. Ормантаев былай дейді: « Мұндай конференцияны шақыру Төкеңнің жігерлігі, талапшылығын айтпай болмайды». Шынында да, сол жиыннан кейін, бүкіл әлем қазақ медицинасы мәселесіне, Қазақстан денсаулық саласына түбірімен дегендей саясат жасалды. Міне, біздің кейіпкеріміз кәсіби дәрі егуден - азамат тұлғаға дейін көтерілді, оның жұлдызы дәл бір осы жолы жанды.

БАЛАЛЫҚТАН БОЗБАЛАЛЫҚҚА ДЕЙІН

Ұлытауға бардың ба?( ескі сөз)

Төкеңнің қызмет кабинетінде есіктен кіріп келгенде төбеде екі портрет ілулі тұрады. Олар ағамыздың әке- анасы. Шарман ата мен Нәзила ана.

«Төрегелді арда өскен жан. Қазақ атаулы Арқаға ақ сүйек болып шашылған зұлмат заманда дүниеге келсе де, Төкең туған жуантаяқ әулеті жіңішкерсе де үзілмеген, тарықса да тартылмаған. Шарман шал мен Нәзила апамыз өле-өлгенше бар жақсысын жалғыз ұлы Төрегелдінің ауызына тосқан. Арда өскен емей немене өзі жетпістен асқанша жүзге келген анасын қақтай еміп, жетпіс жыл бала боп ғұмыр кешсе. Осындайда менің есіме әкесі ғасыр жасап дүние салғанда Сапабек Әсіп ағамыздың: «Әкем тірі кезінде өзімді үнемі бала сезінуші ем. Енді бір-ақ күнде жетім қалдым» деген сөзі түседі.

Сол айтқандай оның даналығының өзінен әлі күнге дейін қылаң берер балалығының іздері ардагер ағаның арда өскендігінің айқын белгісі болса керек.

Бұл өзі арысы – Арқа, берісі Ұлытауға атақ-шатағы мен кешірім-кеңшілігі қабат жайылған сәулелі әулет». Бұл журналист Мұхтар Құл Мұхаммедтің мақаласынан үзінді.

Ал әлем білетін Шармановтың балалығы қалай болып еді?

Төкең өмірінен үзіктер:

Менің атам ерте қайтыс болып, әкем нағашыларының қолында тәрбиеленген. Алайда, бес ағайынды болған. Олардың ішінде екі ағасы уақытында қарапайым ғана, шаруашылықтың басында жүрген. Бірақ олардың арасындағы көзі ашық, орыс тіліне жүйріктеуі менің әкем екен. Кезінде партия кызметінде болған, басқару жағдайына біраз істерге араласқан. Айтатыны жоқ, отызыншы жылдар қиын болды ғой. Сол кезде 1932 жылы Сталинның жаңа Сайлау ережесі жарияланып, әкем байқамай «газетке темекі ораймын» деп, оның арнайы орган қызметкерлері аңдып келіп, ұстап алып кетеді ғой. Сөйтіп, бір ай түрмеде жатқан. Әйтеуір аман қалды.

Әкем мен шешемнің қалай үйленгені туралы кейін елден естідім. Біздің шалдың жас кезі ғой. Нәзила деген ауқатты отбасының қызына ғашық болып қалады. Шамасы, екеуі де бір- бірін жақсы көрген болу керек. Және құдалық туралы әңгіме жоқ шығар. Бірде бір баланың шілдеханасында шешемді алып қашады ғой. Екі атпен келіп, ауылда тығылып, алады да, тауда жата береді. Ел оларды өлді ғой деп есептейді. Ал әкем ол бастан мерген, әрі сері болған, гармон тартады, елдің ауызын қаратады. Кәрі досы мылтығы бар, аңдарды атып, бір ай бойы өмір сүреді. Елдің аяғы басылғаннан соң, баспалап хабарларын айтады. Сөйтіп, аға-інілері келіп, тамақ апарып тастайды. Мен сол ғашықтардан туған жалғыз баламын ғой...

Жалпы, әке- шешем де қарапайым орнықты еді. Шешем бөкебай тоқып, әкем кейін кәдімгі «диван» жасайтын, мықты шебер болған. Ол уақытта диван жасау ешкімнің ойына келмеген, соған қалай көзі жетеді дегенін әлі түсінбеймін.

Жалғыз бала болғанан кейін, құрдастарым менің соңымнан жүрді. Мектепте үздік болдым, комсомол ұйымының хатшысымын Мен оқуды өте жақсы оқыдым, бірақ.... бұзық, тентектеу болдым. Мұғалімдер әке- шешемді мектепке талай шақырған.

Дәл бір мектепті бітірген кезде, ауданда «төтенше» бір жағдай болды. Бір күні шайтан түртті ме, «енді әне міне, азаматпыз, үлкенбіз»,- деп, бір топ қыз ұл сыныптастарымыз болып, бір үйге «кеш» жасаймыз дедік. Бәрін ұйымдастырған мен. Қарасақ, мұғалімдеріміз да аңдып отыр екен ғой. Дәл төбеден түсті. Үлкен шу болды. Не керек, аудандық комсомол ұйымы мені мектептен шығаруға ұйғарым жасап калып, мені ФЗО жіберуге, тек хаттамасына қол қоюы ғана қалыпты. Шешем жылып отыр. Болатын нәрсе болды. Бір кезде бір ой келді: «Мен неге аудандық партия комитетінің біріншісі хатшысы Елеусізов жолдасқа арыз жазбаймын? Оқуым жақсы, комсомолдың хатшысымын. Бір қателік болған шығар, кешірім сұрайын»,- деймін ғой. Ешкімге айтпай, хатты жазып, «үлкен» үйге бардым. Қызметкерлердің бәрі кеткен, тек қана еден жуушы апай ғана қалыпты. Сосын апайға айттым: «мына хатты бірінші хатшыға, білдірмей оның үстеліне қойып берсеңіз». Рахметімді айттым да, үйге кеттім. Иә, ертең тәңертең бюро болады... Бармасам болмайды. Келдім, бәрі суық, менімен сөйлеспейді. Бір кезде есік ашылды, ашылды да, кәдімгі ... бірінші хатшының өзі келсін. Хатшы сабырлы адам екен. Өзі көп сөйлемейді екен. Комсомолдың хатшысы ұшып тұрды. Үлкен хатшы айтады: «Ал жағдайларың қалай?»,- дейді. Кіші хатшы айтады: «Осылай да осылай. Бір Шарманов деген оқушы бұзықтық жасады. Соны мектептен шығарайық деп жатырмын.» Үлкен хатшы: « Ал осы Шарманов баланың оқуы, белсенділігі қалай екен?». Кіші хатшы өтірік айта алмады: «Үздік, мектепте хатшысы»,- дейді. Үлкен хатшысы айтады: « Олай болса, жалпы, осы мектепте бір стадион немесе оқудан тыс үйірме бар ма? Оқушылар мектептен кейін не істейді?» Кіші хатшы ештеңе айта алмады. Себебі ауылдың жағдайын бәріміз де білеміз ғой. Ең соңында былай деді: «Жолдас хатшы, одан да сіздер тәрбиеге қатысты мәселемен қағазда емес, істе жұмыс жасауларыңыз керек. Ал мына Шармановқа одан да сіздер көмектесулеріңіз керек.» Сөйтіп, мен қалдым. Айтатыным, біздің қәзіргі шенеуніктеріміз осы Елеусізов аға сияқты болса ғой...

Айтпақшы, кейін министр және депутат кезімде Қарағандыға барып, сайлаушылармен кездесу жасадым. Мен оларға өз аманаттарымды айттым, сауалдарға жауап бердім. Кештен кейін қоштасып кетіп бара жатсам, біреу: «Төрегелді!»,- деген дауыс естілді. Үлкен адам екен: « Мені таныдың ба, мен Елеуізовпын»,- деді. Таныдым. Баяғы «үлкен хатшымыз» екен. Амандасып, қал жағдайын сұрадым. Ең соңында: «Шаруаң көп қой, өз жағдайымды хат арқылы беріп отырмын. Өзің қарарсың...»,- деді. Алматыға келгеннен соң, мұқият тексеріп, ағамыздың заңды құқықтарын шешіп бердім. Ризалығын білдірді. Ағамыз тік жүріп, байлыққа қарамай өтті ғой.

Мектеп бітіргеннен соң, өзімнің сүйікті медициналық университетіне түстім. Тағы да оқуымды жақсы оқыдым. Оқу орнының комсомол комитетінің хатшысы сайландым. Айтпақшы, сол институттың газетінің тұңғыш редакторы болдым. Жоғары стипендия алдым. Әрі қарай өмір жолы жалғасып келеді.

БАҚТАН БАҚЫТҚА ДЕЙІН

«Кенелейін деген жігіттің

Жылқы ішінде екі арғымағы тел өсер

(Шалкиіз)

Кез келген адамның өз сүйікті мамандығының құлы болар. Біздің кейіпкер он бір жыл бойы Қазақстан елінің денсаулық министрі болды. Ал Төкең әлемдік медициналық масштабта өз туған елінің денсаулық саласына толайым бетбұрыс жасады. Кешегі Ұлытаудың тентегі ұлт саулығына үлес қосты. Төтен тағдырға да, қиянатқа да мойымады.

Қызметте. Студенттерге дәріс оқиды. Ғылыми кеңестерді басқарады. Қаншама ұйымдық, қоғамдық және қайырымдық қозғалыстардың мүшесі. Бос уақыты аз. Төкең «әкеден - бала, баладан -немере, немереден - шөбере тәтті» дейді.

«ШЕҢБЕРСІЗДЕН» ШЫНДЫҚҚА ДЕЙІН

«Өткір алмас болатқа,

Тең болмаса немене!»

(Б.Бұлқышев)

Қазақ батыры Бауыржан Момыш-

ұлы қазасы кезінде жазушы Тахауи Ақтанов: «Стандарт дүниеде стандарт-

қа сыймаған қазақ»,- депті.

Дегенмен де, кәзіргі иісі зиялы ішінде мерейтой дарақыға қарсы, өз жан жұмбақ әлемі бар, ел білетін екі ғана азамат дейді. Бірі - әдебиет саласының классигі - Әбдіжәмил Нұрпейісов те, екіншісі – медицина саласының классигі - Төрегелді Шарманов дейді.

Төрегелді ағаның өзі айтсын:

«Мен өзімді мерейтойлайтындардың ешбірінен кем санамаймын. Елдің де, шетелдің де бар марапаттарын алдым. Жаратқанның несібесі шығар, бағым да, барлығым да баршылық. Алайда, мен қазақтың бүгінгі той мен шенділердің мансапқорлығына қатты наразымын. Ел ұлтқа үлкен қатерге ұрындырып келе жатыр. Бары мен жоққа қарамай, үлкен қаржыны шашып, той жасау жарысына айналып келеді. Қымбат мейрамханаларда тіпті мыңға дейін шақырылатын болды. Одан қалды, өлген адамның да бәсекесі болды.

Алпыс жылдығымда жора- жолдастардың қолдауымен алпыстай бір кішкене той жасағаным бар еді. Бірақ, мақтау тым асыра сілтеп кетті. Маған ұнамады да, енді мұндай той жасамаспын деп өзіме уәде еткенмін. Жетпіске келгенде, алдын ала газеттерге арнайы хабарландыру беріп, «сіздердің маған деген құрметтеріңізге ризамын, бірақ шашу беремін дегендер болса, онда ақ қан ауруымен ауырған балауса бүлдіршіндерге аударсаңыздар дұрыс болар еді. Маған ештеменің қажеті жоқ, дедім де арнайы есеп шотты көрсеттім. Кейін қорға үш миллиондай теңге түсті. Ол қаншама баланың өмірінің ұзартуына септігін тигізді.

2003 жылы он мың долларлық «Тарлан» сыйлығын алғанмын. Оны республикалық төрт медициналық жоғарғы оқу орнында оқитын жиырма студентке, жетім балаларға стипендия етіп таратып бердім. Кезінде он мың долларлық Мемлекеттік сыйлығымды да осылай тараттым. Кейбір азаматтар мені Дон Кихот дейді екен...

Менің ойым, артында қалған атағымыз емес, жастарға берген өнегеміз болу керек.

ТӘБЕТТЕН ТАМАҚҚА ДЕЙІН

«Ауру- астан»

(ел мәтелі)

Академиктің тәбеті былай: Көк шай, бір қияр, бір қызанақ, бір болгар бұрышы. Нан, май, тәтті, картоп жемейді. Еттен тек жылқы еті немесе балық. Бала кезден бері әуесқой спортшы.

***

Мақала жазылды.

Мақтағанымыз жоқ, тек кейіпкеріміздің ұланғайыр іс - әрекеттеріне ой жіберіп, тамызық қана бердік.

Ал Төрегелді Шарманұлының өмір -жол бағдары: Ұлы тауы - Ала тауы - Қазақ медицинасының тауы.

Ақ жол, ТАУ аға!

(P.S. Қайсар журналист Бәубек соғыс кезінде кейбір романтикалық мақаларының соңына «ТАУҰЛЫ» деп қол қойыпты. Тау биіктік -нышаны ғой...)

Автор:
Иманбай ЖҰБАЙ, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының иегері