Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ана сүтімен қоректендірудің пайдасы


11 февраля 2010, 21:53 | 6 828 просмотров



Ана сүті - өзінің сапалы және пайдалылығымен басқа тағамдардан жоғары тұрады. Оны сіңіруге жеңіл және баланың ағзасына толық үйлестірілген. Оның құрамында тап сол нәресте үшін арнап даярланғандай азықтар мен жұқпалы аурулардан қорғайтын заттар бар.

Ана нәрестесін емізіп отырған сәтте сондай бір ләззатқа бөленеді, әсіресе мейірленіп, құмарланып емізген уақытта бойынан бір тоқ жүргендей болып, ата бабамыз айтқандай алпыс екі тамыры ииді. Сондықтан да ана мен бала бір – бірімен тығыз байланысты, мейірімді болады.

Егер нәрестені ірі қара сүтімен не болмаса сүт қоспасымен тамақтандыратын болса, баламен бір жерге барудың өзі қиынға соғады, себебі сүтті бірге алып жүру керек, сүт қоспасын даярлау үшін жаңадан қайнатылған су керек. Жаз айларында сүтті өзіңмен бірге алып жүрер болсаң бұзылып кетуі мүмкін, ал қыс мезгілінде мұздап, үсуі мүмкін. Ал емшек сүтінде еш машақат болмайды. Анасы баласын қалаған кезде, қалаған уақытта, таза, дайын емшек сүтімен емізе алады.

Ана бір себептермен емізуді уақытша тоқтатқан болса, онда күнделікті сауу арқылы сүтін жоғалтпай, қайтадан емізуге кірісе алады.

Жалпы адамдар «емізудің несі қиын сол үшін де білімдендірудің, ақыл-кеңестің қажеттігі қанша?» деп ойлауы мүмкін. Ол қате түсінік, бала емізудің өзіндік қиыншылықтары да бар. Дұрыс мағұлмат алу арқылы олардың алдын алуға болады. Барлық әйел заты бала емізу қасиетіне ие. Бірақ, дұрыс емізудің ерекшеліктерін білмегендіктен кейбір аналарымыз өз сәбиін керегінше емізе алмай, балалары ерте емшектен қалып жатады.

Ана сүтінің қасиеті.

Ана сүтінің бала үшін пайдасы:

•Ана сүті бала үшін тойымды, өте сапалы тағам,

•Уыз сүті жұқпалы ауруларға қарсы алғашқы екпе (вакцинация) қызметін атқарады.

Жұлдыз Нұрғалиқызы Ашимова Алматы облысы Балқаш ауданында туған.

1994 жылы Алматы медицина институтына түсіп, 2000 жылы педиатр-дәрігер мамандығы бойынша бітіріп шықты.

Еңбек жолын №7 – ші қалалық клиникалық ауруханада бастаған.

2007 жылдан Талғар ауданы Панфилов ауылдық ауруханасында педиатр-дәрігер болып жұмыс жасауда.

•Уыз сүтінің іш айдау қасиеті бар сол себепті меконийді айдап, ішек тазалануына, сарғаюдың болмауына ықпал етеді.

•Ана сүті баланың ауруға қарсы күрес қабілетін күшейтеді. Емшек еметін бала тыныс алу ағзаларының ауруымен, асқазан – ішек жұқпаларымен сирек ауырады, ауырған жағдайда да жеңіл, асқынусыз өтеді.

•Ана сүтінде дәрумендердің жеткілікті мөлшерінің болуы баланың өсіп жетілуіне оң ықпалын тигізеді. А дәруменінің көп болуы көз ауруымен, жұқпалы аурулардан қорғайды.

•Жалпы ағза сезімталдығының яғни аллергияның алдын алады.

•Ана сүті арқылы берілетін темір нәресте ағзасында жақсы сіңетіндіктен анемияның алдын алады.

•Баланың жүйке жүйесін, ақыл – ойын жақсы қалыптастырады.

•Бала анаға өте жақын болып, бауыр басып өседі.

Емізудің ана денсаулығына тигізер пайдасы:

•Туған бетте емізу кезінде ана ағзасында окситоцин гормоны бөлініп, ол жатырдың жиырылуына әсер етеді. Нәтижесінде туғаннан кейінгі қан кетудің алдын алады. Сондықтан туа сала емшекке салу өте пайдалы.

•Аналық бездің, жатырдың және емшектің қатерлі ісікпен ауруының қаупі азаяды.

•Жиі емізгенде контрацепциялық қасиеті бар, яғни етеккір тоқтап бала туу аралығы сирейді.

•Ана мен бала арасындағы жіпсіз байланыс бекем болады, балаға мейірімділік ана сүтімен беріледі.

Емізудің жанұя үшін пайдасы:

•Емізулі ананың күнделікті ішетін тамағы баланы тамақтандыруға пайдаланатын жасанды сүт қоспаларынан анағұрлым арзан.

•Сүт қоспаларын даярлап беруге жұмсалатын уақыты үнемделеді.

•Ананың да баланың да дені сау болып, дәрі сатып алуға қажетті қаражаты, дәрігерге көрінуге кететін уақыты үнемделеді.

•Емізу кезінде етеккір тоқтағандықтан әйел адам жүкті болмайды да жанұяны жоспарлауға, бала туу аралығын реттеуге мүмкіндік туады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабы бойынша ана сүтімен қазіргі кезде баланы керегінше емізу, еш шек қоймау, мейілінше алты айға дейін тек ана сүтімен тамақтандыру, екі жасқа толғанға дейін емізу қағидаларын сақтау сияқты алғы шарттарын барлық ел мойындап, қазір соны ұстанып отыр.

Перзентханада туған бетте баланы емшекке салу да жолға қойылған. Ерте емшекке нәрестені салу лактацияның қалыптасуына, психо –эмоционалдық ми тынығуына әсерін тигізеді. Баланы неғұрлым жиі емізсе соғұрлым сүттің жасалуы артып, көкірегі сүтке толады. Емізіп бастаған кезде сүт көгілдір су сияқты болады, артынын барып ақ түсті майлы сүтке айналады. Сол себепті кейбір аналар «сүтім су сияқты, бала тоймайды» деп қате пікірде болады да, қосымша сүт қоспаларын бере бастайды. Кейінірек бала көп еңбектенгісі келмей бөтелкеден сорған жеңіл болғандықтан емшектен бас тартып, жасанды сүт қоспаларына көшіп кетеді. Алдыңғы көгілдір сүт құрамында су көп болады сондықтан қазіргі кезде дәрігерлер балаға қайнаған су беруге де болмайтындығына кеңес береді, өйткені ол суға деген қажеттілікті толық қанағаттандырады. Алдыңғы сүт нәрестенің шөлін қандырса, ал кейінгі майлы сүт құрамдас бөлігі күрделі тамақ болып табылады. Баланы түнгі мезгілде емізуге де кеңес беріледі, себебі иммуноглобулиндер түнгі мезгілде көп мөлшерде бөлініп, иммунитетінің артуына ықпал етеді.

Кейінгі кезде аналарымыз өмірдің талабына сай тек ана сүтімен тамақтандыруға бет бұрып, соның қағидаларын сақтап, қалай сүтті көбейтуге болатындығына баса назар аударып дәрігерлермен кеңеседі. Бұл біздің еліміздегі өскелең ұрпақтың, еліміздің тірек болар болашақта салиқалы азаматтары болу үшін үлкен пайдасы бар.

Жасанды тамақтандырғанның да зиянды жақтары артық салмақ қосу, аллергияға бейімділік, жиі аурушаңдық, анемия болуы, созылмалы аурулар-

ға шалдығуы, жедел респираторлы вирустық жұқпамен ауру, жедел ішек жұқпасының болу қаупін арттырады. Осындай тақырыпта ата - аналармен жас ана мектебінде дәрістер өткізіп, жеткілікті түсіндірілуі шарт.

Қорытындылай келгенде табиғаттың берген сыйынан нәрестемізді айырмайық. Ана сүті ол нәресте тамағы ішіндегі «алтын таңба» екендігін естен шығармайық. Болашақ ұрпақты туғаннан бастап мейірімділікке баулу үшін тек емшек сүтімен тамақтандырайық.

Өз тәжірибемде де соңғы жылы алдыңғы жылдармен салыстырғанда тек табиғи тамақтануда 86,8%-ға жеткенін үлкен жетістік деп ойлаймын.

1 жасқа дейінгі балаларда анемияның алдын алу мақсатында қанды талдау жасағанда анемияның, паратрофияның тек жасанды тамақтанатын балаларда болуы табиғи тамақтанған баламен салыстырғанда жиірек.

Жедел респираторлы жұқпамен ауру жиілігі, жедел ішек жұқпасымен ауру, аллергиялық үрдістер жасанды тамақтанған балаларда 4 есе жиі кездеседі.

Автор:
Жұлдыз Ашимова, Панфилов ауылдық ауруханасы- ның педиатр-дәрігері, Талғар ауданы