Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қан қысымы көтерілсе не істеу керек?


11 февраля 2010, 21:52 | 32 651 просмотр



Артерия қан қысымының көтерілу сырқатына шалдығатын адамдар аз емес. Мұндай науқастар өздерінің жағдайын сағат сайын бақылап отырады да, қажет уақытында дәрі-дәрмектерін пайдаланады. Медициналық ережеге сай қан қысымын танометр арқылы өлшеп отыруға әркімнің қабілеті де, мүмкіндігі де бола бермейді. Қан қысымы кенеттен жоғарылап кеткен сырқат адамды дереу жатқызу керектігін әрбір адамның біле бергені жөн.

Басы мен кеуде тұсы көтеріңкі болуы үшін жастықты биік жастаған дұрыс. Егер жұмыс уақытында адам осындай күйге ұшыраса, оны дереу жұмсақ орынға отырғызып, терезенің желдеткішін ашып, бөлмеге таза ауа кіргізу қажет. Сырқат адам дәрігер рұқсат еткен артерия қан қысымын түсіретін дәрі-дәрмегін қабылдауы және дәрігерге үнемі қаралып, қабылдауында болуы тиіс. Егер артерия қан қысымы күннің ыстығында көтерілетін болса дереу желке, мойын тұсына және маңдайды суық суға малынған таза орамалмен басу керек. Ал, егер қан қысымы жауынды, салқын күндері көтерілген жағдайда сырқаттың желке тұсына қыпша қағаз (горчичник) қойғаныңыз жөн. Егер өз тарапыңыздан жасалған көмектерден сырқат адамның жағдайы жақсармаса, дереу жедел жәрдемге хабарласыңыз!

Артерия қан қысымы жоғары адамдар төмендегідей мына жайттарды естен шығармаған жөн:

1.Жаз айларында күн сәулесінің тура түсуінен сақтанған дұрыс, басыңызға қалпақ киіп немесе қолшатыр ұстап жүргеніңіз абзал.

2.Тұзды тағамдарды аз мөлшерде пайдаланған дұрыс.

3.Ішімдіктен, темекі шегуден аулақ болу керек.

4.Нервті психикалық зорығу – стресс

5.Майлы тағамдардан және семіруден шектену.

Үнемі болатын жоғары қан қысымынан уақыт өте жүрек бұлшық еттерімен қан-тамырлары қабырғаларында, тұрақты және қауіпті өзгерістер пайда болады, бұлар мына дерттерге әкеп соғады:

1.Инсульт (ми қан тамырларының зақымдануы)

2.Бүйрек жұмысының жеткіліксіздігі (бүйрек қан тамырларының зақымдануы)

3.Соқырлық (көз қан тамырларының зақымдануы)

Егер қан қысымын қалыпты деңгейде ұстаса бұл аурудың түрінен құтылуға болады. Тек естеріңізде болсын, өз денсаулығыңыз өз қолыңызда!

Автор:
А.Б.Исламқызы, Қалалық емхананың учаскелік медбикесі