Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТУЛЯРЕМИЯ- АСА ҚАУІПТІ ЖҰҚПАЛЫ АУРУ


9 марта 2014, 10:13 | 2 466 просмотров


ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің Алматы облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде 2014 жылдың 28 ақпан күні « Туляремия жұқпасының эпидемиалогиясы, клиникасы, диагностикасы және профилакти¬касы» туралы тақырыбында семинар ұйымдастырылып, өткізілді.

Семинарға аудандық (қалалық) тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармаларының эпидемиолог мамандары, инфекционист дәрігерлер, госпитальды эпидемиологтар қатысты.

Семинар барысында туляремия жұқпасының өзекті мәселелері бойынша баяндама¬лар жасалып, қатысушылар өз пікірлерімен алмасты.

Жиын аяқталған соң, семинар барысында көкейімізге келген сұрақтарға жауап алу үшін, Алматы облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің карантиндік және басқа да аса қауіпті жұқпаларды қадағалау бөлімінің басшысы ЛАУРА ТАЛҒАТҚЫЗЫ БЕРДІКЕНОВАНЫ әңгімеге тарттық.

-Лаура Талғатқызы, туляремия жұқпасы жөнінде қысқаша тоқталып өтсеңіз.

-Туляремия – токсико – аллергиялық және септикаық көріністерімен сипатталатын, табиғи – ошақтық жіті жұқпалы ауру. Бұл ауруды тағы қояндар қызбасы, еліктер қызбасы , соны¬мен бірге көбінесе бубонды түрі кездесетініне байланысты тіпті кіші оба деп те атайды. Адам жұқпаны ауру жұқтырған кенелер, ма-салар шаққанда, ауру қояндар немесе терісі бағалы кеміргіштерді сойып терісін өңдегенде, қоздырғышпен залалданған тағамды, суды пайдаланған кезде жұқтырады.

- Облыс көлеміндегі дәрігерлермен жүргізіліп жатқан бүгінгі семинар – тренингтің мақсаты неде?

-Біріншіден, біздің негізгі мақсатымыз облысымыздағы (16 аудан мен 3 қаладан келген) эпидемиологтар мен инфекцио¬нист дәрігерлердің біліктілігін арттыру, республикалық хал-ахуалмен таныстыру (са¬лыстырма түрінде) олардың кәсіби деңгейін тексеру (тест арқылы), жаңа заманауи әдістемелер ұсыну, қордаланған мәселелерді талқылау және мамандармен жұқпалы аурулардың алдын-алу үшін кеңесіп, тәжірибе алмастыру.

-Аса қауіпті жұқпалы аурулармен күрестің мемлекеттік маңызы өте жоғары болғандықтан, үкімет тарапы¬нан қандай көмек түрлері көрсетіледі?

-Жұқпаны алдын алудың бірден-бір тиімді шараларының бірі – кеміргіштермен күрес. Осы мақсатта Республикалық бюджеттен жыл сайын қомақты қаржы бөлініп отырады.2013

жылы 9 млн, 467 мың теңге бөлініп, туляре¬миядан қолайсыз он бес ауданда 3844 гектар көлем аумақта жаппай екі қайтара дератиза¬ция іс-шаралары өткізілді. Сонымен бірге ту¬ляремия қоздырғышының тасымалдаушыла¬ры кенелер болғандықтан облыс бойынша 933 гектар аймақта кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілді.

-Естуімізше, екпе жұмыстарында да түрлі мәселелер туындауда, мысалы вакцинаның қымбатшылығы жөнінде не айтасыз?

-Үкімет қаулысына сәйкес туляремиядан қолайсыз елді – мекендер тұрғындары жұқпаға қарсы екпемен қамтылуы қажет, 2003 жылдан бері қолайсыз пункттердегі халықты егудің арқасында ауру тіркелген жоқ, осы егу үрдісі тоқтап қалса, иммундық қабатша бұзылып, адамдар науқастануы мүмкін. Бүгінгі күні денсаулық сақтау жүйесінде туляремияға қарсы вакциналарды сатып алуда қиындықтар туындауда, себебі вакцина елімізде өндірілмейді, вакцина шетелден бірреттік әкелуге рұқсаты бар жекеменшік фирмалар¬мен жеткізіледі. 2013 жылдан бері имуннобиологиялық препараттардың бағасы болжамдалған деңгейден 5-10 есеге қымбаттауы нәтижесінде жоспарланған вакциналардың қажетті көлемі алынбады.

-Жалпы жаз айларында жан-жаққа дем алуға шығатын адамдарға абайсызда ауырып қалмас үшін қандай кеңес берер едіңіз?

-Адамдардың аталған жұқпа бойынша ақпараттандырылуы өте маңызды.Ол үшін әрбір азамат, әсіресе табиғи ошақта тұратын және сол аймаққа демалуға шыққан, жеке бас қорғаныс шара¬ларын сақтауы қажет. Атап айтсақ, қауіпті аумақта қорғаныш киімін пайдалану, киімді, шатырларды, ұйықтарда киетін қаптарды репеллентермен өңдеу, ашық су көздерінен суды қайнамаған күйінде пайдаланбау, кеміргіштермен ластанған тағамдарды пайда¬ланбау керек. Сонда ғана денсаулығыңызға орасан зиян келтіретін жұқпалы аурулардан сақтану мүмкіншілігіне ие бола аласыз.

-Әңгімеңізге рахмет.

Автор:
Берден КАДЫР