Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕ


9 марта 2014, 10:11 | 1 450 просмотров


Көктем мезгілі түсе бастауы- мен көпшілігіміз көңіл-күйіміздің нашарлағанын сеземіз, жұмысқа деген құлшыныс төмендеп, енжарлық пайда бола бастайды. Бұл адам организмінде күнделікті қажетті дәрумендер қорының азайып, дененің әлсіреуімен байланысты. Соның салдарынан созылмалы ауру¬лар көбейе түседі, көктемгі әлсіздіктен құтылу үшін дәрумендерге бай әрі құнарлы тағамдарды молынан пайдаланған абзал. Дәрумен неге жетіспейді?

Біріншіден, дәрумендер ағзаға жеткіліксіз мөлшерде түссе, екіншіден, ас қорыту жүйесінің ауруларынан дәрумендер ағзаға сіңбейді. Дәрумен жетіспеушілігі, әсіресе, көктемгі уақытта ерекше байқалады. Егер осы кезде ағзадағы дәрумендер қорын толты¬рып отырмаса, эндокринді жүйенің жұмысы нашарлап, созылмалы аурулардың өршу қаупі артады екен. Бұған қоса ауа райының өзгеруі де адамның көңіл күйіне әсерін тигізеді. Әрі адамдардың көпшілігі қыста аз қимылдайды да, көктем шыққанда қимыл-қозғалысты үдетеді. Осы кезде жұқарып тұрған иммундық жүйеміз бірден әлсірейді. Адамдардың көпшілігінің қан қысымы төмендеп, басы ауырады.

Бұған қоса көктемде күн бір жылып, бір суып тұратындықтан, көп адамдар суық тигізіп алады. Сөйтіп көктемгі әлсіздікке тап болады. Сонымен бірге онкологиялық ауруға шалдыққан, яғни химиятерапия ала¬тын науқастар мен темір жетіспеушілік ане¬миясымен ауыратын адамдардың бойында да көктемгі уақытта дәрумендер тапшылығы айқын сезіледі. Адамның ас қорыту жүйесі бұзылғанда, мәселен, гастрит, панкреатит, холецистит пиелонефрит, секілді аурулар асқынған кезде де қаназдық ауруы пайда болып, ағза дәрумен тапшылығынан зардап шегеді. Дәрумен жетіспеген кезде бас айна¬лып, ұйқышылдық басады. Адам әлсіреп, жұмысқа қабілеті төмендеп, дел салдық күйін кешеді. Тез шаршайды. Жүйкесі жұқарып, сәл нәрсеге ашу шақырады.

Кейде қан қысымы төмендейді. Дене салмағы азайып, шаш жиі түсіп, көздің көру мүмкіндігі нашарлайды. Тіпті тырнақтың реңкі өзгеріп, қаншалықты күтіммен қарасаң да, қалпына келмейді. Онда сызықтар мен дақтар пайда болады. Дененің терісі құрғап, тіпті қабыршақтанып кетеді. Мұндай кезде бұрыннан созылмалы аурумен ауыра¬тын адамдардың дерті қайта қозса, кейбіреулер жаңадан ауру жұқтыруы мүмкін. Әсіресе, ер адамдарға қарағанда әйелдер дәрумен тапшылығына жиі ұшырайды. Өйткені жүктіік, өзге де физиологиялық жағдайлар ағзадағы дәрумендерге әсерін тигізіп отырады.

Сізге қандай дәрумендер жетіспеуі мүмкін?

1. Екі алақаныңызды жоғары қаратып созыңыз. Сосын екі қолыңыздағы төрт саусақтың екі буынын бір мезгілде жұмып, саусақ ұштарын алақаныңызға тигізіңіз. Саусақтар мен алақан арасындағы буынды бүкпеңіз. Егер осы жаттығуды ойдағыдай жасай алмасаңыз, сізде В6 дәрумені тапшы.

2. Егер кез келген жеріңізді соғып, көгертіп алып, ол көпке дейін қалыпқа келмесе, сізде С дәрумені жетіспейді.

3. Басыңыз айналып, құлағыңыз шуылдай ма? Бұл В6 және Е дәрумендерінің, марганец пен калийдің жетіспеушілігінен пайда болады.

4. Көзіңіз қызарса, қараңғы жерге бірден үйренісе алмасаңыз, А және В 2 дәрумені жетіспейді.

5. Егер В12, В6, Р және селен жетіспесе, баста қайызғақ көбейіп кетеді.

6. Шашыңыздың түсі солғын, ұштанғыш болса, В9, С витаминдері жетіспейді.

7. Ұйқысыздықтың себебі - В тобы дәрумендерінің, калийдің, кальцийдің жетіспеушілігінен.

Әлсіздіктен қалай құтыласыз?

Адам бойындағы әлсіздікті жеңу үшін қолданылатын дәрілік дәрумендердің табиғи көздерден алынатын дәрумендерге қарағанда ағзаға аз сіңірілетіндігі дәлелденген. Көктем мезгілінде ас мәзіріне көкеністерді пайдаланған жөн. Әсіресе, сары май, жұмыртқа, балық, ет, сүт, ірімшікпен күнделікті тамақтанып тұру керек. Себебі аталған тағамдарда дәрумендердің қоры көп. Мәселен, сүттің құрамындағы Д дәрумені кальций жетіспеушілігінің алдын алады.

Көктемде әлсіздік пайда болса дәрігермен кеңесіп, «Сана сол», «Витрум», «Пико¬вит», «Дуовит», «Мультивитамин» секілді дәрумендерді ішіп тұрғанның зияны жоқ. Алайда дәрумендерді қабылдамас бұрын әлсіздіктің себебін білген жөн. Яғни, алдымен негізгі дертті емдеп алу керек. Осыдан кейін барып дәрігердің нұсқауымен дәрумендерді ішуге болады. Жалпы, көктемде барлық адамдарда әлсіздік пайда болады. Егер әлсіздіктен дер кезінде құтылмаса, адам жүрек ауруына шалдығуы мүмкін. Өйткені әлсіздік жүрекке күш түсіреді. Ең алдымен азамат¬тар салауатты өмір салтын ұстанып, жүйелі тамақтануы керек. Мүмкіндігінше табиғи тағамдарды пайдаланған жөн. Оның ішінде ұлттық тағамдарды, шұбат, қымыз ішіп тұрса иммунитет күшейеді. Ағзасында кальций жетіспейтін адамдар тары жегені дұрыс. Ере¬сек адам күніне бір литрге дейін табиғи сүт ішсе, дәрумен тапшылығын сезінбейді.

Бұған қоса ас мәзірінде көкөністерді пайдалану керек. Мәселен, қанды көбейту, қақырықты түсіру, сіңірлерді бекемдеу, денені қуаттандыру үшін қант қызылшасы пайдалы. Әсіресе, көктемде қант қызылшасын неме¬се шырынын ішіп жүрген адам бойкүйездікке, әлсіздікке ұшырамайды. Ал сәбіздің құрамында дәрумен жетіспеушілігінен бола¬тын ауруларға қарсы, ағзаның тұмауға қарсы тұруын күшейтетін, зат алмасуды жақсартатын заттар бар. Көктемде сарымсақтың пайда¬сы зор. Ол В1 тобының дәрумендері мен С, Д дәрумені, йод, май, тағы да басқа заттарға бай. Оның құрамында ауру тудыратын ми¬кробтарды жоятын ерекше бактерицидтік заттар болғандықтан, ол медицинада кеңінен қолданылады.

Көктемде пайдалы тағамның бірі - пияз. Пияздың құрамында С дәрумені мен каро¬тин көп. Көктемнің көкөніс шыға қоймаған кезеңінде пиязды ас мәзірінен түсірмеген жөн. Өйткені пияз ауру жұқтырмайтын және қырқұлақ ауруына қарсы заттарға бай.

Ал бұлшықеттердің, жыныс бездерінің қызметін жақсарту үшін қажетті Е дәрумені фундук, қара нан, зәйтүн майы, жаңғақ, бұршақ, малдың бауыры, жұмыртқа, сүтте көп кездеседі. Әдетте адам көңіл күйінің құбылуы да ауруға шалдықтырады. Мәселен, үнемі торығып, ұнжырғасы түсіп жүретіндердің 45 пайызында әртүрлі ауырсыну сезімі пайда болады. Әсіресе, ызаланып, қайғырып, бір нәрсені уайымдап жүретіндер ең алдымен ауруға шалдығады. Сондықтан көктемде көңіл күйді түсірмеуге тырысқан жөн. Күніне, кем дегенде, 8 сағат ұйықтап, мүмкіндік болса, түс уақытында бір мезгіл мызғып алған жөн. Көңілді көтеретін ашық түсті киімдер киген дұрыс.

Автор:
Дәрияш ТӨЛЕБАЕВА, Талапты ауылдық фельдшерлік- акушерлік пунктініңмеңгерушісі. Көксу ауданы.