Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

КӨРІПКЕЛ ӘУЛИЕ – КӨТЕНТӘУІП


11 февраля 2010, 21:49 | 3 124 просмотра



Қазақ емшілері ішінде көзі тірі кезінде және бақилық болған соң да басына түнеп құрбандық шалып, дұға бағыштап, жан азабын айыруды сұрағандарды қасиетімен қорғап-қоршап, жандарына шипа боп, шарапаты тиетін көріпкел әулиелер де өмірде болған. Солардың бірі – аса дарынды көріпкел әулие Көтентәуіп Қоңырбайұлы.

Сол әулие бабамыздың жетінші ұрпағы «Парасат» орденінің иегері, қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Өмірсерік Қалиұлының берген деректеріне қарағанда Көтентәуіп Қоңырбайұлы ешқашан да тәуіптік жасамаған. Сыйлап, сыйынған халқы есімін тікелей айтуға қасиетінен қорқып, «тәуіп» деген атауды қосып айтатын болған. Ерекше қасиетімен ел-жұртқа алғаш таныла бастағанда айналасындағы адамдар оны «Жалаңаш әулие» деп, әйелдер «Өріс ата» деп те атаған. Ал шын мәнінде ол тек әулие ғана емес, темірден түйін түйген өте шебер ұста, жан баласына құпия қасиетімен беймәлім ауру-сырқау мен пәле-жаладан тез құтқаратын жан-жануар мен өсімдік атаулының шипалық қыры-сырын жақсы білетін, әрі дәуперім дауылпаз қобызшы болған адам екен.

Сыр бойында дүниеге келген тәуіп кішкене бала кезінде шыбықты ат қып мініп шапқылап жүріп: «Бүгін жау келеді» десе, жау келіп, жақсылық хабар айтса бұлжымай орындалып отырған.

Сыр бойын жайлаған Садыр елі тәуіптің бала кезінде Қысқаш тауының етегіне барып қонады. Бала болған соң зеріге ме, жоқ әлде қызық көре ме, кім білсін, тәуіп үйде отырмай, қойшымен қой бағысып далада бірге жүреді. Осылайша қой бағып жүргенде алты аққу күнде тәуіптің төбесінен айналып ұшып, Қысқаш тауының етегінде ағып жатқан бұлаққа барып қонып, жанындағы бір үңгірге кіріп кетеді. Мұны сыртынан байқап жүрген қойшы тәуіптің үлкен ағасы Түгелбайға келіп: «Сенің інің тегін адам емес, күнде басынан алты аққу айналып ұшып, таудың етегіндегі бұлаққа барып қонып, жанындағы үңгірге кіріп кетеді» дейді. Сонда Түгелбай. «Сен сол аққулар қонған таудың ішінде не болса да соны маған әкеп бер» дейді қолқалап.

Автор:
«Баршаға бақыт сыйлаған» кітабынан